• Тарих
  • 28 Тамыз, 2018

Өнеге

ХХ ғасыр басындағы солақай саясаттың зардабынан қазақ зиялылары тартқан тауқыметті зерттеп, зерделей түссек, төл тарихымыздан мол мағлұмат аларымыз хақ. Алмағайып кезеңде халықтың басым бөлігі босқын болып, ел кезіп кетті. Оның ішінде басына нәубет түскен зиялы қауым өкілдері де көп еді.

Кеңес өкіметі орнап, Алашорда ыдыраған кезде Көкшетау Алашордасының басшысы, «Айқап» журналының хабаршысы, ақын Мұхаметсәлім (Сәлім) Кәшімовке де сол сойылдың сойқаны тиетін болған соң, Ташкент қаласына баруды ұйғарып, жолға шығады. Алайда осы сапар барысында көптеген кедергілерге кездескен ол оңтүстік аймаққа қарай жаяулап-жалпылап жүре береді. Кең сахарадан пана іздеп, арып-ашып жүргенде, әйтеуір бір елге жетіп, сол елдің бір байының үйіне жалданып қызметшілікке тұрған екен. Бұл жерде ол Тәуірбек деген бүркеншік атпен жүрген. Байдың Жүзтайлақ есімді әйелі: «Құдайдың жалшыға да кең маңдай беруін қарашы» деп, қасындағы әйелдерге Тәуірбектің келбетіне таңданысын жасырмай айтып отырады екен. Жаз айларының бір күнінде байдың үйіне бір топ салт атты жолаушылар келіп түседі. Келген жолаушыларды бай киіз үйге енгізіп, қонақасы беріп жатады. Сыртта жүрген Тәуірбек бір кезде киіз үйдің ішінде даурығысып жатқан дауысқа құлақ түреді. Сөйтсе олар «Антанта» деген сөздің мән-мағынасын ажырата алмай жатыр екен. Осы кезде ол үй ішіне бас сұғып, келген қонақтармен амандасқан соң, әңгіме өзегі боп жатқан «Антанта» сөзінің мән-мағынасын айту үшін: «Мырзалар, рұқсат болса мен білгенімді айтып көрейінші» деп әңгімеге араласады. – Иә, иә, шырағым, рұқсат әрине, – деп даурығысқан мырзалардың ішінде төрде отырған бір адаммен қас-қағым сәтте Тәуірбектің көз жанары ұшырасып қалады. Төрдегі отырған адам ым қағып, сыртта кездесуге ишарат білдіреді. «Антанта» сөзінің мән-мағынасына қаныққан мырзалар: «Сен мұны қайдан біліп жүрсің?» деп сұрайды. Бұл сұраққа ол: «Ташкентте оқыған бір ағайым бар, содан естіп едім еді» деп жауап қайырады. Кешқұрым, манағы ым қағып, сыртта кездесуге ишарат білдірген адамымен ауыл шетінде, көл жағасындағы қамыс тасасында кездеседі. Қамыс жағасында қос бауырдай қауышқан – Міржақып Дулатов және жоғарыда біз айтқан Мұхаметсәлім Кәшімов еді. Міржақып Мұхаметсәлімге: «Мына мөл­діреген көл, сылдыраған қамыс айтады, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жетер, қазір өте сақ болу керек. Сен осы Тәуірбек деген лақап атпен жүре бер. Мен саған осы есіммен анықтама жазып берейін» дейді. Сөйтіп, Мұхамедсәлім Кәшімов қағаз жүзінде де Иманбеков Тәуірбек деген лақап атқа ие болады. Міржақып Дулатов сол кеште үй иесіне: «Біз таңертең жүреміз, бізге ерттеулі ат пен бір адамның бастан аяқ, қол орамалына дейін жаңа киімі керек» деп ескертеді. Ертеңіне жолаушылар жүрер кезде бай Міржақыптың айтқанын бұлжытпай орындап қойған екен. Бұл киімнің бәрі Тәуірбекке арналғанын көрген бай: «Шырағым-ай, алдында жөніңді айтпадың ба? Мені жерге кіргіздің ғой, енді не істейміз? Ұятты болдым ғой» деп налиды. Мұхаметсәлім өткеннің оқасы жоқтығын айтып, онымен қимастықпен қоштасады. Жолаушылар ұзақ жолда бір ауылға аялдамақшы болады. Тоқтаған ауыл адам­да­рының берекесі кетіп, екі аяқтарын бір етікке тыққандай абыржып жүр екен. Сөйтсе, біреулер бір ауқатты қарияның үйін­дегі мал-мүлкін кәмпескелеп жатқан көрінеді. Осы жайды естіген жолаушылар бұл іске немқұрайды қарамай анық-қанығын білгілері келіп және осы жайдың шикілігін сезіп, тексеріп көрсе, олар Үкімет адамдары емес, қаңғырған қарақшылар болып шығады. Жолаушылар жапа шеккендердің мал-мүліктерін иелеріне қайтарып бергізеді. Сөйтіп, олар қариялардың алғысын алып жүріп кетеді. Осы сапарда Көкше өңірі Алашордасының басшысы Мұхаметсәлім Кәшімов Ташкентке келіп жетеді. Елде қуғын көрген оған жырақтағы Ташкенттің бір мектебіне мұғалім болып орналасуына халқымыздың аяулы перзенті Міржақып Дулатовтың септігі тиген екен. Ташкентте ол біраз жылдар қызмет жасап, ел жақтағы туған-туысқан­да­рына да барып тұрған. Бір күні мектепте оқушыларға сабақ беріп тұрған уақытта есікті біреу тықылдатады. Сыртқа шықса, бір қазақ суретті көрсетіп, «Мына кісіні танисыз ба?» дейді. Ол: «Бұл, Мұхаметсәлім Кәшімов, яғни менмін» дейді лажсыздан. – Онда сіз бізбен бірге жүріңіз, – деп сол жерден алып кетеді. Осыдан кейін ол Қызылжардың абақтысында азап шегіп, бір жылдан соң көз жұмады. Сол аумалы-төкпелі заманда «Қалың елім – қазағым» деп көкірегі қарс айрылған арыс­тарымызға аспан алақандай, жер тебінгідей болып көрінген кезеңде бір-біріне демеу, сүйеу бола білген зиялы қауымның жоғарыда айтылған осындай өнеге­сінен бүгінгі ұрпақ – біз де үйренсек артық болмас еді.

Қайта оралған «қаршыға» 

Қай заманда болмасын әрбір перзенттің әділ бағасын берер шынайы төреші – уақыт екендігі даусыз. Бүгінгі күні біз де өткен күндер елесіне ой көзімен қарасақ, тарихымызда қаншама қателіктер жіберілгендігін мойындауға тура келеді. Сонау тар жол, тайғақ кешу кезеңінде небір елім деп еңіреген абзал азаматтардың нақақтан жапа шегіп, жазықсыздан құрбан болғандығын көріп отырмыз. Және олардың көптігі соншалық, әлі күнге дейін есімдері белгісіз болып келгендері де бар. Сол бір кезеңде қазақтың зиялы қауымы идеологиялық жағынан екіге жарылғандығын білеміз. Ендігі бір ауыз сөз, сол кездегі ­«Алашорда» деп аталатын саяси ұйымның қатарында жүргендердің бірі – Көкшетау уезі Алашордасының бірінші ­хатшысы болған Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов ­жайында. Телеу руының белді азаматтарының бірі Кәшімұлы Әбдірахман қажы бірде ерекше түс көреді. Түс жорудан айтқаны қате кетпейтін Мыңбай есімді пірәдарға Әбдірахман қажы көрген түсін жорытады. Сөйтсе, Әбдірахман қажының түсінде көргені мынадай оқиға екен. Түсінде қойнында ұстап тұрған қаршығасы болады. Бір кезде сол қаршығасы қойнынан қапыда ұшып кетеді. Әлгі қаршығаның балақ бауы болуы керек, сол балақ бауы қолында қалып қояды. «Әттеген-ай, қолымдағы қаршығамнан қапыда айырылып қалдым-ау!» деп өкініп тұрғанда қолынан ұшып шыққан құс жер-көкті аралап кеп, бір уақытта иесіне қайта оралыпты. Әбдірахман қажының көрген түсін мұқият тыңдаған Мыңбай пірәдар былай деп жорыған көрінеді: «Иә, Қажыеке, сіз шынында да бір тамаша түс көрген екенсіз. Егер менің жорамалым келетін болса, таяу арада сіздің шаңырағыңызда мына жарық дүниеге бір ұл перзент келеді. Ұлыңыз өсе келе жиһангез болады, қолыңызда тұрмайды. Бірақ түптің түбінде қайтып оралады» дейді. Мыңбай пірәдар айтқанындай, кешікпей Әбдірах­ман қажы ұл перзент көреді. Сөйтіп, 1884 жылы дүниеге келген жаңағы нәрестені Мұхаметсәлім деп атап, азан шақырады. Әбдірахман­ның Тасмұхамет деген тұңғыш баласы болатын. Ағайынды Тасмұхамет пен Мұхаметсәлім ауқатты қажы шаңы­рағында өсті. Ауылдарының тұрған жері – Бурабай баурайындағы қазіргі Қымызнай мен Жаңаталап ауылдарының аралығында болған. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бұл жер кейінірек «Жатай жұрты» деп аталып кеткен. Қажының үлкен ұлы Тасмұхамет өте шебер адам болған көрінеді. Әкесі Әбдірахман қажыға еріп ­Меккеге барған Мұхаметсәлім – бала қажы атанған. Ол мұсылманша хат танып қана қоймай, оқуын одан әрі жалғастырған. Кейіннен Қазан, Омбы, Ташкент тағы басқа қалаларда ағартушылық қызмет атқарған, сонымен бірге «Айқап» журналының хабаршысы болған. Оның «Мұңлы Мәриям», «Әдеп», «Сабақ», «Сұлу қыз» атты еңбектері бар. 1928 жылы қуғынға ұшыраған Мұхаметсәлім – Тәуірбек Иманбекұлы деген бүркеншек атпен Ташкентте мұғалімдік қызмет атқарып жүрген жерінде 1934 жылы НКВД адамдары тұтқынға алады. Бір жылдан астам уақыт Қызылжардың түрмесінде отырған Мұхаметсәлім ауыр науқасқа душар болып, 1935 жылы қайтыс болады. Мұхаметсәлімнің мүрдесі ел ішіндегі белді азаматтардың қайраттылығының арқасында Қызылжардан Бурабай баурайындағы Жатай ауылында жатқан әкесі Әбдірахман қажының жанына қойылады. Сөйтіп, Әбдірахман қажының «қаршығасы» қайта оралған екен.

Теңдік Мұқышева Ақмола облысы

2578 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы