• Тарих
  • 06 Қазан, 2010

Күш атасы - Қажымұқан

(Соңы. Басы өткен нөмірлерде) Мәселе салмақ пен бойда емес «Жас Алаш» газетінде 2007 жылғы 23 қаңтарда «Қажымұқанның салмағы қанша болған?» деген мақала жарияланды. Оның қысқаша мазмұны: «Не көп, портрет көп. Бұлардың бір-біріне ұқсастығы. Кейбір басылымдар Райымбек батыр деп Жанғожа батырдың, Жанғожа батыр деп Өтеген батырдың суреттерін береді екен». Қажымұқанның портретін салған Е.Бидахметұлын мақтаған «Аса бір құндысы һәм дәлдісі» деп. Әрі қарай: «Күресіп жүрген кезінде Қажымұқан 190 келі тартады екен.

Егде тарт­қан кезінде палуанның салмағы 230 келіге жеткен». Күресіп жүрген кезіндегі салмағы да дұрыс емес, егде болғандағы 230 келісі тіпті сенімсіз. Ә.Қоңыратбаев әдейі іздеп барып, 1946 жылы Қажымұқанмен (1948 жылы дүние салды) кездескенде тұл­ғасын өлшеп, анықтама берген. Онда Қажекеңнің салмағы – 174 кг., бойы – 185 см., төбеден белге дейін – 77 см., белінен аяғына дейін – 113 см.», – дейді («Күш атасы», 159-б). Қайсысына сенеміз? «Жас Алаштың» салмағы 230 келісіне ме, әлде Ә. Қоңыратбаевтың 174 келісіне ме? Қажымұқанның бірінші әйелі Бәтима апай: «Ол өте сымбатты, бойшаң, қараторының әдемісі, биіктігі – 186 см, салмағы 130 кг еді», – деген. Әрине, әйгілі азаматтардың соңынан артық әңгімелер айтылып жүреді. Мен өзім: «Ой, әлгі пәленшенің 48 кг тартатын біп-биттей баласы батыр атағын алыпты деп естідім. Батыр деп марқұм Қажымұқанды айтсаңдаршы, салмағы – 300 кг, бойы 2 метр деген» деген әңгімені де естігенмін. Мақтан үшін, жастарды баулу үшін көтеріп айтатындары ғой. Ал ресми хабарда халыққа дұрысын мәлімдеген жөн. Суретшілер дүниеден көп жыл бұрын өтіп кеткен батырларды көрген жоқ. Сол себептен біріне-бірі ұқсас болуы мүмкін. Ал енді Қажекеңді көргендер де бар, сырлас, сұхбаттас болғандар да аз емес. Оқырмандар ойлауы, айтуы мүмкін: «Оның бойында, салмағында не ақың бар» деп. Бірақ Қажекең қатардағы қазақ емес, тіпті қатардағы палуан емес, әлемге аты шыққан, ғасырда бір туатын тұлғаның шын тұлғасын халқы білуге тиіс. Азаматтық ерлігі Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылы арнайы шешімімен Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берілді. Патриот ағамыз ел басына ауыр күн туған Отан соғысының отты жылдарында жасының егде тартып қалғаны­на қарамастан, тағы бір ерлік іс жаса­ды. Ол белін бекем байлап, ел аралап, өнер көрсетіп, одан жинаған қаржыға ұшақ жасатып, майданға жіберді. Сөй­тіп, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. 1944 жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне жолдаған хатында Қажымұқан: «Біздің қаһарман қызыл Армия сүйікті Отанымыздың жаңа аудандарының бірінен соң бірін фашист басқыншыларынан азат етіп, неміс-фашист басқыншыларына қи­рата соққы беріп жатқан күндерде мен, өмірімнің елу бес жылын спортқа арнаған палуан, Жеңіс күнін жақындату үшін еңбекпен тапқан 100 мың сом табысымды Қорғаныс қорына тапсырдым», – деп жазған. Қажымұқанның хатына Мем­ле­кет­тік Қорғаныс комитетінен жа­уап жедел­хат келді. Онда былай де­лін­ген: «Оңтүс­тік Қазақстан облысы, Шәуілдір ау­даны, «Ақтөбе» колхозы, Қажымұқан­ға: «Қызыл Армияның әуе күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менің сәлемдемемді, алғысымды қабыл алыңыз, жолдас Қажымұқан. Тілегіңіз орындалатын болды. И.Сталин». Сөйтіп, палуанның жинаған қаржысына өзі жас кезінде бірінші кәсіби күресін бастаған Қазан қаласында ұшақ жасалды. Бұл ұшақ 1945 жылдың бас кезінде 1-ші Белорус майданындағы 284-ші авиация 701-ші түнгі бомбардировщиктер авиапол­кінің құрамында шайқасып жүрген қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев­қа табыс етілді. Ол Қажымұқан сый­ға тартқан ұшақпен 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындады. Ақырында, әскери әуе күштерінің басқа да машиналарымен бірге 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысады. Ал сол ұшақтың ұшқышы Қажытай Шала­баев соғыстан қайтқан соң Қажымұқан ағасымен кездесіп, дәмдес, сәлемдес болып өтті. Әлі де болса ізденіс керек Бұл жазып отырған әңгімеміз, бір жағынан, естелік, екінші жағынан өзгелерге ой салу. Осы сияқты естеліктерден, әрине, шындық туады. Әлі де болса, Қажекеңнің өмірі, қызме­ті жөнінде мағлұматтар сарқылған жоқ. Бір жолы «Алатау» демалыс үйінде жатқанымда «Пионер жазы» киножурналының 4-ші нөмірінен («Пио­нерское лето», киножурнал, №4) И.Поддубныйдың туған еліндегі пионер лагерінде балалардың қалай демалып жатқанын көріп отырсам: бір топ палуандар (Петербургте түсірілген болар), арасында И.Поддубныйдың өзі, біздің Қажымұқан және қаз-қатар тұрған палуандар бар. Бұл көрініс бұрын көріп жүрген киноленталарда кездеспеген. Іле-шала Ә.Тарази­ға телефон шалдым. Ол кезде Ә.Тарази Қазақстан Кинематографистер ода­ғын басқаратын. Тапты ма, жоқ па, білмеймін. Бір зерттеушілер Қаже­кең ресми чемпионатқа қатыспа­ған, цирктің маңайында ғана жүрген деседі... Ал мен 1939-40 жылдары үйіне барып жүргенде мойынға салып жүретін (сол уақыттағы мода) жеңіл жібек шарфты көргенмін. Сондағы: «Чемпиону мира, Ташкент» деген алтындатып жазған әріптер әлі көз алдымда. Ал осы мақалада жарияланып отырған фотосуреттерді көргеннен кейін Қажекең ресми жарыстарға қатыспады, цирктің маңайында ғана жүріпті деп кім айта алады екен? Медальдарымен түскен фотосу­рет Қазақстан Республикасының ха­лық әртісі, белгілі биші Шара Жиен­құлованың мұрағатынан алынған. Осы кезге дейінгі естеліктерде, Қажымұқанмен кездесіп, өздерінің көрген-білгендерін жазғандардың ішінде Ә.Тәжібаев, С.Мұқанов, Ш.Жиен­құлова, Д.Әбілев, тағы бас­қалар болды. Бұлардың бәрі – қуғын-сүргіннен аман қалғандар. Сол 30-40-ж.ж. айдауға ұшыраған белгілі зиялы қазақ азаматтарының Қажекеңмен дос болғандығын еш­кім жоққа шығара алмайды. М.Дулатовтың Омбы жағын­дағы мадияр-қыпшақтардың ара­сы­на Қажекеңнің келіп қоныстануына се­­беп болғанын айттық. Сол кезде Омбы­ның дәл өзінде жүрген А.Байтұр­сынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұма­баев, тағы басқаларының естеліктері болуы тиіс. Бір кезде олардың аузын аштыртпадық. Қазір мүмкіншілік мол, ізденсек көп деректер шығып қалатындығына сенімдіміз. Қажекең хақында қазақ зиялыларының ес­теліктерімен бірге қазақстандық орыс азаматтарының мұрағаттарын, жазып кеткен мақалаларын, очерк­терін іздеген жөн деп ойлаймын. «Простор» журналында (2005 ж. №9) Қазақстанның тумасы, Ресейдің белгілі жазушысы Леонид Мартынов «Дуэльный кодекс» деген әңгімесінде 1919 жылы Қажымұқанмен Омбыдан Семейге дейін пароходпен екі орындық каютада болғанын, ол кісі­нің кішіпейілдігін, қамқоршылдығын айта келіп: «В этой поездке на борца несправедливо обрушилась досада пассажиров, когда пароход сел на мель» дейді. Пароходтың үстіндегі халық естері шығып, не істерін білмей, жәбірленіп, тектен-тек Қажымұқанға: «Что вы тут стоите! Из-за вас и сели на мель» деп ренжиді. Одан әрі жазушы әңгімесін былай жалғастырады: «Великан повел себя достойно. Взглянув с презрением на кричавшего он неторопливо обернулся и медленно зашагал по палубе по направлению корма. Сделав несколько шагов он обернулся и молча, но властью махнув рукой, явно приглашая всех остальных последовать за собой. Вся орава хлынула вслед. И, что самое забавное, к тому моменту как чемпион мира достиг кормы, пароход бешено заработав колесами, задним ходом снялся с мели». Әр уақытта халық арасында аты кеңінен тараған жазушы өзінің аузынан шыққан, жазған сөзіне өте жауапты қарайтыны белгілі. Соны еске салсақ, Л.Мартыновтың: «...Как чемпион мира достиг кормы...» дегенінен сол 1919 жылы Қажекеңнің әлем батыры атағына ие болып жүргені байқалып-ақ тұр. Осы әңгімесінде «чемпион мира» деген сөзін бес рет қайталайды. Өкінішке орай, Қазақ Автономиялы Республикасы сегіз жыл өткізіп, 1927 жылы ғана, оның өзінде «Әлем батыры» емес, «Қазақ даласының батыры» атағын әрең берген сияқты. Л.Мартынов сияқты аяулы азаматтар, Ертіс бойында туып-өскен, сол кезде өмір сүрген Павел Васильевтің, Антон Сорокиннің, Всеволод Ивановтың, тағы басқаларының Қажекең жөнінде жазғандары болуы мүмкін. Төменгі Новгород, Петербург, Қа­зан, Мәскеу, Орынбор, Ресейдің басқа қалаларындағы мұрағаттар деректерге өте бай. 1935-36 жылдары сол жерлерде шыққан газеттерден Қажекеңнің пор­третімен жарияланған мақалалар­ды да өз көзіммен көргенмін. Одан қалды, сол жылдары Новосибирскіде қазақ тілінде шығып тұрған («Сибкрай» қазақтарына арналған) газет жергілікті халықтың өмірін, келешекке деген талпынысын, тарихи уақиғаларды, белгілі азаматтардың өмірін көрсетуге атсалысқан. Ұмытпасам, сол газеттің аты «Қызыл ту» деп аталатын. Ұйымдастырушысы, бірінші редакторы белгілі қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин болған. Дихан Әбілев Баян­ауылынан Алматыға көшіп бара жатып Ғабиденнің сұрауымен жолшыбай Новосибирскіге қалып, бір жыл сонда газет қызметкері болып жұмыс істеген. Ақырғы редакторы Әбдірашит Шалабаев деген азамат болатын. Қажымұқан туралы аз айтылған жоқ, оны елі танып отыр. Бірақ палуанның толық тұлғасын, бейнесін, өмірін әлі жете білмейміз. Бұл ұрпаққа керек өнеге ғой. Сол себепті осыны ел болып қолға алса, жаңа кітаптар жазылып, С.Қожықовтың фильмінің жал­ғасы түсірілсе болар еді. Бізде толық­қанды өмірбаяндық («ЖЗЛ» сияқты) кі­тап­тар да жоқ. Өз ұлтымызды өзіміз толық танымай отырмыз. Біз Қажымұ­қанды осы уақытқа дейін 1871 жылы туған деп келдік. Тіпті энциклопедияда да солай жазылған. Кейін анық­талғандай, көзі тірі куәлардың рас­тағанындай, ол кісі 1883 жылы туған. 1983 жылы Қажекеңнің туғанына 100 жыл толды. Бүкіл Қазақстан болып аузымызды ләм деп ашпадық. 1993 жылы да үн-түнсіз қалды. Зиялы азаматтар осы мәселені көтеріп, 2013 жылы Қажымұқанның 130 жылдығын тойласақ, қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш қана емес, ұрпақтар үшін өнеге болар еді.

Қалиәкпар Әміржанов, Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер, мәдениет­танушы, ҚР мәдениет қайраткері Алматы

7205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы