- Басты мақалалар
- 29 Тамыз, 2018
Қыз намысы – ұлт намысы
Бүгінгінің қыздары қалталы, зәулім үйі, астында қымбат көлігі бар жігіттерге әуес дейміз.Темекі тартып, ішімдік ішеді деп қыздарды ғаламтор желісіне жарыса жазып, суреттерін, бейнероликтерін салуға құмармыз. Сол бейнероликтер арқылы бүкіл қазақ халқының ар-намысына тиіп отырған жоқпыз ба?
Әлеуметтік желілердегі қазақ қыздары туралы берген жағымсыз ақпараттарды оқып, сырт көз қазақты бұзылған, тексіз халық деп айтпасына кім кепілдік береді? Қазақ қыздарының бірінің бойынан жаманшылық көрсе, ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары жерден жеті қоян тапқандай бүкіл қазақ аруларына топырақ шашады. Қыз аспаннан түскен жоқ. Ол – сенің анаң, қарындасың, апайың, қызың ғой... Егер қазақтың азаматтары шешен халқының жігіттері сияқты өз ұлтының қыздарын қарындасым деп ардақ тұтып, басқадан қорғап, тірек болса, ешқандай қазақ қызы басқаның жетегінде кетпес еді. Қазақ жігіттерінің жылдан-жылға ұсақталып бара жатқанын байқаймыз. Керісінше, қазақ арулары қай салада болмасын өз белсенділігімен көзге түсіп жүр. Азаматтың орнын басып, бүкіл бір отбасын өзі бағып жүрген талай қазақ әйелінің жанкешті тірлігін күнделікті өмірден көріп, естіп жүрміз ғой. Сонымен қатар әрбір қазақ жігітіне 3-4 қыздан келеді деген жалған ақпарат еліміздегі демографиялық үрдіске айтарлықтай өз зиянын тигізіп отыр. Жігіттеріміз осы сөзді малданып, 30-40 жасқа дейін салт бас, сабау қамшы жүріп, өздерінің қалай сұр бойдақ болып қалғанын байқамай қалады. Бүгінгі нарық заманында мансап, баспана, әлеуметтік мәселелер жастардың уақытында отбасын құруына қол байлау болып отырғаны баршамызға аян. Қазіргі кезеңде елімізде 400 мыңнан астам кәріқыз бар деген деректер айтылып жүр. Ал қанша сұр бойдақ барын ешкім дәл басып айта алмайды... Меніңше, елімізде демографиялық тепе-теңдік бұзылған. Бүкіл қоғам, Үкімет болып түйіні шешілмеген осы түйткіл мәселелердің шешімін табуымыз керек. Ғалымдарымыз осы айтылған мәселелерді зерттеуге өз үлестерін қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай, белгілі демограф, ғалым Мақаш Тәтімовтан кейін осы саланы жете зерттеп жүрген отандық ғалымдарды көре алмай отырмыз. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, бір қыздың бойынан көрінген әдепсіздік – тек қазақ қыздарының емес, ұлттың намысына тиетін әрекет. Яғни біз ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық тәрбиемізден қол үзіп, ұрпақ тәрбиесін қолдан шығарып алдық. Қазақ қыздарын жан-жақтан тас атып, жамандай бергенше, осы бағыттан жіберіп алған кемшіл тұстарымызды түгендейік, ағайын! Құрметті оқырман, меніңше, қазақ қызының өлшемі ғаламтормен өлшенбейді, оның ар-намысымен өлшенеді. Ал қазақ қызының тәрбиесі – ол біздің ұлттық ар-намысымыздың өлшемі.
Еркежан Досмұхамбетова, студент
37122 рет
көрсетілді2475
пікір