• Тарих
  • 06 Қазан, 2010

Әуелі заңды өзгерту керек қой...

Жуырдағы Парламент Мәжілісінің отырысында белгілі журналист, жазушы жерлесіміз Жарасбай Сүлейменовтің 13 депутаттың атынан республика Премьер-министріне депутаттық сауал жолдап, онда Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту мәселесін көтергені белгілі. Әрине, ол тақырыпқа қатысты еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Ал осы мәселеге қатысты ғаламтор сайттарынан оқырмандардың өз аты-жөндерін бүркемелеп жазған жеке пікірлерін оқысаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Ол жерде, виртуалды кеңістік десек те, халық қалаулыларының көзқарасын жақтаушылар мен теріске шығарушылардың айтыстары да қыза түскен...

Толқынды толқын туғызады. Мәжілісте­гі әріптестерінің бастамасына орай Пет­ропавл қалалық мәслихатының жанын­дағы «Нұр Отан» депутаттар фракциясы шұ­ғыл түрде отырыс өткізді. Онда сөз сөйлеген қазақ және орыстілді депутаттар­дың бәрі де қала атауын өзгерту мәселесін көтеруге әлі ерте деген тұрғыдағы ортақ ұйғарымға келіп, мәжілісмендер әрекетіне бірауыздан қарсы екендіктерін мәлімдеді. Ал қолданыстағы заңнама бойынша қала атауын өзгерту құзыреті, ең алдымен, осы қалалық мәслихат депутаттарына берілген. Сондықтан «Мәжіліс депутаттары Премьер-министрге ресми сауал жолдағанша, алдымен «Қазақстан Республикасы­ның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, ономастиканың осы бір күрмеуі қиын түйінін төменнен емес, жоғарыдан шешуді заңдастырып алулары керек еді» деген ой келеді. Сондай-ақ жоғарыда айтылған 13 Мәжіліс депутаты жалғыз Петропавлға шұқшиып, көршілес Павлодар қаласының атауын өзгерту жайлы ләм-мим демеулері де қайран қалдырады. Жалпы, Петропавлда қазіргі таңда қалыптасып отырған қоғамдық-саяси жағдайды, демографиялық ахуалды жете білмейтін кейбір қазақ зиялылары республикалық баспасөз беттерінде қаламыздың атауын өзгерту жөнінде оқтын-оқтын мәселе көтеріп, сырттан біржақты сын айтып жататыны жасырын сыр емес. Соған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы 29 мамырда Ақордада бір топ қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесіп, сұхбаттасқанында «Еліміздің зиялы қауымы біраздан бері Петропавл, Павлодар секілді кейбір қалалардың атауларын да өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қалалар, басқа да жер аттары өзгеріп жатқанда бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергілікті әкімдіктермен, мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек. Бұл да елмен бірігіп, ақылдасып шешетін мәселе» деп атап көрсеткен болатын. Содан бері жергілікті билік, қаладағы қазақ зиялылары Қызылжар атауын кеңінен насихаттау ісін жүргізіп келе жатқанын мынадан көруге болады: мыңдаған жанкүйері бар жергілікті футбол клубы «Қызылжар» болып аталды, «Қызылжар» оранжереясы, «Қызылжар жәрмеңкесі», «Қызылжар» коммуналдық базары, «Қызылжар-Ақпарат», «Қызылжар-Жарнама» кәсіпорындары, т.б. атаулар пайда болды. Қалада бес жылдан бері «Қызылжар нұры» газеті шығарылып келеді. 2008 жылғы 21 тамызда Президентіміз Петропавлдағы «Абылайдың ақ үйі» мұражай кешенін ашу салтанатында сөй­леген сөзінде қала атауын орыс тілінде де «Қызылжар» деп атағаны, облысымызға қызмет бабындағы сапары барысында Та­йынша қаласындағы зауытта шығарылып жатқан жаңа комбайндарға «Қызылжар» атауын беруді ұсынғаны аян. Елбасы алдында өнер көрсету құрметі бұйырып жүрген танымал өнер ұжымы – «Красный яр» ән-би ансамблінің атауы да бір-ақ күнде «Қызылжар» болып, қазақыланып шыға келді. Дегенмен Петропавл қаласының атауын өзгерту мәселесін жергілікті жұрт­шылықтың ашық талқысына салып, қа­лалық ономастикалық комиссияда қарап, қалалық мәслихаттың сессиясының күн тәртібіне енгізуге әлі ерте екендігі се­зіліп-ақ тұр. Өйткені қалалық мәслихат депутаттарының қазіргі құрамы бұл жөнінде оң шешім қабылдамайтыны соқырға таяқ ұстатқандай белгілі болып қалды. Қала атауы түгілі, шаһар орталығындағы Совет көшесіне көрнекті ақын, журналист жерлесіміз Ғалым Малдыбаевтың есімін беру мәселесін қалалық мәслихат депутаттары он жылдан бері сағыздай созып, ақыры биыл «Қала орталығындағы Совет, Партизан сияқты көшелерді өзгертпеу керек, өйткені олар – біздің өткен тарихымыз. Қаланың шетінде атауларының мән-мағынасы шамалы көшелер жеткілікті, солардың біреуіне беруге қарсы емеспіз» деп тұжырымдағаны мәлім. Осыдан-ақ бүгінде Петропавл қалалық мәслихатында кімдер, қандай ой-пиғылдағы адамдар үстемдік құрып отырғандығы айтпай-ақ түсінікті емес пе?! Сондықтан Петропавл қаласында қазіргі кезде қалыптасқан нақты жағдай­мен санаспай, жан-жақты ойластырылма­ған, асығыс-үсігіс әрекетке бару ешкімге де абырой әпермейді. Мәжілісмендердің депутаттық сауалына орай бұқаралық ақпарат құралдарында өрбіген пікірсайыс, ғаламтор сайттарында тыйылмай тұрған дау-дамай барысы, Петропавл қалалық мәс­лихат депутаттарының қарсы дауыс көте­ріп шыға келуі – бұл мәселенің бір қайнауы әлі ішінде екендігіне көзімізді жеткізе түсті. Заңға жүгінетін құқықтық мемлекет құрып жатқандығымызды ескерсек, Петропавл қаласының атауын өзгертудің, біздіңше, екі жолы бар: Біріншісі – Парламент депутаттары ономастика туралы қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіп, Қазақстанның біртұтас мемлекет екендігін ескере отырып, біздің Петропавл сияқты қалалардың атауларын өзгерту құзыретін тек қана республикалық билік органдарының құзыретіне беру керек. Сонда бұл мәселе жергілікті тұрғындар арасында аса дау-дамай туғызбай, ың-шыңсыз шешілуі мүмкін. Ал мұның реті келмесе, онда жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауында Петропавл қалалық мәслихатының құрамына шаһардың атын Қызылжар деп өзгертуді жақтайтын азаматтардың сайлануына күш салуымыз, сөйтіп, көкейкесті мәселені демократиялық жолмен, яғни ескі атауды жақтаушылар арасында одан әрі үгіт-насихат жүргізіп, қажет болса, қызылшеке пікірсайысқа да түсе отырып, табандылықпен шешуіміз қажет. Жасыратыны жоқ, былтырлары Петропавл қаласының атауын өзгерту турасында жергілікті жұртшылық арасында қызу әңгіме өрбіп, ғаламтор сайттарындағы қызылкеңірдек айтысқа ұласып, Қызылжар өңіріндегі қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төнуге айналған кезде облыс әкімі Серік Біләлов жұртшылықты тыныштандыру мақсатымен бұқаралық ақпарат құралда­ры арқылы мәлімдеме жасап, қала ата­уын өзгерту мәселесі әзірге күн тәртібіне енгізілмейтінін мәлімдеуге мәжбүр болған еді. Әсіресе, қос әулиесінің есімдеріне ара түсіп, христиан дініндегілер арасында қол жинауға белсеніп кіріскен жергілікті шіркеу басшыларын келіссөзге шақырып, тоқтау салуға тура келгенін көпшілік біле де бермейді, әрине. Осыны дұрыс түсінбей, басқаша жорып, өңір басшысын ашық та, сыртынан да сынап-мінеп жүргендер жоқ емес. Бірақ бұл әділдікке жатпайды. Облыс пен қала билігінің басында жүрген саналы қазақ азаматтары қала атауын өзгерту мәселесін айғай-шусыз, ақылмен шешу жолын ұстанып отырғандығына өз басымыз еш күмәнданбаймыз. Түйіндей айтқанда, тұрғындарының сексен пайызға жуығын басқа ұлт өкілдері құрайтын, күндіз-түні ондаған пойыздар әрі-бері ағылған Ресей теміржолы жерін тітірете басып өтетін, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған, Қазақстанның солтүстік қақпасы саналатын Петропавл қаласының атауын өзгерту – ауызбен орақ оратын ағайынның айтуына, сырттан сынап-мінеуіне ғана оңай шаруа. Сондықтан еліміздегі тыныштық пен береке-бірлікті ойласақ, ежелден жеті рет өлшеп, бір-ақ кесуді жөн көретін халқымызға тән кең де байсалды мінезімізден танбағанымыз жөн. Кәрібай Мұсырман, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы

3509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы