• Тарих
  • 06 Қазан, 2010

Қазақ жерге қарап қалмасын

Петропавлды Қызылжар деп атау жөніндегі әңгіме бүгін ғана айтылып жүр ме еді? Көптен, тіпті кешегі Кеңес уақытында да тілге тиек етілетін. Әсіресе, намысшыл қазақтар осы әділетсіздікті көріп отырып, амалдары құрып іштей тынатын. Расында да, әділетсіздік екендігінде ешқандай дау жоқ. Отаршыл күштің ықпалынан елді мекеннің байырғы атауы басқаша өзгеріп шыға келді. Қазақ елі – қалай дегенмен де мұсылман мемлекеті, Азияның бір бөлігі. Мұны ішіміздегі өзге дін иелері де мойындайды. Солай бола тұра еліміздегі білдей бір өңір орталығының христиан дініндегі қос әулиенің есімдерімен аталуы жергілікті халықтың (қазақтардың) көңіліне әсер етпейді деп айта аласыз ба? Бұл жерде қазақ өзге ұлт, дін өкілдеріне салқын қарайды екен деген жаңсақ ой тумауы тиіс. Қазақтың кеңдігіне, достықты, бейбітшілікті сүйгіш халық екендігіне әлдеқашан көз жеткен болар. Алайда не нәрсенің де реті болады.

Қазақ та басқа халықтан кем емес. Онда да намыс, ар бар. Өз жерінде, өз топырағында өзінің қалауынша, өзінің ойлағанындай өмір сүргісі келеді. Жеке адамды басынуға, масқаралауға болатын шығар (мысал ретінде айтып отырмыз. Әйтпесе бұлай етуге ешкімнің де, тіпті қоғамның да хақысы жоқ). Ал тұтас ұлтты, халықты қорлауға, еңсесін басып тұқыртуға бола ма екен? Болмайды, әрине. Жер – қасиетті. Қазақ осылай түсінеді. Әр халық та осылай сезінетін болу керек. Жермен бірге жердің аты да қастерлі. «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» деп жүрген жоқпыз ба? Демек, жердің атаулары – бабаларымыздың біздерге қалдырған аманаты. Олай болса, жердің атын өзгертіп, оны көңілімізге қонбайтындай бас­қаша атаумен атайтын болсақ – бұл бабалар аманатына адалдық болып табылмайды. Аманатты аяқасты етсек, бабаларымыз­дың қарғысына қалмаймыз ба? Қарғыс арқалап жүргеннің несі жақсы. Міне, нағыз қазақтың жер атауына қатысты көзқарасы, ой-пиғылы осындай. Мәжіліс депутаттары мәсе­лені дер кезінде көтеріп еді. Өйткені бұл әбден пісіп-жетілген, уақыты келген жайт еді. Бұған дейін де Петропавлдің кешегі аты – Қызылжар екендігіне ел халқының көздері жеткен. Елбасымыз да Солтүстік Қазақстан өңірінде болған сапарларында Қызылжар атауын жиі ауызға алып, жұртшылықтың құлағын үйретіп келе жатқан. Бәрін «бүлдірген» – өзіміз. Аяқастынан түлен түрткендей Т.Симамбаевтың «бұған әлі ерте» деп дүрліккені таңғаларлық болды. Осыны сол мезетте «Құдайым бер­ді ғой» деп алақайлап кейбір орыс­тілді БАҚ-тар іліп ала кетті. Дәл осы жағдайлар болмағанда қарапа­йым халық өкілдері тоңтеріс айнала қоймас еді. Қазір адамдардың түсінігі мол. Қай жерде, қандай елде тіршілік етіп жатқандарын, кімнің ауасын жұтып, кімнің суын ішіп отырғандарын жақсы біледі. Жөнімен түсіндірсе, санаға сіңірсе, ер-тоқымды бауырға алып тулайтын уақыт емес қазір. Бар пәле кейбір зиялысымақтардан, кейбір кертартпа БАҚ-тардан шы­ғып отыр. Енді не істеу керек? Ендігі керегі – о баста мәселені көтер­ген Мәжіліс депутаттарының іс-әрекеті. Бастады ма – аяқтасын! «Біз айттық. Қалғанын өзде­рің біліңдер» деп елді шулатып отыруға болмайды. Аяқтағанда да әділеттіліктің орнығуына күш салулары тиіс. Кейбір орыстілді ақпарат құралдары «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп өздерінше дау көтерген болып жатыр. Оған үркектеп, көңіл аударудың қажеті жоқ. Халықтың дені орнықты, жөн-жосықты пікір жағында екендігіне шүбә келтірмейміз. Әйтеуір, қазақ жерге қарап қалмасын. Нұрперзент Домбай

2823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы