• Қоғам
  • 06 Қазан, 2010

Ажарлы Атырау

Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның мұнайлы астанасы –Атырау қаласы» деген баталы сөзі ақиқатқа айналды. Бүгінгі Атырау қаласы экономикасы шалқып, халықтың тұрмысы жақсарған, көздің жауын алатын, көкпен таласқан зәулім ғимараттары – сап түзеген, жаңарған, жайқалған көшелері, гүлмен көмкерілген әсем де әдемі шаһардың біріне айналды.

Әрине, мұның бәрі – Елбасының сындарлы саясатының, тәуелсіздіктің жемісі, жергілікті атқарушы биліктің тынымсыз еңбектерінің жеңісі. Міне, Атырау қаласы өзінің 370 жылдық мерейтойын осындай жарқын белестерімен қарсы алды. «Исатай-Махамбет» алаңындағы жиналған халыққа Атырау қаласының әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жөнінде үлкен көрме қойылды. Сонымен қатар асық ойнау, арқан тарту, нысана көздеу сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Киіз үйлер тігіліп, көркемөнерпаздар ән айтып, күй шертті. Қала тойының ең көріктісі де қызықтысы тарихы тереңнен бастау алатын «Қара жорға» биінің Атырау жерінде тұсауы кесілуі болды. «Қара жорғаны» бір мезетте 15 мыңнан астам адам биледі. Ал бұл шын мәнінде облыс басшысы Бергей Рысқалиевтің бастамасымен ұйымдастырылған игілікті шара болатын. «Қара жорғаны» билеуге қала тұрғындары, оқушылар, студенттер, тіпті аталмыш биді мекеме, кәсіпорын қызметкерлерімен қоса абзал ағалар мен апалар билей жөнелді. «Исатай-Махамбет» алаңы мың бұралған бишілерге толды. Бәрі бір мезгілде, бір адамдай бір демде билеп жатты. Бұл биді тіпті Жайық өзенінде ұйымдастырылған кемелер шеруінде де бишілер нақышына келтіріп орындады. Сөйтіп, қалың бұқараның әрқайсысы «Қара жорғаның» енді ұлттық биге айналуына өз үлесін қосты. Қытай елінде «Қара жорғаны» бір уақытта 13 мың адам билеп, Гиннес кітабына енген болатын. Деректерге қарағанда, билеушілердің 70-80 пайызы қазақ диаспорасы болған екен. Осыдан-ақ «Қара жорғаны» күллі қазақтың биі десек, артық айтқандық болмас. Міне, енді Атыраудың орталық алаңында «Қара жорға» биі барша жұртшылықтың орындауында бұқаралық көрінісін тапты. Бағзы заманнан бері халық арасында кең тараған биіміздің талай жылдардан кейін халқымен қайта қауышуы біздің облысымызда қаланың 370 жылдығымен тұспа-тұс келді. Демек, би ұлттық құндылыққа айналар деген сенім мол. Осы арада биді тамашалауға келген тұр­ғындармен сұхбаттасудың сәті түсті. – Біз облыс әкімі Бергей Рысқалиевті нағыз іскер, озық ойлы, ұлтжанды азамат деп естуші едік, оған тағы да көзіміз жетті, – деді Сәбина Нәдірова. – Ұлттық құндылығымызды осылай насихаттамағанда қалай насихаттаймыз. Бұл Бергей замандасымыздың қазақтың ұлтына, тіліне, мәдениеті мен өнеріне шын жаны ашитын азамат деп білемін. Көптеген шенеуніктер Бергейден үлгі алуы керек. Атырау қаласының 370 жылдығына орай Еуропа мен Азияны жалғаған бесінші көпір пайдалануға берілді. Жайық өзені арқылы Баймұханов-Мечников көшелерін жалғайтын көпірді ашу салтанатына еңбек ардагерлері, мекеме-кәсіпорын өкілдері, оқушылар, студенттер, ұстаздар, құрылысшылар және көптеген қала тұрғындары қатысты. Бұл алып құрылыс – тұрғындар үшін қаланың 370 жылдық мерейтойына орай ерекше сыйлық, тамаша тарту деп есептеймін. Әрине, бұның бәрі – Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі, ел үшін жасалып жатырған жасампаз істің жемісі. Осылайша ұзақ мерзімге жететін, келер ұрпаққа мұра болатын игілікті іске асырдық. Өздеріңізге белгілі, тек көпір емес, одан басқа да аса маңызды инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалар облыста көптеп жүзеге асып жатыр. Бұл – өлке тарихында болмаған қарқын. Бүгінде қай салаға болмасын көз салсақ, қайнаған еңбек, серпінді істер, ауқымды құрылыс жұмыстарын көреміз. Елімізбен бірге туған өлкеміз де қанатын кеңге жайып, кемелдене түсуде. Олай болса, күн сайын өсіп-өркендеп келе жатқан облыстың болашағы бұдан да жарқын боларына сенімдімін, – деді Бергей Сәулебайұлы. Сөйтіп, Атырау қаласының мерейтойы елдің еңсесін көтерген көтеріңкі көңіл-күймен, жарқын күлкі, шат-шадыман думанмен мазмұнды да мағыналы аталып өтті. Өтеген Нәукиев

2962 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы