• Ақпарат
  • 07 Қазан, 2010

Ұстаз – ұлағатты ұғым

Бүгінгі дәуір – жаңашылдық дәуірі. Жаһандану заманы өз көшіне ілесе алмағанды құрдымға батырары сөзсіз. Бірақ біздің еліміз қоғамдық қатынастың жаңаша кезеңіне ілесу барысында сан түрлі жолдармен келеді. Әлеуметтік-экономикалық һәм мәдени-рухани саланың бірін былай, бірін олай сүйресе де, заман көшінен ілгері қалмақ емес. Осының ішінде білім саласы – жүрдім-бардым қарауға болмайтын сала. Соған қарамастан бұл сала сан қилы реформаға тап келді. Тіпті халық жаңа министр мінбеге көтерілген сайын «бұл не жаңалық әкелер екен?» деген оймен елеңдесіп отырды. Қазіргі жас – ертеңгі қоғамның тұтқасы. Ендеше, оның болашағына, алар біліміне, тәлім-тәрбиесіне бей-жай қарауға тағы болмайды.

Мемлекет білім беру жүйесінің жақсаруына барынша көңіл бөлуде. 2005 жылдан бастап мектептер­ді мультимедиалық жабдықтау кең үрдіс алды. 2007 жылы басталған интерактивті технология жер-жерде қанат жайып, бүгінде 4 мыңға тарта мектеп сабақты жаңаша әдіспен өткізуге кірісті. Өткен жылдың өзінде 1 мың мектеп интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген еді. Міне, бүгінде осы мектептер өзара интернет арқылы ақпарат, тәжірибе алмасып, білім берудің озық әдісіне көшті. Тіпті бұл жетістікке Еуропаның да дамыған кей мемлекеттері әлі қол жеткізе қойған жоқ. Ал Қазақстан сауаттылық жағынан дүниежүзіндегі 170 елдің мектептерінің ішінде 14-орынға тұрақтады. Жер жүзін шарпыған экономикалық дағдарыс кезеңінде де Қазақстандағы білім беру ісінің алдыға қарыштап дамуы Елбасының, онан қалса, Үкіметтің бұл салаға жетік көңіл бөлінуінен деп түсінуге болады. Елбасының «Дағдарыс арқылы – жаңару мен дамуға» Жолда­уында ұстаздар қауымына зор міндет­тер жүктелді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша да жер-жерде жаңа мектеп ғимараттары салынып, жас ұрпаққа жағдай жасалды. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», – деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес. Бұл мәселені Елбасы да талай мәрте қадап айтқан. Мектептегі ұстаз – өз шәкіртінің білімді ғана емес, ұлттық тәрбиемен сусындауына да көп көмек көрсететін маман. Себебі әр оқушы ұстазына қарап бой түзейді. Оның жүріс-тұрысына еліктейді. «Ұстазы жақсының ұстамы да жақсы». Демек, бүгінгі мектептің басты қызметі – заман талабына сай, білімді тұлға тәрбиелеу. Қазіргі жастар ішінде Батыстан кірген бейәдеп қылықтарға барып, теріс жолдарға түскендері бар екені белгілі. Имандылықтан ада болып, ағайын-туысты, қала берді, ата-ананы құрметтеуден кері кеткендері де кездеседі. Осының кесірінен көздері жәудіреген жетімдер, қабағында қайғы қатпарлары толы қарттар үйіндегі қариялар, түрмедегі тентектер саны көбейді. Мұның бәрі жас кездегі тәрбиенің осалдығы деп жатамыз. Демек, осындай келеңсіз жайттарға жол бермеу үшін ұстаз – ақылшы, жол сілтер дана, ақыл қосар анадай болуы керек. “Мектептің мақсаты – тәрбиелеу, тек қана тәрбиелеу” депті көрнекті педагог И.Песталлоций. Мұғалімнің арқалар жүгі ауыр. Осыған орай мұғалімдер еңбегіне қарай жалақы алатын мамандық санатына қосылса... Мәртебесі де мейлінше жоғары болса... Қане! Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

4316 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы