• Қоғам
  • 13 Қазан, 2010

Қоқысты тінтіп... Бөтелке жинап жүрген кімдер?

d0b1d0bed0bcd0b6Қоқыс. Бес әріптен тұратын бұл сөз жиіркенішті естілетіні айдан анық. Әсіресе, Кеңес заманында қоқыс қарау арға баланатын. Ол көбіне қолынан түк келмейтін, сіңірі шыққан кедейлердің тірлігі деп саналып келген-ді. Сондықтан да болар, Кеңес дәуірінде қоқысқа адам баласы бір жағынан жиіркеніп, енді бір жағынан өзінің беделін түсірмеу үшін қарамақ түгілі маңына да жоламайтын. Бұл қайыршылықтың кәсібі ретінде саналатын. Алайда қанша жерден идеологиялық мықты тәрбие бергеніне қарамастан, сол дәуірде де қоқыс қарағандар болған жоқ деп кесіп айтуға келмес. Бәрімізге белгілі, Кеңес кезінде негізінен қоқыс маңынан ішкіштер өз ұлтымыздың өкілдерін кездестірмейтінбіз. Қазір, Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғалы бері жағдайымыз жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны жасырын емес. Алайда жағдайымыз жақсарғанымен, кейбір келеңсіз көріністер орын алуда. Жылдан-жылға қоқыстың маңында төңіректеп жүретіндердің саны азаймай отыр. Екінші, тағы бір айта кетерлігі, лас мекендерді басқалармен қоса өзіміздің қаракөз қандастарымыздың жағалап жүргендігі. Қолынан түк келмейтіндер емес, тіпті тепсе темір үзетін жастардың, жақсы киініп алғандардың әлгі жерлерді төңіректеп қана қоймай, тіміскілеп жүргенін әрдайым да байқауға болады. Бұл сана төмендігінен бе, жоқ әлде «ақша ешқашанда артық болмайды» деген қағиданы ұстанғандар ма екен? Әйтеуір бұл көрініс сырт көзге қарағанда тосын әрі ұят болып көрінетіні жасырын емес. Әлде капиталистік қоғамда ұялу деген болмай ма? Осы жағдайға қалай тап болып жүргендері жайында қоқыс ішін тінтіп жүргендердің бірқатарымен әңгімелескен едік.

– Аты-жөнім – Володя Иванович Чибурин, – деп таныстырды ол өзін. – Мамандығым – инженер. Өзім Ресейдің Волгоград қаласының тумасымын. Жасым 71-де. 1939 жылдың 3 маусымында дүние есігін аштым. Әйтеуір ес білген кезімде екінші дүниежүзілік соғыс бас­талып кеткені белгілі. Отбасының ең кенже баласы болдым. Екі ағам соғысқа қатысып, 1944 жылы қайтыс болды. Әкем Иван соғыс кезінде 66-да болған. Оқы­маған, ауылда тракторшы болып, кейін қалаға көшіп, ауыр заттарды теміржол бекеттеріне тасып, отбасын асырайтын. Волгоградтағы қатты суықтан әкем туберкулезбен ауырып қалып, 1943 жылы қатты науқастан көз жұмады. Анам Надежда Карловна Мәскеудегі шығыс фа­куль­тетін бітірген өте сауатты адам еді. Араб, түрік, көне иврит, жапон тілдерінде еркін сөйлейтін. Ұлты – удмурт. Соғыс ке­зін­дегі қиындықтан анам қатты жүдеді. Сонысына қарамастан, табиғатынан бел­сенді болып келетін шешем мені ерекше мәпеледі. Сұрапыл соғыс аяқталған кезде менің жасым небәрі алтыда болатын. Әлі күнге дейін есімде бар, біз бір тілім нан үшін кезекте таппжылмай алты сағат тұратынбыз. Балалық шағым өте қиын­шылықпен өтті. Кейде қоқыс қарап ке­тетін кезім де болған. Балалық ша­ғым­ды ойласам менің қазіргі тірлігім осы бала кезден қалыптасты ма деп ойлап қаламын. Володя ақсақал бір жымиып күліп алды да, әңгімесін әрі қарай жалғады. – Соғыс біткен соң анам Виталий деген шалға тұрмысқа шықты. Екеуі де Волгоградта егін шаруашылығымен айна­лысты. Волгоградта анам күйеуімен қара жұмыс істеп, жақсы жағынан кө­рінг­ендіктен, қалалық кәсіподақ олар­ды Қазақстанға әр жерден жолдамамен жіберді. Ұмытпасам, 1954 жылы тың игеруге байланысты жұмыс күші ре­тінде Қазақстанға жұмысшылар мен ең­бекшілерді қоныстандырды. Мен сол жылы анам және Виталиймен бірге Целиноград, қазіргі Ақмола облысына қоныс тептік. Біз азаматтықты қабылдадық. Мен сол кезде небәрі 15 жаста едім. Ешнәрсе істемесем де қатты ауырып қалдым. Осыған орай анам мені емдеу үшін Алматыға алып келді. Алматының ауасы маған жағып, мен тез арада жазылып шықтым. Алматыдағы мектепке орналасып, білімімді осы жерде аяқтадым. Анам көп ұзамай Виталиймен ажыра­сып, Ақмоладан кетіп, Алматыда менімен бірге тұрды. Кейін бір білгенім, Виталий арақ­қа салынып, қайтыс болды. Жағдайы­мыз өте қиын болғандықтан, мектепте үшке оқыдым. Үй жалдап тұрдық. Анам еден жуушы болып жұмысқа кірді. Ақыры мектепті 17 жасымда аяқтап, «Политех», қазіргі ҚазҰТУ-ге түсуге бел байладым. Өзім ақсаусақ болғандықтан, техниканы жақсы көріп өстім. Мен ол жағынан әкеме тартқан едім. Ол жайлы оқуға түсе алмай, ақырында араға үш жыл салып, өз күшіммен түстім. Денсаулығымның нашарлығынан әскерге де алмады. Инженер мамандығын аяқтағаннан кейін, біраз жыл өз мамандығым бойынша жұмыс істедім. Баршаға белгілі, Кеңес дәуірінде бәріміз біркелкі жалақы алатын едік. Мен қартайған анамды асырадым. Алайда көп ұзамай анам 1982 жылы о дүниеге аттанды. Мен ол кезде 43 жаста едім. Қырық жасымда Татьяна деген 35-ті алқымдаған қызға үйлендім. Басында тұрмысымыз жаман болған жоқ. Дегенмен балалық шақтағы қасиет қалып қояды екен. Ара-арасында қоқыс қарап жүрдім. Бұл «ежелгі кәсібімді» Татьяна сыртымнан көріп: «Ойбай, мен дені, есі дұрыс адамға шықтым десем, бомжға үйленген екенмін ғой» деп ажырасуға арыз жазды. Осылайша біз ажырастық. Татьянаның бұл қадамға баруының себебі бар-тұғын. Өзі Қостанай өңірінен шыққан сауатты отбасында тәрбиеленген-ді. Ажырасқан кезде Вадим деген екі жастағы бала шешесімен бірге қалды. Кейін Вадим ержетті. Алайда дұрыс тәрбие болмағандықтан ба, жас­тайынан ішімдікке үйір болды. 24 жасында көшеде болған төбелеске кірісіп кетіп, қайтыс болды. Міне, көріп отырсың ғой, менің артымда ұрпақты жалғайтын балам жоқ. Менің жалпы өмірге деген көз­қарасым жақсы. Оптимистпін әрі не нәрсені де білуге деген құмарлығым бар. Кезінде теледидар, радио, кір жуатын мәшинелерді жөндеп, қыруар ақша тауып жүрдім. Дегенмен Татьянадан кейін басқа ешкімді сүйе алмадым. Әрі басқаларға сөз салмадым. Сүрбойдақтың қамытын киіп, жалғыз өзім пәтер жалдап тұрдым. Жағдайым керемет болды. Қанша жерден жақсы тұрсам да мені қоқыс өзіне қарай тартып тұратындай еді. Күніне кем дегенде жарты сағат міндетті түрде қарайтынмын. Бір жағынан қоқыс қарау менің хоббиіме айналды. Сырттан қарағанда көп адам: «бейшара, азып-тозып жүрген ішкіш екен-ау» деп ойлайтын. Рас, мен тапқан жалақымды арақ-шарап, сыра деген алкогольді ішімдікке көп жұмсайтынмын. Қатын алмағандықтан әрі туыстарым Қазақстанда мүлде жоқ болғандықтан киімім олпы-солпы болды. Жұрт мені көп аяйтын. Көбіне қазақтар мені аяп, жылы киімдерін беріп кететін. Ал орыс­тар мені сыртымнан мазақтап күлетін. Мен бір жағынан экономист сияқты өмір сүрдім. Тапқан және жұмсаған қар­жымды жазатынмын. Тапсырыспен техника құрылғылардың көбісін жөндеу қо­лымнан келетін. Есептеп көргенімде әр ай сайын тапсырыспен 40-50 шақты үйге кіріп, құрылғыларын жөндегенім үшін орташа есеппен 100 сом табатын дәрежеге жеттім. Міне, қызық. Кезінде мен мемлекеттік жұмыста таңертеңнен кеш­ке дейін жұмыс істегенде айына 25 сомды әрең алатынмын. Әрі басымды ауыртатын әйеліммен бірге өмір сүрдім. «Қоқысты қарайсың, біздің жұмысымызға ұят келтіресің» деп қызметтен босатқан соң әрі Татьянамен ажырасқаннан кейін таза тәуелсіз өмірге көштім. Еркін кәсіппен 100 сом тауып қана қоймай, уақытым да көп болды менің. Бос, еріккен кезімде қоқысты жағалап кететінмін. Бірде мынандай қызық оқиғаны бастан кешірдім. Қоқыстағы бір қапқа көзім түсті. «Бұл не екен, ішінде журнал бар ма екен» деп ақтара бастадым. Мен, шыны керек, Кеңес дәуірінде мұқтаждықтан шыны тауып, тапсырып, нәпақа алу үшін емес, еріккеннен соң газет-журнал үшін қо­қысты төңкеретінмін. Тапқан басылымдарды үйде кофе, кейде арақ ішіп, рахаттанып оқитынмын. Володя тағы бір жымиып күліп алды: – Қаптың ішін ашып қарасам, іші толған ақша екен. Сол жерде тізем дірілдеп сала берді. Жүрегім тулап, өз-өзіме келе алмай, бұл менің түсім бе, жоқ әлде өңім бе деп түсіне алмай дел-сал болып, он минуттай тапжылмай тұрып қалыппын. Бір кезде: «Мынау сүмелек бізге бәсекелес. Өзі ешкіммен араласпайды. Тапқанын бөліспейді. Жынды өзі» деген дауыс мені өз-өзіме келтірді. Артыма қарасам, ішіп алған екі бомж маған қарай келе жатыр екен. Дереу есімді жиып, біл­діртпей, қаптағы ақшамды сөмкеме сүңгітіп жібердім де тұра қаштым. Олар маған түсінбей қарап қалды. Асыққанның аты асыққандық емес пе, сөмкемдегі бір пәшке ақша шашылып, түсіп қал­ды. Осы кездегі манағы екі қайыршы ақшаны дереу қалталарына басып, менің артымнан қуды. «Әй, оңбаған, өзің миллион сом алып бара жатып, бізбен неге бөліспейсің, кеще неме» деп қуды. Ішіндегі арығы мені қуып, ұстап алды. Осы кезде мен оны бір теуіп құлаттым да, алды-артыма қарамастан үйге тайдым. Олар: «Оңбаған, сені милицияға тапсырамыз, енді көзімізге көрінші, неғы­лар екенбіз. Біздің несібемізді тартып алғанын қарай гөр» деп көшені бастарына қаратып айқайлап жатты. Мен үйге келіп, өз-өзіме келе алмай, біраздан кейін ақшаны санап шықтым. Пәшке-пәшке 5, 10, 25 сомдар оралған қағазды асықпай санап шығуыма екі сағаттай уақытымды кетірдім. Сөйтсем, тапқан ақшам 8 500 сомға жетіпті. Бұл ол кезде қомақты ақша еді. Бұндай қаржыға бір «Жигули» сатып алуға болатын. Мен тапқан қаржымды қалай жұмсарымды білмей қатты ойландым. Ақырында басқа жерден пәтер жалдап тұруыма тура келді. Себебі әлгі екі қайыршыдан қатты жүрексініп қорықтым. Қомақты қаржымды кассаға салып, ай сайын өсімін алып тұрдым. Алайда бұл маған оңай болған жоқ. Байыған сайын қадамымды анық басатын болдым. Арақ-шарап ішпеуге өзімді көндірдім. Күн сайын газет-журнал алып, мен туралы журналистер жазып қоймады ма екен деп сескенетін болдым. Абырой болғанда, мен туралы ешнәрсе жазылмады. «Пәленбай ақша жоғалттық, тапқан адамға сыйақы береміз» деген хабарландыруды да оқымадым. Бұрынғы тұрған мекенге мүлдем бармадым. Әлгі екі қайыршыны сыртынан екі-үш рет қана көрдім. Кеңес заманында қазіргідей тыныш болмайтын. Кей кезде банктегі қызметкерлер мені арнайы шақырып, «бұл ақшаға қалай қол жеткіздің» деп жиі-жиі тергеп, сұрап тұратын. Мен бой­дақ екенімді, ай сайын техника құрыл­ғыларын жөндегенім үшін кем де­генде 100 сом алатынымды, қалай болса солай шашпай, ұқыпты пайдаланаты­ным­ды айтатынмын. Жинақы болып кө­рінгендіктен, менің айтқаныма қыз­меткерлер сеніп, әрі қарай тергеуге алмайтын. Осылайша мен Кеңес дәуірі аяқталғанша еш қиналмастан емін-еркін өмір сүрдім. Ай сайын алған өсім­пұлыма әр жерге барып қыдыратын әдет шығардым. Бір күні түсіме үлкен ағам Николай еніп: «Сенің табысты өмір сүргенің қуантады. Бірақ сен өз бетіңше жетістікке жете алмадың. Біздің желеп-жебеуімізбен қомақты қаржыны таптың. Балалық шағымыз қиын өткенін ұмытпа. Сондықтан кассаңдағы барлық ақшаңды алып, кедейлерге тарат. Мәртебең өседі. Айдалада қалмассың», – деді. Алайда мен тіршіліктің күйбең тірлігімен айналысып жүріп, ағамның айтқан сөзіне мән бермедім. Көп ұзамай Кеңес Одағы ыдырады. Қазақстан тәуелсіздігін алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бай, қуатты өмір сүрдім. Бірақ 1993 жылы ақша өзгеруіне байланысты менің кас­самдағы барлық ақшам күйіп кетті. Қандай өкінішті десеңізші. Осы кезде ағамның түсімде айтқан ақылын неге тыңдамадым деп қатты өкіндім. Алайда бәрі кеш болды. «Ештен кеш жақсы» демей ме, енді алдағы уақытта ондай өрескел қателікті жібермеспін. 71 жастағы шал бір күрсініп алды да, әңгімесін әрі қарай жалғады. – 1993 жылдан қаржылық дағдарыс әлі күнге дейін жалғасын табуда. Егер жұрт 2007 жылдан бастап әлемде дағдарыс орын алды десе, ал маған дағдарыс орныққанына биыл 17 жыл толмақ. Міне, еш жерде қазір жұмыс істемеймін. Жас кезімде ақсаусақ болып, қара жұмыс істеген емеспін. 3 жылдық қана еңбек өтілім бар болғандықтан, еңбек өтілімнің барлығы тіркелмепті. Осыған орай зейнетақы алмаймын. Кейде қарттардың 20-25 мың теңге алып, реніш танытып жүргенін көргенде, оларға жұбатып: «Бұған тәубе етпейсіңдер ме?» деп айтқым келеді. Қазір менің үйім жоқ. Кейде ақшалы болған кезде қаланың шетінен өте арзанға пәтер жалдап тұрамын. Тұрақты жерде емес, қаланың әр жерінен қоқыс қараймын. Өлсем мені көметін не туыс, не мұрагерім, не досым жоқ. Айтпақшы, дос демекші, достарым – өңкей ішкіштер. О дүниеге аттансам мен жерленбей, қарғаның жемтігіне айналамын ба деп қорқамын. Қоқысты мұқтаждықтан қарап жүрмін. Бәлкім, тағы да ақша тауып алармын деп ойлаймын. Қоқыстан табылған шынылардың көбісін бес теңгеге тапсырамын. Кейде киімдерді киім-кешек дүкендеріне өте арзан бағаға немесе бір бөтелке арақ үшін өткіземін. Бір сөзбен айтқанда, балалық шаққа қайта оралғандай­мын. Себебі Волгоградтағы балалық шағымызда мұқтаждықтан қоқысты отбасымызбен қараған едік. Ал есейген кезде еріккенімізден жағаладық. Ал енді қайтадан мұқтаждық орын алып отыр. Бір кезде мені бай болды деп кім сенеді? Осы түріме қарап жұрт: «Е, баяғыдан бері осындай болған шығар. Қолынан түк келмейді» деп ойлайтыны анық қой. Алайда менің де бір кезде шалқып өмір сүргенімді жұрт қайдан білсін? Балам, мен саған өмірімнің кейбір тұстарын ғана айтып бердім. Жүзің жылы екен. Бірақ менің бұл әңгімемді ешкімге айтпа, жақсы ма? Суретке түсіріп қайтесің? Әңгіме айтып бергенім үшін арақ пен наныма кем дегенде 500 теңгеңді қалдырып кетші, – деді бүкірейген орыс шалы. Біз әңгімелесіп тұрған кезде уақыттың қалай өткенін, адамдардың әрлі-берлі жүргенін байқамаппыз. Жұпыны киінген ақсақалмен әңгімелесіп тұру мен үшін бір жағынан ұят болып көрінді. Шалды аяп кеттім де, қалтамнан 1000 теңгемді ұсындым. Шал рахметін айтып, кете барды. Кетіп бара жатып, артына бұрылып: «Жас бала, мені енді осы жерден іздемеңіз. Мен алыс жаққа кеттім. Бәлкім, оралмайтын да шығармын» деді. Осылайша орыс шалмен әңгімелесіп болғаннан кейін қоқыста шыны теріп жүрген өзіміздің қаракөз, егде жасты алқымдаған кісіге тап болдым. Қоқыстан бірдеңелерді алып сөмкесіне салды, одан кейін баклажка мен шыныға жармасты. Қасынан адам өтіп, қарап келе жатқанын білсе де ұялмастан өз шаруасына беріліп, кірісіп кетті. Ақыры жұмысын аяқтап, үйіне қайтып бара жатқанда әңгімеге тартудың реті келді. – Оңтүстікпін. Атым Ералы, жай ғана Ерчик десең болады, – деді ол. – Жасым 42-де. Қоқысты қайбір жетіскеннен қа­рап жүр дейсің. Жағдайым өте қиын. От­басымда төрт ағайындымыз. Ортаншы­сымын. Бәріміз Алматыға көшіп келгенбіз. Алайда ата-анам қайтыс болғаннан кейін туыстарым менімен хабарласпайтын болды. Тек үлкен апам Мырзагүлге мың да бір рахмет. Мен соның үйінде тұрып жатырмын. Апам ажырасқан. Бір ұлы бар болғанына қарамастан мені бауырына басып, бірге тұруыма қарсылық танытпады. Ал қалғандары мені менсінбейді. Олардың бұлай істеуіне себеп бар. Өйткені мен кезінде жұмыстан қысқарып қиналып жүрген кезде отбасымды асырау мақсатымен ұялы телефондарды микроавтобуста талай рет ұрлағанмын. «Ұрлық түбі – қорлық» демекші, мен көп ұзамай қолға түсіп, бірнеше жылға қамалдым. Міне, биыл ғана түрмеден шықтым. Сотты болғаннан кейін мені еш жерде жұмысқа алмауда. Әйеліммен ажырасқанмын. Артымда екі балам бар. Оларды әйелім өз қамқорлығына алған. Ал мен болсам өз күнімді әрең көріп жатырмын. Рас, Мырзагүл апамның арқасында нан жейтінімді несіне жасырайын. Дегенмен апамның аз жалақысы, пәтерақы төлеуге, баласын оқытуға, тамақ алуға да жетпейді. Әрі несиесі бар дегендей. Сондықтан мен еріксізден-еріксіз ұнатпасам да, қоқысты күнде қарап, уақытымды өткізіп жүрмін. Бір жақсысы, мен кейбір бомждар құсап арақ ішпеймін, темекі шекпей­мін. Олармен араласпаймын да. Қоқысты мен көбіне бөтелке теріп, тапсырып, наныма бола қараймын. Мына «Жигули» деген бөтелкені кей жерде 8, кей жерде 10 теңгеге қабылдайды. Мынау «Дербес» 5 теңге тұрады. Ал мынау «чекушка» небәрі 2 теңге ғана. Алайда оны менсінбеуге болмайды. Ақша тиыннан құралады емес пе?! Керек десең, мен тіпті бір теңгенің бөтелкесін де жинаймын. Ал егер «Русица» немесе «Калашников» деген арақ бөтелкелерін тауып алсам, қолым май­ланды деп ойлаймын. Себебі олар қымбат тұрады. Осылайша күніне кем дегенде 80-90 бөтелке табамын да тапсырамын. Орташа есеппен алғанда күніне 400-450 теңге аламын. Нан алпыс теңге дейтін болсақ, бір күнде 7 нан алатындай дәрежеге жеттім. Бұған да шүкір деймін. Тәп-тәуір киінген өзге ұлт баласы­ның қоқыс маңын қарап жүргені қызық көрінді. Не іздеп жүргені де белгісіз. Ретін тауып жанына келіп, журналист екенімді таныстырып, әңгімеге тарттым. Отыздан асқан, Андрей деп таныстырған жас жігіт аса әңгімешіл емес екен. Алайда «жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады» демекші, мен ыңғайын таптым. – Есімім – Андрей. Отыз жетідемін. Компьютерді жөндейтін орталықта жұ­мыс істеймін. Жақсы табамын. Өзім­нің қара басыма жетеді. Үйленген емеспін, ондай ойым да жоқ. Керек десең банкте депозитім бар. Көбіне қоқыстағы киімдердің қалтасын қараймын. Бәлкім, ұялы телефон немесе ақша бар ма деп тексеремін. Мен бір-екі рет осылайша ұялы телефон тауып алғанмын. Рас, кей кезде бөтелке, баклажка теріп кететін кездер аз болмайды. Егер түрлі-түсті журналдар үйіліп жатса, оларды жинап, маклатураға тапсыруға болады. Алайда ол еңбегіңді ақтамайды. Келісін әрі кетсе 8 теңгеге ғана тапсырасың. Кейде қоқыстың маңына диван, шкаф, кресло шығарып жатады. Ондайда біз достарымызбен бірігіп, «Газельге» әлгі заттарды тиеп әкетеміз. Негізінен, орынды жұмыс істесең қоқыстан да баюға болады. Оған әбден көзім жетті. Ұялатын ешнәрсе де жоқ. Тек еңбектену керек. Жасырмаймын – қоқыста микроб көп болады. Алайда мен әрбір қоқыстан кейін үйде үш рет қолымды сабындап жуамын. Тфә, тфә, осы күнге дейін бірде-бір рет жұқпалы аурумен ауырған емеспін. Кей кезде қоқыстан компьютердің мониторын, принтер сынды құрылғыларды тауып аламын. Өзім компьютер мен ұялы телефонды өте жақсы білетіндіктен, оны жөндеп қалпына келтіре аламын, – деп Андрей ар жағын айтқысы келмеді. Мені дивандар, кресло, яғни, бір сөзбен айтқанда, жиһаздарды қайда тапсыратындығы қызықтырды. Алайда қанша сұрасам да Андрей айтпай қойды. Бәлкім, бәсекелесім болады деп қауіптенген болар. Жалпы, адам баласының қоқысты қарауы орынды іс деп саналмайды. Әлеу­меттанушылардың пікірінше, адам баласы қоқысты алты себепке байланысты қарайды екен. Біріншіден, материалдық қиыншылыққа ұшыраған кезде. Бір сөзбен айтқанда, түгі жоқ, сіңірі шыққан кедейлер. Екіншіден, басқа айналысатын ісі жоқ, хобби ретінде, яғни қызықтап, зерігуден. Үшіншіден, адам баласының психи­калық ауытқушылығынан. Не істеп жатқандығын өзі де білмеушілігінен. Төртіншіден, байысам деп мақсат тұта­тындар. Бұл топқа материалдық жағ­дайлары орташа немесе бай, алайда қара­пайымдылығымен ерекшеленетін адамдар кіреді. Бесіншіден, қоқыста жұ­мыс істейтіндер. Бұған қоқыс тазалай­тын, экологияның тазаруына атсалысып, осы жұмысына бола үкіметтен жалақы алатын тұлғалар жатады. Алтыншыдан, ешқандай да материалдық қиыншылыққа ұшырамаса да, осы іске кірісетіндер жатады. Мәселен, үй салатын құрылысшылар бұл топқа көбірек кіреді десек, артық болмайды. Себебі құрылысшылар жағдайы бар болғанына қарамастан, құрылыс материалын сатып алудан гөрі, қоқыстан теріп, үй салуды жөн санайды. Олар кө­біне ағаш, арматура, темір-терсек, кір­піштерге қырғидай тиіседі екен. Қо­қысқа Кеңес кезінде жасалған ескі мате­риал­дар шығарылатын болғандықтан, олар­дың сапасы қазіргі тауарларға қара­ғанда жоғары. Беріктілігімен ерекшеленеді. ...Есік алдында қоқыс қарап жүр­гендердің барлығын кедей санауға болмайды. Алайда осы кәсіппен байимын деп есептеудің қажеті шамалы. Алайда ерік әркімнің өзінде ғой. Нұрлан ҚҰМАР

3524 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы