• Тұлға
  • 13 Қазан, 2010

Арқаның ақмылтығы

Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты, публицист, ақын Айтбай Сәулебектің «Қазақтың қасиеті – Қарқаралы» атты шығармашылық кеші Қарқаралы қаласында болып өтті. Оған республикалық газеттердің бас редакторларының Қарағанды облысындағы күндеріне шақырылған әріптестері де қатысты. Айтбай Сәулебек – қазақ бас­пасөзінде ғана емес, әдебиетте де әдеби-көркем шы­ғармаларымен танылған қаламгер. Бұл сөзімізге оның үлкенді-кішілі 7 кі­табы мен баспасөзде жарияланған шығармалары куә. Оның «Қазақтың қасиеті – Қарқаралы» деген тақы­рыппен шығармашылық кешін өткізуінде өзіндік мән бар деп білеміз. Өйткені ол осынау киелі аймақтың ардақты адамдары жөнінде көп еңбегін жарыққа шығарды. Әлі есімізде, ол 1992 жылы Қарқаралының тумасы, барша қазақтың мақтанышы, ұл­тымыздан шыққан тұңғыш ғарыш­кер, Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы», ұшқыш-сынақшы Тоқ­тар Әубәкіров туралы республикада бірінші болып «Ғарышта – Қазақ» («Айналайын, Земля!») атты екі тілдегі кітапты қос авторлықпен шығарды. Кітап шағын болғанымен таптырмас деректерге толы рухани дүние еді. Сондай-ақ Айтбайдың Қарағанды қаласының 60 жылдығына арнал­ған «Қа­сиетті қала», 1930 жылдардағы ашар­­шылық куәгерлері туралы «Қо­жах­мет әулеті», Қазақстан Респуб­ли­касының 10 жылдығына арналған «Ақ пен Қара» атты кітаптары оның қаламы жүйрік публицист екендігін айғақтайды.

Айтбай Сәулебектің Алматыдан жарық көрген «Махаббатым менің» атты жыр жинағы, Астанадан жарық көрген «Жүректегі қызғалдақ» және «Махаббатым – өз жүрегім» атты новеллаларын, эсселерін, өлең­дерін топтастырған қос кітабы да – оқыр­мандардың жүрегіне жол тапқан шығармалар. Оның «Махаббатым – өз жүрегім» атты көлемді кітабы Астана қаласын­дағы «Фолиант» баспасында 2009 жылы жарық көрді. Бір қуанарлығы, осы кітаптың жарық көруіне Қараған­ды облысының бұрынғы әкімі, бүгінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Зайроллаұлы Нығмату­лин демеушілік жасаса, Қарқаралы қала­сындағы шығармашылық кеші Қара­ғанды облысының әкімі Серік Нығметұлы Ахметовтің ықыласымен өткізілді. Билік тізгінін ұстаған осындай азаматтардың қазақ әдебиетіне, мәдениет-өнеріне, журналистикасына қамқорлық жасағанынан артық мәртебе бола ма? Айтбайдың осы кітабының бірінші бөлімінде («Адасқандар») көркем әң­гі­мелері мен новеллалары жария­лан­ған. Автордың әңгімелері шағын да ши­рақ, кейіпкерлері күн сайын өзіміз кез­дестіріп жүрген қарапайым жандар. Кітаптың екінші бөлімі «ЕЛ мен ЕР» деп аталады. Осы бөлімге енген эсселердің атына заты сай десек, артық айтқандық болмас. Айтбай Сәулебек­ Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың Темір­тау қа­ла­сындағы металлургия комби­натында бірге қызмет еткен бір топ досын іздеп тауып, естеліктерін жазып алған. Мұны­мен де шектелмей, Президентіміз оқыған Днепродзержинск қаласын­дағы (Украина) кә­сіптік-техникалық училище­де, ме­­тал­лургияның қыр-сы­рын үйренген ком­бинатында болып, Елбасының досы Николай Лутошкамен кездесіп, көлемді де тартымды, құнды материал жарияла­ған журналист. «Елбасының достары» эссесіндегі Дмитрий Павлович Оськин, Саясат Қабдолов, Ермек Төлеутаев және Жақсылық Әскеевтер – Президенті­міз Нұрсұлтан Назарбаевпен кезінде Теміртауда қызметтес болған, жақын араласқан жандар, олар ісіне, қоғам алдындағы парызына адал, дос-жолдастыққа жарамды, қайырым­ды да жаны жомарт, қайсар кісілер. Автордың – Маңғыстаудағы Пір Бекет ата; мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан журналистерінің ұстазы Шерхан Мұртаза; қазақ елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен ерлеріміз Ақжолтай Ағыбай мен Төлек Жәуке батыр; бүгінгі күннің қаһарма­ны, ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров; ғұлама ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Евней Бөкетов, әлемдегі 100 атақты ғалым­ның бірі болып «ХХ ғасырдың аса көрнек­ті адамы» атанған Темірғали Көкетаев; Қарқаралы аудандық газетінің тұң­ғыш редакторы, 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған Медеш Оралдиев; Ұлы Отан соғысының арда­гері, барлаушы Зайролла Нығмату­лин; ақындар Еркеш Ибрагим, Шынбо­лат Ділдебаев, Нұртас Исабаев; сазгер-әнші Жақсыкелді Сейілов, тұңғыш гитарисіміз Қорабай Есенов және т.б. туралы эсселерінің оқырманға берер әсері аз болмаса керек. Ал оның КСРО-ның қаһарлы билеу­шісі И.В.Сталин «айлакер түлкі» деп атаған Югославия мемлекетінің басшысы, тарихи тұлға Иосиф Броз Тито туралы жазған эссесінің оқырманның қызығушылығын тудырарына күмән жоқ. Қарқаралы қаласындағы ұлы да­нышпандарымыздың бірі Шоқан Уәлиханов пен орыстың ойшылы Григорий Потанин болған ағаштан салынған зәулім үйде – қазіргі қалалық кітапханада өткізілген кеште облыс әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесіне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің жолдаған құттықтау хатын оқып берді. «Өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың БАҚ са­ласындағы сыйлығына ие болдыңыз. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, қо­ғамдағы зиянды құбылыстар мен әділеттілік тақырыбын әлеуметке шынайы жеткізуде үлкен творчестволық әлеуеттің биігінен көріне білдіңіз» деп пікір білдіріпті Үкімет басшысы. Журналиске облыс әкімі атынан құт­тықтаулар айтылып, иығына ша­пан жа­былды. Қарқаралы ауданының әкімі Сержан Аймақов болса, Айтбайға ноутбук компьютерін сыйға тартты. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директо­ры Жұмабек Кенжалин, «Нұр Медиа» хол­дингі бас директорының орынбасары Альберт Сафулин, «Заң» газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбаевтар дип­лом, грамота тапсырып, Айтекеңнің иы­ғы­на шапан жапты. Ал «Айқын» газеті­нің бас редакторы Нұртөре Жүсіп сол сәтте отырып шығарған жүрекжарды ар­нау өлеңін оқып берді. Қарқаралылық­­тар Айтбайдың өлеңдерін оқыды, әуе­лете әндер шырқады. Республикалық басылымдардың бас ре­дактор­ларының қатысуымен өт­кен кездесу кеші мазмұнды да мәнді өтті. Сөз соңында қазақ еліне журналист ретінде кеңінен танылған, Елбасымыздың өзі тағайындаған, өз өкімімен марапаттайтын мәртебелі сый­лығының Қарағанды облысындағы дара лауреаты Айтбай Сәулебектің алдағы уақытта да шығармашылық табыстар­ға жете беруіне шын жүректен тілектес­тік білдіреміз. Төлеубай Ермекбаев

3837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы