• Тұлға
  • 13 Қазан, 2010

Сәулет өнеріндегі сәулелі жылдар

Сәулет өнеріндегі сәулелі жылдар

«KAZGOR» жобалау академиясы осыдан 80 жыл бұрын дүниеге келді. Ол архитектуралық және құрылыстық жобалауға маманданған. Осынша уақыт компания жобалау ісінде көшбасшылық орнын сақтап келеді. Бүгінгі күнге дейін компания 7000 артық жобаны дайындады. Бұл күнде Жобалау академиясы архитектура, құрылыс салаларында, сонымен қатар сметалық құжаттарды әзірлеуде, нормативтік және ақпараттық қамтамасыз етуде, құрылыстың жобалау құжаттарын тіркеуде... кешенді қызмет ұсынады. 2010 жылдың қорытындысы бойынша «KAZGOR» дүниежүзіндегі құрылыс және жобалау ұйымдары арасында үздік боп танылып, V Халықаралық конкурстың жеңімпазы атанды.

d182d0b0d182d0b8d0b3d183d0bbd0bed0b21Қазақ жеріндегі құрылысты жобалау ісінің тұңғыш ұжымы - «KAZGOR» бұл күндері 80 жылдығын атап өтіп жатыр. Ұжымның жеткен табыстары мен беделі – көпжылдық жемісті еңбектің, оның әрбір қызметкерінің еселі еңбегінің нәтижесі. Осы фирманың президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Шығыс елдері сәулет өнері халықаралық академиясының академигі Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұловпен сұхбаттасудың реті келіп еді.

– Әбдісағит Шаймұ­хан­бетұлы, «KAZGOR» фирмасының бай та­ри­хында құрылысты жобалау ұжы­мы әртүрлі асулардан өтіп, көп же­тістіктерге ие болды. Айтарлықтай кезеңдерді атап кетсеңіз. – Елімізде құрылыстағы жобалау ісінің өз базасын құру мақсатында Үкіметтің қаулысымен 1930 жылы қазанның 5-інде «Kазгоспроект» атты шағын өлкелік жобалау ұжымы ұйым­дастырылған болатын. Бұл еліміздің сәулет өнерінің туған күні деп есеп­теледі. Сонау өзінің сексен жылдық тарихында әртүрлі кезеңдерінен өтіп, өте маңызды мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асырып, ұжымымыз еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосты. 30-40-шы жылдары консерватория және министрліктер, тұрғын үйлер, мектептер, денсаулық, мәдени және сауда ғимараттары жобаланып, салынды. Одан басқа да зауыт пен көмір шахталары, өндіріс ғимараттары іске қосылды. Ұлы Отан соғысы кезінде көбінесе әйелдерден құрылған ұжым үлкен жұ­мыстар атқарды – батыстан көшіріліп, өндіріске арналған және жаңа Бершеғұр, Ленгер, Келтемаш кен орындарындағы ғимараттар үшін жобалар орындалды. Соғыстан кейінгі жылдары өндірістік ғимараттарға қоса мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер жобаланды. 50-60-шы жылдары ұжымның ісі типтік жобалаумен, жер сілкіністеріне қарсы ғимараттармен ерекшеленеді. Саламыздағы біздің жетекші жобалау ұжымымыз басқа да талай ұжымдардың отау құруына ықпал етті. Соңында ұжым «Казгорстройпроект» мемлекеттік бас жобалау институт деп аталды, оның жұмысына Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінді. Республикамыздың басшысы Д.А.Қонаев 1975 жылы өзінің батагөй сөздерімен маған үлкен сенім білдіріп, осы институтты басқара жүре қойылатын мәселелерге ұқыпты көңіл аударуға жолдамасын берді. Әкелік қамқорлықпен айтылған тілектес, дана тәлімдері мен кеңестері кейінгі өміріме бағдар болды. Сонымен 70-ші жылдардың аяғында жұмыстың қарқыны күшейе түсті. Сол жылдардан бастап ірі нысандар мен кешендер жобаланып, тұрғызылды, олар­дың ішінде АММК Мәдениет сарайы, Орталық мемлекеттік мұражай, Офицерлер үйі, Саяси ағарту үйі, «Алатау» шипажайы және т.б. сейсмикалық аудандарға арналған тұрғын үйлердің жаңа сериялары, қалалар мен кенттердің бас жоспарлары және басқа да көптеген жобалар бар. Институттың қызу еңбегі сол кезде оң бағаланып, жоғары жақтан мойындалды: ұжым одақтық маңызы бар бірінші ауыс­палы Қызыл Тумен және КОКП ОК-інің, КСРО Министрлер Кеңесінің, КОБОК және БЛКЖО ОК-інің Туымен марапатталды. Институт он жыл ішінде 12 рет осы Тулармен марапатталып отырды, соңғылары мәңгілік сақтауға берілді, ұжым Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Көптеген жетекші мамандар жоғарғы наградалар мен атақтарға ие болды Бұл ұжымның, сондай-ақ мамандардың біріккен жұмысының негізді және бірізді бағытының қалыптасуы, көптеген қызметкерлердің басқа жобалау институттарының басшылық құрамына ауыстырылуы, оның беделінің биікке өскенінің айқын дәлелі болып табылады. – Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты сол кезеңнің қандай ерекшеліктерін айтып кете аласыз? – Тоқсаныншы жылдардың басында әлеуметтік және экономикалық жағдай күрт өзгерді. Осы жылдары қайта құру, экономикада құлдырау және тоқырау болды, соның салдарынан жобалау мен құрылыстың етек-жеңі «қырқыла» бастады, көптеген жобалау ұйымдары жабылды, ал мамандар базарларға сауда жасауға шықты. Бұрынғы мемлекеттік ұйымдарды акционерлік кәсіпорындарға айналдырып, мемлекет меншігін – ғимараттар мен мүлікті жекеменшіктендіру уақыты келді. Сол кезде жағдайды шұғыл бағдарлап, қажет құжаттарды заң жағынан мінсіз етіп дайындап, өзіміздің ұжымымызды толығымен дербес етіп алдық, сонымен қатар өз істеріне шын берілген қызметкерлермен бірігіп, негізгі тобымызды сақтап қалдық. Институт қысқа әрі естірге жағымды «KAZGOR» Жобалау академиясы» деген атаумен акционерлік қоғамға айналды. Әріптестер бірауыздан дауыс беріп, оның президенті етіп мені сайлады. Бұдан әрі өзіме де, өзгелерге де өзін­дік шығармашылық жұмыс құқығына лайық екенін дәлелдеу керек болды, бәрінен бұрын жұмыс орнын сақтап қалу керек еді. Тапсырыстар сирей бастағанда-ақ ғимараттарды жобалаумен ғана тірлік ете алмайтынымызға көз жеткізгеннен кейін әрі болашақта күрделі өзгерістер мен сұраныстардың болатынын алдын ала ескеріп, ұжымның күшін процестерді толығымен компьютерлеуге жұмсадық, қажетті жабдықтарды сатып ала отырып, академия жұмысының жан-жақты дамуын жүзеге асырдық. Басқару жүйесін ауыстырып, жаңа орталықтар аштық, соның ішінде нормативтерді көбейтетін баспа орталығы да ашылды, оның базасы кейіннен сәулет, қала құрылысы, құрылыс саласындағы нормативтік құжаттарды шығару және тарату міндеттерін орындады. Кейбір нормалардың Құрылыс істері комитетінің, қазіргі агенттіктің тапсырмасымен қайта жасалғанын, алайда бұрынғыларының да қолданыста болғанын айта кету керек, оларды сақтап қалуды талап еттім, кейін де іске толық жарады. Ғимаратымыздың бөлмелерін, сондай-ақ сырттан келетін тапсырыстар бойынша жөндеу жұмыстары жүрді, қызметкерлер тамақтанатын кафе ашылып, кейін ол қала тұрғындарына да қызмет істей бас­тады. Жобалаушылар тобын жас кадр­лармен толықтыру үшін жоғары оқу орындарының түлектері ішінен дарынды студенттерді қосымша оқыту ісі де ықпал етті. Кейінірек бұл жұмыс мамандарды қайта даярлауға арналған түрлі бағыттағы курстар мен тақырыптарға айналды. Еліміздің бас қаласы Астанаға көш­кеннен кейін оның бас жоспарын әзірлеу міндеті қойылды, халықаралық конкурс жарияланып, оған көптеген елдердің белгілі компаниялары қатысты. Шетелдік сәулет саңлақтарын қатыстыра отырып, білікті қазылар алқасы сайланды, оның төрағасы ретінде мені ұсынды. Бәріңізге белгілі, конкурс өте табысты болды, аса лайықты жобалар таңдалып, ел Президенті қазылар алқасына алғысын білдірді. – Жоғарыда айтып кеткендей, бас­қару жүйесінде, жалпы жұмыс жүргізуде біраз жаңалықтар бар секілді. Қолға алған бағыт­тарға тоқтала кетсеңіз? – Уақыт талабына сай болашағы бар және ең өткір мәселе жаңа нарық жағдайларында бұрын зерттелмеген баға белгілеу жұмысы болды. Кеңес кезіндегі болмаған тың шешімдерге бет қойып, республика үшін осындай жұмыстың маңыздылығына алдын ала көңіл аудару қажеттігін анық білдік. Нәтиже­сін­де диалогтық режимдегі сметалық құ­жаттаманың есептеріне қатысты «SANA-2001» бағдарламалық жүйесі құрылды. Қазір ол жетілдіру үстінде, бұл жұмыс республикамызда баға белгілеудің жаңа жүйесіне көшу іс-шаралары шеңберінде жасалған элементтік нормативтердің базасын қамтиды. Академиямыз республикада алғаш­қы болып салалық инвестициялық саясатты жүргізіп, қазіргі заманғы жобалау ісіне жаңа нормативтік құжаттарды әзірлеп, енгізе бастады, соның ішінде құрылыста баға белгілеудің сме­та­лық-нормалық базасын әзірлеуді жал­ғастыруда, құрылысқа арналған жобалау жұмыстары мен күр­делі құрылысқа арналған іздестіру жұ­мыстарының бағалар жинақтары өңделіп жатыр. Құрылыс саласын нормативтер жө­ніндегі үнемі жаңарып отыратын ақ­паратпен қамтамасыз ету үшін, сәулет пен құрылыстың түрлі жағдаяттары бо­йынша жаңалықтармен таныстыру үшін 2003 жылдан бастап ай сайын «Экспресс-информ» журналы шығарылады, ол ҚР Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің ресми басылымы болды. Заманауи компьютерлік технологиялар тынысын алға тартып, америкалық SNIP Register Inc. (Чикаго, АҚШ) және «СSoft» (Мәскеу) компанияларымен өзара ынтымақтастықта нормативтік-құ­­қықтық және техникалық құ­жаттардың электрондық базасын әзірлеп шығару шешіміміз сәтті болды. Еліміздің аумағын­да құрылыс, мұнай және газ, энергети­ка­лық кешендерінің, байланыс және коммуникация мекемелерінің қызметін, СЭС, өрт, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік нормаларын, өнімдерді стандарттау және сертификаттау, құрылыстағы баға белгілеуді реттейтін 40000-дай құжат атаулары мен мәтіндерінен тұратын «Автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесі» (ZERDE-INFO, DEREK-INFO) бағдарламалық өнімдері жасалды. Аталған базада республика бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттардың мониторингі бойынша жұмыстар жалғасуда. – Соңғы онжылдық ішінде жү­зеге асырылған кандай ең ірі ги­мараттардың жобаларын атап, оларға қандай баға берер едіңіз? – Жаңа ғасырдың басында біз­дің академиямыз республикамыздың жетек­ші жобалау ұйымы ретінде өзінің беделін нығайта түсті. Кадрларын сақтап, өзінің шығармашылық әлеуетін дамытуға қол жеткізді. Сондықтан да академия біздің тәуелсіз жас мемлекетіміздің ең маңызды жобаларына, бас қаламыз Астананың құ­рылысына, республиканың қаржы­лық орталығы болып танылған Алматыны дамытуға, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында мұнай және газ кен орындарын игеруге байланысты нысандарды жобалауға, еліміздің енді өркен алып келе жатқан бизнес класының жоспарларын жүзеге асыруға қатысты. Еліміз бойынша түрлі мақсаттағы нысандар, шетелдік аса ірі инвесторлар­дың тапсырысы бойынша мұнай және газ компанияларының офистері мен өндірістік корпустары, вахталық кенттер мен үлкен тұрғын үй массивтері, әкімшілік ғимараттары, мәдениет және білім мекемелері жобаланды. Астана қаласының құрылысын салу үшін академия жасаған ірі жобаларды атасақ та жеткілікті, олардың ішінде қаланың жаңа орталығындағы «Нұрсая», «Триумфальный» тұрғын кешендері. «Көпфункционалды орталық», «2500 орындық киноконцерт залы» және басқа жобалар бар. Ал Алматыда «Нұрлы тау» көпфунк­ционалды орталығының құрылысы қарқынмен жүріп жатыр. Оны пай­далануға бергеннен кейін оңтүстік астанамыз дамыған инфрақұрылымы бар ірі тұрғын массивіне ие болады. «Нұрлы тау» кешенінің жобасы 2001-2003 жылдар бойынша Республикалық конкурста Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының және Тбилисиде өткен ХІ Халықаралық конкурста Сәулетшілер одақтары Халықаралық қа­уымдастығының Гран-Приі мен Алтын медальдарын иеленді. Қазірдің өзінде Мемлекет басшы­сы­ның Алматыдағы резиденция­сының сәулет ансамблімен үйлесім тауып, Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институты жұмыс істеп тұр, ол «Нұрлы таудың» бас бағытын жалғастырып, талапқа сай жұмыс істеуде. Қазақстанды индустриялдық-инно­вациялық дамытудың мемлекеттік стратегиясы шеңберінде тағы бір маңызды нысан іске қосылды – «Алатау кентіндегі ақпараттық технологиялар паркінің» бірінші кезегі. Бұл технопарктің жасалуы құрылыс жұмысының кешенді дамуына, осы технологиялар саласындағы дүниежүзіне белгілі көшбасшылармен ынтымақтасуға, өндірісте келешегі мол зерттеулерді жүргізіп, өндірістік әлеует пен сыртқы сауда айналымын арттыруға, сондай-ақ ғылыми және интеллектуалдық әлеуетті тиімді пайдалануға ықпал етеді. «Ақпараттық технологиялар паркі» жобасы үздік сәулет шығармаларының республикалық конкурсында Сәу­летшілер одағының Алтын медаліне, сондай-ақ ХІІ Халықаралық конкурс-байқауда Сәулет­шілер одақтары Ха­лықаралық қауым­дастығының «Ерекше сәулеттік шешім үшін» дипломына ие болды. KAZGOR жобалаушыларымен орын­далған «Рахат-Тауэрс» көпфунк­цио­нал­дық кешенінің пайдалануы бас­талды. Алматының Бостандық ауданында офисі бар зәулім кешеннің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қаланың ескі орталығында «Жиһаз» бизнес орталығының, Алматы­ның жоғарғы бөлігіндегі көпфункционал­дық кешен­нің, Шымбұлақ шатқалын­дағы «Тау крис­талы» қонақүйінің, Тимиря­зев-Сейфуллин көшелерінің қиылысын­дағы көпфункционалдық кешеннің, Алматы облысы, Талғар ауданындағы спорт-сауықтыру кешенінің жобалары жүзеге асырылу қарсаңында тұр. Академияның мамандары әл-Фараби даңғылын­дағы банктік-қаржылық кешеннің жобалау ісін жасауда, «Астана мешіті» жобасы әзірленген. Ел халқын қолдаудың әлеуметтік саясатына жауап беретін тұрғын үйлердің жобалануына да үлкен көңіл аударылып отыр. Типтік жобалау әдістемесіне сәйкес Қазақстанның қарапайым геологиялық жағдайлардағы бөлшек аудандарына, сондай-ақ сейсмикалығы жоғары басқа аудандарға арналған 70 пәтерлік тұрғын үй мен 280 орындық балабақшаның жобалары әзірленді. – Еліміздің халықаралық экономи­калық байланыстарына орай шетелдік компаниялармен қарым-қатынастар қалай дамуда? – 90-жылдардың ортасына қарай ин­вис­тициялардың арқасында құрылыс саласы бірте-бірте көтеріле бастады. KAZGOR-да енгізілген алдыңғы қатарлы жобалау технологияларын шетелдік тапсырыс берушілер танып, үнділік, түр­киялық және басқа компаниялармен бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Он­жылдықтың соңына қарай болған елеулі оқиғалардың бірі – «Теңізшевройлмен» және осы мұнай компаниясының бас офисі мен қызметкерлерінің кентін жобалайтын америкалық YGH, KPFF, Interface Eng. жобалау компанияларымен тығыз ынтымақтастықтың орнауы. Бұл ынтымақтастық құрылыс аяқталғанға дейін бірнеше жылдарға созылды. Портландта да (Орегон), біздің офисімізде де бірігіп жобалар жасалды. YGH басшысы Йоахим Грубе мырзамен және оның әріптестерімен болған жылы қарым-қатынас осы күнге дейін жалғасып келеді. Жергілікті басқа компаниялармен және Оңтүстік Корея, Жапония, Германия және т.б. шетел компанияларымен іскер­лік және шығармашылық байланыстар жолға қойылды. Атырау облысында британдық «Парсонс Флюор Даниель-PFD» ком­па­ниясының тапсырысы бойынша Құлсары кен орнында вахталық кент нысандарын жобалау және салу бойынша мониторинг жүріп жатыр. Шетелдік компаниялармен жемісті серіктестік байланыстар кеңеюде, солардың ішінде «SOM», «LERA» және «RAMSA» (барлығы АҚШ-тікі), «Foster+Partners», «Buro Happold», «Arup» (барлығы Ұлыбританиянікі), «Design Group» және «Murat Sivka» (Түркия), «Space Group» (Оңтүстік Корея), «Есентай» көпфункционалдық кешені», «Алматы қаржы ауданы», «Парквью Офис Тауэр» бизнес орталығы, «Mega Residence», «Ритц Карлтон Алматы» кешендері, «Apple Valley» тұрғын кешені, «5 жұлдыз класты көпфункционалдық кешен», «Tulebaeva Park», «Алматыдағы Фурманов көшесі бойындағы қонақ үй-тұрғын үй кешені», Алматы облысы, Талғар ауданындағы «Халықара­лық логистикалық парк», Атыраудағы «Marriot Executive Apartments», «Абу Даби Плаза-Астана» нысандарының жобалық процесіне көмек беріп, басқа да көптеген жобаларды іске асыруға атсалысуда. Шетелдік компаниялармен тығыз ынтымақтастықты ескере отырып, 2002 жылдың басынан бері академияда ISO 9001-2000 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес жобалау және ақ­параттық-нормативтік қызметіне халық­ара­лық сертификат алынды. Қазіргі күні TUF NORD ұйымының сыртқы аудитімен бірлескен сапа менеджменті жүйесінің қызметі ұйымдастырылды. Бұдан басқа академия лицензияланушы субъектілер­дің сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында жұмыстарды жүзеге асыруға құқықтарын сараптау және техникалық аудит жүргізу үшін сараптама орталығы ретінде аккредиттелген. Ұжымымыздың мамандары Ха­лықаралық құрылыс нормаларын әзір­леу жөніндегі халықаралық кеңеспен (IСС) келісіп, 2006 жылдың наурызынан бастап KAZGOR оның корпоративтік мүшесі болып табылады, республикада құрылыс нормаларын жетілдіру жөнінде Меморандум жасалып, шығармашылық ынтымақтастық бағдарламасы әзір­ленді. – Бұрын нормалау мәселелері және оған арналған құжаттарды құру одақтық тұрғыдан қарастырылатын. Осы мәселелер енді қалай шешілуде? – Нормалау жөніндегі жинақталған тәжірибені, KAZGOR құрылыс саласы­ның қазіргі жағдайын және оны дамыту болашағын ескеріп, құрылыстағы стандарттау мәселелерін шешу үшін академия негізінде «Сәулет, қалақұрылысы және құрылыс» ТК-55 Техникалық комитеті құрылды. Оның мақсаты ақпараттық технологиялардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен заманға сай құралдарын тиімді пайдалану, ақпараттық және әдістемелік қорды қалыптастыру және жүргізу, еліміздің құрылыс кешені субъектілерін нормативтік құжаттамамен қам­тамасыз ету, мемлекетаралық және халықаралық стандарттау жұмыс­тарына қатысу болып табылады. Төрағалық ету міндеттері академия президентіне жүктелген. Осы мақсаттарды шешу үшін ұжымымыз негізінде құрылған Құрылыстағы нормалау және стандарттау жөніндегі ақ­параттық-әдістемелік орталық та өз жұмысын жақсартып келеді. Сол сияқты алда нормативтік құ­жаттардың қолданыстағыларын өңдеу, жаңаларын әзірлеу және құрылыс саласында норма жасау мен техникалық реттеу жүйесін негізді реформалау процестерінің қарқындылығын арттыру қажеттігін өткір сезініп, 2007 жылғы шілдеде жаңа құрылымдық бөлімше – Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік реттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу, инжирингтік, сертификаттау және аудит орталығы құрылды, кейінірек ол Ғылыми зерттеулер, ақпараттық және нормативтік әзірлемелер орталығы болып қайта отау көтерді. Соңғы жарты жыл ішінде агенттіктің тапсырысымен халықаралық техникалық реттеу жүйесіне еліміздің нормалық жұмысын енгізу мақсатында ұжымымызда шетелдік әріптестерімізбен бірге жаңа Концепция құрылды. – Компания жұмысы, әрине, тек ғимараттарды жобалау және нормалық құжаттарды әзірлеумен шектелмейді ғой. Бұлардан басқа қандай шаруаларды қолға алып отырсыздар? – Ғимараттар мен олардың ке­шендерінің жобаларын, нормативтік құжаттарды әзірлеу бойынша жүр­гізілетін негізгі қызметтерден басқа, жоғарыда айтылып кеткендей, академияда бірнеше орысша-қазақша сөздік шығарылды, жоғары оқу орындарының студенттері мен мамандарына арналған оқу құралда­рын жасау жұмыстары жалғасуда. Соңғы кездері қазақ тілінде көптомдық «Архитектура мен жобалау негіздері», соның ішінде «Дүние жүзілік сәулет өнері», «Қазақстан сәулет өнері», «Сәулеттік жобалау», «Ғимараттардың құрылымдары», сондай-ақ «KAZGOR ХХ-ХХI век» кі­табы жарық көрді. «Архитектура мен жобалау негіздерінің» алғашқы екі томы сәулет өнері туралы үздік кітап ретінде Сәулетшілер одақтары Халықаралық қауымдастығының І дәрежелі дипломын иеленді. Өмірден озған сәулетшілер, ға­лымдар мен бұрынғы қызметтестері туралы ес­теліктерді жинақтап, сақтау жөніндегі KAZGOR-дың ауқымды қызметі ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығын аңғартады. Т.Қ.Бәсенов пен Н.И.Рипинский, М.М.Мең­діқұлов пен Ю.Г.Ратушный, тағы да басқалар туралы конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылып, естеліктер жинақтары мен кітаптар жазылды. Ұжымның жемісті қызметі мен тынымсыз еңбегі лайықты бағасын алып жүр. 2007 жылы ТМД құрылысы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық кеңес құрылыстағы жоғар­ғы тиімділігі мен бәсекелестікке қа­білеттіліктегі жетістігі үшін KAZGOR ІІ Халықаралық конкурстың жеңімпазы деп таныды. Сондай-ақ ол Қазақстандағы Құрылысшылар қауымдастығының жүлдесі – «Хрустальная пирамида» қо­ғамдық құрылысшылар бірлестігі сыйлы­ғының лауреаты болды. Академиямыздың жасампаз еңбегі бағаланып, респуб­ликаның ең беделді наградасы – Қа­зақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сый­лығының лауреаты атағын алды. Академия көптеген жобалаушылар буындарының оң дәстүрлерін жал­ғастырып келеді. Бүгінде ұжымымыз тұрғын үй-азаматтық құрылыстағы жобалау ісінің ірі кешенді жобалау компаниясы атанып, шығармашылық даму мен тұтастай жоба-құрылыс кешенін жетілді­ру бағытын ұстануда. Біздің міндетіміз – қазіргі заманның сынынан мүдірмей өту үшін әрқашан өсіп отыру, барлық кезде прогрестің алдыңғы шебінде болу. – Әбдісағит Шаймұханбетұлы, әсерлі әңгімеңізге көп рахмет. Қазақстанның эко­номикалық әлеуетін арттыруға атсалыса отырып, тұрғын үй бағдарламасын, қалалар мен кенттерді одан әрі дамыту және басқа міндеттерді іске асыруда барлық шығармашылық күшін жұмсап, еліміздің болашағын гүлдендіруді мақсат етіп келе жатқан ұжымыңыздың үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспіз. Әңгімелескен Тілес Ақбердин, Халықаралық және ҚР Ұлттық инженерлік академиялардың академигі

3152 рет

көрсетілді

55

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы