- Тұлға
- 21 Қазан, 2010
Фариза ақынның алғашқы шәкірттері

Бұл күнде шығармашылығы елге әйгілі, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, ақын Фариза апайымыз бір кезде ұстазымыз болғанын мақтаныш тұтамыз.
Алпысыншы жылдың басында институтты жаңа ғана бітірген Фариза апай өз ауылындағы біз оқып жүрген «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы мектепке мұғалім болып келгенде, біздер, жоғары сыныптың оқушылары, қатты қуандық.
Мектеп директоры марқұм Сәулен Оразалин Фариза апаймен таныстырды. Біз апайдың өлеңдерін бұрыннан да облыстық газеттен оқып, жаттап жүретінбіз.
Бұл күнде шығармашылығы елге әйгілі, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, ақын Фариза апайымыз бір кезде ұстазымыз болғанын мақтаныш тұтамыз.
Алпысыншы жылдың басында институтты жаңа ғана бітірген Фариза апай өз ауылындағы біз оқып жүрген «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы мектепке мұғалім болып келгенде, біздер, жоғары сыныптың оқушылары, қатты қуандық.
Мектеп директоры марқұм Сәулен Оразалин Фариза апаймен таныстырды. Біз апайдың өлеңдерін бұрыннан да облыстық газеттен оқып, жаттап жүретінбіз.
Мектепте талантты ұстаздар да аз емес еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Ғарифолла Харесов, жампоз күйші Құмар Қожантаев, республикаға танымал журналист Қазихан Қабдел, бір өзі спорт ойындарының барлық түрін білетін, сегіз қырлы Айтқожа Қуаналиев, мектептегі қабырға газеттерін безендіргенде жан бітіретін өнерлі ұстаз Бектілеу Қойшиев, ғылым мен техниканы, автоматиканы сол кездердің өзінде жетік меңгерген, әлемдік физика ғылымына шәкірттерін жетелейтін Алпысбай Жанұзақов, суретші, бөлмелерінің ішінде өсірмейтін гүлі жоқ, барлық жануарлар мен өсімдіктердің гербарийлерін жинап қоятын Ғұсман Тұрғаналиев, т.б. талантты ұстаздарымыз бар еді. Біз сабақтан бос мезгілде мектептің спорт залында немесе кабинеттердегі үйірмелерде, оркестр мен ән-күй әзірліктерінде жүруші едік. Фариза апай бізді, жоғары сыныптың оқушы ұл-қыздарын, бірден баурап алды. Бізбен бірге стол теннисін ойнайды, демалыс кештеріне қатысады, домбыра тартады, мондалина ойнайды, жаңа әндер үйретеді. Бұған дейін мектептің қабырға газетінде өлеңдеріміз көрініп жүретін біз – Роза, Пәуеден, Аман, бізден кейінірек оқитын Бақыт, Зәкірбай, Жұмабек, Қатима, Света, т.б. ұл- қыздарды жанына тартып, ақыл-кеңестерін беретін. Он сегізге толмаған албырт шағымызда жазған-сызғандарымызды апайға көрсетіп, ақыл-кеңесін ала жүріп, көптеген өлеңдеріне ән жазғаным есімде. Фариза апайдың «Қоштасарда», «Қыз сыры» өлеңдеріне жазылған әндеріміз ауыл жастары мен студенттердің арасына кең тарап кеткенін, өзіміз мектептен кейін әскерде жүргенімізде апайдың өзі бастап, осы әндерді облыстық радиодан орындалуына себепші болғанын жастар қуана хат жазып жататын-ды. Фариза апай кешкі жастар мектебінің директоры болды. Ол кезде соғыстан кейінгі жылдары тұрмыс тауқыметінен еңбекке ерте араласып, орта білім ала алмай қалғандар кешкі мектепте лек-легімен келіп оқитын, көңілді ойын-сауық кештер ұйымдастыратын. Фариза апай ауылдың мәдени өміріне де белсене араласты. Ауылдағы мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері бірлесіп М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмаларын сахналағаны, Фариза апай оларда басты рөлдерді сомдағаны әлі есімізде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін қазақ әдебиетінің классигі Ә.Нұрпейісовтің «Толғау» атты кітабындағы 1965 жылы жазылған әсерлі әңгімесіне жүгінсек те жеткілікті. «Гурьевтің концерт жүргізетін – конферансьелері қандай! Оңғарсынова Фариза мен Нұрышова Раушан өзгелерден оқшауырақ... Ал мына Фариза мен Раушанның табиғаты олардан мүлде басқа. Бұларда концерт жүргізетін актрисаға қажет қасиеттің бәрі бар. Бұлардың үні ашық. Дикциясы таза. Бұлар әрі жас, сұлу. Бәрінен бұрын залдағы халықты жаулап, бағындырып алсам деген менмен озбыр ниет байқамайсың. Оның есесіне бұлардың бойында әйел затына тән табиғи тамаша бір қылықтар бар екен! Ал енді айтары жоқ, Атырау – дәстүрлі, өнерлі ел!» Бұл – астанадан алыс ауыл мектебінің директоры, жиырмадан жаңа ғана асқан ақын қыздың өзіндік келбеті, қасиетті көркем өнерге адалдығы. Боямасыз табиғи қалпы. Ақынның шығармашылық қарымының қалыптасуына, толысуына, қарымды шығармалар жазуына облыстық газетте және республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілшісі болуының үлкен әсері болды. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе өңірлерін қысы-жазы аралап жүріп, қайта түлеген Үстірттегі мұнай барлаушылары мен қырдағы ақтылы қой өргізген малшыларды жазды, жырлады. Жайық-Каспийден маржан терген мұзбалақ балықшылардың өміріне терең араласып жүрді. Республика көлеміндегі жастардың ең сүйікті газетінің бетінен көркем очерктер мен суреттемелер, сын немесе проблемалық мақалалар әр сан сайын жарық көретін. Сонымен қатар республикалық басылымдарда әр жолғы сапарлардан туған өлең циклдері жарық көретін, оларды да оқырман тұшынып оқитын. Алғашқы жинағы «Сандуғаш» шыққаннан кейін, араға жылдар салып «Маңғыстау маржандары » (1970), «Мазасыз шақ» (1972), «Асау толқын» (1973) жинақтарын жарыққа шығарып үлгерді. Фариза жырлары өршіл үнімен баурады, сұлулық пен әсемдікті, парасат пен пәктікті, адамгершілік мұраттарды бейнелеген лағыл жырлары оқырманның құмарын қандыра сусындатты. Осы жылдары ақынның талантына үлкен сенім артылды. Астанамыз Алматыдағы республикалық «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетіне, кейіннен «Пионер» («Ақ желкен») журналдарына бас редактор болды. Жақсы жырлар жайлы оқырман қауым да, әдебиет сыншылары да газет-журнал беттерінде тамсанып жазып жатты. Сол жылдары «Мен сенің жүрегіңдемін» (1975) жыр жинағы жарық көрді. Ол – «Арай жырлар», «Жаңбыр жырлар», «Шуақ жырлар», «Дүлей жырлар» секілді бөлімдерден тұрады. Қалай десеңіз де, талант – тағдырдың жемісі, Фариза апайдың өзі айтқандай: «Ешқандай оқу орны ақын болуды үйретпейді. Ол – тек жаратылыстың маңдайына жазған сыбағасы. Қалай болғанын ақынның өзі білмейтіні де сондықтан». Дей тұрғанмен, «әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңетін бұл киелі қасиеттің бойға даруы – топыраққа егілген дән ғана. Оны әрі қарай дамытпаса, баптамаса, нәр бермесе, ол қасиет құмға көмілгендей жоғалуы мүмкін», – дейді. Осыны сезінген қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев: «Фариза! Фаризажан, Фариза қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз», – дейді. «Неге?» дейсіз. Қалайша? Әлде айтыла салған ой ма? Жоқ. Тағы да ғұламалардың ойына жүгінейік. «Дүниенің ажарын жалғыздана алатын, жалғыздана білетін дара инсандар айқын таниды» депті шығыс философиясы. Ұлы Абайдың өзі: «Жалғыздана алу, жалғыздана білу – әрі азапты, әрі аса қасиетті сезім», – десе, А.С.Пушкин: «Сен жалғызданған кезде бақыттысың, өйткені ақынсың ғой», – деген екен. Әрине, ақ қағазбен бетпе-бет қалып, оңашалану, ойлану, шалқар шабыттың ләззатын жұту – қаламгердің ғана тағдырына жазған азапты да ардақты сәт. Ардақты сәттерге жету – ардың ісі, азаматтың ғана қолынан келетін кемел қасиет. Ол – ерлік. Соны сезінген ардақты ақын Мұқағали бар мұңын жыр жолымен кестелейді, мәңгілікке қалдырады. Жанарымды тұманмен тұмшаладым, ...Серіппесі үзіліп тұр садағым. Жігітінен қазақтың дос таба алмай, Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын… Ұстазды шәкірт таңдап тауып алмайды. Оны тағдыр жазады. Менің тағдырыма ақын Фаризадан дәріс алу, ұлағатын үйрену жазған екен. Биыл – ақынның мерейтойы. Апай таяуда туған өңіріне келмек. Сол әсерлі кездесуді күтіп жүрміз. Жеңіс Аронов, ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

5638 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *