• Тұлға
  • 21 Қазан, 2010

Тау перзенті

Ол «Жетісудың жерұйығы» аталған Панфилов ауданының Көктал ауылындағы орта мектепте 1964 жылы Абай атындағы педагогика институтын бітіргеннен зейнетке шыққанға дейін 40 жылдан астам тапжылмай физика - математикадан сабақ берген жоғары санатты мұғалім екен. Үздік ұстаздық жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағына ие болып, Президентіміз Н.Назарбаевтың екінің біріне жолдана бермейтін арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Қаламгерлік қырымен бірден көзге түскен жас мұғалім осыдан 30 шақты жыл бұрын Қазақстан Журналистер одағы мүшелікке алынды. Енді, міне, Жазушылар одағына да мүшелікке өтті. Аудан өміріне сіңірген елеулі еңбегі үшін «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Оның шығармашық еңбегі де көлемі жағынан қомақты, жанры жағынан әр алуандығымен ерекшеленеді. «Бәйтерек», «Белжайлау», «Орбұлақ» атты өлең жинақтары, «Ұлттық таным тағылымы», «Жапырақ жайған бәйтерек», «Еңкеймеген еменнің жапырақтары» атты тарихи-танымдық, этнографиялық, шежіре кітаптары жарық көрген. Осылардың ішінде, әсіресе, Әдепхан Төреханұлының таңдамалы шығармаларының екі томдығы (2007ж.) ерекше атауға лайық.

Әдепханның өзі мен оның поэ­зия­сының мінезін, болмысын тани түсуіме 2008 жылдың шілдесінде Пан­филов ауданының атақты Белжайлауында жүзбе-жүз кездесуіміздің айтарлықтай әсері болды. Мұнда біз осы өңірден шыққан қай­рат­кер ағамыз Мырзағали Молдахметов бас­та­ған көрнекті қаламгерлер О.Асқар, Б.Нұржеке, Ж.Қорғасбек, Қазақстан Суретшілер одағы­ның төрағасы Б.Өмірбеков, игі істерге иығын тосатын өрелі азаматтар А.Көдеков, А.Юсупов қостаған бір тобымыз Қазақ қолының Ор­бұлақтағы даңқты жеңісінің 365 жылдығына орай қаһарман бабалардың рухына Құран бағыштап, баһадүр батырларымыздың есімдері ойып жазылған ескерткішке гүлшоғын қойып қайтуға келген болатынбыз. Мұнан құлағ­дар болған, «Орбұлаққа» тебіреністі өлеңдер арнаған Әдепхан сәлемдесе әрі дұғаның ішінде болмақ ойда жұбайы Рыстыны ерте келіпті. Кейін білдік: Рысекең – Рыс­ты өмірге 6 ұл, 6 қыз әкеліп, Әдепханның өзі айтқандай, «Бір шаңырақ ішінен он шаңырақ өрбіткен» «Алтын алқалы» ардақты ана, кең пейіл, көшелі кісі екен. Олар қайтарында жақын маңдағы атақоныстарында отырған үйлеріне дәмге шақырды. Осы аймақтың саңлақ перзенттері бас қосқан отырыста алдымен Орбұлақ (Халқымыздың көрегендігі мен қаһармандығының тарихқа басылған таңба-белгісін тауып, уақыттың ғасырлар бойы тұмшалап келген соқыр тұманынан қайсарлықпен аршып алып, Қ.Сұлтановтай ерен тұлғаның қолдап, дем беруімен ескерткіш тас қойып, жарты әлемге жария еткен кісі – Б.Нұржеке ортамызда отыр ғой), әрі қарай өңірдің өткені мен қазіргі тыныс-тіршілігі жайында әңгіме өрбитіні белгілі ғой. Басқосуда Әдепхан әлі де «ауылдың алты ауызына әбден жарайтын» тәп-тәуір дауыспен 2-3 әдемі ән айтып берді. Сөйтсек, бұл әндердің сазы мен сөзі өзінікі екен. Ел ішіне кең тараған, радиодан да шырқалып жүрген оннан астам ән шығарыпты. Сері мінез, қызу қанды бұл бауырымыздың осындай әнші-сазгерлік қырын тани отырып, жалпы, талант тармақты болады екен­-ау деген ойға келдім. Әдепханның поэзиясы жайында алғаш рет ауқымды пікір айтқан адам – көрнекті қазақ ақыны Оразақын Асқар. Ол кісі Әдепханның таңдамалы шығармаларының екі томдығына жазған «Ауылда да ақын бар» деген көлемді талдау мақаласында Әдепхан поэзиясының сапасына толымды баға берген. Өлең сөздің үлкен білгірінің топшылауларымен келісе отырып, ендігі сөзді осы арнада өрбітейік. Әдепхан өткен ғасырдың 30-жылдарының басындағы зобалаңда Қытайға ауып барған отбасында 1940 жылы дүниеге келген. Әкесі Төрехан (1908-1945) жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысқан бір өңірдің әлеуметін ауызға қаратқан өлеңші болған. Оның Күләй, Дәне атты дарынды ақын қыздармен тұшымды айтысы Әдепханның кітаптарында берілген. Әдепханның туған атасы Жақыбай, оның әкесі Салпық шешендік сын-толғаулары, өлең өрнекті сөздері елге тараған билер болыпты. Әдепхан 17 жасында, яғни отбасы туған елге қайта оралғанға дейін бейнелі сөздің беделі биік, ата дәстүрі берік сақталған ауылда, қазақы ортада тәрбие көріп, ана тілінің уызына жарып өскен. «Жастық шақ» деген өлеңінде: Туырлықтан түрілген көрші қызбен айтысып, Отырсың ба қол созып керегенің көзінен, – дегеніндей, бала кезінде өзі құралпы қыздармен «айтысып» та көрген. Сыртқы әлемнің ақынға әсері оның жан сыры, сезім күйіне айналып, өлең болып туады ғой. Ал ақын үшін атамекен, туған жерден ыс­тық, сүйікті, қасиетті, киелі не бар дейсіз. Оның үстіне ол 17 жасына дейін тағдырдың тәлкегіне ұшырап, туған жер, атамекендерінен айырылып қалған үлкендердің өзектерін күйдірген өкініш-мұңын, сарытап сағынышын естіп, біліп өсті ғой. Әдепхан шығармашылығында осы тақырыптағы өлең-жырлардың молдығы, терең тебіреністі болып келуі осыған да байланысты болса керек. «Атажұртпен таныстыру» деген өлеңінде баласына бабаларының көне қоныс, жайлауын көрсетуге келген ақын: Жанымыз бір жадырап қалды-ау нұрға малынып. Аунайықшы, кел, балам, жатпасақ та сарылып. Сағыныштың гүлдерін тербетіп тұр біз үшін, Атақоныс, туған жер ағынан бір жарылып,– деп баладай мәз болады, «ысып­-күйіп барамын, лебінде бір от бардай» деп қуана таңырқайды. Атамекенге деген ақынның отты, жалынды сүйіспеншілігінің шынайылығы оқырман жүрегін көңілді сезімге бөлейді. Өтті бабаң елін қорғап ерлікпен, Жауға есесін жібермеген өрлікпен. Қарашаңырақ қасиетті бабаңның Жұрты мынау бәрімізді өрбіткен,– дейді келесі өлеңінде әлдеқашан бел асып кеткен тарих көшінің сорабына толғана ой жіберіп. Қасиетті қарашаңырақтан өрбіген жұрттың қасиетті қара қонысында өмір кешіп, өркен жайып келе жатқаны жауға есесін жібермеген ерлігінің, өрлігінің арқасы екен. Әкенің міндеті – сол өрлік пен ерлік дәстүрін, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті етегінен ұстап, еріп жүрген перзентінің рухына дарытуда деп біледі. Жаркент қаласынан батыс-солтүстікке ала қырық шақырымдай жерде Қызылеспе деген ауыл бар. Міне, осы жерұйық, алтын ұяға арнаған өлеңінде ақын былай дейді: Жерұйық, алтын бесік Қызылеспем, Тау жайлап, тайлағыңмын қырыңда өскен. Қыратта күн тауысып, гүл теріскен, Кетпейді қызғалдақтай қызың да естен. Тас бұлақтай сылдыраған шумақтың алғашқы екі жолын оқығанда М.Шахановтың айтқан бір сөзі есіме түсе кетті. Дастарқан үстіндегі әнгіменің бір орайын­да мен ақынның шама-­шарқын бір шумақ өлеңінен­-ақ болжауға болады дегенді айтып қалдым. Мұхтар Шаханұлы ой кешіп төмен салып отырған басын шалт көтеріп: «Мен алғашқы екі жолынан-­ақ білемін»,– деді. Әдепханның жаңағы «Қызылеспе» туралы өлең шумағының алғашқы екі жолын оқығанда Мұх­тардың әлгі айтқаны ойыма орала кетті деп отырғаным содан. Шынында да, Әдепханның осы бір шумақ өлеңінен­-ақ ақындықтың таңғы тау самалы есіп тұрған жоқ па! О.Асқар: «Әдепханның туған жер туралы өлеңдері жырмен жазылған атамекеннің картасы сияқты»,– депті. Көркемдігіне қоса, көптігін де айтқаны ғой. Оларды қамти түсуге орын тар. Сөйтсе де, Әдепхан поэзиясының ғана інжу­-маржаны емес, жалпы қазақ лирикасы­ның таңдаулы үлгілерінің біріне жатқызуға болатын «Жылбастау» өлеңін қалай орағы­тып өтерсің. Шыныдай мөлдір қайнардан бас алған сылдыраған күміс бұлақтай бұл өлеңде қаншама сыр, қаншама жыр бар десеңізші. Өткен күндердің әлдеқандай белгі-ны­шаны, күй мен ән сазы немесе ойламаған жерден тап болған бейне-көрініс ақынның көңіліне түрлі ой салып, жаңа бір жырдың өмірге келуіне себеп болуы – әдебиет тарихында бар жағдай. Көне кітаптың ішінен гүлдің сарғайған жапырағына тап болған Пушкин әртүрлі ойға кетіп, элегиялық тамаша өлең тудырған. Ол «Мұңлы грузин әнін» («Не пой, красавица, при мне») тыңдап отырып та, «басқа бір өмір, алыс жақ» туралы ойға кетеді. Әдепхан да аталмыш өлеңінде атам заманғы ескі қоныстың маңындағы ел ізі әлдеқашан суып қалған елеусіз бір бастаудан бұл маңнан баяғыда ауып кеткен елдің «ескі өмірін түргізіп, өмір тонын кигізіп, жоқты бар қып жүргізген» (Абай). Бабам сенен су ішіп, Мейірленген Жылбастау. Ақ дидарын жуысып, Пейілге енген Жылбастау. Сұлулардың сырласып, Назы қалған Жылбастау, Шығарып сап көктемін, Жазы қалған Жылбастау. Су алуға келген қыз Жүгінетін Жылбастау. Сенен мөлдір махаббат Сіміретін Жылбастау. Қос жүректің дүбірін Табыстырған Жылбастау. Серт берісіп, алақан Алыстырған Жылбастау. Сылдыр қаққан шолпының Үні қалған Жылбастау. Сылқылдаған күлкінің Сыры қалған Жылбастау. Алтын сапты шөміштің Сабы қалған Жылбастау. Талай қыз бен жігіттің Бағы жанған Жылбастау. Әдепханның бір пара өлең­-жырлары ұлт­тық құндылығымыз, халқымыздың ғасырлар бойы қастерлеп сақтап келе жатқан салт-дәстүр­лері­не арналған. Сондай құндылықтарымыз­дың құндысы – ақсақалдық феномені. «Ақсақалдар» атты өлеңінде ақын: Өркен жайып мәңгілік, құламаңдар, Сізге келсін сыр мен жыр сұрағандар. Инедейден тебендеп теріп жүріп, Сөз асылын зердеге құрағандар. Ақсақалдар – ғасырлар қабатталған, Ақсақалдар – тарихтар парақталған. Ғасыр шөгіп қалар деп, тарих сөніп, Қазақты ақсақалсыз жаратпаған, – деп толғайды. Оның айтып отырған «ақсақа­лы» жай ғана жасы пәленге келген шал емес. Елдіктің алтын діңгегі, ұлттық даналық­тың, көрегендік көсемдіктің, халықтық зерденің асыл құймасы Әдепхан солай бағалап, солай түсінеді. Ұлағатты қарттардың өзі тұрмақ, Сыйлау керек қастерлеп көлеңкесін,– дейді. Ақын қазақ ақсақалдарының қадір-қасиетіне лайық сөзді тауып айтып отыр. Шынында да, бұрын ақсақалдардың санаты–жалпы ұлттық, елдік мәселе еді. Қазір ол тек этикалық мәселе болып қалды. Педагог Әдепхан қазақтың үлкенді, қарияларды сыйлау, әз тұту заңын мүлтіксіз сақтауды қызулана қорғайды. Осы дәстүрді қия аттамауды жас өркеннің жан дүниесіне, жүрегіне дарытуды мұрат етеді. Әдепхан поэзиясында табиғат лирикалары қомақты орын алады. Олар ұлттық бояуының қанықтығымен, ана тілінің бейнелеу құралдарының молынан пайдаланылуымен ерекшеленеді. Және оларға отаншылдық, патриоттық ой-сезімдер жымдаса өріліп отырады. Әдепхан ақынның тау, таулы өлке сұ­лулығына алабөтен іңкәрлігі, көзі көріп, қиялы шалған қызық сурет, көріністерді келімін келтіріп, өлеңге айналдыра білуі Ілияс сияқты «тау перзенті» болуынан шығар. Өзінің де бір өлеңінде «тауда тудым, мұзартты сағынамын» дейтіні бар. Қадым заманнан ақмарал Ұлы далада киелі сұлулықтың, кербездіктің, тазалық пен сымбаттылықтың символы саналып келгені белгілі. Қыз бала өмірге келгенде, ең әдемі деп атын Ақмарал қоятынымыз ше. Ақын осыларды ескерткендей әсерлі сөз тауып: Қарауылға ілігіп, мерт болмасын, Әнге қосқан өзіңнің Ақмаралың,– дейді. Сол Ақмаралды қарауылдан, сұқ көзден сақтауға шақырады. Махаббаттың құмыр жыршысының тағы бір жұмбақ сырлы өлеңін оқып көрелік. Құлын желі басында бие баудың, Желбір желек жеңеше, бие саудың. Ақ тамақты аймалап саумал самал, Жібек желі желпиді Ерентаудың. Қайырсам да қашаған ырық бермей, Адуынды арланнан үріккендей. Қыл мойыннан қыл арқан салар едім, Тағатымды тауыстың құрық бермей. Содан кейін: Тұңғыш толқып оянған сезімдердей, Бұлқындырып ағыздың сүт бұлағын. Бұл өлең – қазақтың ертерек кездегі өмір суретін еске салатын, күшті махаббат сезімдерін ұтымды тәсілде бейнелеген туынды. Өмірден көргені көп, көңілге түйгені одан да мол ақынның уақыт, замана ағысын барлап, тіршіліктің сыры мен мәніне ой жіберген «Мұздамасам өмірде...», «О, Жаратқан», т.б. тәрізді өлеңдерін оқи отырып, ақынға ілесе ой кешеміз. Әдепханның «Әтікей батыр», «Жетісудың жезтаңдайы» (атақты әнші Дәнеш Рақышев туралы), «Апахаң мен Үния» атты дастан, толғаулары бар. Олардан эпикалық жанрда ақынның «жай тастап, құлашын кең созатын» (ақын Сара) мүмкіндігі аңғарылады. Әдепхан өлеңдерінде төлтума, тамаша көркем сөз үлгілері молынан табылады. Солардың мысал ретінде кейбіреулерін ғана келтіре кетейік. «Құшағымда бұйықшы жас құлындай, жа­уынды күн ығысқан ықтасынға», «Жүрегім тулайды құлындай, желіге жаңа әкеп байлаған», «Көк төсінде құлпырып көп қызғалдақ, қауызынан тұрғандай гүлін ашып», «Үріккен жылқы қасқырдан үркердей болып ұйысқан», «...таңқурай мен бүлдірген, ұялшақ қыз секілді, томпияды қызарып», «Қойтастарың ақ құрттай өрешеден шашылған», «Ата бүркіт алыстан талып ұшқан... Корабльдей ауаны жарып ұшқан», «Толқын мөңкіп ағады арнасында» т.б. Әдепхан – сөздік қоры бай, халқымыздың байырғы көне сөздерін, бүгінде қолданыстан шығып қалған немесе өте сирек қолданылатын ұғым атауларын көп білетін және оларды ескі тұрмысты суреттеуге орнымен қолданатын қаламгер. Автордың туындыларында ұшырасатын ондай сөздерден сөздік құрастыруға болар еді. Соның шағын бір мысалы мынау: Құсбаулау, күнделеу, күрмелеу, шандырлау, тай жүзген саба, кермектеу, сауым, ашынды, сүр қымыз, сірге мөлдірету, қылшығын тірілту, төл жарылар мезгіл, ақ ирек, көбік тері, боз желін болған бие, түр тарту, кірлеу, білектеу. *** Бүгінде 70-тің биік белесіне көтеріліп отырған Әдепхан Төреханұлы – көп қырлы талант иесі, елеулі еңбегімен елге танылған абыройлы азамат, ордалы отбасының отағасы. Шәкірттері мен ата-аналардың, әріптестерінің шынайы құрметіне бөленген ардагер ұстаз. Оның этнография саласындағы татымды зерттеулері ғылыми-танымдық құндылығымен өзінше бір төбе. Ал осы мақаланың бастан-аяқ Әдепхан­ның арындаған ақындығына арналуының өзі оның кең шалқар поэзиямызға қосқан өзіндік үлесін көрсетеді. Ақынның өлең-жыр, поэма, толғауларында қазіргі және өткен замандардағы ел өмірі, арман-­мұраты көрініс тапқан. Оны ту­ған жердің сұлу табиғатының, көркем таулары­ның іңкәр жыршысы деуге болады. Әдепхан Төреханұлы – тілге бай, халықтың көне сөздерін көп білетін ақын. Оның өлеңдері еркін шабыттан туған әсемдігімен, образдылығымен ерекшеленеді. Ақынның жаңа теңеу, эпитет, метафоралары соған дәлел. Ұлықман Асыл

3251 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы