• Тұлға
  • 21 Қазан, 2010

Ел тарихындағы еңселі тұлғалар

d0bad183d0bcd0b1d0b5d0b7Сүйінбай, Бақтыбай ақындар ұстаз тұтып, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптары, өзге де әдебиет зерттеушілері әулиелігін, ақындығы мен жыраулығын үлкен бір мектеп деп бағалаған Қабан (Қабылиса) ақынның 325 жылдығына орай ұрпағы кесене-күмбезін көтеріп, ас берді. Іле өзенінің Көкбастау бөктерінде ұйымдастырылған айтулы шараға Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Д.А.Қонаев университетінің ректоры Өмірәлі Қопабаев, бірқатар ғалымдар, қаламгерлер қатысты.

Қабан жырауға ас берілді Театрландырылған көрініспен ашылған мерейтойлық шара концертпен, спорттық ойындармен жалғасты. Көпшілік алдында Қабылиса жыраудың шығармашылығы, қай­рат­керлігі туралы тоқталып өткен Өмірәлі Қопабаев: – Қабан жырау – қазақ әде­биетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің жалынды жыры, қара орман жұртшылықты сүттей ұйытар салмақты ойы, ұшқыр нақыл сөзі, қағидаттарымен бытыраңқылыққа ұшыраған халқымызды бір тудың астына біріктіруге, Абылай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосты. Түркістан төрінде Абылайды ақ боз атқа қондырып, барша қазақ­тың ханы етіп сайлауға мұрындық болды. Алаштың туын көппен бірге желбіретті. Ғасырлар бойына жаудың шетінде, желдің өтінде, қылыштың жүзінде күй кешкен Жетісу жұртшылығының елдіктің аңсар арнасына түсіп, келер ұрпақтың қамын күйттеуіне сол дәуірдің тау бейнелі ерен тұлғаларымен бірге зор белсенділік танытты. Сырдың бойы, киелі Түркістан мен дулы Ташкент өңірінде қанат жайып, тұрақтанып қалған жалайырлардың басын қосып, бәтуаға келтірді. Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра күй кешті, Абылаймен бір түменнің сапында жоңғарлармен шайқасты. Ата жаудың қолына да түсті. Рухын түсіріп, жігерін жасытпады. Елдіктің ұранын салды, замана тұрағын шалды. Қабылиса Асанұлы кең тыныс­ты, сан қырлы талант иесі болған. Қазақтың ақындық өнерінің қай­мақ қалпын сақтаған шырайлы шы­ғармаларының жанрлық ерекшелігі басым. Бірде эпик ақын, енді бірде терең толғаулы философиялық иі­рімдердің жетегінде кетеді, келесіде оқырманының санасына бірден сәуле құйған ақылман кейпіне енеді. Ал енді айтыс өнеріндегі сақталған сом шығармалары тіптен сүбелі дер едік. Қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтысындағы өзіндік ерекшеліктері зерттеушілер тарапынан әлі де болса зерделену үстінде. Зерттеу демекші, Қабылиса баба­мыздың өнегелі өмір жолы мен сом алтындай жарқыраған шығар­машылығын әр жылдарда, әр қыры­нан Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Рахманқұл Бер­дібаев, Мырзатай Жолдасбекев, Ораз Исмаилов, Сәрсенбі Дәуітов және басқалары ғылыми тұрғыда па­йым­дады. Мұны біз қабырғалы қазақ әдебиеті айдынының толыға тү­суіне қосқан өлшеусіз үлестері деп бағалаймыз. Осы арада бір айта кетейік де­геніміз, оның мол мұрасының күні бүгінге дейін толық жинала алмай келе жатқандығы. Қалың елдің ортасынан әлі де табылып жатқандары да баршылық. Ғалым Алмагүл Қанағатова өзінің арнайы жазылған зерттеу еңбегінде Бұқар жырау мен Қабан жыраудың шырайлы шығармашылығындағы бірқатар ұқсастық пен сол заманғы зәру мәселелердің негізге айналуы, сол тақырыптарды ашудағы азаматтық үн, арналы көзқарастарына кеңінен тоқталған. Жалпы, қазақ әдебиетінің жыраулық өне­ріндегі қос алтын діңгекке саналатын осы екі ақынның өмірде де жолдары сан мәрте түйіскен. Бұқар жыраудың Қабылисадан бір ғана жас үлкендігі бар. Байыпты саралап қарар болсақ, арғы тегіміз, түп-тұқиянымыздың та­ри­хы бай да базарлы. Қа­зіргі идеологиялық қолшоқпарға ай­нал­майтын мамандардың пікіріне қонақ берсек, арғы тарихымыз тіпті қырық-алпыс мыңжылдықтардың қой­науына кетеді. Адамзаттық алғаш­­қы өркениеттің алтын бесігінде тұрған­дығымызды мақтан тұ­тамыз. Тұңғыш Президентіміз, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың сүбелі тарихында қазақ ұялатын ешнәрсе жоқтығын әркез қадап айтып келеді. Және бір лебізінде Елбасымыз: «Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ бі­лектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз ке­рек», – деп екпінді атап өтті. Шү­кір дейміз, әсіресе, азаттық алғалы бергі уақытта өшкені­міз жанып, өлгеніміз тірілген­дей күйге бөлендік. Алты Алаштың небір ардақтыларының қа­тарында Қабан жырау, батырдың да есімі одан әрі жаңғырды. Ұрпақтың жадына бұрынғыдан да ұялай түсті, жүректерде жатталды, – деді өз баяндамасында. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин баба шығармаларының зерттелуі жа­йына тоқталса, облыс әкімі Серік Үмбетов мұндай шаралар елдің бе­реке-бірлігін арттырып, ынтымаққа ша­қыратынын жеткізді. Тарихи орында белгітас қойылды Қазақтың Жиреншеден кейінгі өз заманының от ауыз, орақ тілді, қара қылды қақ жарып сөйлейтін шешені Бөлтірік ел арасындағы жер, су, еңбек, құн және жесір дауларына талай рет әділ төрелік айтқаны тарихтан белгілі. Алтынемел асуы маңындағы Жоңғар Алатау бөктерінде Ұлы жүздің аға сұлтаны Тезек төремен шешкен жер дауы – сондай айтулы оқиғаның бірі. Осы тарихи орын ендігі жерде ұрпаққа тағылым болмақ. Себебі Алматы облысы әкімінің ұйғаруымен сол жерге бабаларымызға арнап ескерткіш-белгі қойылды. Белгітаста Бөлтірік шешеннің: Білектің күшінде кеткеніңді, Биліктің күшімен қайтардым. Найзаның ұшында кеткеніңді, Тілдің ұшымен қайтардым, – деген даналығы мен Тезек төренің: Көріңдер Абылайдың Тезек ханын, Тезектің бір жағы ақын, бір жағы әкім. Береке-бірлік және татулықта, Бабаның өсиетін ұстан, халқым! – дейтін сөзі қашалып жазылған. Ескерткіш тастың ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімі Серік Үмбетов бұл шараның тек Кербұлақ ауданына ғана емес, күллі қазаққа ортақ салтанат екенін атап өтіп: – Ұлы қазақ даласының даңқты және айтулы өкілдеріне арналған осы ескерткішті аша отырып, біздің ата-бабаларымыздың көп қырлы рухани мұрасының алдында тіземізді бүгіп, басымызды иеміз. Біз оларды қорғап, сақтап, ұрпақтарға мирас етуіміз керек. Бөлтірік шешен мен Тезек төре – қазақтың тарихында айшықты із қалдырған жарқын тұлғалар. Ағайын арасындағы келіспеушіліктің салдарынан үлкен даудың туып кетуі оңай кездерде бабаларымыз кемеңгерлік танытып, дұрыс тарихи таңдау жасай алды. Бөлтірік Әлменұлы тек қана шешен емес, сонымен бірге батыр да болған. Өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпақ, тәуелсіз Қазақстанның құрдастары бұл далада жүздеген жыл бұрын қандай кемеңгер, дарынды адамдардың өмір сүргенін және олардың тындырған ісін білуі қажет, – деді өз сөзінде. Сондай-ақ қоғам қайраткері Ізба­сар Балтағұлов, ғалым Қасқабай Мұ­қанов, қаламгер Зернебек Шілде­байұлы сөз сөйлеп, белгітастың ұрпақ сабақтастығы, ел бірлігі, тарихты тану жолында үлкен ұлағат екенін атап өтті. Еңбек ардагері Шернияз Нұғманов Аралтөбе ауылындағы мектепке Тезек төренің аты берілсе деген ұсынысын жеткізді. Аталған ескерткіштің бас сәулет­шісі – Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген сәулетшісі Қазбек Жарылғапов. Жобаның жалпы құны – 12 млн. 300 мың теңге. Күрті гранитінен қашалып жасалған монумент жалпы алаңы 144 шаршы метр жерді алып жатыр. Осы күні кербұлақтықтар ақса­қалдар – Ізбасар Балтағұлов пен Қас­қабай Мұқановқа бір-бір тұлпар мінгізді. Үлкенін құрметтеп, сый-сия­пат көрсеткен ауыл азаматтарына көпшілік ризашылық білдірді. Салта­натты шарада Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілері мен «Қобыз сарыны» ансамблі өнерлерін паш етті. Сағыныш Намазшамова Алматы облысы

3986 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы