• Тұлға
  • 27 Қазан, 2010

Елінен сый көрген...

Өз басым туған жерге ат басын тірегенде сәлем бермей кетпейтін аса сыйлы бір ағам бар. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» газетінің бас редакторы Кеңес Отарұлы Балықбаев. Осынау бітім-болмысы, жан дүниесі ешкімге ұқсамайтын ардақты азамат үнемі орнынан ұшып тұрып, ерекше ықыласпен қарсы алады. Содан үй ішін, қызмет жайын, соңғы кездегі шығармашылық ізденістер жайлы сұрап жатқаны.

Биыл минералды суымен аты шыққан туған ауданыма жолым түсті. Қалыптасқан дағдым бойынша аудандық газеттің редакциясына соқтым. Кеңес аға сол баяғысынша өзінің жұмыс бөлмесінде басылымның келесі нөміріне баратын мақалаларды аса бір ыждаһаттылықпен оқып отыр екен. Ол өзінің қат-қабат жұмыстарына қарамастан сәлемімді алып, ауданның өмірінен қысқаша жаңалықтарды айтып өтті. Әрине, бірінші кезекте «Сарыағаш» газетінің аудан халқының ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп жатқандығын да жасырмады. Бұл газет мен үшін де өте ыстық. Өйткені сонау 1967 жылдары осы аталмыш ауданның Дербісек ауылындағы Крупская атындағы орта мектептің жанындағы интернатта алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап сол кездегі «Қызыл Ту» (қазір «Сарыағаш») газетіне өлеңдерім, мақалаларым да жиі шығатын. Сол себептен қайда жүрмейін, өзімді осы газеттің штаттан тыс бір тілшісі ретінде сезінемін. 1970 жылы Кеңес аға осы газетке қатардағы корректор болып жұмысқа орналасты. Сол уақыттан бастап арамызда кәдімгі ағалы-інілідей жақсы қарым-қатынас қалыптасты. Өзіме оның ерекше ұнайтын қасиеті ешқашан да кеуде қағып, өзін өзгелерден биік санамайтындығы еді. Ол өмір бойы қазақтың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген аталы сөзін ұстанып келе жатыр. Сонымен өзінің жазу өнеріндегі қолтаңбасын көрсеткен дарынды жігіт көп өтпей газет басшысы мен редакция алқасының назарына ілінді. Әдеби қызметкер болып жұмысқа кірісті. Сол күннен бастап оның аудан өмірін жан-жақты қамтыған әрі өзекті мәселе­лерді қозғаған мақалалары, очерктері, суреттемелері газет бетінде бірінен кейін бірі шығып жатты. Ол уақытта аудандық газет қос тілде шығатын. Кеңес ағаның тұшымды дүниелері екі тілде жарияланып, осы өңірдегі ең талантты журналистер­дің бірі ретінде көпке белгілі болды. Бір күні оны аудандық газеттің бас редакторы өзіне шақырып алып, жауапты хатшы қызметіне тағайындамақ ойы бар екендігін ашық білдірді. Сөйтіп, жаңа қызметке білек сыбана кірісті. Табанды да қайсар жігіт өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындады. Күнделікті қарбалас жұмыстарға қарамастан оқырмандарға ой салар мақалаларын жазуды да ұмытпады. Қызметін атқара жүріп, Ал­ма­тыдағы сол кездегі ең беделді оқу орны, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналисти­ка факультетін де бітіріп алды. Ол үшін 1982 жылдың орны бөлек. Өйткені өзі қатардағы коррек­торлық­тан бастаған «Сарыағаш» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Міне, содан бері де арада жиыр­ма ­се­гіз жыл уақыт өтті. Жиырма жаста ре­дакцияда еңбек жолын корректорлықтан бастаған қыл­шылдаған жас жігіт бүгінде 60 жаста. Қарап отырсақ, ардақты азамат ғұмырының қырық жылын қазақ журналистикасы мен баспасөзін өркендетуге арнапты. Кеңес ағаның өзге басшыларға үлгі болар бір қасиеті, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жазуға икемі бар жастарды көрсе қолтығынан демеуге тырысады. Соңғы ширек ғасырға жуық мерзім ішінде оның «шекпенінен» шық­қан қаламгерлер аз болған жоқ. Олар­дың бірқатары елімізге танымал ақын­дар мен жазушыларға айналды. Білікті басшының шарапатын көргендер қазір де өзімен бірге жұмыс істеп жатыр. Өзімді де Кеңес ағаның шәкіртімін деп есептеймін. Басылымның беделінің артуы аудан басшыларының қамқорлығына да байланысты. Бұл ретте ауданның қазіргі әкімі Мақсат Сайлаубайұлы Мырзабаевтың газетті халықтың көзі мен құлағы, ауданның айнасы деп түсініп, үнемі қолдау көрсетіп келе жатқандығын да айтып өткенді парыз санаймын. Азаматтың абыройының асқақ болуы оның өмірлік серігіне де тікелей қатысты екендігін өмірден көріп жүрміз. Кеңес ағаның жан жары Қарашаш жеңгеміз де – жұбайының қыз­мет ерекшелігін жете түсінетін аяулы жан. Ол – отағасының дем беруші­сі, тіршіліктегі қолдаушысы. Ал егер Кеңес Балықбаев өткен жылдары өмірде, шығармашылықта табыстарға қол жеткізген болса, онда отбасының шырайын келтіріп отырған Қарашаш жеңгеміздің де қосқан үлесі мол дер едік. Ата-анасы перзенттерін ұлттық рухта тәрбиеледі. Тұңғыштары Бақыт – заңгер, ортаншылары Мұхтар – әске­ри қызметкер, сүт кенжелері Гүлжамал – экономист. Барлығы да үйлі-баран­ды. Аға мен жеңгеміз осы балалары­нан жеті немере сүйіп отыр. Бүкіл ғұмырын журналистикаға арнап келе жатқан белгілі қаламгер, «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конс­титуциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Үстіміздегі жылы аудандық мәс­ли­хаттың шешімімен оған «Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Болашақта да шығармашылықтың биігінен көтеріле беріңіз, асыл аға! Оразалы ЖАҚСАНОВ

2959 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы