• Мәдениет
  • 19 Ақпан, 2009

Оюхан

«Сағатбек Медеубекұлы ою ояды» дегенді естігенімізге талай болған. «Шебер ұстазбен» кезігудің сәті түспей жүргенде, «факультетке келе қал» демесі бар ма? Алып-ұшып қара шаңырақ ҚазҰУ-ға жеттім. Ағамыз сабақта екен. Ұстаздардың кәдуілгі әдетімен дәрісханаға кіргізді де, студенттерінің қатарына отырғызды. «Бұрын бір елде адамдар оюмен тілдескен екен дегенді» осы ұстазымыздың «Оюхан мен Жоюхан» деген ертегісінен оқығанбыз. Ә дегеннен қайшыны алып, қағазды оя бастаған соң «ертегіде айтылған ою тілін қолданса қайтем» деп ойладым. Дегенмен әлі де шәкірт екенімді ескерді-ау! «Балалар басылымдарынан» оқылатын дәрісті «ою-өрнек» тақырыбына бұрып сөйлей жөнелді... – Кез келген қазақтың үйінде болатын сырмақ, текемет, тұскиіздерде сан алуан дәстүрлі ою-өрнектер бар. Бала кезден сол ою-өрнектерді үлкендердің қолдан жасағанын көріп өстік. Студент кезімде қолөнерді зерттеген шебер ағамыз Дәркенбай Шоқпарұлы тастың, ағаштың, металдың және әр түрлі заттың бетіне салынған оюлардың түр-түрін көрсететін. Ол оюларда дәстүр сақталған. Өзіндік қиял иірімдеріне бай. Өрнектері де өзгелерге ұқсамайтын. Бауыржан Момышұлының ойған оюы да мүлдем басқаша екен. Сондықтан ою салудың өзі адамның мінезіне, тәжірибесіне қарай түрленіп отырса керек. «Өнер» баспасында редактор болып жүргенімде «Өзің жасап ал» деген сериямен кітап шығара бастадық. Онда қуыршақты қалай жасау, ағашты қалай ою, оюды қалай салу керектігін көрсетіп осы өнерді игеруге мұрындық болғанбыз. Ою жөніндегі кітаптың авторы Тараз педагогикалық институтында сабақ беретін Сапар Төленбаев ағамыздың оюлары өте көп еді, оның үстіне ерекше ғажап болатын. Ол кісі жазуға шорқақ болғандықтан кітапқа редактор болу маған жүктелді. Өзің көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң нақтылы саланы жазуға сөз таба алмайды екенсің! Сонымен Сапар Төленбаев ағамыздың жанына Серік Бахырдиев деген суретшіні отырғыздық та, қағазға ойылған оюдың схемасын сыздырып, қалай бүктеу, қайшыны қалай ұстау керектігін жазып отырдым. Қазіргі менің ойып отырғаным – санамызға сіңген қошқар мүйіз ою. Бұл оюда геометриялық пропорция сақталып, ені бірдей болып бүктеліп, түр мен өрістің үйлесімі жақсы шығуы керек. Қағаздан ою оюдың әдісін мен Сапар Төленбаевтың кітабын дайындау кезінде үйрендім. Алғашында үйге келіп өзім оя бастадым. Кішкене балаларыма да үйреткенде үйдің іші қағаз болып кететін. Бірте-бірте оюды өзімнің фантазияма қарай дамыта бастадым. Бұрын оюды тек әйелдердің ғана ісі деп қараушы едім. Сапар мен Дәкеңнен сабақ алғаннан кейін ол ойымнан қайттым. Өйткені Балуан Шолақтың өзі барған жерінде ән айтқаннан кейін аттың үстінде тұрып, қыз-келіншектерге, ісмерлерге ою ойып тастап кетеді екен. Оның үстіне ағаш, темір бұйымдарды да ұсталар жасамай ма? Ана жылы біздің факультетке Америкадан профессорлар келген. Қайтар кездерінде оларда қонақта болдық. Сол жерде ұлттық ерекшелігімізді көрсету үшін ою ойдым. Намазалы Омашев «бірдеңені бүлдіріп алмашы» деп алаңдағанымен, оюды көрген америкалықтар оны қуана-қуана елдеріне алып кетті. Демек, ықыласың мен ынтаң болса, ұлтыңның қадір-қасиетін кез келген уақытта көрсетуге болады. Оюға қараған сайын ата-бабаңнан келе жатқан қаныңдағы ақпараттарың, сонымен қоса рухың оянады. Мысалы, Жазушылар одағының сахнасындағы ою қазақы ою емес. Ол қаныңды ойнату түгілі, қояншығыңды қоздырады. Онда бақа-шаяндар өрмелеп жүргендей көрінеді. Ал қошқар мүйізді көргенде, міндетті түрде қазақтығың көрінеді. Өйткені мүйіз – мәңгіліктің, молшылықтың, қуат-күштің символы. Менің әдетім: біреудің үйіне барғанда ою көзіме түссе, оны сызып аламын. Түгел сызып алудың қажеті жоқ, бір бұрышын сызып алсаң болды. Өйткені қазақы оюдың басты ерекшелігі – қарапайымдылық пен нақтылық. Және тым алабажақ емес. Өнер – егіз. Мысалы, Шоқанның, Пушкиннің, Лермонтовтың сурет салуы, Абайдың, Ахметтің, Мағжанның, Ақселеудің ән шығаруы – осы сөзімнің дәлелі. Сол сияқты ою да – менің қанымда бар дүние. Ою – мен үшін ішкі сезімімді сыртқа шығарудың түрі. Бұдан бірінші кезекте өзіңнің рухани қажеттілігіңді өтейсің. Екіншіден, саналы түрде ұлттық құндылығыңның жойылып кетпеуі үшін күресесің. Қызымды ұзатқанда жасауды қолдан жасап бердік. Ұрпағымыз көзіміздей көріп ұстап жүрсе, соның өзі ата-анаға үлкен қуаныш. Соңғы кездері тойда кигізетін шапанның да небір түрлері шығып жатыр. Бір байқағаным, бұрынғыдай оюды батпайтып шаптай бермей, киім тігу мәдениетіне, эстетикаға көңіл бөлетін болыпты. Қазір әдемі камзолдар, жігіттердің киімі де шыға бастады. Осыны жалпы халық болып қолдауымыз, тұтынуымыз керек. Таза қазаққа тән ұлттық оюдың киімдегі үлгісін тауып, саралау да мойнымыздағы міндет болуы тиіс. Қытайлар «Шыңғысхан» фильмінде оюды жақсы пайдаланған. Шенінің өсуіне байланысты оюлар да түрлене түскен. Ұлттық киімді, ұлттық оюды насихаттауға журналистер бір кісідей ат салысса халықтың санасына сіңе береді. Ал одан кейін ұлттық киімді кию тек таңсық дүние емес, күнделікті тұтынатын бұйымымызға айналары сөзсіз. Өз басым кезінде оркестрде жүргенде ұлттық киімді көшеде де киіп жүре беретінмін. Менің ойымша, ою неге арналғанына, қажеттілігіне қарай зерттелуі керек сияқты. Осыған байланысты Смайыл Дәрменнің кітабында «Оюмен ой айтқан елміз» деген тақырып бар. Соны оқысаңдар, көп нәрсеге қанығасыңдар, – деп дәрісін аяқтады ағамыз. Сабақ барысында оюдың үш-төрт түрінің қалай ойылатынын өз көзімізбен көрдік. «Шебер оқытушының» сабағы санамызға салмақ, ойымызға өрнек салды. Құндылығыңда құны бардай «Жоюхандар» көбейіп жатқан мына заманда «Оюхан» болудың өзі қиын ғой! Қағаз оюды қалтама басып, ағамызға алғыс айттым да, жолға түстім... Осы қалай? Мұрат Шаймаран, ақын: – Сағатбек Медеубекұлын алдымен үлкен ақын деп білемін. Оның үстіне ұлттық өнердің жоқтаушысы. Әрбір оюдың мән-мағынcына терең бойлап зерттеп жүреді. Бұл кісінің оюға деген ынтасы ерекше. Бірде менің отбасымда қонақ болды. Сол жолы Қытай қазақтарының оюын көріп қағазға түсіріп, ойып алды. Әжемізбен осы ою төңірегінде әңгімелесе отырып, ұлттық нақыш жайлы терең сыр шертті. Оюы онша еленбей жүрген әжеміздің де қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды. Өнердің бағаланғаны жақсы ғой. Ал бағалай білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біләл ҚУАНЫШ

4294 рет

көрсетілді

20

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы