• Тұлға
  • 27 Қазан, 2010

Қаныш аманатына адалдық

d0b0d185d0b0d0bdd0bed0b2-d182d0b0d0bbd0b3d0b0d182-1Аяқастынан қалта телефоным шыр етіп, қалалық әкімшіліктен хабар түсті. Айтатындары: «Теректі әулиеге баруға қалайсыз? Өздеріңіз қатарлы біраз кісілердің басын қосып едік. Жүріңіз. Көлік жайлы. Жол жақсы», – дегенге саяды. Мұндайда халқымыз «Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсың» демей ме? Жедел жолға жиналып, дайын болдым. Жеңіл көлікке көзтаныс жандардың көбісі мініпті. Кәдімгі шетелдік шағын автобус. Ықшам. Жылдам. Жеңіл. Бәрінің де көңіл-күйлері көтеріңкі. Жол бастаушы жігіт қолындағы тізіміне бір қарап, меймандарын түгендеп алғандай болды да. «Ал, ендеше, сәтті жол болсын!» – деп жүруге дайын екенін білдірді

«Теректі әулиеге баратындарға осындай жайлы көлік бөліп, жағдай жасаған кім екен?» деген сауал жалғыз менің ғана емес, басқалардың да көңілінде тұрған сияқты. Бірақ ешкім тырс етіп, үн шығарған жоқ. Жол үстінде осы өңірге белгілі Ардақ қажы мұсылманшылық төңірегінде білгендерін ортаға салып, кейбір сауалдарға шариғат негізінде жа­уап берді. Сөз арасында ол: «Біз­дің бұл жолғы сапарымызды да осы «Қазақмыс» корпорациясы­ның «Жезқазғантүстіметалл» өн­діріс­тік бірлестігі өз мойнына алып, жағдайымызды жасап отыр», – дегенді ерекше екпін түсіре айтты. Көпшілік ол сөзді ду етіп қолпаштап, «соңғы кездері өндірістік бірлестіктің елге жасап жатқан игі істеріне сүйсініп жүрміз», – деп бірін-бірі қоштады. «Қазақмыстың», Жезқазған филиа­лы­ның қазіргі басшылығы атына жылы лебіздер білдіре бастады. – «Әкеден бала туса игі, әке жолын қуса игі» деген емес пе бұрынғылар. Мұзарафтың бұл баласы көптің ойындағы істерді қолға алып жатыр. – Ең бастысы, осы Ұлытау – Жезқазған өңіріндегі тарихи орындарды, табиғаты сұлу жерлерді қам­қорлыққа алып жатқанын айтсайшы. – Бұл бір кездері Қаныш Имантай­ұлы­ның арманы болған, алдына қойған істерінің бір ұшы емес пе еді? Жолаушылардың әңгімесін естіп отырып, көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлының Ұлытау аймағына қатысты жазғандарын қолға алып, қайтадан бір қарап шығуға тура келді. Жезқазған кеніштерінің атасы атанған ғалым 1935 жылы «Социалды Қазақстан» газетінде шыққан «Ұлытау аймағы» атты мақаласында Ұлытау аймағы­ның келешегі туралы кеңінен толғаныпты, жалпы алып жатқан көлемі 200 шаршы шақырымнан кем емес тау аймағындағы табиғи және тарихи жағдайларға талдау жасапты. «Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірі­нің орталығы болған. Қазақтың Алаш (Ақназар), Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары «Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылыс жағынан өте әдемі болуы және Қазақстанның жағрапиялық орталығында болуы себеп болған» деп сипаттай келіп, Ұлытаудың солтүстік-батыс жағында 80 км жерде қорғасын, алтын кені мол Қорғасын ауданы бар. 100 км жерде күкірт колчеданы мен көмір сапасы миллион пұттан асатын Болат там ауданы бар. Таудың оңтүстік-батыс жағында Жезқазған кені бар. Бұл кеннің зерттелген мысы қазірдің өзінде-ақ 1,5 миллион тонна болады. Әбден зерттеліп болмаған запасты қосқанда Жезқазғанның қызыл металы 3 миллион тонна болып отыр. Осы кен запастарын еске алғанда республикамыздың үлкен алыптарының бірі Қарсақбай зауытының қазір де жылына 6 мың тонна мыс қорытуы алдағы күндерде істелетін ірі жұмыстардың тек бастапқы адымы болып қана есептеледі. Қарсақбай ауданында жыл санап металлургия өндірісі өркендеген сайын жұмысшылардың демалыс үйлеріне мұқтаждығы артпақ. Әсіресе, Үлкен Жезқазған өндірісі кең түрде өріс алған күнде бұл мәселе қиындамақ. Жезқаз­ған жылына 150 мың тонна қызыл металл қорытып, ондағы жұмыс­шылардың саны ең кемінде 25-30 мың болмақ. Міне, осы себепті жұмысшылар үшін демалыс үйлерін салу мәселесі үлкен негізгі мәселе­лердің бірі болып есептеледі» («Социалды Қазақстан», 1935 жыл), – деп ғұлама ғалым Ұлытау баурайын­дағы тамаша табиғатты тиімді пайдаланудың жолдарын ұсынады. Сонымен бірге Қанекең Ұлытау бөктерінде демалыс үйлерін салу, курорт, санаторий салу ісінің өте керектігіне жете маңыз берген екен. Оны сол аталған мақаласында нақтылайды. «Ұлытауда демалыс үйін ұйымдастыру жұмысы үлгілі курорт, санаторий салу ісімен нық байланысты. Себебі осы күннің өзінде-ақ Қарсақбай зауытында 3500-ден аса адам істейді. Жұмыс жағдайы ауыр, ауа райы жаман болғандықтан жұмысшыларды жылдың басынан аяғына дейін үздіксіз түрде демалысқа және демалыс үйлері­не жіберіп отыруға тура келеді. Біраз совхоз теміржолдан алыс. Жұмысшылар бір жаққа барайын десе, демалыс күнінің көбін жолда өткізеді, сонан демалуға уақыттары қалмайды. Ал енді Ұлытауда үлгі­лі демалыс үйі ұйымдастырылса, жұмысшылар тілеген уақыттарында барып демалар еді, теміржолға бару, әрлі-берлі сандалу азабынан құтылар еді», – деп жазыпты Қанекең. Көреген ғалым осыдан 75 жыл бұрын дәл осы Жезқазған жерінде­гі бүгінгі жағдайдың хал-ахуалын алдын ала болжап, білгеніне таң­ғаласың. Кезіндегі қарашаңырақ Қарсақбайдың уығын ұстап, қызыл металын бар әлемге танытқан Жезқазғандағы кеншілер мен металлургтер күні бүгінге дейін ауыр еңбектен қажығанда демалу үшін сонау Қырымға, Қап тауына барып қайтудың өзіне оншақты күнін жұмсағанын көз көрді емес пе? Сонда Қанекең айтқан Ұлытаудың түбінде демалыс орындарын салу жоспары неге қолға алынбаған, оған не кедергі болды деген сауалдар ойға оралса, қаншама қыруар ақша шығындалып Кавказда демалыс үйін ашу кімнің ойына келді екен дейсіз де, артынша-ақ: «Е, Жезқазған мысына кезінде қалауынша иелік еткен Урумов мыр­заның туған жеріне деген сүйіс­пеншілігі екен-ау» деп бас шай­қайсыз. Жасыратын несі бар, табиғаты да, тарихы да Ұлытаудан асып тұрмаса да демалыс үйлерін Қап тауының баурайынан ашу Тамерлан сияқты бастықтың пейіліне орайластырғаны белгілі. Енді, міне, сол Қанекең армандаған ойлар бүгінде, егемендік алғаннан кейін өндіріс тізгіні өз ұлдарына тигеннен кейін барып, бірте-бірте жүзеге аса бастады. Олай дей­тініміз, табиғаты тамаша, тарихы әріде жатқан Ұлытаудың ең бір шұрайлы бөктерінен биылғы жазда «Жезқазғантүстіметалл» өн­діріс­тік бірлестігінің арнайы демалыс аймағы ашылып, онда заманауи талапқа сай жабдықталған көз тартарлық шағын қалашық бой көтерді. Аудан орталығының іргесіндегі бұл демалыс үйлеріне дейін көтерме жол салынып, ұшақ қонатын шағын әуежай ашылды. Таза ауа, мөлдір бұлақ, мың бұралған ақ қайыңдар мен сомдала өскен теректерді көргенде: «осы шараларды жүзеге асыруға бастамашы болған азаматқа іштей риза боласың. Өйткені Ұлытау– Жезқазған аймағының тарихи-танымдық жерлерін қамқорлыққа алып, оның бүгінгі жай-жапсарына жете мән беріп отырған «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің бас директоры Талғат Мұзарафұлы Аханов мырза­ның осынау ұлтжандылық, азаматтық, адамгершілік ісіне елдің ризашылығы мол. Осы Ұлытау аймағындағы сан мыңдаған жылдардың құпиясын қойнына бүккен тарихи орындар мен суы бал, шөбі шүйгін, ауасы таза табиғаттың сұлу орындарына көңіл бөлу ісі дәл осы Талғат Мұзарафұлы­ның «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігіне директор болуымен, оның алдындағы «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасының кен істері жөніндегі бірінші орынбасары болып қызмет атқаруымен өте тығыз байланыста өріс алғанын да айта кеткен жөн. Бұрын-соңды осы жердің өткені мен бүгініне бәлендей мән беріле қойған жоқ еді. Жерінің асты қазына, үсті ырысты мекеннің кен байлығын қазып алып, «Әйт, шу» деп ағылшындар кетсе, кеңестік кезде байлықтың біразы «ауасы таза деп демалыс үйлерін салдық» деген желеумен Кавказға құйылды. Егемендік алғалы да Жезқазған аймағын жетік білетін осы жерде жалаң аяқ жүгіріп өскендер ішінен үлкен кәсіпорынның билігіне қол жеткізгендері болмады. Болмады дегенде қолынан іс келетін небір айтулы азаматтар көріне көзге шеттетіліп келген. Тек осы «Қазақмыс» корпорациясының бүгінгі басшылары еңбек жолын қатардағы кеншіліктен бастап, кеніш басқаруға дейінгі жолды абыроймен басып өткен осы Талғат Мұзарафұлының тыңғылықты ісіне, са­уатты да білімді басқаруына көңіл бөл­ді де, сосын «Қане, жігіт, іске кіріс, ел мен жер сенікі» дегендей, басшылық­тың бір тізгінін оған ұстатқан еді. Қолына осыншалықты мол дәулетті құрап отырған үлкен өндіріс ошағының басқаруы тиген жігіт қазыналы елдің мақтанына айналды. Жалпы, Талғат Мұзарафұлының ел аузына қарайтындай тамаша жігіт болып өсуінің әріден қаланған негізі бар. Оның әкесі аты республикаға кеңінен таныл­ған қоғам қайраткері, Сәтбаев қаласын ондаған жылдар бойы басқарған, халық қалаулысы, кен ісінің аса бір білгір маманы Мұзараф Аханов болса, ал анасы оқу ісінің үздігі, оқу орындарын басқарудың озық үлгі-тәжірибесін қалыптастыр­ған, елдің құрмет-ықыласына шынайы бөленген Шабал Бейсембекова десек, әңгіменің өзегі болып отырған кейіпкеріміздің қандай өнегелі ортада өсіп-өнгенін айтпай-ақ аңғаруға әбден-ақ болады. Әрине, бала Талғаттың кішкентай кезінен-ақ кен туралы, кенші жайлы құлағы түрік болып өскеніне еш шүбә жоқ. Шабал анасы мектепте үлгілі ұстаз атанғанда, Мұзекең кен ісінің нағыз алғы шебінде жүрді. Көштің басындағы жетекшілердің ішінде де отты, жігерлі, білімдісі болғанын көз көрді. Қазақтың тау-кен институтын бітіріп келген Мұзараф Аханұлы Жезқазған өндірісінің өрістеуіне де, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да тікелей араласып, бұл істе де танымал басшы, талапты ұйымдастырушы болды. Халық та оны үнемі қолдап, демеп, соңынан ерді. Ел құрметіне орай өзінің тері тамып, еңбегі сіңген Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы атанды. Ел алдындағы еселі еңбегі отбасында­ғы жарасымды тірліктің де тірегіне айналғандай. Қашан да, қайда болса да, ең бірінші кезекке талапты, тәртіпті берік ұстанатын отағасының жеке үлгісі соңынан ерген жеткіншектерінің бойынан табыла білді. Әсіресе, сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоғын, айтса айтқанын қалай да орындайтынын, берген уәдесінен айнымайтынын мақтаныш тұтып, өзі де сол әкенің қол­қанаты болып, ертеңінен үлкен үміт күттіретін Талғаты бала кезінің өзінде-ақ әңгіме арасында ара-тұра: «Өскенде кім боласың?» деген сауал қойыла қалса, еш ойланып-мүдірместен: «Әрине, мен кенші боламын» дегенді тақ еткізіп айтатын-ды. Баланың тіліне сол кезде-ақ болашағы оралғандай ма? Орта мектепті өте жақсы аяқтаған Талғат «қайдасың, Алматы?» деп Алатауды бетке алып, жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырды. Кезінде елдің ең бір мықтылары оқып, білім алған тау-кен институтының кен инженері факультетіне оқуға түсті. Жасынан ширақ, батыл жігіт институттағы оқу үздіктері қатарынан орын алды. Спортта шебер атанды. Күрескенде күшіне қаруы мен әдісі сай келіп, небір дүбірлі додаларда мәре төрінде маңдайы жарқырай көрінді. Институттағы алған білімін Жезқазған кеніштеріндегі өзі жастайынан көзі көріп өскен еңбек ортасында ұштастырды. Қолына кен инженері болғанын айғақтайтын дипломы тигеннен кейін, ең бірінші еңбек жолын Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында кен шебері қызметінен бастады. Талғат Мұзарафұлының нағыз кеншілік ғұмыры осылайша аты аңызға айналған Оңтүстік кеніштен басталды. Небір айтулы, атақ-даңқы жер жарған білікті басшыларды өсіріп, шынықтырып, шыңдап шыққан кеніштің ұйымшыл ұжымы Талғатты да табандылыққа, талапшылдыққа баулыды. Өзіндік бағыты бар, білімін іс жүзінде дәлелдей алатын және, ең бастысы, өндірістік жаңалықтарды өз­гелерден бұрын бастап, оны өзінің іс-тәжірибесіне жарата алатын бастамашыл батылдығы оның кен маманы ретіндегі абыройы мен беделін көтеріп кетті. Кен алу ісінің жаңа әдіс-тәсілдерін ғылыми негізде жүзеге асыра білетін іскерлігін бағалаған басшылар аз уақыт ішінде оған №67 шахтаның бастығы қызме­тін ұсынды. Шахта бастығы қызметін де ол ойдағыдай атқарды. Қарамағындағы кеншілер мен инженер-техниктер­дің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын басты назарға ұстай отырып, өндірістік жоспарды үнемі орындап отыру үдесінен көрініп, кеніштегі озаттар қатарынан табылды. Талабы таудай Талғат содан кейін алып кеніш аталған Оңтүстік кеніштің бас инженері қызметіне көтерілді. Жап-жас жігіттің сөзі де, өзі де ширақ. Күн-түн демей жер астындағы өндірістік жұ­мыстардың үйлесімді атқарылуын қа­дағалап, техника қауіпсіздігіне қатаң ба­қылауды қолға алды. «Өнім алудың жос­парын орындау үшін техника қауіпсіздігі қатаң сақталуы қажет, ал жарақат пен оқыс оқиғалар, қайғылы жағдайларға жол беріп алсаң, алған өніміңнің құны көк тиынға тұрмайды», – дегенді Талғат әр кеншіге ертелі-кеш айтып, ұғынды­рып отырудан еш жалықпады. Сол жыл­дары Оңтүстік кенішке бұрын аты ес­тілсе де, әлі көз көрмеген небір ғажап техникалар әкелінді. Оларды өндіріске қосу, сынақтан өткізіп, пайдалану мә­селелерінің бәрінің басы-қасында Тал­ғат табылып, істің оң нәтижесіне қол жеткізгенше уақытпен санаспай еңбек етті. Өндірістің алға жылжуына бар жан-тәнімен атсалысты. Әрине, төккен тер, атқарған істі алдымен маңайындағылар, одан қалды, басшылар байқайды емес пе? Талғаттың да тындырымды істері тиісті бағасын алып жатты. Әріптестері де, басшылары да оны орынды құрмет тұтты. Байырғы кеншілер «Өркенің өссін!» деп оған үнемі батасын беріп, алғысын білдірді. Осының бәрі айналып келгенде Талғат Ахановтың отбасында алған тәлімді тәрбиесімен астасып, жаңа ортаға сыйлы да абыройлы болуына игі ықпал етті. Көңілі тау суындай таза, ойы тұнық, мінезі байсалды да байыпты Талғат шын мәнінде де «кенші» деген құрметті мамандықтың қыр-сырын, ұңғыл-шұңғылын жоғары деңгейде меңгеріп шықты. 2009 жылы Талғат Мұзарафұлы өндірістегі жинаған тәжірибесі мен білімі негізінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атанды. Демек, оның өндірістегі ізденістері еш ізсіз кетпеді дегеніміздің өмір шындығымен ұштасып жатқанының бұл да айқын айғағы емес пе? Бүгін әр саладағы мамандарды саралағанда «өз ісінің толысқан шебері, кәсібін жете меңгерген» деген сілтеме жасап айтатын бір үрдіс қалыптасқан­дай. Осыған сүйенсек, біздің Талғат та кеншілік мамандықтың кәсіптік деңгейін өте жоғары дәрежеде меңгерген маман екені даусыз. Бір кезде өзі кен шебері болып еңбек жолын бастаса, бүгінде өзі де жүздеген жас шәкірттер дайындаған басшы-ұстаз. Кеніштегі келісті қызметі ке­йін кен-металлургия комбина­тын басқаруға негіз берді. «Қазақмыс» кор­порациясының басшылығында шың­далып, түсті металл саласындағы небір тамаша игі бастамаларға жол ашты. Өзінің еңбек жолын бастаған «Оң­түстікті» ол қай қызметте болса да ешқашанда естен шығармай, оған назар салып отырады. Жезқазған ке­ніштеріндегі кен алу ісіндегі кейінгі кездердегі кейбір іркілістерге орай, корпорация басқармасының кезекті бір отырысында оған: ««Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігін өзің барып басқарсаң қалай болады?» – деген ұсыныс түсті. Сол сәтте «Корпорацияда екінші бастық болып отырған Талғат бұған бара қоймас», – деп ойлағандар­дың көбі басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметінде отырған Талғат Мұзарафұлының «Мен оған қуана-қуана барамын. Жезқазған кенішінің кейін­деп қалуына жол жоқ. Сенімде­ріңіз­ге рахмет!» – деп ықылас білдірге­ніне аң-таң қалды. Бұл да болса оның лауазымды қызметке қызығушы емес, қайта елге қажетті қай іске болса да қабілет-қарымын аямайтынын тағы бір дәлел­деп бергендей. Туған жерінің түлеуіне, тәуелсіз елдің туы жоғары желбіреуіне еңбегімен үлес қосып жүрген Талғат Мұза­ра­ф­ұлы «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметінде де тынымсыз істерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ол еңбегі жеміс­сіз де емес. Қазір Жезқазған жеріндегі өндіріс өнімі өсіп, кен алу жоспарының көлемі ұлғайды. Өндірістік бірлестікке қарасты төрт кеніштің де тыныс-тіршілігі ырғақты жүйеге түскендей. Жезқазған жеріндегі жер асты байлығын ел игілігіне ұсынуда жаңа биіктерді межелеген кеншілер қауымы басшыларының туған өлкенің тарихына ден қойып, табиғаттың сұлулығын сақтап қалуға бағытталған істеріне де сүйсінеді. Ел мақтаған азаматпен аз-кем әңгімеде көп жайды ұққандай да болдық. Елге, жерге деген сүйіспеншілігіне сүйсіндік. Көңілдегі көп ойы Қаныштай ғұламаның ойларымен ұштасып жатқанына мерейлендік. Шынында да, оның Қаныштай ғұламаның өмірі мен ісіне ерекше ден қоятынын аңғардық та, соған қуандық. Ел қамын жеген Ер Едігенің мәңгілік мекен еткен Ұлытаудың ұшар басына баратын аспалы көтерме жол салу туралы ой Талғатты көптен бері мазалап жүр екен. Осы жылдың басында Ұлытау ауданына елге танымал саясаткер, жас ғалым Берік Әбдіғалиұлының ауданның әкімі болып келуі де көп іске түрткі болғаны анық. Ұлтжанды азамат өндірістік бірлестіктің Бас директоры Талғат Мұзарафұлына арнайы келіп, Ұлытау аймағын туристік орталық жасауға қолұшын беруін өтінеді. Өзі де осы салада көп ойланып, «реті қалай болар екен» деп жүрген Талғат корпорация басшыларының алдына арнайы барып, аудан азаматтарының өтінішін ортаға салды. Қандай мәселе болса да, әбден пісіріп, ой-толғамынан өткізіп барып, қолға алатын Талғаттың жағдайын білетін «Қазақмыстың» басшылары «Қолдаймыз!» деп келісім берді. Әсіресе, осы Ұлытау аймағындағы табиғатының тамаша ғажайыптарына таңғалып, ал­ғаш келгеннен-ақ: «Неткен ғажап жер!» деп таңдай қаққан корпорацияның президенті Владимир Сергеевич Ким мырза демалыс үйлерінің тау бөктерінде салынғанына ризашылығын білдіріп: «Бұны бұрыннан қолға алу керек екен өзі», – деп жақсы істерді әрі қарай жалғастыруды Талғаттың өзіне қадай тапсырса, басқарма төрағасы Эдуард Викторович Огай: – Кеншілер мен металлургтердің жақын жерден демалуына қолайлы орын болғаны қандай жақсы. Алысқа ат сабылтпай-ақ, таза ауа, тамаша жерде демалып, тынығатын мүмкіндік туды. Мұны әрі қарай жетілдіру керек, – деп шын ниетін танытты. Осылайша екі басшының екеуі де Талғаттың Ұлытау аймағын өркендету жөніндегі ойларын қолдады. Ал оларды сөзсіз жүзеге асыру үшін арнайы келісімшарт жасау қажет екенін естігенде, аудан әкімшілігі мен корпорация атынан меморандум­ға қол қоюды тапсырған басшылар­дың сеніміне Талғат та ризашылығын жасырмады. Сөйтіп, кезінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев армандаған, ойға алған игі шараларды жүйелі түрде жүзеге асырудың жаңа бір қолайлы мүмкіндігі туды. Арнайы жасалған меморандумда Жезқазғаннан басталған автокөлік жолын Алашахан, Жошыхан мазарлары арқылы тарихи орындарға дейін салудың жобасы жасалды. Үйрек ұшып, қаз қонған Қоскөл, Барақкөл, Кішкенекөлден де демалыс үйлері салына бастады. Ұлытау аймағындағы тарихи орындар сақталған 25 кешенді орындардың түгелдей дерлік жаңа картасы жасалып, оларды күтіп-сақтау, онда ел-жер көруге келетін меймандарға қолайлы жағдайлар жасау шараларын да таяу жылдарда жүзеге асырудың мерзімі нақтыланыпты. Әрине, мұның сыртында аты алысқа жеткен, дүбірі дүйім елді елеңдеткен Жезқазған қаласына қамқорлық жасау ісі де Талғаттың назарынан тыс қалмап­ты. Өзінің тікелей ұсынысы негізін­де Жезқазған қаласындағы Металлургтер алаңы қайта жаңартылып, көрген жанның көзі сүйсінердей болып жасарып шыға келді. Жеке өз алдына облыс болып тұрған кезде де Жезқазған қаласында­ғы стадион жөнделген емес. Ал сәтін салып, Талғаттың командасы оны биылғы жазда жаңадан салғандай етіп жайнатып берді. Әрине, осындайда «Елім деген ер болса, атқарылмайтын іс, бітпейтін жұмыс жоқ», – деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Еліне еңбегін ұсынған жасқа елдің берер батасы да мол. Кешегі елі үшін жар құлағы жастыққа тимеген Қаныштай ғұламаның ізін басып, оның ойын жүзеге асыруға бекем бел буған Талғаттай азаматтың алға басқан әр қадамы сәтті болса екен дейміз. Бұл істе Талғат Мұзарафұлын қолдайтын қалың елі, кеншілер қауымы мен майталман металлургтер ертеңіне сеніммен қарай­ды. Қай істе болса да қасынан табылып, айтқандарының қалтқысыз жүзеге асуына Тоғызбай Әбсәметұлы мен Талғат Сайлауұлы сынды серіктестері атсалысып жүр. Жалынды жастардың жарасымды істерін көргенде Қаныштай асылдың арман-ойлары алда сөзсіз жүзеге асады деген сенім көңілге ұялайды. Батырбек МЫРЗАБЕКОВ, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Қарағанды облысы бойынша өкілі Жезқазған

3972 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Адам

13 Тамыз, 2020

Владимир Сергеевич Ким мырза!

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы