- Әдебиет
- 24 Қаңтар, 2019
«SOS» БЕЛГІСІ
Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Диссидент… Бұл – «бөгде ойлы адам» деген ұғымды білдіретін сөз. Екінші мағынасында «оны көзқарасы қоғамдағы мемлекеттік идеологиямен үйлеспей, ресми билікке қарсы шығушы жан» деп те айтуға болады. Олай дейтініміз, ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында Кеңес Одағындағы шектеулі ой-пікір ұстанымына батыл қарсы шығып, наразы болған А.Синявский мен И.Бродский секілді шығармашылық иелеріне жоғарыдағыдай ат қойылып, елден аластатылғаны біздің жақсы есімізде. Осы орайда: «Сондай адамдар, соған ұқсас оқиғалар кезінде өзіміздің Қазақстанда да болып па еді? Болса олар кімдер?» деген сұрақ та ойға оралмай қалмайды. Иә, болған. Олар, мәселен, Б.Ысқақов құрған 1952 жылғы «ЕСЕП», З.Игіліков пен К.Жүнісов жетекшілік еткен 1962 жылғы «Жас қазақ», М.Әуезов ұйымдастырған 1965 жылғы «Жас тұлпар» және А.Қаниев бастаған 1969 жылғы «Жас ұлан» ұйымдары дер едік. Атап айтатын нәрсе, алғашқы үш қозғалыс туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде біршама айтылып та, жазылып та келе жатқан сияқты. Ал «Жас ұлан» жөнінде… Иә, бұл ұйымға байланысты журналист Ғ.Жұматовтың 1992 жылы «Халық кеңесі» газетіне шыққан шағын мақаласынан басқа көп ештеңені оқи қоймағанымыз анық.
– Және оған: «Бұл неге олай?» – деп ешкімді кінәлап, жазғыруға да болмайды, – дейді «Жас ұланның» бұрынғы жетекшісі, ақын Арман Қаниев. – Себебі ол жөніндегі құжаттар қазір мұрағаттарда жоқ. Жойылып жіберілген. – А, солай ма? Арманмен 2002 жылы кездескенім әлі есімде. Ол сонда өзі туып-өскен Павлодар қаласындағы «Казкрай» аймағында тұратын. Бұл – жазушы Рамазан Тоқтаров ағамыздың «Ертіс мұхитқа құяды» дилогиясындағы суреттелетін атақты Кереку жатақтарының көне жұрты. Кейіпкерімізбен, міне, осындағы Иса Байзақов көшесінде орын тепкен бәкене қоржын там – қазақы жерүйде әңгімелескенбіз. – Оқиға қалай, неден бастау алып еді өзі? Қане, бәрін көз алдыңа елестетіп, рет-ретімен айтшы, – деймін мен әңгіме иесіне. – 1954 жылы Қазақстанда әйгілі «тың эпопеясы» басталды емес пе? – деп бастады Арман әңгімесін. – Міне, соған байланысты келімсектердің балаларына арналған орыс мектептері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай дүр ете түсті. Ал ол айтты-айтпады, қазақ жеткіншектерінің сол тілде оқуына ықпал етпей қойған жоқ. Бұл орыс емес ұлттардың жас ұрпақтары сана-сезімінен елдік, халықтық қасиеттерді өшіріп, нигилистік көзқарасты орнықтыруға бағытталған әрекеттің басы еді. Отаршыл саясаттың осындай озбырлығы салдарынан 60-шы жылдары республикамыздың солтүстік аймақтарындағы қазақша оқитын балалар саны азайып, ана тіліміздегі орта мектептердің жабылу құбылысы белең алды. Ол кезде осы Павлодар облысының орталығында №3 қазақ мектеп-интернаты бар болатын. Малшылардың балалары мен жетімдер үшін деп 1962 жылы ашылған оның оқушылар контингенті бір қалыпта тұрды. Егер мұндағы бөлінген орын шектеулі болмаса, жер-жердегі ана тілінде оқу мүмкіндігінен айрылған қазақ балаларының есебінен осы мектеп-интернаттағы қаракөздеріміздің саны тіпті көбейе түсер еді. Бірақ облыстық оқу бөлімі тарапынан оған рұқсат берілмеді. Павлодардағы қазақ балабақшаларының болмауы, ұлт тіліндегі мектептердің жабылуы, көше, дүкен, кинотеатр атауларының орысша қойылуы… Осылардың бәрін өз көзімізбен көріп, ішімізден сезіп жүрген №3 қазақ мектеп-интернатының оқушылары, біз, бұған қатты налып, намыстанатынбыз. Оған «Қоғамтану» пәніндегі: «Отар елдерде ұлттық мектептер мен ауруханалар аз болады» деген сөздер де шамдандырып, ашындырғандай еді. «Иә, бас еркіміз жоқ жұртпыз. Отар болмағанда кімбіз?» дейтінбіз іштей. Бұл 1969 жылдың күзі болатын. Ол уақыт Мәскеудегі қазақ жастарының саяси ұйымы «Жас тұлпардың» дүбірі әлі басыла қоймаған кез еді. Содан қойшы: «Қайтсек өзіміз сияқты жастардың ұлттық сана-сезімін оятамыз, қайтсек азаттық туралы қоғамдық пікір тудырып, ұлттық мүддемізге жоғарыдағылардың назарын аударамыз?» деген сауал бізге жасырын саяси ұйым құру керек деген ой туғызды. Осылайша 1969 жылдың қазан айында негізі тоғызыншы сынып оқушыларынан тұратын «Жас ұлан» ұйымы дүниеге келді. Тың игеру басталған 1954 жылы туған біз бұл кезде 15 жаста ғана болатынбыз. Өзіміздің ұйым үшін мұрат-мүдделерімізге сай келетін жарғы жасап қабылдадық. Арнайы жоспарымыз да болды. Жетекшілігіне мен сайландым. Содан көп кешікпей облыстағы ұлтжанды деген жасөспірімдер ұйымымызға тартылып, жалпы санымыз 100-ге жуықтап барып тоқтады. Мектеп-интернаттағы құрамы 6-7 оқушыдан тұратын біздің тобымыз «Жас ұланның» басшы органы болды. – Сонда бұл ұйым үкіметке деген алғашқы қарсылық жұмысын неден, нендей әрекеттен бастады деп айтар едің? – Үнпарақ… Листовка жазып таратудан! Орысшылдықты тоқтатып, орыстануға жаппай күрес жүргізуге шақырған оның алғашқы сөйлемдері: «Сендер қазақ деген ұлы халықсыңдар! Сендер ғасырлар бойы еркіндік іздеп, қаратүнек қанды жылдарда бақыт аңсаған елсіңдер!» деп басталатын. Міне, осы үнпарақты 1969 жылғы желтоқсан айының соңында алдымен облыс орталығындағы вокзал, бас пошта үйі сияқты жұрт көп жүретін жерлерге жапсырып кеттік. – Олар қалай дайындалған еді? Қолмен көшіріліп көбейтілді ме, жоқ әлде… – Машинкаға басылған болатын. Оны ұйымымыздың мүшесі Сембай Құсайынов деген оқушы тапты. Оның әпкесі Ермак қаласындағы халық сотында істейтін. Ол мекеме сол күзде кездейсоқ болған өрттен жанып кетіп, ішінде жазу машинкасы бар қалған-құтқан кеңсе заттарын Сембайдың апайы уақытша үйіне әкеліп қойыпты. Соны бір жексенбіде қыдырып барған кезде көзіміз шалып қалған біздер: «Үнпарақты осы машинкаға басып алуға болады екен-ау» деп ой түйгенбіз. Ақыры солай еттік те. – Одан кейін не істедіңдер? Алдарыңда тағы қандай мақсат тұрды? – Үнпарақтарды қала көшелеріне жапсырып болған кез интернат оқушыларының қысқы каникулымен тұспа-тұс келген еді. «Жас ұлан» мүшелері, міне, осы мүмкіндікті де пайдаланып қалғысы келді. Сөйтті де ауылдағы үйлеріне баруға қам жасап жатқан ересек оқушыларға листовка беріп жіберуге де әрекет жасады. Ондағы мақсат – үгіт-насихатымыз шалғайдағы елді мекендерге де жетсін деген ой еді. Осыдан соң біздің алдымыздағы тағы бір үлкен саяси шараға тыңғылықты түрде дайындалу міндеті тұрды. Ол – еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні – 1 Мамыр мерекесіндегі шеруге «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген ұрандарды алып шығу туралы ой еді. Бірақ бұл мақсатты жүзеге асыруға мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) облыстық басқармасының қызметкерлері мүмкіндік бермеді. Олар 1970 жылдың 15 қаңтары күні бәрімізді ұстап, бірден тергеуге алды. Арман осы жерге келгенде ауыр күрсінді де ұзақ уақыт үнсіз қалды. Содан соң қайтадан әңгімесін жалғады. Оның айтуына қарағанда, мектеп оқушыларының жоғарыдағы ісімен айналысу КГБ-ге оңайға соқпаса керек. Өйткені кәмелетке толмаған жасөспірімдерге саяси айып тағып, істерін сотқа тапсыру дегеніңіз сол кездері КСРО-ға қарсы лагерьде тұрған капиталистік мемлекеттер идеологтарының саяси шу көтеруіне өз қолдарымен жағдай тудыру болар еді. Ал: «Бұл назар аударуға тұрмайтын жайт екен» деген сыңай танытып, істі дабырайтпай қысқарта салайық десе, онда ол аталмыш органның өрескел саяси оқиғаға көз жұмып қарауымен бірдей, тіпті ұлтшылдыққа жылы қабақ танытуымен пара-пар әрекет сияқты болып көрінді. Оның үстіне сол кездері кеңестік Қазақстанда екі бірдей үлкен дата: В.И.Лениннің 100 жылдығы мен Қазақ КСР-ының 50 жылдық тойы жақындап келе жатқан-ды. Міне, осындай уақытта «халықтар достығының планетасындағы» интернационализм идеяларына «көлеңке» түсіретін тергеуді соза беруге болмайтын. Сондықтан КГБ қызметкерлері 1970 жылы қаңтарда басталған істі жеделдете жүргізіп, наурыз айында аяқтайды да, «Жас ұлан» мүшелерінің бұдан былайғы тағдырын шешуді мектеп-интернаттың әкімшілігі мен қалалық комсомол комитетіне тапсырып, одан әрі облыстық партия комитетінің назарында ұстауға емеурін білдіреді. – Сол-ақ, екен, – дейді әңгімесін қайта жалғаған Арман, – мектепте алдымен біздің мәселемізді қараған педагогтар кеңесі, ата-аналар жиналысы болды. Бұдан кейін сол кезге тән «сценарийлік» әшкерелеу әдісі бойынша мектеп-интернат ұжымының, ондағы қоғамдық ұйымдардың жиыны өтіп, іс-әрекетімізге баға беру қалалық комсомол комитетінің бюросына келіп тірелді. Жоғарыдағы жиналыстарда не айтылмады дейсіз?!. Оларда жалпылама айыптау да, жеке басымызды даттау да, ұлтымызға тіл тигізіп, қорлау да.., бәрі-бәрі де болды. Сондағы сөздер: «Халықтар достығына іріткі салуды әрекет еткен арандатушылар! Баяғы феодалдық-хандық дәуірді көксеушілер! Қазақстанның Ресейден бөлек жеке ел болып өмір сүре алмайтынын ұқпаған жетесіздер! Интернаттың тегін нанын жеп, империалистердің сөзін сөйлеген арамтамақтар!» дегенге келіп саятын. Сұмдығы сол, мектептегі физика пәнінің мұғалімі Омаровтың сөзі бәрінікінен де асып түсті. Ол кісінің: «Егер маған билік берсе, Сталин заманындағыдай бұл балаларды ата-анасымен қосып қойып, өз қолыммен атар едім!» деген үні құлағымда күні бүгінге дейін жаңғырып тұр. Міне, №3 мектеп-интернатта өткен осы талқылаулардағы ұсыныс-пікірлерді негізге ала отырып, мұндағы бастауыш комсомол ұйымы төмендегідей ұйғарым жасады. Ол «Жас ұланға» қатысқан оқушылардың бір тобын ВЛКСМ қатарынан шығару да, екінші бір тобына есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс беру жөніндегі шешім болатын. Оны 1970 жылдың сәуір айында Павлодар қалалық комсомол комитетінің хатшысы Г.Зайченко төрағалық еткен бюро бекітті. – Сондағы жазалау шараларына іліккен оқушылар… Олар кімдер еді? – Комсомол қатарынан шығарылғандар: мен және Рашид Бейсекеев, Айгүл Жүнісова, Гүлбаршын Әлиева болатын. Ал қатаң сөгіс алғандар: Сембай Құсайынов, Болат Кәкежанов, Алтын Махметова, Қайрат Қабылбеков, содан соң атын ұмыттым.., Оспанов деген оқушы еді. – «Жас ұлан» ұйымы мүшелеріне қолданылған шара сол айғай-шумен шектелді ме? – Жоқ. Біздің алдымызда енді мектеп-интернат әкімшілігі беретін жаза тұрды. Оны қалалық комсомол комитеті бюросы шығарған шешімнен де асып түсті деп айтсам, қателесе қоймаспын деп ойлаймын. Неге десеңіз, мектеп директоры жоғарыдағы жағдайдан кейін көп кешікпей маған, Сембай Құсайыновқа және комсомол қатарында жоқ оқушылар Қайролла Кәженов пен мүгедек әрі жетім Саниял Мусинге өз еркімізбен оқудан шығу жөнінде өтініш жазуға мәжбүр етті де оқу үлгерімі жөніндегі табелімізге тәртібі «3» деген баға қойып, интернат есігін тарс жапты. – Қалай ойлайсың, «Жас ұлан» ұйымының сол дүмпуінен соң қалада, облыс көлемінде біздің ұлтымыздың мүддесін көздеген тірліктер байқалды ма? Жоқ әлде бұрынғы сірескен мұз көбесі сөгілмей, сол күйінде қала берді ме? – Біздің бұл әрекетіміз текке кетті деп айта алмаймын. Оқиғадан кейін көп кешікпей жергілікті билік орындары Павлодардағы бір балабақшада тұңғыш рет қазақ тобын ашуға бетбұрыс жасады. Мектеп жасына дейінгі осы бүлдіршіндер бөлімі уақыт өте келе «Ақбұлақ» деп аталатын алғашқы қазақ балабақшасына айналды. Мұны «Жас ұлан» ұйымы жұмысының жаңғырығы деп қабылдаған жөн. Біздің 1969 жылғы желтоқсандағы талпынысымызға тарих 1986 жылғы желтоқсан айында жауап берген сияқты. Ал ол көтеріліске қатысқан желтоқсандықтардың Алматы алаңындағы талап-тілегі 1991 жылғы Тәуелсіздік желтоқсанында орындалды деп білемін. Бірақ сол желтоқсандардың арасында қаншама тағдыр өшіп, қаншама жан тәлкекке ұшырады десеңізші. Олай дейтінім… Арманның сөзіне қарағанда, оған мектептен шығарылған соң да тыныштық болмаған. Оқу табеліндегі тәртібі «3» деген баға жас жеткіншекті басқа жердегі білім ұяларына барып оныншы сыныпты аяқтап шығуға мүмкіндік бермейді. Осыдан кейін оның «аттестат алсам, КазГУ-ге барып филфакқа түссем, ақындық өнерді қуып, «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Жалын» сияқты басылымдарға өлеңдерімді жариялатсам» деген аққанат арманы адыра қалады да, 15 жасынан бастап Май ауданының Ақшиман кеңшарындағы МТС-та механизатордың көмекшісі болады. Бұдан соң қалада қара жұмыс істеп жүріп әскерге кетіп, одан оралғаннан кейін Павлодар трактор зауытына жүк түсіруші боп орналасады. Осы жылдар аралығындағы уақыттың бәрінде де оған күдікпен қарау, шектеу бір тыйылмайды. Бұған оның кешкі мектепте оқып, аттестат алуына кедергі келтіру, жергілікті газеттер мен телерадио редакцияларына апарған өлең, мақалаларын түрлі сылтау айтып кері қайтару сияқты үнсіз қарсылықтар анық дәлел. Өстіп жүргенде 1982 жылы Павлодарда Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған жас шығармашылық иелерінің аймақтық семинар-кеңесі өтеді. Сонда Алматыдан осы шараға қатысуға келген көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің назары жұмысшы жігіт Арман Қаниевке бірден ауады. Кеңес жұмысы біткен соң қамқор жан оның өлеңдерін астанаға алып қайтып, көп кешікпей өзінің алғы сөзімен «Қазақ әдебиетіне» жариялатады. Міне, осыдан кейін ғана оның белгісіз күштердің белгісіз нұсқауымен тежеліп келген авторлық құқы – баспасөзге жариялану жөніндегі шектеудің шегесі босай бастайды. Соның нәтижесінде кейіпкеріміздің поэзиялық туындылары 1983 жылы тарлан ақын Қуандық Шаңғытбаевтың сәт сапар тілеуімен «Жалын» альманағына шығып, топтама өлеңдері 1984 жылы осы аттас баспадан жарық көрген «Қарлығаш» ұжымдық жинағына кіреді. Сондай-ақ оның Павлодар педагогикалық институтына оқуға түсіп, жоғары білімді маман атанатыны да сол кез. Міне, қайта құрудан кейінгі уақыттың өзі түзету енгізген осындай көзқарастар өзгерісінен соң ғана барып Арманның облыстық «Қызыл ту» газетінде, кейінірек облыстық телерадио компаниясында жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. – Ал сенің басқа құрбы-құрдастарың ше? «Жас ұлан» ұйымының өзге мүшелерін айтамын да… Олардың кейінгі тағдыры не болды? Енді осы жөнінде аз-кем әңгіме қозғасақ. – Алдымен, комсомолдан шығарылғанымен мектепте қалдырылған, соның арқасында онжылдықты аман-есен бітірген оқушылар туралы айтайын. Солардың бірі Гүлбаршын Әлиева еді. Ол Алматыға барып, шет тілдері институтына түскен. Аталмыш оқу орнын бітіретін 1975 жылы өндірістік тәжірибеден өту үшін Матай стансасына жіберіледі. Жас қыз сол жерде ауыл бұзақыларының қолына түсіп, қайғылы қазаға ұшырады. Одан кейінгі Рашид Бейсекеев болса Қарағанды кооператив институтын тамамдаған-тын. Содан Май ауданына келіп еңбек жолын бастады. 1990 жылы осындағы Май кеңшарында жұмысшылар кооперативінің төрағасы боп жүріп қайтыс болды. Енді Айгүл Жүнісоваға келейік. Ол мектепті бітірген соң Ермак ауданындағы Потанин кеңшарына барып еңбекке араласқан. Сонда әртүрлі жұмыс істеп жүріп, 1994 жылы өмірден озды. Ал мектептен шығарылған «Жас ұлан» ұйымы мүшелеріне келер болсақ, Сембай Құсайынов алдымен шоферлік курс бітірді. Сосын Ермактағы (қазіргі Ақсу – ред.) ферросплав зауытына жұмысшы боп орналасты. Сөйтті де осы мамандықта біржолата қалып қойды. Қазір сонда, сол Ақсуда тұрады. Саниял Мусин әрі жетім, әрі мүгедек бала еді. Мектептен шығарылған соң туысқандарын сағалап, Май ауданындағы Чапаев кеңшарына кеткен. Көпке дейін одан хабар-ошар болмады. Таяуда естідім, қазір ол Семей қаласында тұрады екен. Қайролла Кәженов туралы мағлұматым өте аз. Білетінім – ол қазір Екібастұз қаласында тұрады және сонда кенші болып жұмыс істейді. Арман осы сөздерді айтты да тағы үнсіз қалды. Мен де үнсізбін. Кейіпкеріміздің не ойлап отырғанын білмеймін, ал мені енді мүлде басқа сауалдар мазалай бастаған еді. Ол мәселен былайғы жұрттың: «Сөз-сөз, әңгіме-әңгіме ғой. Бірақ «Жас ұлан» ұйымының өмірде болғандығы құжат жүзінде дәлелденген бе? Ресми орындар оқиғаға қандай баға берген? Осыны айтыңыздаршы» десе қалай жауап береміз деген ой-тын. Әрине, бұл мәселе жөніндегі ісқағаз деректерінен біз мүлдем құралақан едік дейтіндей де жөніміз жоқ. 2002 жылғы Павлодарға келуге жиналған сапарымыздан жарты жыл бұрын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, мемлекеттік Орталық архив пен өзіміз сөз етіп отырған облыстағы мұрағаттар департаментінің басшыларына арнайы хат жолдап, журналистік зерттеу жүргізгенбіз. Сонда редакцияға Павлодар облыстық мұрағаттар қорының директоры Л.В.Шевелева мен археограф О.В.Бобрешеваның қолдары қойылып жолданған хат назарымызды өзіне бірден аудартқан. Бұл хабарламада 1969 жылы осы жерде «Жас ұлан» атты ұйымның болғаны, оның мүшелері №3 мектеп-интернат оқушылары екендігі айтылып, оларға тиісті орындар тарапынан қандай шара, жаза қолданылғандығы архивтегі Қ.З.Т.7. І. 1296. Б.7, 12; І. 1360. Б. 181, 183, 185; Қ. 51. Т.2. І. 341. Б.43, 47; І. 334. Б.22-23. Қ.31. Т.1. І. 429. Б. 271, 273, 351 санды құжаттарға сілтеме жасай отырып баяндалған. Демек, облыстық бұл мұрағат қорында «Жас ұлан» ұйымын айғақтайтын негіздемелер бар деген сөз. Ал ҰҚК архиві не дейді? Енді соған келейік. «Сіздердің бізге жолдаған №112 хаттарыңызға байланысты тиісті жұмыстар жүргізілді, – делінген аталмыш мекемеден редакцияға келген хабарламада. – Барынша көмектесу мақсатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық мұрағаты, ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаментінің мұрағатына сұрау салынды. Өкінішке қарай, хатта айтылған мәселелерге байланысты құжаттар бұл мекемелерде сақталынбапты. Алдағы кезде біздегі мұрағаттарда бар басқа істер бойынша көмек көрсетуге әзір екендігімізді білдіреміз. Құрметпен: бөлім бастығы, полковник Б.Қаптағаев». – Мұнда бір негіз бар болуы мүмкін, – деді жоғарыдағы хаттарға үңіліп отырған Арман. – Олай дейтінім, еліміз тәуелсіздік алған соң 1992 жылдың қыркүйек айында мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облыстық басқармасының бастығы, генерал-майор Е.І.Мұсабаевқа кіріп, жағдайымды айттым. Сонда ол кісі қарамағындағы қызметкерлеріне тапсырма беріп, бұл істі анықтауға ерекше мүдделілік танытқаны бар. Бірақ сонда анықталғанындай облыстық басқарма мұрағаттарындағы «Жас ұлан» ұйымының ісі жойылып жіберіліпті. – МҚК-нің (КГБ) кәмелет жасына жетпеген мектеп оқушыларының ісімен айналысуға заң жүзінде құқықтары жоқ еді. Жауапкершілікті өздері мойындарына алған ғой, – деді тәуелсіз Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генералы. Оның сөзін шындық деп білемін. …Қылқандай өндір шағында «Жас ұлан» атты ұйым құрып, тағдыры 15 жыл бойы тәлкекке түскен, бірақ соның өзінде мойымай, кісілік келбетін сақтап қалған қайсар қазақ жігіті Арман Қаниевтің өмір жолы, міне, осындай. 1985 жылдан бері де оның күрескерлік рухы бір сәтке бәсеңдеген емес. Оған біздің кейіпкеріміздің 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында жергілікті жастарды Павлодардағы орталық алаңға шығаруға әрекеттенуі, 1989 жылдың ақпанындағы «Невада-Семей» хабары естілгенде Орталық әмбебап дүкені (ЦУМ) алдында тапжылмай тұрып 5 мыңға жуық қол жинауы, 1990 жылғы «Азат» қозғалысы өмірге келгенде оның облыстық бөлімшесін құруға атсалысуы анық дәлел. Атақты Жаяу Мұсаның жиеншары ол содан бері де сол белсенді өмірлік бағдарынан жаңылған емес. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының «Ертіс дидары» газетінде жұмыс істейді. «Жұмыс істейді…» деу, әрине, айтуға ғана оңай. Олай дейтін себебіміз, аталмыш басылымға «әке-көке» деп демеуші іздейтін де, оны жанын жалдап жүріп шығарып, табанынан таусылып тарататын да бір өзі. Бұл оңай дейсіз бе? Тіптен де оңай емес.
Авторлық анықтама.
Мен Арман Қанимен Павлодар қаласында 2002 жылы кездескен едім. Содан бергі уақытта кейіпкеріміздің өмірінде қандай өзгерістер болды дейсіздер ғой. Айтайық. Біз барған екі-үш жылдан кейін ол тұрып жатқан «Казкрай» аймағындағы бәкене жерүйлер бұзылған. Сөйтіп, Арман 2005 жылы сол кездегі облыс әкімі Қ.Нұрпейісовтің қолынан үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алған. 2006 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, бұрынырақта шыққан «Ар алдында», «Тамшылар» өлең кітаптарына қоса «Жұлдызды тұман» (2008 ж), «Сен және мен» (2012 ж), «Үйлесім» (2014 ж) атты жыр жинақтарының жарық көруі де оның өміріндегі ерекше белес. Ол сондай-ақ 2013 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, 2016 жылы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты болған. Тәуелсіз Қазақ елінің нағыз патриоты, ұлтжанды азамат Арман Қани қазір Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры болып жұмыс істейді.
Арман – біздің замандасымыз. Бәріміз социализм, коммунистік қоғам деп аталған бір уақыт, бір кезең, бір дәуірдің перзентіміз. Оның бізден артықшылығы – өзі өмір сүрген сол жүйедегі ұлтымыз үшін өте қатерлі дерт – мәңгүрттік атты қауіпті құйтақандай балаң жүрегімен тым ерте сезе білгендігі. Сөйтіп, туған жерге, ана тілге, халықтық дәстүрге нигилистік көзқарас дендеп ене бастаған елімізге: «Есіңді жи!» деген сарындағы сақтандыру дабылы – «SOS» белгісін бергендігі. Әрине, өз әлінше, өз шама-шарқынша… Ал кейіпкеріміздің сол кездегі құрдастары біз ше? Өкінішке қарай… Сондықтан да қазір кейбіреулеріміз: «Сол кезден-ақ «күрескер» едік» деп көпіріп жүргендей емес, 1995 жылғы атақты өлеңінде ақын Ертай Ашықбаев айтқандай: Мен Жоғарғы Кеңестің Депутаты емеспін. Алып-ұшып астанаға келгенде, Машинамен қарсы алмайды мені ешкім.
Жазу-сызу – маған қонған бақ-талап. Дерсің бәлкім ал не жаздың мақтан-ақ. Әттең, әкем «халық жауы» болмапты, Жазар едім бір поэма ақтап ап. Қозы бақтым, үйрек бақтым, қаз бақтым, Ғашық болдым, таптым содан аздап мұң. Диссиденттік маған қайдан бұйырсын, Үкіметке қарсы өлең жазбаппын. Жаза қояр дерек таппай мүлде мен, Қиналамын жиналыста үндемен. Алматыдан ерте кетіп қалыппын, Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен. Брежнев, асылзадам, құрметтім. Сізді және Қонаевты үлгі еттім. Өкілімін ду қол соққан дүрмектің, Мен күріштің ішіндегі күрмекпін. Жиналыста көбеңсиді көңілім. Маған назар аудармайды көп інім. Жарыссөзде айта қалар ерлігі, Емге де жоқ, айхой, менің өмірім, – деген момақан ұрпақтың өкілі болғанымызды мойындауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда Арманның және ол жетекшілік еткен «Жас ұлан» ұйымы мүшелерінің сол кездегі іс-әрекеті ересек ағаларымыздың да қолынан келмеген дара, өзгеше тірлік болатын. Осыны ұмытпайық.АСТАНА
2366 рет
көрсетілді1
пікір