• Тұлға
  • 10 Қараша, 2010

Ұлттық дәстүрден бастау алған

жазушы Тұрысбек Сәукетаев жайлы сыр шертсек

Әдетте біз заман өзгерді, жазар тақырып та, жазу да өзгеру керек деп жатамыз. Шындығында, әр уақыттың өз ырғағына сай сандық өзгеріс болатындығын және оның жан-жағына қарап, яғни ықпалына қарай өсіп-өркендеп, дамып жататындығын да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ нағыз ұлттық қуат беретін арнадан ауытқып бара жатқанымызға аса көңіл бөле бермейтіндігіміз тағы бар. Осы жағынан келгенде, әсіресе, соңғы буындардың небір сорақылық сөз құрамдарын, ой нақыштарының өресіне көз жіберіп алатын жазушы інілеріміздің сәтті шығармаларына көңіліміз тойып, бір жасап қалатынымыз ақиқат. Бірақ олар да сиреп барады.

Бүгінгі таңда соның бәрін бір-ақ есепке жатқызып өте шығар болсақ, ол өзімізге соншалықты ыңғайсыз болары хақ. Және ол кешірілмес қателікке ұрындырары да анық. Сондай бір жазушылардың біреуін әңгіме етпекпіз. Осы уақытқа дейін проза саласының ащы сынынан өтіп, бүгіндері егделіктің ел ағалық дәрежесіне көтеріліп, көптеген тамаша әңгіме-повестер туындатқан ініміздің бірі Тұрысбек Сәукетаев еді. Мен бұл жазушының ертеректе бір повесін оқығанмын. Сол повесті оқып шығып, өз-өзімнен таңғалғаным бар. Оқылуы тамаша. Ішіндегі уақиғасы да өзіме етене жақын, ет-бауырымды елжіретіп алып барады. Содан кейін өз ой безбеніме салып көрсем, бұл жазушының бойында өзгелерге ұқсамайтын бір қасиет бар екендігін аңғардым. Ал шығармасының сарыны да бірқалыпты әдемі жазылған әрі сондай тартымды да. Енді мен мұның ерекшелігі неде болды екен деп ойланам ғой баяғы. Сондағы менің санама тұтып қалғаным, әкелі-балалы адамның арасындағы сыйластық. Өсе келе баласы ескі әдетше, әкесінің алдында арақ ішпей әдеп сақтайды. Тек қана арақ ішпеу емес, басқа да өзіміздің әдет-ғұрып дәстүріміздің төңірегіндегі қағидалы ұлағатты сақтап қалған саналы баланың іс-әрекеттері шектен шықпай, өз ағысымен жүріп жатқандай әсер тастауы екен. Жоғарғы менің жан дүниеме жақын тартқызған қасиеті сол екен. Мұндай әдептілік дәстүрін сақтап жазу сол кездің өзінде көп ескеріле бермейтіндей еді. Демек, біз қызды-қыздымен өз дәстүрімізден мақрұмдана бастаған шағымыз болар. Сол ой маған кейін де үстемдік жасатты. Сонда барып осы жазушы інімнің жазған осы шығармасының арқауына көзім жеткен. Тұрысбек – бүгіндері талай повес­тер мен әңгімелердің һәм роман­дардың авторы. Уақыт өз дегенін жасап, ұлы өз­герістерге алып келді. Бірақ Тұрысбектің жазуындағы өзіндік тартымдылық пен салмақтылықтың өлшемі қалай болды екен деген ой мені көптен бері толғантып жүрген болатын. Кезінде мен бұл жігіттің кешегі 1986 жылғы Желтоқсан уақиғасына құрылған тамаша романына да көз салып өткен болатынмын. Оның да өзіндік бет-бейнесі ғажап екен. Және сол Желтоқсан өңіріндегі қасіретті уақиғаның желісін әлсіретіп алмай, биіктен көрсете білгеніне ырза болғаным бар. Әрине, оның ішінде әттеген-ай жерлері де жоқ емес. Ал бүгін мен бұл жазушының кешегі ашаршылық төңірегіндегі «Құзғын тойған қыс» повесіне тоқталып өтпекпін. Мұнда да әбден ысылған жазушының уақиғаның құрылымына, жасаған шеберлігіне тәнті болдым. Және оның өне бойы жинақылық пен жандандырудың арқауында қарапайым да шынайы іс-қылықтардың қысылып-қымтырылмай байсалды айтылып, сенім мен сезімнің ұштығынан шығып, өз үдесінен шығуы мені қатты разы етті. Шындығында, бұл жазушының қай шығармасын алмайық, сол шы­ғарманың, ол, мейлі, шағын әңгіме жанры не повесть болсын немесе роман болсын, үнемі өн бойында халықтық салт-дәстүрдің бір ұштығы шаң беріп жататындығы бар. Міне, менің алдымда «Құзғын той­ған қыс», бұнда негізінен кешегі төбе құйқамызды шымырлатқан ашар­шылық әңгіме болады. Осын­дағы уақиғаның төрінде кешегі елді тоздырту үшін жасаған Кеңес өкіметінің бір тәсілі, сауатсыз Әубәкірлердің өз елінің жақсы-жаманының төбесіне әңгір таяқ ой­натқаны, екінші жағындағы кейіпкер бір кездегі байдың айтал­тақ баласы болған Нұрбектің ақ­көзденбей елдің ағымында адалдық төңірегінде азапты күй кешуі, ақыр соңында жан дегенде жалғыз баласын да асырай алмайтын күй кешіп, сенделіп қалуы әдемі су­реттеледі. Өзінің бар байлығынан қалған Ақтұйғын атты сәйгүлігінің ұжымдастыру салдарынан ортаға салынып, ертеңіне Әубәкірдей шолақ ақыл жанның астына түсіп, ақыр соңында ыңыршағы айналып жан тапсыруы, ал өздерін асырап жүрген заттықтан алдына жан салмайтын Ұшар атты тазысының ақыр соңында қолды болып кеткенше, бір үйлі жанды асыраған – осының бәрі де әдептен аспаған адалдық қалыптың бұзылмағандығын көрсетеді. Нұрбек пен Әубәкірдің арасындағы өлшемді автор соншалық шынайы көрсете білген. Және Нұрбек сияқты бай баласының мүсәпір халге түсіп, Әубәкір сияқты шолақ белсендінің төбеге шығуы соншалықты әсіреқызылсыз өмірдің өз көрінісін ақырындай баяндап алдымызға тартады. Яғни байсалды да бағдарлы прозаның салмағын айқайлатпай, бірде тұқыртып, бірде еліртпей, еңселі ойдың тұтас қалпын көз алдыңнан өткізіп, жантүршігерлік уақиғаның ұзын-ырға желісіне ертіп отырып, өзіңді де сол ортада жүргендей сезіндіріп, ішіңдегі жанайқайыңды, жүйкеңдегі жұлын құртты, санаңдағы сыздықтаған сәуле себезіне қол қойдыртып, қоңыр өмірдің көлеңкесіне өзіңді салып, салиқалы қа­лыптағы ортаға тап болғандай шежіре шертесің. «Қаңтардың қарға адым күні қиялай барып қыбыладан үңірейе төнген көксүңгі шыңның ұшында алтын жамбыдай ілініп тұр. Тиіп-қашып терістіктен тіріле бастаған «Қызыл шұнақ» ызғырық, түрт шайтаны ұстап, әлдебір ойранды бастап жібергісі келіп тұр ма, ұлпа қардың үстінде ақ құйрығын арлы-берлі бұлғап-бұлғап қояды. Кеңірдектен қарға қылқынған түп-түп ши мен селдірей өскен тобылғы, жыңғыл кебін жамылып серейіп-серейіп жатқан дөң-жоталардың басында жоқтау айтып тұрғандай, уілдей сыңсып, онсыз да жүдеу даланың сұрқын одан сайын қашыра түседі». Осы көріністердің арасына енді сол кезеңдегі күнделікті тірліктің, яғни ашаршылықтың түйткілдерін сыйыс­тырып көріңіз. Жоғарыда айтылған көріністің түп қазығы қайда барып тірелмек? Уақиға өресіндегі байсалдылық байламы тек мұнымен шектелмей, шиеленіскен түйіндерін көркемдік ой-жүйесіне тіреп апарып, көркемдік емес-ау, көлеңкесіз өмір шындығының діңіне діңкелетіп іліп қойғанын көреміз. Болмаса өзін құрбандыққа шалып, қолындағы шешесінен қалған жалғыз асыл білезікті жиен қарындасына ең болмаса сендер аман қалыңдаршы дегендей тастап кетуі нағыз қазақи адамгершіліктің тұғырлы тұтқасы емес пе. Ал ол білезікті орталыққа апарып, азғантай арпа дәніне айыр­бастаған Нұрбектің жары Зейнеп үйіне қайта оралмай, жолда бір қор­қау шалдың қолынан қаза табады. Мұны біз трагедияның нағыз шырқау шыңы демеуге хақымыз жоқ. «...Ескі қораның табалдыры­ғы­нан аттай берді де, екі көзі атыз­дай болып, шалқасынан түсе жаздады. Өліктің жанында ұзынынан сұлап еңгезердей біреу жатыр. Күні бойғы тәтті үміттен оп-оңай айы­рылып қалғанына көнгісі кел­мей, бет-аузын жүн қаптаған ұйпа-тұйпа басты қасқырға қанша ұқ­сат­қысы кеп емексітсе де ұқсар емес. Кісі дегенде, бөтен біреу болса екен-ау. Күнде көріп жүрген Қазидың өзі... Сөйтіп, қайтсем тірі қалам деп жанталасқаны болмаса, жан адамға қиянаты жоқ Қази байғұс шеңгелінен қан сорғалаған қарақшы сияқты қолына тас қып пышақ ұстаған күйі қара жердің қойнына кетті. Қазір өлген де, өлгенді көрген де түк емес қой. Тек осы бір ерсі жай тағдырдың қиянатындай көпке дейін дық болып, көңіліңде тұрып қалғаны...» Бұл – жазушы тұжырымы. Бір қызығы, жазушының алған объ­ектісінде бірде-бір жалғандық жоқ. Бәрі де шетінен қарапайым адамдардың қияпаты. Мұнда тек қана Әубәкір сияқты танауына биліктің иісі жаңа жеткен жел көкіректер мен соларды желіктіріп, қолтығына су бүркіп, еліртіп ұстайтын сатыланған биіктік. Соның ұшар басындағы Николай Искаковичтер ғана. Оның ар жағында кім тұр? Гәп осында. Сол ауылдағы ақкөзденген Әубәкірлердің өз айналасына жасаған қиянатының түп тамыры барып, өрге өрлей береді. Соларды еліртіп әкеліп, елдің есін тандырған жандайшаптарының зиянкестендірген зардабы әлі күнге дейін ел есінде мәңгі ұмытылмақ емес. Және бір шошитынымыз, ол бүгінгі таңға дейін қалыптасып кеткен сынды. Біз бұл автордың осы шығарма­сы­­нан ұғып, көңілге түйгеніміздің өзі аз жүк емес сияқты. Біріншіден, бұл ашаршылық тақырыбында талай шы­ғар­малар жазылғанмен, мына шығар­маның жөні бөлек. Өйткені мұнда әрбір тағдыр өз орнында жазаланады. Және есе қайтудан не қайтарудан емес, нағыз өмір шындығындағы таза болмыстың тауқыметі. Екіншіден, әрбір тараулардың өлім жөніндегі тұжырымдары бір-біріне ұқсамай­тындығы, әрқилы жайда болғанмен азапты өмірдің ішкі астарындағы қасірет-қайғының бө­лекше шешім табатындығы. Мысалы, Зейнептің нағашысының өлімі, Зейнептің өз өлімі, Қазидың өлімі, тағы сол сияқтылар. Олардың әрқайсысы­ның ажал нұсқаларының мән-ма­ғынасының өзі бір-біріне ұқса­майды. Ал ел солай қырылып жатқанда, содан ләззат алатындай Әубәкірлердің керек десе астындағы көлігіне дейін арпа жегізіп қойған тағдырдың тәлке­гіне не демекпіз. Екіншіден, жазушы тілінің соншалықты дәл де жинақы, ұтымды да ұтырлы, көркем де көріпкелдікпен әрбір детальды анықтап, шынайы да нанымды беруі қандай жарасымды шыққан. Үшіншіден, бұл повестің тағы бір ерекшелігі, уақиғаның өн бойынан сонау сол кездегі Мәскеудегі қатыгез көсемдердің ызғары есіп тұрғандай әсер етеді, бірақ жасалып жатқан қиянаттың алмас қылышы бүкіл Қазақстанда ой­нақтап еркін жүргендей, тіпті әрбірден соң мұндағы момын елдің бірін-біріне жегізіп қоюы бұрын-соңды болмаған масқара жайдың бетпердесін ашып, соның шежіре жүзін жан дүниесімен астырмай-тастырмай әдемі суреттеп берген. Автордың шеберлігінде де біздің халықтан шыққан әрбір адамның санасына қанымен сіңген ұстамдылығы, ұрдажықтығы, өзінен зор шықса ығып жүре беретіндігін, өзгеден көрмей өзіне ұмтылатын ашкөздік арсыздығы тұтас-тұтас қамтылған. Оларға былайынша кешіріммен қарағанмен, сол қасіреттің түп атасының өзі сол кешірімпаздықта жатқанынан азап шегіп жүргендігі толық қамтылған. Жазушы Тұрысбектің ашаршы­лықты оқырман алдына тиянақтап беріп, жазуына да сол себеп болған шығар. Бас-аяғы тоқсан беттік «Құзғын тойған қыс» повесіндегі адам жанын солқылдақ шыбықпен шаптап отырып, қан тамырыңды солқылдата соқтырып оқыттыратын мұндай шығармалар, сөз жоқ, тарих шежіресінің бір сабағы болып қаларында дау болмаса керек. Өзіндік байсалды байламы бар мұндай жазушыларымыздың да аракідік кезде­сіп отыратындығы да бізді қатты қуантады. Сейфолла Оспан, ақын

3791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы