• Тарих
  • 14 Наурыз, 2019

АРҚАДА ЕКІ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ?

Дозақтан өзгенің бәрін көрген қазақ ата-бабадан қалған құт мекені ойрандалып, ауылдар хуторлармен біріктіріліп, аты өзгеріп, өз тілінде тәлім-тәрбие алатын балабақша, мектептер, аудандық, облыстық газеттер жабылып, мәдениет ошақтары суалып, ұлттық рухтағы мәдени-тұрмыстық қызметтен мақұрым болған шақтарды бастан өткерген. Өткерген емес, атамекенде салт-сананы ұмытып, мәңгүртке айнала жаздап, бейшара күн кешкеніне айғақ-дәлел шаш етектен. Сан рет іссапарға барғанда олардың кей парасына сан рет куә болған шақтар әлі күнге көкейде көңірсиді. Айтпаспыз, айта алмаспыз, айттырмас деуші едік, міне, енді айтатын, айта алатын еркін заман, сөз бостандығына шек қоймайтын кез келді. Ендеше, солардың ішінен (жоғарыда айтқанымыздай) Совет өкіметі әне-міне құлау қарсаңында алыстағы Алексеев ауданына барған іссапар кезінде тікелей көз көріп, куә болған жайларды ғана қаузап, саралап көрсек те біраз нәрсе аңғарылар дейміз. Қоспасыз, қаз-қалпында, сапар барысында таныс-біліс болған (кей) азаматтардың аты-жөндерімен қоса, әлбетте. Әлқисса...

1990 жылғы жаз айларының бірінде «Парасат» журналының тапсырмасымен фототілші В.Мыльников (марқұм) екеуміз сол кездегі Целиноград (қазір Ақмола) облысының Алексеев (қазір Ақкөл) ауданына аттандық. Таңертең күн шығар алдында ұшақтан түстік те, бірден автовокзалға барып, аталмыш ауданға тартып кеттік. Алдын ала телефон соғып қойғандықтан, жеткен бойда бірден қонақүйден орын алып, жайғасып болысымен аупарткомге келдік. Ол кезде аупартком мен ауатком советі бірігіп, екеуі бір адамның қолына көшкен. Оларды басқаратын аса сыпайы, тәжірибелі, білімді, сұңғақ бойлы, қара торы, жылы жүзді жас қазақ жігіт екен. Жайдары қарсы алды. «Бізге тілшілер сирек келуші еді, қадамдарыңызға гүл бітсін» деп ақ жарылады. Жалма-жан ауатком председателінің бірінші орынбасары (Серік Оразбаев), аупарткомның идеология жөніндегі секретарын (Рақымғали) шақырып, бізді оларға, оларды бізге таныс­тырды. Сөз арасында осында Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанын айтып, ризалық білдірген бірінші секретарь аудан жағдайымен таныстырып шықты да: «Сіздерден жасыратын ештеңе жоқ, өздеріңіз де көріп-біліп, қаныға жатарсыздар, халық санының жартысынан астамы өз қандастарымыз болса да, аудан тарихында бірінші басшы болған қазақ мен ғана. Онан соң мына екі жігіт – тізгін ұстаушы осы үшеуміз. Ал енді жоспарларыңыз қалай, айта беріңіздер. Қайда барам десеңіздер де Серік бірге жүреді» деді ауатком председателінің бірінші орынбасарына қарап. Серік күлімсіреп, бас изеді. Аудан басқаратын үш қазақ басшы да иманжүзді, қызметтеріне лайық көрінді. – Біз әуелі бірыңғай қазақтар тұратын ауылға барсақ дейміз. Ел-жұртпен дидарласып, мәдени-тұрмыстық жағдайларымен танысып, суретке түсіру үшін. Бар ма сон­дай ауыл? Басқасын көре жатамыз, – дедім. Үш бастық ойланып қалды... – Секе, не дейсіз?– деді бірінші секретарь ауатком председателінің бірінші орынбасарына. Ол үшінші секретарьға қарады. Үшінші секретарь: – Ойланайық, – деді. – Ауылдар аз емес қой, бірақ... бәрі өзге ұлт өкілдерімен аралас емес пе? – Шетінен хутор боп кеткен ғой, – деді Серік. – Иә, қазір бірыңғай қазақтар тұратын ауыл жоқ-ау... Секең айтқандай, бәрі хутор боп кеткен, – деді бірінші секретарь да. – Бұрынғы қазақ ауылдарының тек жұрты қалған. Қираған үйінділер. Бірақ атаулары сақталған. Қалай еді, «Қыпшақ ауылы», «Үйсін ауылы», «Керей ауылы», «Шөмекей ауылы», «Жаппас ауылы», «Арғын ауылы», «Уақ ауылы»... кете береді. Баяғы ауылдарды қай рудың адамдары мекендесе, солардың атымен аталған екен ғой. Мәселен, біздегі «Қыпшақ» аулында Қажымұқан атамыз, генерал Сағадат Нұрмағамбетов, «Арғын аулында» Рақымжан Қошқарбаев, «Үйсін ауылында» Балуан Шолақ, «Керей» аулында Ғабит Мүсірепов туған деседі. Генерал Сағадат Нұрмағамбетов туған ауылына әр жыл сайын келіп, аунап-қунап қайтады. Жылына болмаса да, Рақымжан Қошқарбаев та сөйтеді. Сағадат ағамыздың бірге туған аға-інілері қайтыс боп, қазір көзі тірі апасы мен қарындасына келеді. Әрине, бәріміз күтіп алып, шығарып салып, қасында жүреміз. Ғажайып адам. Ал, Секе, не істейміз, қонақтарға бірыңғай қазақтар тұратын ауыл таба аламыз ба, жоқ па? Есіңе түсірші... – Есіме түсті, – деді еңсегей бойлы, толықтау денелі, сарғыш өңді, қалың қара шашы бұйраланыңқырап тұратын Серік жымың етіп. – Айт онда! – «Ерназар» ауылында бірыңғай қазақтар тұрады. Оншақты үй неміс бар еді, көбі көшіп кеткен. Қазір үш-төрт үй қалған шығар. Өздері қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жақсы біледі, қазақшаны қазақтан артық сөйлейді. ... Түстен кейін Серік бастап жолға шықтық. Орталықтан алыстау «Ерназар» ауылы үлкен жолдың бойында екен. Көше бойы тал, терек, үйеңкі, қайың ағаштары, шағындау арықта мөлдір су ағып жатыр. Бөлімше кеңсесіне таяу жерде маңдайшасына «клуб», «кітапхана» деп жазылған қос бірдей мекеме орналасқан еңселі ғимарат. Сәл әріде балабақша, монша, мектеп, шаштараз, сағат, етік жөндейтін шеберханалар. «Е, дәл біз іздегендей ауыл екен» дейміз. Бізді алдын ала хабарланған бөлімше меңгерушісі – жасы қырықтан асқан қара торы жігіт қар­сылап, кеңсеге бастады. Ішке кірген бойда: – Ал, добро пожаловать, жақсы жеттіңіздер ме? – деді. – Садитесь! Мына Сәкең сіздер келеді деп... Алматыдансыздар ғой... Біз осы Ерназарда тұрамыз... – деп гүр-гүр етті. – Әй, Бектас, бұл кісілер қазақша журналдан келіп отыр. Орысша араластырмай сөйле, – деді Серік бауырымыз. – Қазақша оқисыңдар ма? Газет-журнал келе ме? Меңгеруші күмілжіді. «Парасат» журналын білмейтініне кешірім сұраған болды. «Бұдан былай жазыламыз, аламыз» деп жатыр. Біздің міндет тың жердегі қазақ ауылының жай-жапсар, мәдени-тұрмыстық хал-ахуалын біліп, суретке түсіріп, журналда көрсету еді. Екі-үш күн ішінде біраз жай айқындалды. Бұл жерде оларды бас-басына тәптіштеп жатпай, әлі күнге көкейден өшпей, санада сақталған бірер жайды ортаға салып байқайық. Әңгіме тың игеруші қауым ішіндегі қазақтардың рухани деңгейі, ой-өрісі қай дәрежеде еді, сол жайында. Ауданда кіл қазақтар тұратын ауыл бар ма деп, жауап ретінде «Ерназар» аталғанда-ақ әлденеден секем алғандай едік. Себебі, сөз арасында «Ерназардың» не екенін басқа тұрмақ, аудан басшыларының өздері жөнді білмейтіні аңғарылған. Сондықтан, «Ерназар» деген не, адамның аты ма, әлде... деп сұрауға асықпай, әліптің артын күткенбіз. Міне, енді сәті келіп, бөлімше меңгерушісінен «ауылдың аты Ерназар болса, ол кім?» деп бірінші соны сұрадық. Меңгеруші мүдірді. Одан соң бірдеңені бүлдіріп алмайық деп бұл жайлы сөз қозғамай, сақ сөйлеуден бөлек лаж қалмады. «Ерназарда» тұрған не бар, біле жатармыз, бәйек боп жүрген ағайындарды ұялтпайық деп те ойладық. Сонда да арагідік әлдекімдерден әзіл-қалжың ретін­де сұрап жүрдік, ауылдарыңыздың аты Ерназар екен, ол кім, белгілі қайраткер ме, әлде, шопан ба деп. «Соған мән бермеппіз, әйтеуір, біз ес білгелі солай атайды ғой» деп, ешкім жөнді жауап айта алмады. Мақсат халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын саралау болған соң, мұндағылар мал ұстай ма, айран-сүт, ет, май, нан өздерінен бе деп те ойлаймыз ғой баяғы. Өйткені, дүкеннен қап-қап ұн, әр үйдің ауласынан кемі бес-алты жандық, бұзаулы сиыр, құлынды бие көргендіктен. Естігеніміз: «Ешкім бие сауып, қымыз ашытпайды, сиыр сауып айран-сүт, кілегей, қаймақ, құрт, май жасамайды, нан жаппайды, барлығын дүкеннен алады. Әр күні таңғы сағат алтыда ауданнан әкелетін қамды-қатала, күйелеш нанды таласып-тармасып бөліп алады. Жеткенге жетеді, жетпеген құр қалады. Қыс ұзақ, қатал. Қыста соғым сояды. Мал сол үшін ұсталады. Басқасына зауық жоқ. Жастар емес пе, қолдарынан келмейді» болды. Мәссаған! Үйіне кірсең шай деп сары суды сапырып ішіп, таң атар-атпаста ауданнан әкелетін дүкеннің шала піскен бөлке нанын қаужаңдап отыратын, қырықты қусырып, елуді еңсерген бала-шағалы пақырлар қолда барды ұқсата алмай, өздерін өздері ырзық-несібеден қағып отыратын жастар екен-міс! Пәлі! – Қымыз ашытатындар бар ма? – Бар, – деп жабылып қалған қазақ мектебінде мұғалым боп істеген зейнеткердің үйіне ертіп барып, қымыздан дәм таттық. Әрі, бір ауылда «Лениншіл жас» газеті мен «Парасат» журналын жаздырып алып оқитын да сол және тағы бір ақсақал ғана болып шықты. Қарияны ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін (әрі, үш-төрт пендеден сұрап, нақты жауап ала алмай аузымыз күйгендіктен) «Ерназар» жайлы айтқан жоқпыз. – Айраны бар үй бар ма?– дедік тағы бірде бөлімше меңгерушісіне. – Бар, – деп, бау-бақшаға малынған әсем ғимаратта тұратын – ол да зейнеткер – неміс ақсақалдың үйіне ертіп барды. Кемпірі екеуі ғана тұратын қутыңдаған неміс ақсақал бізді бірден төрге отырғызып, дастарқан жайды да, құрт, ірімшік, сары май, бауырсақ, айран, қымыз – бәрін төгіп тастады. Жаңа пісіп уылжыған жеміс-жидектер өзінше. Кемпірі екеуі шауып жүр. «Балалар бірі Мәскеу, бірі Целиноград, әрқайсысы әр жақта. Қазір Каролина екеуміз тұрамыз. 41-жылы жер ауып келгенде бізді аштықтан қазақтар аман алып қалды. Содан бері осындамыз. Атымыз неміс демесе, затымыз – қазақ. Ішіп-жейтініміз қазақ тағамдары: қазы, қарта, жал, жая, қымыз, айран, жент, бауырсақ, құйрық, бауыр. Көкөніс, жеміс-жидек те өзімізден. Бір таңғалатыным, қазақтар осылардың бәрінен өздерін өздері қағып, жадап-жүдеп жүреді, мына көршім төрт сиырының біреуін де саумай, бұзауларына емізеді» деп үй иесі неміс қария әп-сәтте біраз әңгіме тиегін ағытып тастады. Ал енді бір сәті түскен болар-ау деп көкейдегі сұрақтың шетін шығарып, үй иесіне: «Ерназар» деген не?» дедім. Бетіме сығырая қараған ол: «Не емес, кім де. Ерназар кәдімгі белгілі мемлекет қайраткері Елтай Ерназаров емес пе? Елтайын баяғыда алып тастап, Ерназар боп қалды ғой. Оны неге сұрадың?» деді саңқ етіп. «Жәй, әшейін» дей салдым. Ал шын мәнінде, тіпті де жәй емес, кі­тапханасында қазақша кітап жоқ, клубында қазақша шаралар өтпейтін осынау үлкен ауыл тұрғындарының Елтай Ерназаровты Ерназар деп, оның кім екенін білмейтіндері жақсылықтың нышаны емес-тін. Немесе, бұл сол шақ­тардағы тың игеру науқанынан рухани зардап шеккеніне көнбістікпен қарап, толеранттық танытудың тәтесі де, жәкесі де емес, көкесі болатын. Және бұған орыстанған Ерназар ауылы емес, Арқадағы алты-жеті облыста тұратын қара ормандай найшасы пәс – қазақтарды кінәлі деуге де болмас еді. Компартияның ұранымен жан-жақтан құмырсқадай қаптап келген тың игерушілер туралы да солай. Алайда олардың келген бойда ел мен жер иесі қазақтарды менсінбей, ана қыр, мына қыр астындағы ауылдарды өздері орнатқан не бұрыннан бар хуторларға күштеп қосып, атамекенді ойрандап, «бір ел, бір жұрт», еткені күні кешегі өктемдік, зорлық зардабы екенін көзімізбен көрген сұрқай сүргін, ақырет іспетті ақиқат еді. Иә, көзбен көрген, куә болған. Өзіміз. Сан рет. Жоғарыда айтқанымыздай, әлдебір Алексеевтің атымен аталған аудан тұрғындарының тең жарымынан астамы қазақтар екен. Соған қарамай, астық өсіретін он бір совхоздың бір-екеуінен басқаларының басшысы келімсектерден қойылыпты. Бөлімшелер болса-болмаса. «Жол мұраты – жету» дегендей, алыстан әдейілеп ат терлетіп келген соң, жолбасшымыз Серік Оразбаевпен бірге төрт-бес күн бойы басқа да біраз шаруашылықты аралап жүрген шақтарда даладағы иесі жоқ, қиранды үйінділері қалған ондаған, жүздеген қазақ ауылдарының орнына жайбарақат қарау мүмкін емес. Сондай шақтарда бізге жолбасшы боп, сырттай сыр бермей, бір қарағанда, жайраң қағып жүретін Серік бауырымыздың да іш дерті ішінде екен. Тұрғындары орыс хуторларына көшіріліп, ойраны шыққан қазақтар тұрған ежелгі атамекеннің қай-қайсысының да жанынан өткенде Серік машинаны тоқтатып, аруақтарға бағыштап құран оқып, бет сипап жүрдік. Аупарткомның бірінші секретары әрі ауатком Советінің председателі бізбен алғаш жолыққанда айтқан ру аттарымен аталатын «Қыпшақ ауылы», «Шөмекей ауылы», «Үйсін ауылы», «Жаппас ауылы», «Керей», «Уақ ауылы» дейтіндердің бәрінің жермен-жексен болған орнын көріп, қандай күйге түскенімізді айтып жеткізу қиын. Және бұл есте жоқ ескі замандардағы ертегі-әфсана емес, біраз жыл қатарынан миллиард пұт астық беріп, соған мәз болған тың игеру деген науқанның қазақты жерге қаратып, пұшайман еткенінің көрінісі болатын. – Анау менің ата-бабамның жұрты, – деді Серік келесі бір қиранды мекеннің тұсынан өтіп бара жатқанда. Көлікті тоқтатып, дұға оқыды. Айнала кең жазық, сусылдап өсіп тұрған астық алқабы. – Тұрғындарды Ерофей хуторына көшірген. Ерофейде жасайтын халықтың үштен екісі қазақ. Сонда барамыз ба? Көресіздер ме? – Барайық. Октябрь революциясынан бұрын пайда болып, әлдебір мұжықтың атымен аталатын – қазақша айтсақ – Ерофей ауылы тұрғындарының басым бөлігі – қазақтар. Бірақ шетінен балабақшада орысша тәрбиеленіп, мектепте орысша білім алатын, үйде де, түзде де сол тілде сөйлесетін, қазақша ән, күй, музыка, кітап, газет-журналдан мақұрым пақырлар. Соған қарамай, клуб пен кітапхана меңгерушілері қазақ келіншектер екен. Екеуі де иманжүзді, ұяң, ұлттық құндылықтарды көздің қара­шы­ғындай сақтап қана қоймай, дүрілдете қанат жайдыруға құмбыл, оған мүм­кіндіктері де жететін мамандар болған­мен, қайтерсің, қол қысқа, ерік жоқ. Кітап­ханада бірлі-жарым саяси брошюра, әдістемеден бөлек, қазақ тіліндегі кі­таптар жоққа тән. Барларының өзі атам­за­мандағы ескіріп, жыртылып, тозған кітаптар. Оқитын пенде болмаған соң, сол кітаптардың өзін ешкім алмайды екен. Газет-журналдарды атама. Клуб мең­герушісі біздің қолқалауымызбен бір қазақ әнін бұзып-жарып зорға айтты. Екеуі де мұңды. Қабақтарында кірбің бар. Іштей ойламайды, қайғырмайды дейсің бе? Алексеев ауданына барған осы сапарда бірқатар (ұлты басқа) совхоз директоры, партком секретарларымен де дидарласып, үйлерінде қонақ болып әңгімелестік. Қалай дегенмен, біз де, олар да бір мемлекетте өмір сүретіндіктен, қоғам ауанымен санасамыз, міндеттіміз. Бүгінгі айтып отырғанды ол кезде айту қаперде жоқ, бола қалғанда да іштен тынып, білдірмей, сақ жүру керек. Талап солай. Совет өкіметінің талабы. Ортақ талап. Толеранттық өзінше (көнбей көр). Қазақтың небір айтулы тұлғалары өмірге келген сулы, нулы, адым сайын­ қайың, қарағайлы орман, көлдері қисапсыз аумақты аудандағы жалғыз қазақ орта мектепке де барып, өзі де, әйелі де өнерлі, көзі ашық, ұлтжанды директордың үйінде болып, ерлі-зайыптылардың құйқылжыта шырқаған әндерін тыңдадық, әңгіме-дүкен құрдық. Осы совхоздан бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс» журналына жиі-жиі мақала жолдайтын штаттан тыс тілші Қарпықбаевпен кездестік. Сонда бір білгеніміз, жалғыз қазақ орта мектебінде оқитын шәкірттер саны мардымсыз, біраз ата-аналар балаларын көрші шаруашылықтағы орыс мектебіне бергенді қалайды екен. Міне, идеология! Орысша оқымасаң, адам болмайсыңның сиқы. Ел иесі, жер иесі кім екеніне мән беруге шек қойылған бейшаралық. Қазір ойлайсың, егер сол бетпен кете бергенде не болар еді деп. Және бұл бір аудан. Тың өлкесіне қарайтын алты-жеті облыста дәл сондай қаншама ауыл, аудандар болды, бажайлай бер. Және сол аймақтардан шыққан бәзбір (алматылық) мықтылардың (біз көргендей) ойран болған атамекеннің ахуал­ын ойлаудың орнына, республикалық деңгейде бірлі-жарым атқа мінген қа­зақтар жайлы өсек-аяң қоздатудан қол­дары босамағаны өте жиіркенішті... Есесіне, бар шаруасы Қонаев боп, оның орнына Колбин келуін жиырма бес жыл күткен шерменделер шерлі шежіре жазып тұлданбады ма?.. Төрт-бес күндік сапар аяқталып, аупарткомның бірінші секретарының кабинетінде көрген-білгендер айналасында әңгімелесіп отырғанда, кенет есік ашылып, орта бойлы, толықтау, бұйра шашты, көздері өткір, келісті де көркем жігіт кіріп келді де, кабинет иесінен кешірім сұрап, бізбен амандасқан соң: – «Парасат» журналынан келген сіздерсіздер ме? – деді фототілші В.Мыльников екеумізге күлімдей қарап. Даусында әлденеге абыржу, толқу бар. – Иә, – дедік оған. – Айта беріңіз. – Бұл жігіт аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, есімі Әужан, – деді бізбен бірнеше күн бірге жүргенде етене жақын болып қалған Серік. Сөйтті де: «Не шаруа, айта бер» деді Әужанға қарап. – Бұл кісілердің келгенін естіп, екі-үш күннен бері тосып жүр едім. Сөйлесуім керек. Сіздер әңгімелесе беріңіздер. Мен дәлізде күте тұрайын, – деген Әужан кабинеттен шығып кетті. – Қазақ десе шығарға жаны жоқ жігіт, – деді аупарткомның бірінші секретары ол кетісімен. – Шамасы, сіздерге бірдеңе айтатын сыңайы бар секілді, тыңдап көріңіздер, не дер екен. – Арыз болмаса бопты да, – деп Серік мырс етті. – Жоқ, ол ондай емес, – деді бірінші секретарь. – Қалжың ғой, – деді Серік. Біраздан кейін, жанымызда Серік бар, дәлізге шығып, Әужанмен жолықтық. Ол жақын жердегі кеңсесіне шақырып, сонда кеңірек әңгімелесейік деді. «Секе, менің айтарымның сізге де қатысы бар, бірге жүрсеңіз жақсы болар еді» деп те қойды Серікке қарап. – Ал, бастай бер онда. – Уақыттарыңызды алмай, сіздерге төтесін айтайын. Пәлен жердегі пәлен ауылдың тұрғындары, – деп бір елді мекенді атады да, – қазақша бастауыш мектеп ашайық десек, келісетін түрлері жоқ. Естіп жатырмыз, Ерназар аулының адамдарын қазақша балабақша ашуға көндіріп, ондағылар қарсы емеспіз деп қол қойған шешімін әкеп берді. Енді құдай үшін анау ауылдан бастауыш мектеп ашуға жәрдемдесіңіздерші. Ол үшін осы қазір бәріміз сонда барып мәжіліс өткізейік. Сіздер сөйлеңіздер, сонда олар келіседі. Ал керек болса! Мен Серікке қарадым. Ол жымиып күлді де, телефон тұтқасын көтеріп, бірінші секретармен хабарласты. Ол бірден келіссе керек, Серік: «Жарайды, барамыз» деді. Оқу бөлімінің меңгерушісі Әужанның (есімін қате айтсам, кешірім өтінемін, Әужан әкесінің аты болуы да мүмкін) айтқандары дұрыс. Ерназар аулында екі күн болуымыздың себебі, ауыл тұрғындарының басым бөлігі қазақша бала­бақша ашуға келіспей, бұра тартып жүреді екен, бес-алты ақсақалды жина­лыста сөйлетіп, өзіміз де тіліміз жеткенше айтып, көпшілікті әрең идіріп, шешім қабылдап, келісеміз деп қол қойдыр­ғанымыз рас еді. Міне, енді соған ұқсас тағы бір мәселе алдан шығып отыр. Ат аунаған жерде түк қалсын, тәуекел (дестік). Әужан өзі білетін адамдарға алдын ала хабарлап қойса керек, біз барғанда жұрт шағын клубқа жиналып, күтіп отыр екен. Бірінші сөйлеген Серік «Парасат» журналы дей бергені сол еді, әр тұстан «білеміз, білеміз» деген дауыстар естіліп, жұрттың назары Мыльников екеумізге ауды. Мұндайда іштегіні айтпай біліп, қамшы салдырмайтын Мыльников ұшып тұрды да, отырған жұртты сырт-сырт суретке түсіре бастады. Көңілденген көпшілік менің «ақыл-насихатымды» да ықыласпен тыңдап, қазақша бастауыш класс ашуға келісеміз деп қолдарын көтерді. Шешім қатталып, қағазға түсті. Қол қойылды. Әужанның қуанышында шек жоқ. Қайта-қайта рақмет айтып, «осылай болар деп сенген соң ғой сіздерді кешеден бері күткенім» деп жарқын-жарқын күледі. Сол аралықта жолбасшымыз Серік бұл жаңалықты аупарткомның бірінші секретарына да хабарлап үлгеріпті. Ертеңіне ауданға аттандық. Тағы да аупарткомның бірінші секретарының кабинетінде бас қостық. Мыльников екеуміз, Серік және Әужан. – Облпарткомға телефон соғып, сіздерге қонақүйден люкс әзірлетіп қойдым. Қашан барсаңыздар да дайын. Бәлкім, ауданда әлі де бола тұрарсыздар, – деді бірінші секретарь. Менің мұндағы шаруа біткен соң айтармын деп жүрген өтінішім бар еді, соны айттым: – Сағадат Нұрмағамбетов жыл сайын келіп тұратын ауылды көрсек, ет жақын­да­рымен сөйлессек, суретке түсірсек, бәлкім, журналда жариялармыз, – деп. – Е, ол қиын емес, – деген бірінші секретарь қолма-қол әлдекімге телефон соқты. – Жарайды, апайға хабарла, оның үйіне қонақтарды өзің бастап бар, – деп шегелеп тапсырды. – «Қыпшақ ауылының» бұрынғы орнын көрдіңіз ғой. Қазір баратынымыз басқа жер, яғни, совхоз орталығы, қыпшақтар сонда тұрады. Батыр ағамыздың апайы да сонда. Аудан орталығында тұратын туған ағасы қайтыс болған, – деді Серік. Сөйтіп, түске таман Кеңес Одағының Батыры, өзіміздің Орта Азия соғыс округінде басшы қызмет істейтін сергек те сезімтал, елгезек, ширақ, қазақ әде­биетін бір кісідей оқып, жақсы білетін, Жеңісті Берлинде бірге қарсы алған майдандас досы, «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішев пен бөлім бастығы Жекен Жұмақановқа (редакцияға) жиі келіп жүретін қазақтың самдағай перзенттерінің бірі Сағадат Нұрмағамбетовтың әр жыл сайын арнайы ат басын бұрып, туған жер ауасын жұтып қайтатын мекені – туған апайы тұратын совхозға табан тіредік. Кіл еңселі, ажарлы, айбынды, кесек бітімді азаматтар. Араларында өзге ұлт өкіл­дері жоқ есебі. «Е-е-е!» деп еңсе жаз­ғандай болдық. Солайы солай болғанмен, көңілге сәл кірбің түсірген нәрсе – Қажымұқан мен Сағадаттың ұрпақтары бізбен де, бір-бірімен де өзара қысылып-қымтырылмастан орысша сөйлесіп отырды. Тек Сағадаттың апайы болмаса, басқалар салт па, әдет пе, әлде еттері өліп, көнтері боп кеткен бе, бәрі бөтен тілде шүлдірледі. Айттық қой қазақ тілін білмесе бірсәрі деп. Олай емес, ана тілге шеттерінен ағып тұр. «Бізде солай» деді Серік екіұштылау етіп. Бұлар, тіпті, орыс тұрмақ, гагауз, эвенки, хакас, шүршітше сөйлей ме, ол уақытта ешкім пәлен демейді, заман солай еді ғой. Оған қоса, құқ та, құлық та жоқ. Мұнда келу себебіміз, Сағадат Нұрма­ғам­бетовтің туған жерге жыл сайын арнайы ат басын бұрып, түсетін үйі, ет жақын тума-туыстарын көру, танысу. Мақсат орындалды. Сағадаттың бірге туған апайының үйіне барып, ашық-жар­қын әңгімелестік. Өрен-жарандарын фото­суретке түсірдік. Батырдың апайы қазақ­тың қонақжайлық дәстүрі бойынша мал сойдырып, қазан көтерді. Сәті түссе, Ал­ма­тыдағы бауырыңызға айта барамыз дестік (кейін солай еттік, журналға да жазылды). Сөз басында бұл өз басымның Алексеев ауданына үшінші рет жолым түсуі екенін айтқанмын. Қазір ойлап отыр­сам, «Мәдениет және тұрмыста» қалыптасқан дағды бойынша, әр айда кемі үш қызметкер алыс облыс, аудандарға барып, су жаңа материал жазбаса болмайтын. Соған орай, біз бармаған жер, баспаған тау жоқ. Ұлан-байтақ өлкедегі кей ауданға бір не екі, тіпті, үш реттен сапарға шығу үйреншікті нәрсе болатын. Мәселен, менің осы (Целиноград) облыстың Шортанды, Макин, Қорғалжын, т.б. аудандары мен Жолымбет кенішіне де әлденеше рет жолым түскен. Сонау жер түбіндегі (ол кезде аудан) Маңғыстау, Семей облысындағы Абай, Шығыс Қазақтандағы Самар, Талдықорған облы­сындағы Алакөл аудандарына да кемі үш реттен барғаным есте. Халыққа кеңінен танылып, тиражы жарты миллион болған «Мәдениет және тұрмыс» журналының арқасы еді-ау, шіркін, соның бәрі!.. Міне, үшінші рет келген Алексеев ауданындағы іссапар аяқталып, сол кездегі Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші секретары Н.Назарбаевтың себі ме, осы аудан тарихында құдай жарылқап тұңғыш рет тізгін ұстаған қандасымыз және оның үзеңгілес серіктестерімен қоштасуға жиналдық. – Мен бұл жерге бірінші рет келгенде ауданның сырт көрінісі де, ішкі жай-жапсар да бүгінгіден көп төмен болатын, – дедім аупарткомдағы әңгіме үстінде. – Бүкіл ауданда ауатком председателінің бірінші орынбасары, біреу де болса бірегей, сұсты, айбынды, іскерлігі бірден аңғарылатын, тыңгерлерді бір шыбықпен айдайтын еңсегей бойлы, қызыл шырайлы, батыр болмысты жалғыз қазақ азаматын көргенмін. Қазір бәрі өзгерген, жаңарған. Аудан орталығы да, совхоздар да көркейіп, гүлденіп, оқтай түзу асфальт көшелер, зәулім ғимараттар пайда болыпты. Сіздерге алда да табыстар тілеймін. Аман-сау болыңыздар, – деп аупартком басшысы ұсынған жеңіл көлікпен облыс орталығына (Целиноград) аттандық. Жақсы көңіл-күй, үлкен ризалықпен, әрине. Солай ойлаушы едім. Ойлап келдім. Бертінге дейін. Бірақ сол жолы біз қайда бардық, не сездік, не байқадық, не түйдік, не көрдік, шынымен-ақ бәрі керемет пе еді? О, жоқ! Жоқ!.. Қазір ойласақ... Сол жолы... Қираған мәдениет ошақтары, кері кеткен мәдени-тұрмыстық қызмет, жаппай орыс хуторларына қосылған қазақ ауылдар, жаппай рухани құлдырау, рухани жүдеу, сан жағынан көп болса да қызыл империяның тегеурінінен пәпігі басылып, жасып қалған, ана тілде жұмыс істейтін балабақша мен мектепті қажет етпеуге айналған қандастар, пұшаймандық халін білдіргісі келмейтін «менің де күнім күн еместің» кебін киген ел басшылары, бір сөзбен айтқанда, жоғарыда баяндал­ған­дай көз алдауға таптырмас тасырлық, құлмінездік елестер ғана еді-ау көріп-біліп, куә болғандарымыз.

Зәкір АСАБАЕВ

1137 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы