• Тарих
  • 24 Қараша, 2010

«Әдебиетті оқытпау – шәкірт алдындағы ауыр қылмыс!»

d0bad0b0d0bdd0b8d0bfd0b0Мереке сайын құшағы гүлге толады. Ал үйіне құттықтау қоңыраулар мен ұялы телефонына елдің түкпір-түкпірінен «Аңыз-апа, аман жүріңізші!», «Ұлы ұстаз, мен Сізді ұмытқам жоқ!», «Мерекеңізбен, бір өзі – бір мектеп мұғалім!», «Сізді сағындым, апа-ау...» дескен құрмет пен тағзымға толы сартап сағыныш арқалаған смс-хаттар түсіп жатады. Бұл сәттері оның мерейі өсіп, мейірімге бөленеді. Оның шәкірттері – шетінен шабыттың шыңынан көрінген жастар. Алды – ақын деген ардақты атқа ие болғандар. Осыны естігенде оның жаны жадырап, марқайып қалады. Өйткені өзі тәрбиелеген тастүлек топ жарып, атақ алып жатса, қалай толқымасын... Әйтпесе атаққа бұл кенде емес. Ол – 1990 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тұңғыш қазақстандық мұғалім... Крупская медалінің иегері... Қаз.ССР Ағарту ісінің, КСРО Ағарту ісінің үздігі... «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі... академик... профессор... Атақтарынан ат үркеді. Бір өзі – бір энциклопедия. Сөйте тұра, ол саналы ғұмырын мектепке сарп етіп келеді. Ол – «Қазақтың Қанипасы» атанған ұлы ұстаз, Шығыс Қазақстан облысының орталығында орналасқан дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева.

Бұл қазақта Бітібаеваны білмейтін жан жоқ. Өскемен өңіріне жолымыз түскен біз жетпісінші жылдары “оқушылары Абай мен Пушкинді ғана емес, Шекспир мен Бальзакті де жатқа соғатын ауыл мұғалімі” атанған ұстазбен жүздесуге асықтық. Ұстазды өз дәрісханасынан тап­тық. Әңгімеміздің әлқиссасы бірізділікке түсе алмай келе жатқан білім беру саласы туралы басталды. Сауалымызды асықпай тыңдап алған апамыз салмақты кейіпте: «Балам, білсең, білім беру жүйесінде ең бірінші БАЛА тұр. Біздің басты қателігіміз – осыны естен шығарып алғанымыз. Өмір өзгерістен тұрады. Білім саласындағы реформалар, түрлі бағдарламалар болуы – заңдылық. Бірақ бұл салада төңкеріс жасауға мүлде болмайды. Бәріне байыппен һәм ақылмен келуге тиіспіз. Өйткені бұл жерде ұлт болашағы тұр. Бала эксперименттің басты объектісіне айналмауы тиіс. Бұл – бір. Екінші, қазір экспериментатор, зерттеуші мұғалімдер бар ма? Мұғалімдердің көбі – кешегі педагогикалық институттың түлектері. Олар қаншалықты жаңа жүйеге дайын? Алдымен, осы сұрақ­тарға жауап алынуы тиіс. Жаңа заманның жаңа талаптары болатыны бесенеден белгілі. Жаңа техно­логияның жағымды жаңалықтарын пайда­ланғанымызбен, дәстүрлі педагогиканың же­тістіктерін жоққа шығара алмаймыз. Десек те, менің көңіліме қонатыны – Елба­сының дарын тәрбиелеуге назар бөліп отыр­ғаны. Баланың құзырлылығын, өз менталитетін қалыптастыруына зор мән берілуінің ел ертеңі үшін маңызы зор. Бүгінгінің мұғалімінің басты мақсаты – нәтижеге бағытталған білім беру болуы тиіс. Өйткені біз нарық заманында өмір сүріп отырмыз. Сондықтан әр мұғалімнің санасында «мен нарықтан қалай шығам?» деген сауал тұруы тиіс. Ал оның өнімі – бала!» деп ойын бір қорытты. Ұстазбен екеуара әңгімеміз сын садағына сан рет іліге отырып, биыл жетінші жылға қадам басқан ҰБТ-ны да айналып өтпеді. «ҰБТ келгелі біз баланың денсаулығын сақтай отырып оқыту дегенді санадан шығарып алдық. Бір ғана мысал, баланың күнделікті алты сабағына төрт сағат тестке дайындығын тағы қосыңыз. Он сағат! Бұл – бір. Сұрақтар сарапталмаған, не тым ауыр, не тым жеңіл. Мәселен, әдебиеттен берілген сұрақтарда орта ғасырдағы бір ақынның өлеңінен үзінді береді де, «Кімдікі?» дей салады. Айналайын-ау, оны қазір академикке қойсаң да білмейді. Бұл – екі. Жасырып қайтемін, қазір тек тест үшін төрт пәнге ғана дайындайтын мектептер саны артып барады. «Әдебиетке баратын бала аз-ақ екен ғой. Онда оны оқытудың қажеті қанша?» дейтін де ата-аналар бар. Ал мектептер тек көрсеткішке ғана жұмыс істеуге көшті. «Алтын белгінің» саны артса, мектептің абыройы асқақтай түседі деген ұғым пайда болды. Ол мектептің білім көкжиегін тест қана тексеріп бере алмайды, ал тәрбиесіне кім жауапты?» – деп бір тоқтады. Біліммен егіз ұғым тәрбиеге қарай ойыс­қанымызда, Қанипа апа маған бір қарады да: «Білесің бе, мен неден қорқам?» деп үнсіз қалды. Бас шайқадым. «Мен кейде бұрынғы кездегідей төбелесіп қалатын бала да көрмеймін. Осыдан қорқам. Сонда қалай? Бұл баланың бәрі тәртіпті дегенді әсте білдірмесі анық. Намыс жоғалып кетті ме?.. Әлде өз намысын қорғай алмайтын жасықтар көбейіп бара жатыр ма? Мені кейде осы са­уал да мазалайды. Білсең, тәрбие жұмыстарын ақсатып алдық. Мектепті меңзеп отырмын. Кезінде «неге менің баламды біреу тәрбиелеу керек?» деп баспасөзде мақала жазып, дау да шыққан. Рас, отбасының тәрбиесін жоққа шығармаймын, тәрбиенің түп негізі сонда жатыр. Бірақ, түптеп келгенде, қазақ баласын ауыл болып, ру болып тәрбиелегенін, бағыт сілтеген, үлгі көрсеткенін неге ұмытамыз? Қала берді, «қызға қырық үйден тыю» деген қайдан шыққан? Мені толғандыратыны да – осы» деп бір тоқтады. «Бүгінде ән жаттап, сурет салған бала сирек. Мектеп бағдарламасында осы пәндер жүре ме өзі?» деп сұрадым. «Музыка мен бейнелеу өнері бүгінде керек­сіз дүниедей оқытылудан қалып барады. Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлеріне шетелдің таңғалып, «Қазақ нота білмей сорлапты. Нота білсе, әлемді жаулағандай-ақ екен!» деп тамсануы тегін емес. Сөйткен «ән салып тұрған қазақ даласының» әуені бүгінгі ұрпаққа жетпей жатыр. Музыка – нәзіктікке, мейірімге баулитын өнер. Ал біз балалар қатыгезденіп барады дейміз. Себеп – музыка сағаттарының қысқартылуы. Бейнелеу өнеріне шимай деп қарайтын ұғым туып, талай талантты суретшілер мен болашақ архитекторлар­дың арманы ақ қағазға түспеген күйі қалып барады. Өкінішті... Жарығым, бүгінгі білім жүйесінде музыка мен бейнелеу өнері емес, асыл мұра – әдебиеттің жолына тосқауыл болып отырған жайттар аз емес. Қазір гуманитарлық бағыт, жаратылыстану бағыты деп бөлген сайын, әсіресе, жаратылыстану бағытындағы мектептерде әде­биет пәні оқытылмайтын болды. Аптасы­на бір сағат қана қоюы мүмкін. Бұл – ұрпақ алдындағы ауыр қылмыс! Әдебиет – пән шеңберіндегі ғылым я өнер емес, әдебиет – халықтың қазынасы, асыл мұрасы. Бүкіл білім мен тәрбиенің бастауы сөз өнері – әдебиетте жатыр. Мәселен, Абай мен Әбіштің арақатынасын алалықшы. Петербордан Әбіштің келген кезіндегі әкесімен әңгімесі халыққа қызмет ету, адам болу аясында өрбиді. Сонда Әбіш: «Аға, мен оқуымды бітіріп, қаржы жинап, Ұсақшоқыда мектептер ашқым келеді!» дейді ғой. Сонда қатты толқыған Абай: «Шырағым Әбіш, мен сол күнді көрсем, армансыз өлер едім» демеуші ме еді!.. Әбіштің арманы қандай асқақ?! Абайдың арманы қандай?!. Верный қаласында Әбіш тубер­кулезден өлгелі жатқанында әкесіне қоштасу хатын жазады. «Аға, арманыңды орындай алмай барамын» депті сонда. «Жас өліп барамын, сүйген жарым қалып барады» демейді... Көрдіңіз бе, халықтық педагогика қайда жатыр?! Ал бүгінде Абайды білмейтін бала үшін кім арлануы керек?.. Бүгіннен бір мысал. Елбасын алыңызшы, оның саяси істерді жүргізуі жөнінде жақ ашқым жоқ. Менің атағым келіп отырғаны – оның көрегендігі һәм көсемдігі. Көркем сөйлейді. Құр көрікті сөзбен көлгірсу емес, өткір де өжет сөйлейді. Бір сөзінде «Бетеге кетсе – бел қалады, береке-бірлігің кетсе – нең қалады?» деді. Сол сөзді естігенде көзіме жас алдым. Қараңыз, ол әдебиетті оқымаса, қайдан алар еді мұны? Көрдіңіз бе, дипломатияның негізі де – әдебиетте. Ел басқару ісіне де әдебиет керек екен. Кезінде түрмесі мен сот-судьясы болмаған қазақ алып сахараны сөздің құдіретімен-ақ сақтап тұрды емес пе?! Түптеп келгенде, бала төл әдебиетімен бірге әлем әдебиетінен де сусындауы керек. Өйткені күллі адамзаттың рухани дүниесіне сүбелі үлес қосқан ұлы перзенттер бар. Шығыстың жеті жұлдызын алайық. Хафиз, Фирдоуси, Низамилердің махаббатты жырлауы, керек десеңіз, шарапты жырлауының өзі қандай ғажап! Орта ғасырлардағы туындыларда ардың аяққа тапталғаны, махаббаттың мәнін жоғалтуы сынды бүгінгі қоғамның айнасы бар. Керек пе? Керек! Ортақ қазына – олар. Қазір не жоқ? Романтика жоқ. Кітаппен тәрбиелеу кенжелеп қалған. Балаға кітап оқытпайды. Бармақ тістейтініміз де – сол. Сексенінші жылдардың орта шенінде Мәскеуде болған сапарымда екі баласы бар орыс келіншектің үйінде тұрдым. Әйел әйнек жуушы болып жұмыс істейді екен. Күйеуі тастап кеткен әлгі әйелдің үйінде түк жоқ, есесіне кітап көп. Байқап қарасам, кітаптарды «1-класс», «2-класс» деп оныншы сыныпқа дейін бөліп тастаған. Бақсам, бәрі – әдеби кітаптар. Балалары әлі мектепке бармаған. Өздері туберкулезбен ауырады екен. Балаларына дайындап қойғанын бірден түсініп, «Сен мынаның бәрін қалай алып, жинап жүрсің?» деп сұрадым. Сонда әлгі әйелдің жауабы: «Мен не үшін әйнек жуып, аяғымнан таусылып жүрмін? Балаларым үшін. Солардың болашағы үшін. Бар жиған, тапқаныма кітап аламын. Әкесі жоқ оларды кітап болмаса, кім тәрбиелейді? «Сен маған не бердің?» дегенде мен оларға ертең осы кітаптарды көрсетемін ғой» болды. Таңғалдым. Әйелдің ақылдылығы­на сүйсіндім. Ал қазір Абайдың кітабы жоқ қарашаңырақтар қанша?..» – деп ұстаз ауыр күрсінді. Біздің есімізге қазақтың Қанипасының бір қайсарлығы түсті. 1990 жылдар. Мәскеу­ге барған сапарында әдебиетті тереңдетіп оқытатын ең үздік орыс мектептерін аралап көрген қазақ мұғалімі бұл білім ордаларының оқушылары тұрмақ, мұғалімдерінің өзі Абай мен Мұхтарды білмейтіндігіне әрі таңғалып, әрі қатты намыстаныпты. Дереу сол тұстағы КСРО оқу министріне кіріп: “Менің білімі ең нашар деген оқушым Пушкин мен Лермонтовты жатқа білгенде, сіздердің мұғалімдеріңіздің өзі Абай мен Мұхтардың кім екенін білмейтіні қалай? Қазақ қана емес, өзге бауырлас елдердің әдебиетінен де түк білмесеңіздер, балаларға білімді қалай бермексіздер?” деп айтып салған да осы Қанипа Омарғалиқызы болатын... «Әдебиеттен дәріс беру – ауырдың ауыры. Әдебиет – сезімнің сабағы. Сабақ беріп тұрып, егіліп тұратын, жанарыңнан сор­ғалаған жасыңды тыя алмай тұратын шақтар болады. Өйтпесеңіз, Ақанның Құлагерін жоқтағанын қалай жеткізесіз? Немесе анау компьютеріңіз Абайдың Тоғжанға ғашық­тық сезімін қалай бермек?.. Менің әдебиетті оқытудағы жетістігім – өлгенді тірілткенім, тіріні ұлықтағаным деп нық айта аламын. Көңілімде бір ғана алаң болса, ол – ертеңгі күнге Абай мен Мұхтардың сөзі жете ме деген алаңым. Абай мен Мұхтардың сөзі өлмейтініне көзім жетсе болғаны. Өйткені олар өлмей, қазақтың тілі өшпек емес. Солай, күнім», – деп сөзін аяқтады. Қанипа апамен қоштасып тұрып, қаз­дай тізілген қаракөздерге қарап: «Сендер ұстаздарыңның ұстазы, қазақтың Қа­нипасынан сабақ алған сәулелі сәттеріңді саналарыңда ұзақ сақтаңдаршы» деген өтініш айттым. Ішімнен «мен де сөйтемін» дедім қайталап... Динара ІЗТІЛЕУ ӨСКЕМЕН

4606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы