• Ақпарат
  • 24 Қараша, 2010

«Құлтемірлер» соғысы күйретіп кетпесін

Интернетте жоғарғы биліктегілер туралы алып-қашпа әңгіме жиілеп кетті. Қайсысы рас, қайсысы өтірік, біле алмай дал болдық. Айтылғаны айтылған жерінде қалғанмен, ел іші біраз дүрлікті.

Интернеттің де әлгі бір «боевик» кинолардағы «құлтемірлер» тәрізді екенін осы жолы анық сезіндік қой деймін. Біреудің ар-намысына тиетін, қаралайтын, болмаса арандататын ақпаратты салып жіберсе, сол атыс-шабыс кинолардағыдай дүниені қопаруы мүмкін екен. Талайдың тілерсегі дірілдеді, жауырыны қалтырады. Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев, Бас прокурор Қайрат Мәми секілді өзіне де, сөзіне де мығымдар былқ етпеді бірақ. Бұрын, мәселен, бұл екеуінің де жаман аты шықпаған, сондықтан ел де аса сене қоймады. Алайда елеңдеген құлақ анық жауап болмай, елеңдеген қалпы қалды. Өздері туралы қауесет тарату­шылардың кімдер екенін, не үшін олай істегенін олар білмей отыр деп сарыауыздың сөзін айтудан аулақпыз. Шетелдік интернет жүйесі арқылы ішкі жүйеге сөз жүгірткендердің әр ақпаратқа қанша ақша төлегені де белгілі деседі. Біреулер тіпті бір ақпараттың құны елу мың доллар дегенді айтады. Сонша ақша бір емес, бірнеше мәрте желге шашылғанда, Шөкеев те, Мәми де селт етпей, өз жұмыстарын істеп жүрді. Бәлкім, «итпен ит болмайық» деген шығар, десе де, олардың атынан бәрібір біреудің сөйлеуі керек қой. Бірі еңбектің қараторысы атанған, екіншісі де сы­ралғы, сырмінез екі азамат «жаман» дегенге жаман болып қалған жоқ, әрине. Жақсы азаматтар бұрынғыдай өз істерін қалтқысыз атқарып жүре берер, мәселе онда да емес. Интернетпен тараған осы қауесеттерге байланысты көңілде ептеген сыз қалғаны болмаса. Конституциямыздың 20-бабында: «Қазақстанның кез келген азаматы­ның еркін пікір білдіруге, жариялауға құқығы бар және оны жариялағаны үшін жауапқа тартылмайды», – де­лінген. Бір әңгіменің басы қылтиса, әркім осы бапқа сүйеніп, өзіндік пікір айтып, болжам жасайды. Сол пікір мен болжамдар интернетте бой көрсетсе болды, біздің қоғам оны пікір, болжам деп емес, шындық деп қабылдап қалып жатады. Кейде мұндай ақпарат­тар рушылдық пен жікшілдікті, тіпті ұлтараздықты қоздырып жіберуі мүмкін. Діни арандатушылық та осыдан бастау алады. Күн сайын емес, сағат сайын, сәт сайын жаңалықтармен толы­ғып отыратындықтан, ғаламтордан іздегеніңді заматта тауып беретін ғажайып мүмкіндігін, пайдасын жоқ­қа шығаруға болмайды, әрине. Бұл жағынан оның пайдасы зор. Сонымен бірге жат пиғылдағы кісі интернет­ті экстремистік, арандатушылық, қо­ғамға жат нәрсені насихаттау секілді мақсаттарға пайдалануы ғажап емес. Былтырғы жылы интернет туралы Заң жобасы мәжілісте талқыланған­да бірқатар БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар сөз бостандығы шектеледі деп қарсы болдық. Сөз бостандығы, демократия дегенімізбен де интернет те «құлтемір» сияқты екенін жоғарыда айттық. «Құлтемірге» «ессіздер» иелік етіп, ақпараттық айтысу интернет­тік, ақпараттық соғысқа ұласып, елді еліктіріп әкетуі де мүмкін ғой. Мысалы, жоғарыдағы интернеттік итіс-тартыстан көңілде қалған сыз сол – «оңтүстік топ», «солтүстік топ» деген пәле тағы қоздады. Шөкееві болсын, Мәмиі болсын, «ана жақтың адамы», «мына жақтың адамы» деуге еш келмесе керек. Олардың екеуі де бүкіл Қазақстанға қатысты жоғары лауазымды қызмет атқарып отыр және, білуімізше, адал атқарып отыр. Әлгіндей қауесет таратушылардың жекелеген шенеуніктерді руына, жүзіне қарап бөлу арқылы ел-жұртты да бөлу, бөлшектеу мақсаты болмағанына кім кепіл?! Жапонның сарай маңындағыла­рының өздерінен мойны озық бір самурайды императорға жамандап-жамандап, ақыры сендіріп тынатыны туралы бір ертегісі бар. Сонда әлгі самурай «басымды өзенге лақтыртыңыз» деген екен. Ол енді ертегі ғой, әйтсе де ағыспен төмен ақпай, өрге аққан бас мемлекет ісіне адал берілгенін ақыры дәлелдеп шыққан көрінеді. Міне, ел ісіне, мемлекет ісіне берілгендіктің белгісі. Менің ойымша, қанша дегенмен жоғарыда аттары аталған екі азамат осы мемлекетшілдігі жағынан ана самурайдай көзсіз болмаса да, талайдан ілгері екенін жұртшылық біледі. Олар және біреу, екеу емес, сондықтан жаппай жамандай беруден кейде саналы түрде аяқ тартқан да жөн шығар. Әсіресе, ерге де, елге де абырой әпере қоймайтын жоғарыдағыдай арандатушы ақпарат­ты қабылдау иммунитетімізге сын еке­нін де ұмытпағанымыз абзал. «Құлтемірлер соғысы» дегенде осыны айтқымыз келген. Ақпараттық қауіпсіздігі әлі дамып үлгермеген елді «құлтемірлер соғысы» күйретіп кетпесін. Интернетке еріп, өзіміз де «құлтемір» болып кетпейік, сөздің қысқасы – осы. Қарлыға ИБРАГИМОВА

3416 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы