• Тарих
  • 02 Желтоқсан, 2010

Ноғайлы

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Бидің жанындағы үзбей қызмет істейтін кеңсе басшысы – қара-дуан деп аталды. Елшілік қарым-қатынас, қаражат, келім-кетімді шет жұрттықтарды қарсы алып, шығарып салу, елшілік қарым-қатынас хаттарын жазу, би кеңесінің жадтамасын жүргізу, кеден салығын жинау, ішкі салықтың төленуін қадағалау, дауларға қазылық ету сияқты аса маңызды істер осы кеңсе арқылы жүзеге асырылды. Қара-дуан бидің бірінші уәзіріне ұқсас міндет атқарды. Мәселен, би орыс елшісін қабылдағанда өте күрделі халықаралық мәселе «Барақ қарақшылығы» туралы егжей-тегжейлі түсінік беріп, орыс тұтқындарын қайтару мәселесінің қыр-сырын ұқтырған. Орыс дереккөздерінің хабарлауынша, қара-дуан бірде Мәскеуге құн даулаған елшілікті бастап келіп, 200 мың алтын төлем алып қайтқан.

Осы кеңсенің тағы бір жауап­ты қызметшісі – тоқа-дуан. Ол би сарайының шаруасымен шұ­ғыл­данып қана қоймай, бидің қабылдауына баратын елшілерге қабылдау кезіндегі рәсімдерді де түсіндірген. 24 қазан 1536 жылы Сейідахметке берілген куәлікке сол тұста тоқа-дуан міндетін атқарған Мамай мырза «Ұлы тоқа-дуан» деп белгі соғып, қол қойған. Кеңсе мүшелеріне берілетін би жарлықтары да осы тоқа-дуан арқылы жүзеге асқан. Оның билік дәрежесінің молдығы соншалық – Сарайшықтағы орыс елшілігіне келген байланысшыны өз еркімен қоя берген. Орда жерін басып өтетін сауда керуендерінен салық жинау ісін қара-дуанға бағынышты тоқа-дуан басқарған. Ал қаржы айналымына қазынашы жауап берген. Соңғы лауазым иелеріне абыздар, бақсылар, моллалар және елден салық жинайтын даруғалар бағынышты болды. Сарай жанында Би кеңесі жұмыс істеді. Оның құрамында қарашылар, орындарынан кеткен бұрынғы ұлыс басшылары және рубасылары болды. Ордада ұзақ уақыт болған орыс елшісі Данило Губиннің Мәскеуге хат арқылы: «Ірі рулардың қарашылары биді тастап кетті» (Әңгіме Сейідахмет би туралы) деген хабарынан қарашы – жергілікті тайпа көсемдерінің билік жүйесінің салмақты бір тақтасы болғанын аңғару қиын емес. Қайсыбір тарихшылардың әр тайпаның басында маңғыт руынан шыққан мырза отырды деулері шындыққа жанаса бермейді. Ішкі-сыртқы маңызды мәсе­лелер жөнінде не салтанат жағ­дай­ларында, болмаса жолы ерекше шетел елшілерін қабылдағанда ұлы кеңес шақырылды. Оны «көрініс» деп атады. Биді төңі­ректеп жайғасуда үлкендік-кі­шілік жора қатаң сақталды. Жарты шеңбер тәрізді бірінші қатарда кеңес мүшелері, мемлекет тетігі қолдарындағы жоғары мансап иелері отырды. Екінші шеңберді бидің қызметшілері, сарай төңірегіндегі шонжарлар және іргелі қауымдардың рубасылары – қарашылар құрады. Көкейлі мәселе туралы сөз сөйленді, би бәрін де мұ­қият тыңдап, ұсыныстарды да­уысқа қоятын болды. Шешім да­уыстау арқылы мақұлданды. Ал келісім бермей, қарсы болғандар орындарынан тұрып, оңашаланып бөлек отырды (Акты времени междуцарствия... (1610-1613 гг.). Под ре­­дак­цией С.К. Богоявленского и И.С.Ря­бинина. М., 1915, 13, 26-27-бб.). Кәсібі, тұрмысы Ноғайлының негізгі кәсібі, тұрмысы – мал шаруашылығы екені айтпаса да түсінікті. Төрт түлікті: жылқы, түйе, қой, сиырды түгелімен өсірді. Әсіресе, асыл сойлы шаңырақ мүйіз өгіздер ауыл маңында қаптап жүрді. Олар, негізінен, өгізбен көшетін. Киіз үйлер қазіргідей қара жерге емес, төрт, алты, сегіз тегершікті «телеген» арбалардың үстіне тігілді. Оны бұзып жинау, қайта құру деген болмады, тозса, арба арқасында тозды. Ақсүйектер, ірі байлар телегенге он екі өгізге дейін жекті. Ал Ноғай­лы қойлары шетел жиһанкездерін таңғалдырмай қоймады. Біраз жылдар Тана (Азақ) кентінде тұрып, Ноғайлыны жиі аралап сауда жаса­ған венециан көпесі (XV ғ.) былай деп жазады: «Аталмыш халықтың өсіретін төртінші түлігі – жүні ұзын, аяғы серейген, құйрықтары кем дегенде 12 фунт тартатын қойлар. Жатса тұра алмайтын болғандық­тан, олардың құйрығына доңғалақ байлап қойғандарын көрдім. Ауыз­ға қатпайтын осы құйрық майды асқа пайдаланады» (Барбаро и Контарини, 149-б. // Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трех тысячилетий. Алматы, 1992, 352-б.). XVI ғасырда Арал өңірінен жүріп өткен ағылшын А.Дженкинсон да құйрығы өте үлкен Ноғайлы қойларын атап өтіп, олардың салмағы 60-80 фунт деп көрсеткен. Әңгіме, шамасы, Еділбай қойлары туралы болып отыр. XIX ғ. бас кезінде қазақ даласында бірнеше жыл болған А. Левшин де аталмыш қой тұқымын айрықша атап өткен: «Олардың салмағы – 4-5 пұт, 2 пұт шамасында май түседі, әлгілердің биіктігі, күштілігі соншалық, 10-12 жасар балалар қызық үшін қойға мініп ойнайды» (Сонда, 32-б.). Төрт түліктен, қойдан кейінгі көп өсіргендері – жылқы. Маңда­йын­дағы кекілден сирағындағы тұяғы­на дейін бірде-бір қыл-қыбыры шашау шықпай пайдаға асатын, ішсе – асы, кисе – киімі осы жылқы еді. Жабымен қатар неше түрлі асыл тұқымды сәйгүліктер, жортуылға жарамды қазанаттар өсірді. Әсіресе, қазанаттарға сұраныс көп еді: батыста Орыс, Құрал (Король), Болгар, шығыста Бұхар, Хорезм, тіпті Үндістанға дейін қа­нын жерге тамызбай, пышақ үсті бөлісіп алып жатты. Ноғайлының халықаралық сауда тауары осы жау-жараққа жа­рамды қазанаттар болды. IX ға­сыр жиһанкезі әл-Джахиздің жыл­қы мен түркі туралы келтірген әдемі дерегі Ноғайлы кезінде де баз баяғы қалпы өзгермеген еді: «Егер сен түркінің өмірінің ұзақ-қысқалығын есептер болсаң – оның жер басқанынан гөрі, ат арқасында көбірек отырғанына көз жеткізер едің». Қасым ханның да жылқы туралы айтқан ғажап сөзін еске түсіргеннің артықшылығы жоқ: «Біздің басты байлығымыз – жылқы: оның еті мен терісі біз үшін ең қымбат тағам мен киім, ал оның сүті – ең сүйкімді тағамымыз. Біздің жерімізде бақ та, көз тартар ғимараттар да жоқ, біздің көз сусынымызды қандыратын – даладағы жылқы табыны, соның қызығын қызықтаудан артық қуаныш жоқ» (Мұхаммед Хайдар, 22-б.). Моғол ханы Саид 1513 жылы қазақ еліне келіп, Қасым ханда қонақ болғанын еске алып, жиі әңгімелейді екен. Соның аузынан жазылып алынған мына бір деректің тарихи мәні зор: «Менің екі атым бар, – дейді Қасым хан Саид ханға, – оның құны тұтас бір табынға татырлық. Түз тұрғынына атсыз өмір – өмір емес, менің екі атым – ең қымбат байлығым. Екеуін бірдей ұстатып жібере алмаймын, көңілің қалаған біреуін ал». Қасым ханның сыйлаған ол ғажап сәйгүлігінің есімі – «Оғлан-Торы» еді. Доминикан жиһанкезі д’Асколи деген (XVII ғ.) былай деп жазады: «Ноғайлар тұқым сеуіп, егін ормайды». Оның айтуынша, ноғайлар арасында нан шайнап көрмегендер бар, Орданың шет-қиырларында тұратындар нан деген сөзді білмейді (Описание Черного моря и Татарии составленные доминиканцем Дор­телли д’Асколи протектором Кафы, Татарии и пр. 1637 г.// Записки Одесского общества истории и древностей России. Одесса, 1902, Т. 24, 130-131-бб.). Мұндай ауа жайылған үстірттікке Ноғайлы кезінің көне деректерімен жауап беруге тура келеді: «Сарайшықтың жыртылатын жерлерін су басып кетті. Бізге бір кеме тұқымдық дән жібер» (ПДРВ. Ч. 9, 284-б.; Ч. 10, 195-б.). Ноғайлы биі бір хатында орыс патшасына осылай деп жазған. Демек, Ноғайлы егіншілікті атымен білмеді деген жай сөз. Ноғайлының жер өңдеумен айналысқанын Н.М.Карамзин де мақұлдайды: «Ысмайыл би Жайық жағасында, Сарайшықта тұрды, ал қарамағындағы ел жер жыртып, егін егумен шұғылданады» (Карамзин Н.М. История государства Российского. СПб., 1821, Т. 9, прим.78). А.А.Гераклитов болса: «Барбароның мәліметтеріне қарағанда, Қази ұлысының ноғайлары XV ғасырда-ақ егін еккен» деп жазады (Гераклитов А.А. История Саратовского края в XVI-XVIII вв. Саратов, 1923, 105-б.). XIV ғасыр қаламгері әл-Омари Дешті Қыпшақ жұртының тары егетінін айтқан. И.Барбаро осы ойды дамыта түсіп, былай деп нақтылайды: «Осы сынды және өзге де тарихи деректерден Сарайшық жұрты өздерін бірыңғай ат арқасындағы жұрт қатарына қоспағанын», яки отырықшы болып, егіншілікпен де айналысқанына көз жеткіземіз. Аңшылық түздіктердің әрі сауығы, әрі кәсібі еді. Қаршыға, лашын, қыран баптап, ит жүгіртіп, құс салу – машықты тірлік. Аяқ ізі сирек сары бел, кең далада ақбөкен, киік, қарақұйрық жыртылып айырыла­ды. Құлан, тарпаң, таутайлақ аулау да – батылдықты қажетсінетін кәсіп­тің бір парасы. Құланның домбай деген бір түрі дереккөздерде ауызға алынады. Шырша мүйіз бұландар да жосып жүрді. «Алғидың құба жонында арыстан ойнар шарқ ұрып» деген өлең жолдарына қарағанда, аң атасы арыстанмен алысып, айла асыру таң болмаған сияқты. Сырдың түлейінен «тұран жолбарысын» кезіктіру дағдылы жағдай-ды. Түлкі, қарсақ, қоян, қасқыр терісі ішкі қажеттілікті өтеумен қатар сыртқа да шығарылды. Әсіресе, Қама, Башқұрт, Төмен ормандарынан аулайтын тиын, бұлғын, қама, құндыз терілері айыр­бас сауданың ең өтімді тауарлары қатарына жатты. Тон, ішік, тайжақыны орыстар қажетсінсе, қамзол, үкі, қайың жақ пен садақ­қа Бесқала базарының сұраны­сы мол болды. Енді әңгімеленіп отырған кез тарихи жазбаларына сөз берелік. Ибн Рузбихан Дешті Қыпшақтағы аңшылық тақырыбын былай суреттейді: «Қыдыр қонған бұл елдің шөлді далалары құсқа толы. Шүйгін жайылымдарда быр боп семірген киіктер майға жатқан сиыр сияқты маймаңдап жүгіре алмайды. Қонақ күту деген олар үшін жазылмаған заң, үй иесі қонақ алдында жайылып төсек, иіліп жастық. Алда-жалда ет керек болып қалса, отағасы жақ, садағын асынып, аңға шығады. Бел асысымен құлан атып алып, қонағын кешкі тамаққа қарық қылады». Дінінде, тілінде, тұрмысында, өнері мен әдебиетінде, тайпалық-рулық құрамында бөтендік жоқ Алтын Орда төңірегінде қалыптасқан тарихи жағдайларға байланысты өмірге келген Ноғайлының Қазақ хандығынан айырмашылығы шамалы еді. Кәсіп, өнер, тұрмыс-салт жөнінен бірі туралы айтылған көне дерек, екіншісіне де айна-қатесіз келе береді. Осы орайда Ұлытау даласындағы Ақсақ Темірдің аң аулау тәсілін еске салу түз тірлігін тереңірек түсінуге септеседі. «Сол­түстікке бет алған ләшкер төрт ай бойы жолда кезіккен жабайы ешкі (қарақұйрық), киік, құс және даланың шөптерімен қорек­тенеді. Бұл далада аң аулау – соғыс көріністерінен бір кем емес. Қалың ләшкер айлапат даланы ау ғып қоршап алып, мылтық гүрсілі, керней дабылымен аң біткенді билеушінің шатырына қарай қуды. Ат арқасына қонған Ақсақ Темір қарсы шығып, көзіне көрінген аң, жануарды оңды-солды атты. Ақыры қажып, шатырына оралды. Бұдан соң ерік өздеріне тиген жауынгерлер аң-жануарларға тап беріп, жамсатып салды да, түннің бір мезгіліне дейін от жағып, той тойлады» (Карамзин Н.М., книга II, том V, гл. II, 83-б.). Дешті Қыпшақта аң аулаудың бұл бір түрі десек, екіншісін А.Лев­шин жазып қалдырды. Киіктер су ішетін суаттардың іргесіне қамыстан шарбақ тұрғызған. Шарбақтың ішкі жағынан ұшталған ши қадап қоятын болған. Суға келген киіктерді үркіткенде олар шарбақтан қарғимын дегенде өткір шилер киіктің қарнына, шаптарына қадалады. Жаралы жануар­ларды ұрып алады. Киіктерді аранға жығу әдісінің тағы бір түрі Ә.Кекілбайдың «Үркер» романында есте қалатындай ғып суреттелген. Таулы-қырлы даланың биік жарлы жеріне киіктерді қуып әкеліп қамайтын болған. Ал жардың төменгі етегі қаптаған аран, яки жерге қадалған ши. Киіктер жардан қарғығанда осы аранға ұрынып, жайрап қалады. Дешті Қыпшақ жұртының киген киімдері туралы көне дерек­тер кешегімізді танып-біліп, дұрыс бағалауға септеседі. «Ғажап өрнектері бар түрлі түсті киіздер, былғарыдан ойып істелген белдіктер әдемілігімен таңғалдырады» деп тамсанады Ибн Рузбихан. «Оларда қой, жылқы, түйе өте көп, – деп жазады XVI ғасыр түрік жиһанкезі Сейфи Челеби, – ал мекенжайлары арба арқасында. Қой терісінен істеп, неше түрлі түске бояған шекпендері атластан айырғысыз. Олардың әдемілігі соншалық, Бұхар базарына апарып сатқанда, атлас шекпенмен бағасы бірдей. Ал сол қой терісінен істелген сырттан жамылатын желбегейлерінен су өтпейді, дымқыл тарту дегенді білмейді. Ол теріні өңдейтін бояуға байланысты, бояу өздерінде өсетін шөп­тен алынады» (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И., 338-б.). Осман түрік саяхатшысын таңғалдырған те­ріні өңдеу тәсілдері 1769 жыл­дың көктемінде Жайық өзенінде болған П.Паллас еңбектерінде бар. А.Левшин де бұл тақырыпқа ерекше көңіл аударған: «Қой не ешкі терісінен иленіп тігілген сырт киімді «даха» деп атайды. Оның өңделу тәсілі төмендегідей: терінің жүнін қырқып, ширатып орайды да, жүннің түбі жидіп, түтіп алып тастауға келгенше жылы жерде сақтайды. Қылдан арылған теріні пышақпен қырып, тағы да тазартады. Сосын іліп кептіреді. Кепкен соң үш-төрт күн ашыған айран толы ыдыста ұстайды. Айраннан шығарып, көлеңкеде тағы да кептіреді. Сосын қолмен уқалап жұмсартып, түтінге ыстайды. Тағы илеп, әбден жұмсартады да, сары не қоңыр бояумен бояйды. Ал бояуды рауғаш, тасшай өсімдіктерінен алып, сарысу, қой майын қосып істейді. Бұл бояу ботқа сияқты қою. Теріні екі жағынан бояп, кептіреді. Кепкен соң қайта илеп, тағы да бояп тастайды. Кебу, бояу, илеуді кезектеп, бұл істі екі-үш күнде тә­мамдайды. Осылай істегенде теріден дымқыл өтпейтін болады. Кірлесе, мата құсатып жуса да өңі таймайды» (Левшин А., ч. 3, 210-211-бб.). Дешті Қыпшақ жұртының үй-күйі, көші-қоны туралы баянға кезек берер сәт те келген сияқты. Әдетте, ағаш керегелі, киіз туырлықты қазақ жұрты деп, киіз үйді тұрмыстық ен-таңба ерекшелігіміздің қатарына жатқызамыз. Алайда киіз үйлеріміз қазіргі ұғымымыздан басқаша болған. Сөзіміз дәлелді болу үшін тарих қойнауынан сыр тарталық. XVI ғасырдағы ағылшын жи­һанкезі Сарытаудағы Переволоки деген жерден Жайыққа беттегенде малдарын жайып жүрген Ноғайлы тұрғындарына кез келеді. Ол бұрын көрмеген көзге тосын көріністі былайша суреттейді: «Бір мыңға жуық түйе телеген сүйреп келеді, телегеннің үстінде күмбезді шатырлар, алыстан қарағанда қала жылжып келе жатқандай әсер қалдырады» (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И., 331-334-бб.). Шындығында да, біз әңгіме етіп отырған кезде киіз үйлер арбаға тігілген. Жылжымалы киіз үйлер ғұн-түркі жұртының тұрмыстық ерекшелігі ретінде ғұн заманынан белгілі. Қытайлар жетегіне он екі өгіз жегілген телеген үстіндегі осындай жылжымалы сарайдың суретін салып, оның істелу тәсілін де егжей-тегжейлі жазып қалдырған. Олардың айтуынша: бұл үйлер киізбен тұмшала­нып, сыртынан қайыспен қапталған. Қозғалғанда былқылдамау, дауыл­да жел ұшыр­мау мақсатында әрі сәндік үшін сыртынан алтын не күміс шегелермен әдіптелген. Қытай де­ректемелерінен мұндай салтанатты көштерді түркі дәуірінде де жиі кезіктіреміз. Тұра-келе ғұн-түркілердің дымқылы көп, қарлы, орманды Алтайды тастап, қысы аязды, жазы аптап Еуразияның далалық алқаптарына ауысуымен киіз сыртын былғарымен қаптау дәс­түрі саяқсыған. Былғары күн мен желге тілініп шыдамаған, шамасы. (Жалғасы бар) Дайындаған Ғарифолла ӘНЕС

3621 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы