• Тұлға
  • 02 Желтоқсан, 2010

Шекара шебінде Бөкейхан жатыр...

d0b1d0bed0bad0b9Бұл күнде қазақ елінің шекарасы туралы әңгіме бола қалса, оның Қазан төңкерісіне дейінгі шебі, одан кейінгі, тіпті тәуелсіздік алғаннан соңғы аумағы жайлы өзекті тескен өкінішті әңгімелер көп-ақ. Бірақ кезінде соның көлемінің кеңейіп, ежелгі қонысқа ел қондыруға себеп болғандардың бірі – Бөкейхан Нұралыханов екенін біреу білсе, біреулер біле бермейді. Өйткені бәріне уақыт кінәлі. Кешегі Кеңес дәуірінде бай атын естісек – басымыз зеңіп, хан десе, қаралай қорықтық. Соған сай Бөкейдің ісі түгіл, атын атауға аузымыз бармады. Ендеше, атын атап, ісін құрметтейтіндей Бөкей кім еді?

Бөкей жайлы бірер сөз Еділ өзенінің төменгі сағасы, жалпылап айтсақ, Еділ мен Жайық арасы, әрісі бұлғар заманын айтпай-ақ, Бату мен Берке хан тұсы, яғни Алтын Орда, Ноғайлы уақытынан бері «Қыпшақтар Отаны», қазақтың жері болғаны белгілі. Бірақ Иван Грозныйдың Астраханьды алуы, одан Сарайшықтың жаулануы аталған аралықтың біртін-біртін уыстан шығып, шығыстан шапқан құба қалмақ, олардың күндер өте Еділ қалмақтары атануы бір кезгі «Еділ менен Жайықтың бірін жазға жайласаң, бірін қысқа қыстасаң, ал қолыңды маларсың, алтын менен күміске» деп жырлаған Асан Қайғы мен Қазтуған, Шалкиіз бен Жием­бет, Доспамбет пен Марғасқалардың кіндігі кесіліп, ізі қалған «Қайран менің Еділім» енді Ресей империясының кең даласына айналды. Бірақ қазақтар атакүлдігін ұмытқан жоқ,1748 жылдан бастап Кіші жүз ханы Нұралының тұқымдары (ағайындары), Байбақты руының малшылары қыс кездерінде қос өзен аралығындағы ну алқапқа малдарын паналатып, ақырған аяз, сақылдаған салқындықтан қорғанды. Әйтсе де шапанының шалғайы мол, шегір көз қарияның қолтығына тығылған әлсіздің әлжуаз күніндей бұл уақытша күнкөріс, мағынасыз мүсіркеудің кейпі еді. Міне, осы кезде, дәлдеп айтсақ, 1771 жылы Еділ қалмақтары орыс патшалығының күн сайын өскен алым-салығы, басқа да саяси-экономикалық, әлеуметтік қысымына шыдай алмай Убаши бастаған 30909 үй өздерінің тарихи отандары – Жоңғариясына үдере көшті. Бұдан әрі әлгі қос өзен аралығы босап қалды. Бұл қазақтың отты қаны бар, ойлы ұлдары – Сырым Датұлы мен Бөкей сұлтан Нұралыхановты қатты ойлантты. Ақыры, Бөкей 1801 жылы Астрахань казачество бастығы, одан орыс ақ патшасына хат жазып, аталған аймақты өз иелігіне алып, қаптатып мал өсіру, сөйтіп, отыз жыл бойы жүгірген аң, ұшқан құстан басқа қыбыры жоқ қырқа мен жалпақ жазықты тіршілік көзіне айналдыруды сұрады. Бұл тілек Ресей империясы бас­шылығына ұнады. Сайып келгенде, оның ең басты екі себебі бар еді. Бірі – соңғы кезде қайта-қайта бас көтеріп, Ресей патшалығының мазасын алған Кіші жүз қазақтарын ыдыратып, күшін азайту да, екіншісі – қалмақтар көшкеннен кейін тірлікке қажетті материалдық игіліктерден айырылған Ресейді қайтадан жарылқаушы бұратаналарға ие болу мүмкіндігі еді. Осындай ойдағы орыс патшасы Бөкейге «Қалаған жеріңе қоныстан, қаптатып мал өсір. Адамыңды да әкел, керек десең, өзіңе өзімнің суретімді басқан қара ленталы медалімді де сыйлаймын» деп сары қағазға салмақтап тұрып жазған грамотасын (Жарлығын) жіберді. Сөйтіп, екі жүз жылдың үстінде «Еділім, менің Еділім» деп аңыраған қазақ атақонысына қайтып оралды. Жылдар өте, аталған аймақтағы адамдардың малы өсті, адамдары да ұлғайды. 1820 жылға шейін көптеген тұрғын жазда Нарынды жайлап, қыста Жем-Сағыз, Тайсойған мен Бүйрек, Қалдығайты мен Шыңғырлауына қайтып кетіп жүретін. Енді оған Ресей патшалығы жарлық беріп, пышақкесті қойдырды. Нарын даласы нақты қонысқа айналды. Соған сай Бөкей Ордасының жер көлемі бірте-бірте ұлғайды. Қалған қалмақты (Азғырдағы Тарғын қалмақтары) Еділден әрі асырып, теңіз жағалауындағы орыс мұжықтарын да ығыстыра бастады. Бұрынғы малшы қазақ 1834 жылдан бастап балықшы атанып, аз-маз егін салу мүмкіндігін иеленді. Осылайша осы күнгі Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының 6 ауданы ол кезде 5 қисым, 2 округ болып, әкімшілік-территориялық бөлініске бөлінді. Мінезге бай, ақылға кен, бүгінгісімен қоса болашағын да ойлайтын хан (бұрын сұлтан, 1812 жылдан бастап хан атанады) тұсында бұқара халық «Бөкей сұлтан тұсында шекер менен бал жұттық» деп жырға қосты. Бірақ бұқараға жайлы қоныс, шұрайлы жер алып берген Бөкейханның ғұмыры ұзаққа бармады. Ол өзінің соңғы жылдарғы қонысы – қазіргі Астрахань облысының Красный яр ауданы, Кішкене арал (Малый арал) ауылының терістігіндегі Тебенұр көлі жағасында, Хантөбе деген жерде 1815 жылдың 21 мамырында бөсір ауруынан көз жұмды. Інісі Шығай, күллі ағайын Сейіт баба Құбайлы жатқан қауымға ақ жуып, арулап қойды. Жоғарыда айтқанымыздай, алға­шында Бөкей бастап (ұзыны 300, ені 200 шақырым), Шығай қостап, Жәңгірдің жанкештілігімен ұлғайған жер Қазан төңкерісінен кейінгі әр республикаға арнап жер бөлгенде қазақ пен орыс араласқан нулы-нулы, шұрайлы өңір­лердің көбі Ресейдің иелігінде қалды. Соның ішінде Бөкейдің мәңгілік жамбасы тиген Кішкене арал тұсындағы Сейіт баба қауымы да бар еді. Онда қазақтың киіз үйі тұрқында темірден шілтерлеп тұрғызған бейіті тұр. Жергілікті тұрғындар Сейіт бабаны «Бағдат пен Мысырда боп, діни оқыған-тоқығаны мол, соған сай жанына жебеу, ауруына демеу іздеп келген сырқат адамдарға қамқоршы болған қасиетті адам» деп, өткен уақытта та, кейін, күні қазірде де басына түнеп, нияз байлайды, шырақ жағып, мал бауыздайды, қан шығарады. Бірақ бұл кезінде Кеңес дәуірінің саясатына ұнамады. Оның үстіне осы қауымда төбе басында қақырайып, елден ерек хан бейіті тұр. Келушілер көп, біреулер науқасына дауа іздеп келсе, енді бірі «хан бейітін көреміз, тәуап етеміз» деп ат басын бұрады. Соған сай аталған жерге «кісі келтірмейміз, Сейіт атын ұмыттырамыз» деп отызыншы (XX ғасыр) жылдардың басында қызыл белсенділер қос бейітті құлатты, керек десеңіз, трактормен таптатты, халық құрметіне қаяу түсірді. Әйтсе де, әлеумет ықыласы ортайған жоқ, зиярат етушілер саны сонда да сиремеді. Ұлыға құрмет – ұрпаққа міндет Әрине, бергіде қасиетті орындар ескерусіз қалмады. 1994 жылы жергілікті Байбек селолық округінің сол кезгі басшысы Н.Байтеміровтің бастамасы, Красный яр ауданы әкімдігі, тұрғындар қауымымен аталған кесенелер қайта көтеріліп, қалыпқа келтірілді. Жандарына түнек үйі тұрғызылып, электр желісі тартылды. Жүргіншілер жолдарына тас төселініп, айнала қоршалды. Шырақшы қойылды. Бәрі де жақсы. Бірақ «Бөкейхан кесенесі бастапқы қалпындай сәулеттік келбетін сақтаған келісті, әлеуетті болып шықты» деп айту қиын, жөндеу олақтығы көп. Бұл өзге түгіл, өз қандастарымыз үшін де қиын сұрақ-ты. Осыған орай атыраулық абыройлы азамат, біраз жерде басшылық қызметте болған, әлі де ат арқасында жүрген Мұхит Кәрімұлы Ізбанов оңды бастама көтерді. Ол – аталған ардақты ханға арнап келісті кесене көтеру мәселесі еді. Бұл жағынан Мұхит Кәрімұлының айтар­лықтай тәжірибесі бар. Бұған дейін Қазақстанның Өзбекстан жерінде жат­қан қазақтың үш ұлы биінің бірі – Әйте­кенің кесенесін қайта жаңғыртуға қатысқан-ды және жалғыз емес, Атырау об­лысының әкімі Бергей Рысқалиевтің қолдауы, басқа да А.Барақатов сынды іс­кер азаматтар­дың араласымен жүзеге асырды. Бұл жолы да солай болды. Аталған ұсынысты облыс әкімі, өзге де жігіттер қолдады. Мәселе осы күні Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшісі З.Тұрысбековтің де құлағына тиді. Екі ел Президенті Н.Назарбаев пен Д.Медведевке де мәлім болды. Ақыры, аталған бастаманың тағдыры оң шешілді, оңды бастаманың алғашқы шаралары бас­талып та кетті. Ресей елінің Астрахань облысындағы Красный яр (Қызыл жар) ауданы, Байбек селолық округі аумағында орналасқан бұл қауымға Қазақстан елшісі әлгіндей әңгіме басталғалы екі рет келді. Соңғысында Астрахань облысының губернаторы А.Жилкинмен бірге аталған құрылысты салу жөніндегі келісімге қол қойып, Бөкейхан кесенесінің іргетасын қалау рәсімін жасады. Екі елден жиылған қалың қауым, әкімшілік-басқару, мем­лекеттік құрылым, шаруашылық өкілдері алдында басталғалы отырған құрылыстың мәні мен ерекшелігі туралы айтты. – Ресей мен Қазақстанның достық бауырластығы тым әріден келеді, – деді А.А.Жилкин. – Оның басында бүгінгі әңгіме болып отырған Бөкейханның болғаны зор мақтаныш. Аталған достық әлі де жалғасып, адамдарымыз араласып, шаруаларымыз бүтінделуде. Қазір Астрахань облысында 170 мың қазақ тұрса, олар бұл өңірді қашаннан бері өз Отанымыз, туған жеріміз деп қадірлейді. Ал бүгін іргесі қаланып жатқан кесене – ол екі елдің ежелгі достығына деген ескерткіш. Ескерткіштің іргесі мықты, тәрбиелік әсері мол болсын... Бұл орайда айтулы шараның салта­натына келістіріп: – Бөкейхан екі үлкен держава арасындағы елшілікті осыдан екі жүз жыл бұрын бастаған және атасы Әбіл­қайыр қолға алған ұлы достықты одан әрі баянды етті, ал біз болсақ, сол істі жалғастырудамыз. Бөкейхан атажұртқа аяқ тигізді, халқына қоныс, еліне жер алып берді. Ондай жанды ұлығыламауға, ұлықтамауға қақымыз жоқ. Ол – өз заманының ұлы адамы. Оны бүгінгі ұрпақ мойындауы керек. Соның бір көрінісі – бүгінгі атыраулықтар бастамасы. Сол үшін де әкім Бергей Рысқалиев бастаған облыс халқына үлкен рахмет! – деді Зауыт­бек Тұрысбеков. Бұдан әрі аталған шараға орай аруақтарға арналып дұға бағышталып, қан шығарылды. – Бұл ат шығару, атақ қалдыру ниеті емес, егемендік алған еліміздің ертеде өткен ерен ұлдарының есімін ел арасында қайта жаңғырту, келешек ұрпақтың танып-білуі, сөйтіп, қандастарымыздың патриоттық сезімін ояту ниеті ғой, – дейді бізбен әңгімесінде осы істің басы-қасында жүрген Мұхит Ізбанов. Өз кезегінде: – Байқап қарасақ, аталған қауымның орналасуында да өзіндік ерекшелік бар. Біріншіден, ол Ресей мен Қазақстанның шекарасында (бар-жоғы 2-3 км. Ресей жеріне енген) жатса, екіншіден, Атырау-Астрахань теміржолы бойында. Сонда Қазақстаннан Ресейге жол тартқан әрбір жолаушы шекара шебіне келіп, туған елімен енді қоштасам деп тұрғанда күнгей беттегі әлпеті келісті кесенені көріп, «Шекара күзеткен мынау кім еді?» дегенде, қасында тұрған естілеу бірі «Ол 1801 жылы қазаққа Еділ мен Жайық арасын қайта алып беріп, 1815 жылдан бері ел шебін күзетіп жатқан Бөкейхан Нұрлыханов емес пе?» деп жауап берсе, қандай мақтаныш! Болмаса, керісінше, Еуропадан Азияға бағыт алған кез келген жолаушы сұрағына осындай жа­уап қайтарылса, зор мәртебе емес пе? Бұл – қазақтың абыройы, – деп өз сөзін жалғады Мұхит Кәрімұлы. Расында да, солай. Бөкейхан 200 жыл бойы ел қорғаны, қазақтардың намысы, ар-абыройы болуда. Қымыз ашытып, күбі піскен қандастар ...Есімізге А.А.Жилкин айтқан осы өңірде тұрып жатқан 170 мың қандасымыз оралды. Ертеңгілік «елшінің облыс басшысымен (губернатор) кездесуіне қалай да үлгеруіміз керек» деп өз ауылымыздан Астрахань қаласына бағыт ұстағанымыз­да Қазақстанның Котяев атты кеден бекетінен шыға бере, Қараөзек деген селоға ендік. Оның арқа бетінде Алғара деген ауыл қалды. Одан Бозан, Қыркүйлі (Қырық үйлі)... қойшы, Астраханьға жеткенше осындай өз атауларымыз! Байбек, Кішкене арал, Сейіт бабаға жеткенше жол бойғы жүргіншілердің бәрі де – өзіміздің қаракөздер. Тіпті төбе-төбе­нің басындағы қойымшылық молалары да христианның айқыштары емес, өз нәсілдестеріміздің төрт құлақты кереге тамдары. Әңгіме орайындағы өзіміздің көптен танитын Красный яр ауданының әкімі (бұрынғы Байбек селолық округінің әкімі) Нұрлығайын Байтеміровке «Осы аймақта қай жағыңа қарасаң да қазаққа көзің түседі. Сонда халық санын­дағы қандастарымыздың үлес салмағы қандай?» дегеніміз бар. Әлгі сұраққа Нұрлығайын әкім: «Облыс бойынша дәл қанша екенін айта алмаймын. Бірақ 170 деген тек берісі ғана, шамасы, 200-225 мыңға жетіп жығылады деп жүр ғой білем деушілер. Әйтсе де, оның ашып айтылмайтын себеп-салдары да көп. Ал өзім басқарған ауданда барлық тұрғынның 60 пайызы қазақ. Жақында өңірдегі барлық 16 селолық округтің басшылары (біздіңше, әкім) сайлауы өтіп, оның 14-і өз қандастарымыз болды. Ал облыстағы үш ауданның басшысы қазақ ұлты­нан. Басқа да мекеме, кәсіпорындарға басшылық жасап жүргендер арасында да қаракөздер үлесі басым», – деген еді. Бұл өңірдегі агросаланың барлы­ғында да қазақтар саны жоғары. Білім мен мәдениет салаларында да еңбек етеді. Тіптен Сейіт баба мен Бөкейхан бейіттеріне іргелес – Байбек, Кішкене арал ауылдарында орыс ұлтының өкілдері жоқ десе де болады. Аталған ауыл тұрғындары негізінен мал, егін шаруашылығымен айналысады. Осы негізде арамызда сусын үлесті­ріп, жүгіріп жүрген пысықай қандасымыз­дың қолындағы «Қымыз» деген бел­гісі бар бөтелкені көре сап, әлгі жігітті сөзге тарттық. Ол осы Кішкене аралға көр­ші жатқан Степное селолық округінің басшысы Жұмабай Сәрсембиев екен. – Мынау ненің қымызы? – дейміз біз. – Сұрағыңыз қызық екен, әдетте қымыз ненікі болушы еді? Әрине, биенікі. – Жоқ, – дейміз біз. – Ана бір жылдары Алматыда «Сиыр сүтінен жасалынған қымыз» дегенді де ішкеніміз бар. Мынау да сондай химияланған жасанды сусын болмаса нетті деген ойымыз ғой. – Мұнда еш жасандылық жоқ, бәрі де табиғи және өз шаруашылығымыздың қымызы, – дейді ол. – Өзіңіздікі болғанда... – Округте бірнеше шаруа қожалы­ғы, «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Серіктестік иелігінде 1000 жылқы, осыншалықты түйе, 400 сиыр, 800 қой өсіреміз. 287 мың гектар жерге бау-бақша егеміз. Мал өнімдері ішінде ет, сүт өз алдына, шұбат пен қымызға деген сұраныс жоғары. Ростов биология-тамақ ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен байланыс орнатып, биылдан бастап аталған ұлттық сусындарды шыныға құйып шығаруды қолға алдық. Қымыз шыны ыдыста 4-40 күн аралығында сақталынады. Ешқандай қосымша концентрат жоқ, өте дәмді, табиғи бабындағы сусын. Шұбаттарымыз да солай. Және де сөз соңында: – Сауын жұмыстарының бәрі механизм күшімен жүзеге асырылады, – дейді ол. Біз қандастарымыздың атадәстүрін ұмытпай, қазіргі жаһандану кезеңінде де ежелгі үрдісті жалғастырып отырғанына қызықтық. Тек қызығып қана қоймай, бір шишасын түрегеліп тұрып-ақ сіміре салдық. Тағы да ішкіміз келді, өйткені тәтті-ақ екен. Құртқашашпен (бұл жақта арша жоқ, сондықтан әлгіндей шөппен ыстайды) ысталған, емен күбіде әбден пісіліп, бабына келген бал қымыздың өзі. «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Біз қоныс иелерінің сұраулары бойынша, сәл-пәл тізе бүгіп, тағы да қазақтардың кең дастарқанынан дәм таттық. Қандастарымыздың бірі қызыл қуырдағын ала жүгірсе, екіншісі сүт қатқан күрең шайын тықпалайды. Ірімшік, құрт, балық сорпасы тағы бар. Соның арасында домбырасын тартып, әнін де асқақтата шырқап жатыр. Кәдімгі қазанында бір асым еті болса, қонағына ұсынып, ертеңіне өзі аш отыратын нағыз қазақтың өзі. Әңгімеге дембелше келген, орта бойлы, қараторы жігіт араласты. Ол Кішкене аралға жақын, шекараның арғы бетіндегі қазақстандық Қиғаш аталатын ауылдық округтің әкімі Айбек Нұрғалиев екен. – Хан моласы Қазақстаннан тыс Ресей жерінде жатқанымен, намысымыз бір, тұлға ортақ қой. Оған қоса кезінде Бөкей атамыздың ұлықтап, рухани ұстазы болған Сейіт бабаны қалай сыртқа тебеміз. Оған осы арадағы қашаннан бері иманы мен жиғаны аралас жатқан барша ноғай мен қазақ жылдар бойы мінәжат етіп, басына түнеп, сиынып келеді. Соған сай қос бабаның мәңгілік мекені – кешендегі қандай да шаруа, жұмыстарға қолұшын беріп, көмек жасаймыз. Сөйтсек, осындағы шырақшы мен түнек үйінің қыстық отыны жоқ екен. Жақында Мұхит ағаның көмегімен қажетті көмір мен тамыздық ағашты кедендік бекеттің қыруар қиындығына қарамай жеткізіп бердік. Басқа да атқарылып жатқан істер жетерлік. Бұндай көмектер енді ғана қолға алынып жатқан игі бастамаға орай көбейе түсетін болады, – дейді ол. Біз рахметімізді жаудырып, ат басын елге бұрдық. Артымызда биік төбе басында асқақтап Бөкейхан бейіті тұрды. Апыр-ау, дүниеден өткеніне 200 жылға жуық уақыт өтсе де, хан тұғыры әлі де биік, маңғаз екен ғой. Асқақтай бер, шекара шебіндегі асыл тұлға, ардақты ұлы халқымның! Біліп жүріңіз, шекара шебінде Бөкейхан жатыр... Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының жетекшісі

8532 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы