• Тұлға
  • 02 Желтоқсан, 2010

Теміржолшы болу – атакәсібіміз

d182d0b5d0bcd0b8d180d0b6d0bed0bbd188d18bБолат Оспанов:

Түрксіб теміржол желісі кезінде бүкіл Орталық Азия елдерінің шаруашылығына, мәдениеті мен қоғамдық өміріне тың серпін берген еді. Бір кездері мүлгіп жатқан далаға жан бітірген бұл шойын жол бүгінде де экономиканың күре тамыры болып табылады. Тіпті теміржолшы мамандығы отбасылық кәсіпке де айналып отыр. Осы орайда саналы ғұмырының 40 жылға жуығын теміржолға арнап келе жатқан білікті ұйымдастырушы һәм тәжірибелі басқарушы, «Локомотив» акционерлік қоғамының филиалы – Алматы пайдалану локомотив депосының директоры Болат Мұсақажыұлы Оспановты әңгімеге тартқан едік.

– Болат Мұсақажыұлы, сізге теміржолшы мамандығы әкеңізден қалған мұра болып табылады. Сөз басында отбасылық кәсіпті бастаған әкеңізді және өзіңіздің жүріп өткен өмір жолыңызбен таныстыра кетсеңіз? – Әкем Мұсақажы Оспанов – аты аңызға айналған Түрксіб теміржол желісінің құрылысына қатысқан білікті маман, бізді тәрбиелеп, өмір сүруге үйреткен данагөй кісі еді. Ол кісі көшпелі өмірден өзіне таныс емес салаға жүрексінбей қадам басып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз локомотив депосының іргетасын қалаған адамдардың бірі. Ол заманда депо слесарі болу деген зор құрмет болатын. Қазір ғой, бұл орта кәсіп мамандығы болып отыр. Дегенмен сол кезде қазақ мамандары некен-саяқ болса да, бірінші кезекте өз істеріне зор жауапкершілікпен қараған. Отарба олар үшін ғарыш кемесі сияқты еді. Оны жүргізу, еліміздің шалғай аймақтарына жол тарту үлкен еңбек те, үлкен қуаныш та болатын. Теміржолшы кәсібін әкем бастаған кезден бастап санасам, отбасылық әулетіміздің теміржолдағы жалпы еңбек өтілі 100 жылға жуықтайды екен. Ол кісіге сонау кеңестік заман­ның өзінде көп жылғы қажырлы еңбегі үшін Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендері берілді. Сондай-ақ «КСРО-ның құрметті теміржолшысы» атағын алғашқылардың бірі болып иемденді. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, менің өзім алғаш рет Аягөз локомотив депосына жұмысқа кірдім. Одан соң Алматыдағы теміржол институтын үздік бітіріп, 15 жылдан астам уақыт тепловоз жүргізушісі болдым. Біраз жыл локомотив бөлімі бастығының орынбасары, кейін бөлім бастығы қызметін атқардым. Семей, Шар қалаларында локомотив деполарын басқардым. Ал 2001 жылдан бастап «Локомотив» акционерлік қоғамының филиалы – Алматы пайдалану локомотив депосының директоры қызметіне келдім. Содан бері осы жерде жемісті еңбек етіп келемін. Құдайға шүкір, ұзақ жылғы еңбегім елеусіз қалған жоқ, осыдан біраз жыл бұрын «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атандым. Ал өткен жылы тәуелсіз еліміздің «Құрмет» орденімен марапатталдым. Айтыңызшы, қарапайым еңбек адамы үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Алматы көлік және коммуникация академиясын бітірген Мұрат есімді ұлым қазіргі күні «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның жолаушылар тасымалдау бөлімінде нұсқаушы-машинист болып істесе, ал қызым Айжан – теміржол саласының білікті есепшісі. Бұған қоса, тағы бір қызым мен күйеу балам Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз локомотив депосында біраз жылдан бері жемісті қызмет атқарып келеді. Бұл, әрине, мен үшін зор абырой, үлкен бақыт! – Өзіңіз басқарып отырған Алматы пайдалану локомотив депосының қазіргі кездегі жұмыс барысы қалай өрбуде? – Бүгінгі заман талабына сай, Қазақстанның ең ірі қаласында орналасқан, үлкен деполардың бірі болып саналатын Алматы пайдалану локомотив депосы өзінің тарихын сонау 1930 жылдан бастайды. Бұл депоны қазақ теміржолының күре тамыры деуге болады. Осы мекемеміздің 80 жылдығын осы жылы теміржолшылардың кәсіби мерекесімен қоса атап өттік. Қазіргі уақытта Алматы пайдалану локомотив депосында 800-ден астам жұмысшы бар. Олардың көбі машинист және оның көмекшісі болып табылады. Олардың барлығы дерлік жолаушылар мен жүктерді теміржол арқылы тасымалдауға үлкен үлес қосып, осы жолда аянбай тер төгуде. Жұмысымыз күн, түн демей үздіксіз жүріп жатқаннан кейін жұмысшыға қояр ең басты талабымыз – біліктілік пен жауапкершілік. Жалпы айтқанда, ұжымдасып еңбек етуде алдыңғы қатардан көрініп келеміз. – Тәуелсіздік алғалы қандай жетістіктерге қол жеткізіп келесіздер? Жаңа технологияларды игеруде ілгері жылжу бар шығар... – Кеңес өкіметі кезінде дәл осы отарбаны (заманауи жаңа атауы – тепловоз (авт.) көбіне өзге ұлттың өкілдері жүргізетін. Ал қазақ мамандарының ішінде ілуде біреуі болмаса, басым көпшілігі шойын жолдың тек қара жұмыстарында «екі қолға бір күрек» ұстап, жұмыс жасайтын. Осы кезде бұл үрдіс түбегейлі өзгерді. Қазір ұлттық кадрларымыз отарбаны жүргізуді былай қойғанда, тепловозды жөндеуден бастап шойын жолды басқаруды да өз қолдарына алып отыр. Жаңа технология демекші, былтыр біз Американың атақты «Дженерал Электрик» компаниясы шығарған «TЭ33А» тепловозының онын алдық. Өзіңіз білесіз, осыдан шамалы уақыт бұрын Астана қаласында тұңғыш қазақстандық зауытта осынау аме­рикалық тепловоз құрастыры­лып, алғашқысы конвейерден шықты. Биыл тағы 23-і жасалып, бізге жетуі керек. Бұл тепловоздың кеңестік отарбадан артықшылығы, мұнда машинистің жұмыс жасауына барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Мысалы, мұнда қыста машинистің кабинасын жылытуға, ал жаздың аптап ыстығында салқындатуға мүмкіндік беретін «климат-бақылау» жүйесі жұмыс істейді. Бұған қоса, жаңа тепловоздың жылдамдығы да әлдеқайда жоғары. Осы жаңа теп­ловозды біздің ұлттық кадрларымыз небары екі аптаға жетер-жетпес уақытта терең меңгеріп алды. Мұның өзі – біздің инженер және машинист кадрларымыздың білімді һәм білікті екендігінің дәлелі. Тағы бір жаңалығымыз, өздеріңізге белгілі, біздің депода жаңа технологияны меңгеру, атап айтқанда, «Тұлпар» пойызын тасып жүрген Қытайда жасап шығарылған «KZ4А» электровозы жұмыс істеп жүргенін біз үлкен мақтанышпен айтамыз. Бұл жаңа электровоз бен тепловозды біздің локомотив бригадалары толық меңгеріп, үлкен жұмыстар атқарып жатыр. – Жас мамандарды жұмысқа ал­ғанда қолдау қаншалықты көрсе­тіледі? – Біз бірнеше оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Нақтырақ айтқанда, Алматы пайдалану локомотив депосы осындағы Алматы Көлік және коммуникация академиясымен және Алматы Көлік және коммуникация колледжімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, Жетіген-Харгос бағытында қатынайтын теміржол­дың құрылысы басталғанын білесіз. Сол теміржол қатынайтын Алматы облысының бірнеше ауылдарында біздің айналма деполар жұмыс жасайтын болады. Қазір Алматы Көлік және коммуникация колледжімен келісімшартқа отырып, 23 маманды болашақта сол жақта еңбек ету үшін даярлау үстіндеміз. Себебі білімі толысқан білікті маман қай жерде болса да өз жемісін береді. – Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның мүшесі екенсіз, бұл ұйымның ұлттық қатынастарды реттеудегі маңыздылығы қандай? – Кез келген мемлекетте ұлтара­лық татулықсыз тұрақтылық болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына орай өткен XVI сессиясында ұлтаралық татулықты қа­лыптастырудағы Ассамблеяның жұ­мысына Елбасы оң баға берген еді. Тіпті халықаралық қауымдастықтың өзі ЕҚЫҰ секілді белді ұйымның төрағалығына өтінішімізді қарағанда да, еліміздің ең басты байлығы – ұл­таралық және дінаралық сый­ластыққа баса мән бергені анық. Өйткені Тәуелсіздік туын алғаш көтергенде еліміз қоғамда ешқандай ұлтаралық іріткіге жол бермей, та­тулық пен парасаттылық танытып, ын­ты­мақ пен бірлігін дүниеге паш етті. Экономикасын өрге сүйреді. Еліміз­дің посткеңестік республикалар­дың ішінде ғана емес, тұтастай Азиядан, мұсылман мемлекеттерінен бірін­ші болып ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы да сол жетістіктердің әлем тарапынан мойындалуын көрсетіп отыр. Мәселен, біздің ұжымда мыңнан астам жұмысшы бар. Оның ішінде жиырма бір ұлт өкілі жұмыс істейді. Ұжым ішінде осы күнге дейін ұлтаралық жанжал, не болмаса өзара келіспеушілік болған емес. Әлбетте, Құдай көп көрмесін, еліміз ұлттық қатынастарды қалыптастыру бойынша көш ілгері келеді. Бұл – Қазақ­стан халқы Ассамблеясының осы он бес жылда нәтижелі жұмыс істеп отырғанының айқын дәлелі. – Төрағалыққа қатысты ой-пікіріңізді айтып қалдыңыз, елордамыз Астанада өтіп жатқан Еуропаның Қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының саммитіне тоқталсаңыз? Жалпы, саммиттің еліміз үшін маңызы қандай? – Өзіңіз ойлап қараңыз, посткеңестік мемлекеттер ішінен мұндай ауқымдағы халықаралық форумды алғаш өткізу абыройлы міндет қана емес, ерекше жауапкершілік те. Астана саммиті ЕҚЫҰ елдері алдында тұрған мәселелердің бірі – қауіпсіздік саласындағы көпқырлы және күрделі проблемаларды түсініп шешуге бағытталып отыр. Қазіргі әлем елдеріне ұлтаралық және дінаралық татулық, өзара төзімділік жетпей жатқаны бар. Халықаралық терроризм, радикалды экстремизм және есірткі саудасы сынды трансұлттық сипаттағы қауіп-қатерлер ушығып бара жатқандықтан, құрылтайға қатысатын елдердің бұл бағыттағы қарым-қимылы соған сай жауап беруге қауқарлы болуы тиіс. Бұл саммиттің Канададан Камчаткаға дейінгі аумаққа орналасқан 56 ел үшін ғана емес, келесі жылы тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі үшін де маңызы зор болатыны айдан анық. Саммит арқылы еліміздің экономикасына жаңа инвестициялар легі келеді, туризмді халықаралық деңгейге көтеруге мүм­кіншілік аламыз, одан қалса, іскерлік байланыстарды кеңейтеміз. Жалпы алғанда, он бір жылдан кейін өтіп жатқан Саммиттің еліміздің имиджін жоғарғы деңгейге көтеретіні сөзсіз. Әңгімелескен Сұлтан ТАЙҒАРИН

8900 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13464

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7802

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7432

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6810

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6759

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6546

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5321

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5313

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы