- Тіл
- 02 Желтоқсан, 2010
Бүгінгінің баласының Махамбеттей болғанын қалаймын

Көкшетау өңіріне сапарымызда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының сол аймақтағы филиалында қызмет ететін әріптестерімізге жолай соғып, хал сұрасқанды жөн көрдік. Аталған ұжымды басқаратын Жалғасбек Маратұлының айтуынша, қазір облыстағы мемлекеттік тіл жағдайы сын көтермегенімен мызғымастай көрінген сеңнің соңғы жылдары қозғалғаны аңғарылыпты. Облыстық телеарна да Көкше өңірінде тіліміздің тұғырына қайта қонуына айтарлықтай үлес қосып жүрген көрінеді.
Жетісудан барған бізден елдің есендігін сұрастыра отырып, өздеріндегі жайды баян етті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауда бұл шағын ұжымның да тындырып жүргені көп екен. Телеарна басшысы «Ұжымымызда Наталья Деменьтева деген орыс қызымыз бар. Қазақ тілін қазақтың өзінен кем білмейді» деп атап өтті. Оның айтуынша, Натальяның мемлекеттік тілді меңгерген басқа құрбыларына қарағанда өзіндік артықшылығы бар. Мәселен, отандық телеарналарда жүрген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін өз еркімен, қала берді, жүрек қалауымен, ықтиярымен үйренбеген. Олардың біразы, мәселен, Максим Николаев, Оксана Петерстер қазағы қалың оңтүстік өңірде, ауылдық жерлерде өскеннен соң жетік біледі. Керек десеңіз, олардың ауладағы достарының барлығы қаракөздер, көршілерінің бәрі қазақтар еді ғой. Ал Жалғасбек аға Наташаның басты ерекшелігі деп ормандай орысы бар солтүстік аймақта туып, өз тілінде сөйлесетін өңірде өсіп, мектепте де өз тілінде білім алғанымен, қазақ тіліне деген құрметі арқасында өз ықтиярымен саналы түрде үйренгенін атап өтті. «Бұл жерде оның анасының ақылдылығын айту керек. Мектеп бітірген, бір ауыз қазақша білмейтін қызына «қазақ тілін үйрен», «сен мекен еткен мемлекеттің тілі – қазақ тілі» деп кеңес беруі тегін емес» дейді Жалғасбек Маратұлы. Кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білімін қазақша жалғастырған Наталья қазір телеарнадан бөлек ұстаздықпен айналысады. Алғаш көк көзді көрікті қыздың қазақша сайрап тұрғанын көрген телеарна басшысына жақсы ой келіп, Наташаны телеарнаға жұмысқа шақырады. Басқа әріптестері секілді қазақша бағдарлама ашып, жүргізуді қалаған Наташаны Жалғасбек ағасы ойынан айнытады. Өйткені мемлекеттік тілге мұрнын шүйіріп жүрген орыстілді аудиторияға орыс қызының қазақша сөзі өтімдірек екенін тәжірибелі басшы бірден түсінеді. Түсіне отырып: «Наташа, сен «Я научилась» деген бағдарлама жасайсың. Саған қарап, сол бағдарлама арқылы барлық басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгеретіндей болуы керек!» деп талап қояды. Сол күннен бастап Наташаның «Я научилась» бағдарламасы аудиториясының аясы кеңіп, кейін «Мы научились» деген жаңа бағдарлама ашады. Демек, бұл бағдарламадан кейін аймақтағы тіл сындырушылардың да саны артқанын айғақтаса керек. Орайы келгенде кезінде Натальяның «Я научилась» бағдарламасы «Орыстілді БАҚ-та мемлекеттік тілдің аясын кеңітіп, насихаттаған ең үздік мақала мен телебағдарлама» атты республикалық байқауда жүлделі үшінші орынға іліккенін айта кету керек. Әрине, бұл облыстық телеарнада өзге әріптестерінен оқ бойы озық жүрген Натальяның мерейін өсіргені рас. Сондай-ақ дәл қазір Наташа эфирде қазақ әдебиетінің ұлы перзенттерінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Живой родник» бағдарламасын жүргізіп жүр. Оның Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірінен сыр шертетін кезекті бір сюжетін біз де көрдік. Кейін бағдарламаның авторы һәм жүргізушісі Наташаның өзімен жүздестік. Көгілдір көзді демесең, қара шашты қазақ қызынан еш айнымайтын Наташаның жүзінен мейірім төгіліп-ақ тұр екен. «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезінде еліміздің жас ұстаздар қауымы атынан сөз сөйлеген сәтіме көп адамдар сүйсінгенін кейін естідім. Соның бірі Әлихан Байменов: «Елбасының сөзінен соң әсерлі шыққаны – орыс қызы Наталья Деменьтеваның сөзі» деп бағалапты. Кейін бұл оқиға менің эфирге шығып, көрерменнің көзайымына айналуыма да себепкер болды» дейді Наташа өткен күнге көз жіберіп. Әріптестерінің айтуынша, тілші қыз өз кейіпкерлерінің ішінде Махамбетті ерекше жақсы көреді екен. Соның сырын сұрағанымызда: «Махамбет – ақын ғана емес, батыр. Халық батыры. Халқының қамын жеген азамат. Әділетсіздікті қанды қылышымен ғана емес, өткір жырларымен де тіліп түскен. Әсіресе, оның отты жырларын айтсаңызшы! Бүгінгінің баласын батырлыққа һәм батылдыққа тәрбиелеуде Махамбеттей тұлғаларымызды насихаттағанымыз, оның бай мұрасымен сусындатқанымыз қажет-ақ», – дейді кәнігі әдебиетші ұстаздардай тебіреніп. «Тіл білдім, болдым, толдым» деп отырған Наташа жоқ. «Өзің өскен ел мен жердің бай тарихын танып, мәдениетін білу – сол жердің перзентіне парыз» деп білетін ол үнемі ізденіп жүреді. Д.СЕРІКҚЫЗЫ КӨКШЕТАУ

3429 рет
көрсетілді1
пікір