- Әдебиет
- 02 Желтоқсан, 2010
Тамыры терең Түрксой

ТҮРКСОЙ деген атау қазір баршамызға жақсы таныс. Бұл — түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамытуды көздейтін халықаралық ұйым. Қазақстан — бұл ұйымды құрушы мемлекеттердің бірі. Оның үстіне бұл ұйымды біздің елімізбен тығыз байланыстыратын тағы бір себеп бар. Екі жылдан бері ТҮРКСОЙ-ды Қазақстанның өкілі, бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов басқарады. ТҮРКСОЙ-да түркі тілдес елдердің әрқайсысының өкілдері қызмет атқарады. Қазақстанның Мәдениет министрлігінің өкілі ретінде журналист, бірнеше тіл білетін шығыстанушы-ғалым Асқар Тұрғанбаев қызмет істеп жатыр.
Жалпы, бұл ұйымды құру идеясы түрік жерінде өмірге келген. 1992 жылдың көктемінде түркі тілдес тәуелсіз алты мемлекеттің Мәдениет министрлері Ыстамбұлда кездесіп, бірлесіп жұмыс жүргізу жөніндегі Меморандумға қол қояды. Ал осы жиыннан бастау алған ұйымның құқықтық мәртебесін айқындап, құрылымын бекіту сол жылғы желтоқсанда өткен түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі мәжілісінің еншісіне тиді. Бакуде өткен бұл басқосуда ТҮРКСОЙ-дың тұрақты атқарушы органы – Бас дирекцияны құруға шешім қабылданды. ТҮРКСОЙ-дың жұмыс жүргізу принциптері жөніндегі шарт Алматыда 1993 жылғы 12 шілдеде жасалды. Осы жиынға ұйымға мүше алты елдің — Түрік Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның мәдениет саласының басшылары қатысты. Бұл ұйымның өмірге есік ашқан күні болып есептеледі. Кейіннен шартқа бақылаушы ел ретінде Татарстан, Башқұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тыва қосылды. Уақыт өткен сайын халықаралық ұйымның аясы кеңейе түсті. ТҮРКСОЙ түркі халықтарының мүддесіне орайлас келетін шаруалардың ешқайсысынан да шетқақпай қалған емес. Әсіресе, туыстас елдердің мәдени өміріндегі елеулі шараларды ортақ мереке ретінде өткізіп, бас біріктіруге айрықша маңыз береді. ТҮРКСОЙ-дың Тұрақты кеңесі ұйымның ең жоғарғы жиыны болып саналады. Ең негізгі және маңызды мәселелер осында қабылданады. Тұрақты кеңестің мәжілісі Қазақстанда да бірнеше рет өткізілді. Биыл Тұрақты кеңестің жиырма сегізінші жиыны Түркияның Анталья қаласына шақырылды. Жиын өткізетін елдің Мәдениет министрі ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі болып есептеледі. Бұл жолғы уақытша үйлестіруші Түрік Республикасының Мәдениет және туризм министрі Ертұғрұл Гүнай басқосуды өзі жүргізіп, әріптестеріне елінің қонақжай шаңырағын көрсетті. Алғашқы болып сөз алған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов соңғы жылдарда атқарылған шараларға жан-жақты тоқталды. Әрқайсысының маңыздылығын айрықша атап өтті. Тұрақты кеңесте Қазақстан делегациясының атынан Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров сөз сөйлеп, еліміздің ұйымды дамытуға қосып отырған үлесі жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Садық Шер-Нияз, Башқұртстанның Премьер-министрінің орынбасары Зугура Рахматуллина, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Мәдениет министрі Кемал Дюрист, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің халықаралық байланыстар департаментінің директоры Екатерина Селезнева, Татарстанның Мәдениет министрінің орынбасары Ирада Аюпова, Әзірбайжанның Мәдениет министрлігінің бөлім бастығы Ризван Байрамов, Гагауз Жері Мәдениет және туризм бас басқармасының бастығы Дмитрий Камбур қатысып, өз тұжырымдарын көпшілікке ұсынды. ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесте келер жылға арналған шаралар жоспарын бекітті. Сәуір айында Түрікменстанда «Түркі халықтарының мәдени мұрасы» атты халықаралық фестиваль өтпек. Осы шараны ұйымдастыру мәселесі талқыға салынды. Сонымен қатар биыл ТҮРКСОЙ тарапынан Ахмет Зәки Уәлиди Тоған жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай жыл бойы ұйымдастырылған шаралар жөнінде есеп берілді. Алдағы жыл татардың аса дарынды ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімімен аталатын болды. Тұрақты кеңестің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ТҮРКСОЙ-дың келесі кезеңге дейінгі Уақытша үйлестірушісі болып сайланды. Келесі жиырма тоғызыншы жиын 2011 жылдың аяғында Астана қаласында өтетін болды. Тұрақты кеңестің мәжілісінде Башқұртстанның Премьер-министрінің орынбасары Зугура Рахматуллина Дүйсен Қасейіновке осы елдің «Халықтар достығы» орденін тапсырды. Ол бұл марапатқа Башқұртстанның Президенті Рүстем Хамитовтің жарлығымен ие болыпты. ТҮРКСОЙ-дың басты мақсаты — түбі бір тарихымызға тереңірек үңілу. Халықаралық ұйым бұл міндетті абыроймен орындап келеді. Түркі халықтарын жақындастыратын бірнеше қасиетті ұғым бар. Ол – аса қиналмай түсінісуге болатын тіл және түркілік өршіл рух. Ұйым өткізіп келе жатқан айтулы шаралардың бәрінде түркі бірлігінің беделі байқалып тұрады. Шынын айтқанда, соңғы кездері ТҮРКСОЙ деген атаудың өзі түркі бірлігі деген ұғымның баламасына айналып келе жатқаны рас. ТҮРКСОЙ рухты көтеріп, өнерді ынталандыратын шараларды көп өткізеді. Өз қатарынан оза шыққан саңлақтарды ұйымның қомақты сыйлығымен марапаттайды. Түркі тілдес халықтардың бір-бірімен жақындығын, рухани туыстығын өздері әрдайым сезініп жүретіндей ахуал қалыптастырады. Антальяда өткен түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлігі басшылары Тұрақты кеңесінің биылғы жиыны да ТҮРКСОЙ-дың тамыры тереңдей түскенін анық көрсетті. Ержан БАЙТІЛЕС, «Ана тілінің» арнаулы тілшісі Алматы —Анталья — Алматы

4834 рет
көрсетілді0
пікір