• Тарих
  • 02 Желтоқсан, 2010

Тәуелсіздік нышандары көшелер мен жер-су атауларынан да көрінеді

Қазақ елінің өз алдына жеке мемлекет атанып, тәуелсіз ел болуы ұлтымыздың өзегі болып табылатын тіл мәселесіне де игі әсерін тигізді. Жасыратын ештеңесі жоқ, кешегі Кеңес Одағы кезінде облыс орталығында есімдері елімізге белгілі тұлғалардың атына берілген көшелер саусақпен санарлықтай ғана еді. Соңғы он тоғыз жылдың ішінде жанымызды жадыратып, үлкен мен кішіге ерекше рух берген көптеген оң өзгерістер орын алды. Әрине, мұның бәрі де – үлкен қуаныш.

Осы арада сөзім жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйене кеткенім де дұрыс болар. Осы мақаланы дайындау барысында Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасында болып, қажетті мәліметтерді алған едік. Енді осы деректерге тіл бітіріп көрелік. Сонау Кеңес Одағы дүрілдеп тұрған кездегі Свердлов даңғылы бұл күндері Абай даңғылы деп аталады. Бұл – облыс орталығындағы ең үлкен көшелердің бірі. Оның бойында өмірлік және тұрмыстық мәні зор ғимараттар, сауда орындары орналасқан. Көшелердің жан-жағына отырғызылған жас көшеттер де шаһарымызға сән беріп, ерекше ажарландырып тұр. Осы көшенің бойымен күн са­йын ары-бері өткенімде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың алып тұлғасы көз алдымызға елестейді. Оның руханиятымызда алар орны ерекше екендігіне ешкім де дау туғызбаса керек. Сондай-ақ шаһардағы бұрынғы үлкен Ленин көшесі әл-Фараби даңғылы болып өзгертілді. Ал бұл бабамызды зиялы қауым екінші Арис­тотель деп атап кеткен. Бір тоқтала кетер жай, бұрынғы көше даңғылға айналған кезде оған біртүрлі қа­рағандар да болды. Бірақ уақыт өте бәрі де орнына келді. Қазір оған халықтың көзі де, құлағы да үйренді. Осы өзгерістердің қатарында бұрынғы Индустриальный кө­ше­сіне ұлы ақын Сырбай Мәу­ленов, Киров көшесіне даңқты жерлесіміз, атақты қаламгер Ғафу Қайырбековтің аттары берілді. Сонымен қатар Красноармейская көшесі Қазақстанның Халық жазушысы Мариям Хакімжанова, 50 лет Октября және Советская көшелері Алаш ардақтылары, қазақ халқының бүгінгі бақытты ғұмыры үшін күрескен Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсыновтың есімдерімен аталады. Осы көшелердің бойымен жүргенде де тұла бойымды қазақтың бір қызы ретінде мақтаныш сезімі кернейді. Өйткені Міржақып, Ахмет секілді ұлт тұлғалары болған бабаларымызды біз түгілі ата-аналарымыз да кейін осы тәуелсіздіктің арқасында танып білген жоқ па? Барша қауымға Спандияр Кө­беев­тің есімі жақсы таныс. Ол – «Қалың мал» романының авторы. Осы Спандияр атамызға бұрынғы Социалистическая көшесі берілді. Ол қазір күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай өзгерді. Құдайға шүкір, тәуелсіздіктің арқасында әділетті салтанат орнап, облыс орталығындағы бірқатар білім ордаларына да есімдері қазақтың әдебиеті мен мәдениетінде алтын әріптермен жазылған көрнекті қайраткерлердің есімдері берілді. Бүгін мен қаламыздағы іргелі оқу орындарына жататын әрі өзім түлегі болып табылатын №24 қазақ орта мектебіне көрнекті ақын Сырбай Мәуленовтің, №20 орта мектепке Халық жазушысы Мариям Хакімжанованың, №23 орта мектепке Ұлттық Ғылым академиясының академигі Манаш Қозыбаевтың есім­дері берілгендігін атап өткім келеді. Аталған білім ордалары өздеріне аты берілген тұлғалардың мәртебе­сін көтеріп, соған күнделікті нақты істерімен сай болуға талпыныс танытып келе жатқаны да қуантады. Аталған Сырбай Мәуленов атындағы гимназия жылма-жыл ұлттық бір­ыңғай тестінің қорытындысы бо­йынша жүлделі орындарды алып жүр. Үстіміздегі жылы қала мектептері арасында бірінші орынға ие болды. Бір түлегі 125 балл жинады. Тәуелсіздіктің жарқын бір кө­ріністері ретінде облыс орта­лығында бірқатар жеке жоғары оқу орындары да ашылды. Соның бірі – қазіргі Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік эконо­микалық университеті. Одан бұрын өңірдегі байырғы оқу орын­дарының бірі Қостанай мемле­кет­тік университетіне Ахмет Байтұр­сыновтың аты берілген болатын. Ауыл мен жер аттары өзгертілді. Бұл өзекті тақырыпты қозғар кезде көз алдыма кешегі Кеңес Одағы кезіндегі солақай саясаттың кесірінен жіберілген кемшіліктер де еріксіз елестейді. Өйткені сонау тың және тыңайған жылдары қанша­ма шаруашылық­тар дүниеге келіп, оған соларды құрысқан азаматтар­дың есімдері берілді. Кейбір елді мекендердің аттары аталмай қалды. Бұған облыстың кез келген ауданын аралап көрген адамның көзі анық жетеді. Өйткені қадам басқан сайын орысша атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ тәуелсіздіктің арқасында бұрынғы Боровской, Орджоникидзе, Ленин, Урицкий, Комсомол аудандары қазір Меңдіқара, Денисов, Ұзынкөл, Сарыкөл, Қарабалық болып өзгертілді. Оған жергілікті халық кеш те болса әділеттің салтанат құрғанына қандай қуанды десеңізші. Қазір бұл елді мекендерге де халық әбден үйреніп қалды. Сөздің орайы келгенде облыстағы бірқатар аудандардағы ауыл мен селолардың да жаңаша атауға ие болғанына тоқтала кеткенді орынды деп есептеймін. Мәселен, Жітіқара ауданындағы бұрынғы Дзержинский, Комсомол, Приречное селолары нағыз құлаққа жағымды, жадыңда тез сақталар Аққарға, Жалтыркөл, Ырсай болып өзгерді. Әулиекөл ауданындағы Семиозер, Шобанкөл елді мекенде­рі бұл күндері Әулиекөл, Қабидолла Тұрғымбаев ауылы болып аталады. Облыс әкімдігінің қолдауымен және облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Қостанай облысының топони­микалық картасының» екі кітабы шықты. Жуырда үшіншісі жарық көрмек. Осынау еңбектерде облыс­тың ертеден келе жатқан тарихи жер-су аттары арқау болады. Ол үшін арнайы экспедициялар жасалды. Бұл экспедицияның жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты кафедрасының меңгерушісі, профессор Аманжол Күзембай. Қа­зірге дейін олар облыстың 8 ауданында болды. Айта берсек, мұндай жаныңды жадыратар игі мақсаттағы өзгерістер бізде де жетеді. Ал егер алып Одақ ыдырап, Қазақстан егеменді ел болмағанда осындай өзгерістерге қол жеткізер ме едік. Жанай-Керім Сарина, журналист Қостанай облысы

4110 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы