• Мәдениет
  • 30 Мамыр, 2019

АЙМАНОВТАН ӘШІМОВКЕ ДЕЙІН...

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы «Рахманқұл Бердібаев атындағы Халық университетінің сабақтары» мәжіліс-дәрісінің кезекті сабағы «Заман және замандастар: Ш.Аймановтан А.Әшімовке дейін» деп аталды. Институт директоры Кенжехан Матыжанов қазақ театры мен киносында айрықша орны бар Асанәлі Әшімовтен кинодағы алдыңғы толқынның ерекшеліктері мен естеліктерін сұрап, әңгімеге тартты. Кеңес одағы кезінде қазақ киносында тарихи фильмдердің түсірулі мен әлемдік деңгейге көтерілуі ғажап құбылыс болды. Мәселен, Асанәлі Әшіовтің «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан, «Атаманның ақырында» Шадияров, «Трансібір экспресінде» Қасымханов сияқты рөлдерінің бәрі де тұнып тұрған тарих пен классика. Қазақ киносының өткені мен бүгінін, келешегін сөз еткен абыз актер ұстаздары мен замандастарын да еске алды. Сонымен, араға жылдар салып қайта жалғасқан «Халық университетінің» дәстүрлі дәрісін Асанәлі Әшімов жүргізді.

«ИТ ОҚУҒА ТҮСТІМ...»

«Халық университі» дәрісіне кезінде бірнеше рет келгем. Ол кезде қазіргідей фотоаппарат, камера жоқ. Мен тыңдаған дәрістердің бірін Әбілда Тәжібаев оқыған. Өмірдегі, өз басынан өткен және тарихқа қатысты жағдайларды жасырмай айтатын. Енді, міне, осы жерге ақсақал ретінде өзім де келіп отырмын. Киелі шаңыраққа келіп отырғанда тек қана шындықты айту керек. Біз әкесіз өстік. Мен үш жасымда кеткен, есімде жоқ. Шешейдің қара­мағында болдық. Оның өзі 22-23 жаста болған. Әкемізді келеді деп күткенімен, келмеді. Уақыт қарап тұрмайды, жылжи береді. Мен де ер жетіп қалдым. Содан кейін шешеміз қайта тұрмыс құруға уақытын жоғалтып, отырып қалды. Біз Сарысу деген колхозда жұмыс істедік, жазда орақ орамыз. Шешейді айлап-жылдап іссапарға жібереді. Осының бәрінен шаршаған болуы керек, Кентау қаласындағы туыстарын жағалап кетіпті. Маған хабар берді, артынан мен де барып, 9-10 класты сонда оқыдым. Шешем наубайханада жұмыс істеді. Күнде 0,5-1 кг ақ ұн мен нан әкеледі. Кейде түнде мен де барып жұмысына көмектесемін. Сол бір жылдай жинаған ұны бір қап болды. Ұнды базарға шығарып, Райымбек­ екеуімізге сатқызды. Ол кезде ақ ұн дефицит әрі қымбат. Сонымен біз шыққан күні жел қатты тұрып кетті, түріміз аппақ, ешкім танымайды. Бірге оқыған балалар көріп қоя ма деп ұялып жүрміз. Бірақ Алматыға оқуға бару үшін жолға қаражат керек. Сонымен бір қап ұнның жартысы желге, жартысы бетке кетті, қалғанын саттық. Сол ақшамен Алматыға келдім. Шешем: «Балам, Алматыға бар, ит оқу болса да оқуға түс» деп жіберген. Мені актерлік оқуға Асқар Тоқпанов алып келді. Ол кезде біздің елде актерлерді ұнатпайтын. Өзім де жек көретінмін. Әкемнің інісі шалқасынан түсті. «Тұқымы құрысын, таста, басқа оқуға түс» деді. Басқа оқуға мүмкіндік болмады. Ағайымды Ауылшаруашылық институтына түстім деп алдадым да, шешеме шындықты айттым. «Шеше, ит оқуға болса да түс» деп едің ғой, бір ит оқуға түсіп келдім» дедім. Шешем «оқи бер» деді. Осы бір ауыз сөз қанат бітіріп, мен осы жолға біржола бетбұрдым. Киноларға түсіп жүрмін, ағайым әлі қарсы. Кинодан көріп жүрсе де, «таста»­ дейді. Ал мен Кеңес Одағының «Халық артисін» алғанда ағайым телефон соғып тұр: «Әй, бала, анау Серкебаев пен Төлегенова алған дәреже ма?» деп сұрады. «Иә» дедім. Ағам ол уақытта совхоздың директоры. «Онда соларды шақыр, 100 шақты адамның басын қосып жуып берем» деді. Жақындар мен артистердің басын қостық. Қаншама уақыт қарсы болып келген ағам сонда: «Болмады енді, осы жолмен кеттің, жолың болсын» деді. Сонда ғана рұқсатын беріп, өзі екі жылдан соң қайтыс болды. Мен жұмысымды кинодан баста­дым. І-курста «Ботагөзге» түстім. Киноға түсемін деп жүріп оқудан шығып қалып, қиындық көрсем де кинодан кете алмадым. Өнер академиясын (ол кезде Консерватория) бітіргенше 3-4 фильмге түсіп қалдым. Киноны 17-18 жасымда бастадым,­ бұл киноға түсу әдісін, технологиясын түсінбей тұрып бастау еді. Бірақ өте жақсы бастау болды. Кей­біреулер бірден жоғарыдан бастап, одан кейін не төмен түсе алмай, не жоғары шыға алмай қалып қояды. Ал біз эпизодтан бастап түсіп, саты-сатысымен төменнен жоғары қарай жүрдік.

Актер жақсы нәрсені, атақ-абыройды көтере алу керек. Мысалы, Е.Герасимовтың киносына бүкіл курсы түсті. Сондағы Ивановтар 18 жасында Сталиндік сыйлықтың лауреатын алды. Дәл сол сыйлықты 21 жасында екінші рет тағы алды. Ақырында ішкілікке салынып, жынданып кетті дейді. Бұл не? Бұл – атақ-даңқты көтере алмау. Атақ-абыройды көтеру үшін Ш.Аймановтың тілімен айтқанда, «Адамдар ұшып кетпейтін қорғасын болуы керек». «Ұшып» кететіндер тек кинода ғана емес, әдебиетте де, эстрадада да бар. 1-2 ән айтып, сосын сахнадан жұртты боқтайтындарды көріп жүрміз ғой.

ӨНЕРДІҢ ЛАБОРАТОРИЯСЫ – ТЕАТР

М.Әуезов атындағы драма театрындағы Нүкетай, Сәбит және Семейдегі Бекен Иманхан төртеуіміз бір курстың балаларымыз. Бір-бірімізді 17-18 жастан білеміз. Бұл қыз-жігіттер 1959 жылы оқуды бітіріп кетті. Мен оқудан шығып қалып, кейінгі курспен 1961 жылы тәмамдадым. Содан кейін де кинода жүріп, театрға 1964 жылы бардым. Алдыңғы курстастарым менен бұрын оқу бітіріп, театр­ сахнасын менен бұрын бастады. Кинода жақсы, әрине. Бірақ съемка барда түсесің, жоқ кезде бос жүріп қалатының тағы бар. Мұндайда шеберлікті әлі шыңдап үлгермеген актерге қиындау екен. Аға буын өкілдерінен «театр жақсы, шеберлікті шыңдайды, өнердің лабораториясы сол жер» деген кеңестерді көп тыңдап, штаты мен ақшасы әжептеуір көп киноны тастап, театрға келдім. Ол кезде театрда­ А.Мадиевский, М.Гольдблат деген еврей ұлтының өкілдері режиссер болатын. Жақсы жұмыс істеді, обалы нешік. Осы азаматтар М.Әуезов театрын жоғарғы деңгейге көтерді. Сосын қазақтар «неге еврейлер басқарады» дегендей бас көтере бастадық. Сол кездегі Мәдениет министрі Ләйлә Ғалымжанова 1964 жылы Әзірбайжан Мәмбетовты басшы етті. Біздің ішімізден тағы біраз Халық артистері Ә.Мәмбетовке қарсы болып, біразы театрдан кетіп те қалды. Менің театрдағы алғашқы рөлім – «Абай­дағы» Айдар. Ол менің ең сүйікті рөліме айналып, 10-15 жыл үздіксіз ойнадым. Ә.Мәмбе­товтың алғаш келіп қойған қойылым еді. Үлкен рөл емес, бірақ соның өзін әрқашан бірнеше ай бойы дайындалушы едім. Сонда Айдар «Еңлік-Кебектегі» Нысан абыздың монологын оқиды: «Жарастық жоқ, жалын жоқ, Жарым қайтып күн көрер! Барары жоқ, байлау жоқ, Ерім қайтып күн көрер! Бәріңнің де нәрің жок, Елім қайтып күн көрер?!» Маған ұнайтын тұсы да осы. Әр жолы философия. Осы жерін халықтың алдында көп уақыт оқып жүрдім. Әзірбайжан біздің буынның бағына орай келді, ол бізден бес-ақ жас үлкен. Дос, сырлас, пікірлес болдық. Режиссер мен актер тіл табыс­қанда, жаңадан өнер туады. Мықты актерсіз жақсы режиссер ештеңе істей алмайды. Актерлық ойынмен қойылған қойылым – нағыз қойылым. Режиссер, актер, драмматург, осы үшеуі қабысса, сардалы өнер туады. Ал біреуі кем боп жатса, ол ақсақ болады. Міне, біздің бірігуіміз жақсы нәтижеге жеткізді. Біз Әзірбайжанды, ол бізді көтерді. М.Әуезов театрын Кеңес одағындағы үздік төрт театрдың қатарына қосты. Жылдар өте театрға бөтен адамдар келе бастады. Әзірбайжанды да қуды. Талантты адамдар қорғансыз болады. Ә.Мәмбетов дарын, талант еді. Соны көре алмады, білем. «Өнердің жаны құштарлық, жауы іштарлық» деген осы. Шынайы дарындар ұзақ және жақсы өмір сүреді. Өйткені сахналық кейіпкер жасау адамның жасын ұлғайтады. Ләззат алу деген бар. Актер сахнада рахаттанып, жанын салып ойнайды. Іштегі шерді шығарады. Сондықтан ол өмірде анау-мынау ұсақ-түйек аурулармен ауырмайды. Байқасаңыздар, халық сүйген, халқын сүйген артистердің барлығы көп жасаған. Сераға, Қалекеңдер, Хадиша, Сабираларды қараңызшы. Олар сахнада рахаттанады. Сахна сыртында, дайындық барысында жұмыс істеп, сахнаға шыққанда демалатын артистер еді. Өздерін сахнаның қожайыны сезінетін. Расында солай болуы керек қой. Ұлылар біздің өнерде де, ғылымда да, әдебиетте де бар. Мұқаң, Ғабаң, Сәтбаевтардың барлығы дос болды. Бұл уақыт «алтын ғасыр» деп аталады. Менің тойыма­ осы ардақтылардың барлығы қатысқан. Қазір техника дамыған заман ғой. Сурет деген – тарих. Қарап отырсам, сол кезде қоян-қолтық араласқан ұлылармен бірде бір суретім жоқ екен. Тіпті бірге жұмыс істеген Шәкеңмен бірге түскен суретім жоқ. Ал, қазір біз түсіп жүрген әрбір сурет сақталатын дүние.

«ҚЫЗ ЖІБЕКТІ» ҚЫРҒЫЗДАРДАН ТАРТЫП АЛДЫҚ

Еңбек жолымды кинодан бастағаным дұрыс та болған екен. Сол 1956 жылы басталған кино осы уақытқа дейін жүріп жатыр. Кеңес одағы кезінде ұлттық мәселені көрсету оңай болған жоқ. Ұлттық мәселеңіз былай тұрсын, тіпті бізге тарихи фильм түсіруге рұқсат бермейтін. Қаржыландыратын Мәскеу болғандықтан, бағынуға тура келеді. Ал «Қыз Жібек» қазақтың тарихында алғаш түсірілген тарихи фильм. Мұның өзін қырғыздар Ш.Айтматовтың күшімен алған. Кейін біздің азаматтар Димекеңе (Д.Қонаев – ред) барып, «біздің материалды неге қырғыздар түсіреді?» деп намыстанады. Сонда Димекең қолдап, Мәскеуден Шәкеңдер араласып жүріп, біз «Қыз Жібекті» қырғыздардан тартып алдық. Ол кезде актерлік сынақ деген болады. Кімнің рөлінде кім ойнау керек, кім қай жерінде түсу керек, сынақтың алдында осындай сұрақтар тұрады. Ел ішінде «Қыз Жібектің рөліне 500 қыз бақ сынапты» деген әңгіме бар. Ол кезде сурет арқылы да жіберетін, қыздардың суреті бір альбом еді. Ал экранға келіп сынаққа түскен 10 шақты қыз болды. Бекежанның рөліне Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмахан Жантөрин, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабеков және мен бесеуіміз түстік. Бәсекелестерімнің мықты екенін көріп, театрға келдім де, өзіме шақ келетін батырдың киімін таңдап алдым. Сынақ кезінде жамбасыма оң келетін үзінді беріліп, барынша орындап шықтым. Орындағаным өзіме ұнады, әйтеуір. Сынаққа түскен жігіттерді қарап отырып, Ғабаң (Ғабит Мүсірепов – ред) менің үзіндіме келгенде: «Бекежан мынау ғой» депті. Осылайша мен сынақтан өттім. Сынақты экрнаннан көруге Әлкей Марғұлан келіп, қарап отырып: «Әй, Қыз Жібекте көш болушы еді ғой, көш қайда?» депті. Сынақты фильмнің дайын нұсқасы деп қалған екен. Көрдіңіз бе, ол кезде сынақтың өзі 1,5 сағаттық фильм. Ал енді рөлге келсек... Жырдағы Бекежан мен кинодағы Бекежан екі бөлек. Біз Сұлтан­мен келістік. Ол ғасырда жағымсыз адамдар болмаған. Ойлаңызшы, ол батыр болса, елді қорғап жүрсе, қызды сүйетін жүрегі болса, ол қандай жаман адам болмақ?.. Иә, театрда оны қарақшы етіп көрсететін. Бірақ біз оны жақсы жағынан, батыр тұлға жағынан көрсеткіміз келді. Сөйтіп кинода Бекежанның жақсы жақтарын көбірек алуға тырыстық. Біз одан жапа шекен жоқпыз, көрермен оң қабылдады. Кинода шынымен Қыз Жібектің жолы болды. Ол уақытта Жібек өте жас, 10 жылдықты ғана бітірген. Құман да жас, сол жылдары Өнер ака­демиясын тәмамдаған. Олардың бағына орай, актерлер құрамы бір үйлесім тапқан, жақсы ортаға түсті. Ыдырыс, Әнуар, мен бәріміз оларға көмектесуші едік. Қапшағайдың астында қалған ауылда Әнуар, Құман үшеуіміз бірге жаттық. Түсірілім кезінде де талай қызық болды. Төлегеннің жігіттері бар, Бекежанның жігіттері бар, жақ-жақ болып футбол ойнаймыз, күресеміз. Шәкен Айманов та, Сұлтан Қожықов та өз ісінің шеберлері еді. Шәкен – табиғи талант, дарын, дала академигі. Ал Сұлтан – оқыған, көрген-білгені көп маман. «Қыз Жібектің» түсірілімі кезінде Сұлтан Қожықов бізді, Әнуар, Құман үшеуімізді бір киіз үйге алып жатты. Кешке ойын-сауыққа қатысып, суға түсіп, көңіл көтерейін десең, Сұлтекең рұқсат бермейтін. «Ұйықтаңдар, ертең қиын съемка» деп есікті жауып, жатқызып тастайтын. Ерте жатқан соң, түннің бір уағында ұйқың қанып қалатыны тағы бар. Бірде оянып кетсем, Сұлтанның алдында бір кесе шәй, темекі қалдығын салатын ыдысы әбден толған, қолында тұтанған темекі, бір нүктеге қарап отыр екен. Мен де «қанша уақыт отырар екен» деген оймен, қарап жата бердім. Дәл осы қалпында бір сағаттан көп отырды-ау. Ол сонда ертеңгі күнді оймен жоспарлап, жұмыстың бәрін ойлап, түсірілім алаңын қамдап отыр екен. Осындай таза, адал адамға қалай бағынбайсың... Осының бәрі бастан өткенге 50 жылдай болып қалды ғой. Біз ол кезде 30 жастамыз. «Қыз Жібек» екі жыл түсірілсе, оның жарты жылы дайындыққа кетті. Ипподромда көп жаттығу жасадық. Жігіттер жағы тегіс атқа отыра алады, көбіміз ауылдан шыққанбыз. Ал Қыз Жібекке қиын болды, ол өмірінде атқа отырмаған қыз. Екі-үш ай Жібекті атқа отырып жаттықтырды. Трюк деген болады, бұл – тізгінді қоя беріп шабу. Міне, Жібек осындай дәрежеге жетті. Экраннан қарағанда бәрі оңай, бірақ қазіргідей емес, ол кезде бір эпизод түсіру 1-2 күндік жұмыс болатын. Тіпті кейде 30 дубль жасаған кезіміз де болды. Пленка кейде жетпей қалады, кейде фирмадан жарамсыз шыққан болады, әйтеуір қайта-қайта түсіреміз. Кезінде ел арасында «Қыз Жібектің» көбісі қырқылып қалыпты» деген сөз жүрді. Қайта-қайта түсірген кезде де кадрлар қырқылады, оған монтаж кезіндегі қырқылатын дүниелерді қосыңыз. Меніңше, кез келген кинода 50% ғана қалып, қалғаны қырқылады. Оған көркемдік өнер тұрғысынан қосылатын кадрлар­дың қосылатынын да есепке алыңыз. Сол қырқылған дүниелердің біразын Меруерт сақтап қалыпты. Негізі сақтап қалатын сахналар көп еді. Біз заманның бұлай болып кетерін де білмедік қой. Құманда да тәжірибе жоқ еді, Төлегеннің жақсы тұстарын көрсету үшін біздің жақсы сахналарымызды алып тастаған сәттер де болды. Нәижесінде өте жақсы, лиро-эпостық тарихи фильм шықты. Ел осындай киноны сағынып қалған кез еді. Біздің ауылдың өзінде фильм пленка әбден тозғанша бір ай жүрді.

ФИЛЬМДЕРДІ БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН ШАДИЯРОВ ПЕН «25»

«Атаманның ақырындағы» Қасымхан Шадияровты (Чанышев – ред) «шала қазақ» дейді, білсем, татар болуы керек... Бұл фильм Димекеңнің тапсырысы еді. Осы тақырыпта «Известия» газетінде мақала шыққан. Кейін Димекеңе Шәкең жолыққанда: «Шәке, мынау өзі киноға сұранып тұрған нәрсе ғой» депті. Осыдан кейін Шәкең түсірілім тобын ұйымдастырып, жұмысты бастайды. Кино түсіріліп жатқанда Чанышевтің алыс туысқандары келген, татар ұлтынан. Бұл кезде ұйғырлар да «Ол ұйғыр» деп таласты. Оның себебі көмекшілері, оң қол, сол қолының бәрі – ұйғырлар. Чанышевтің Махмұд Қожанияров деген оң қолы болған, А.Дутовтың басын алып келген сол болуы керек. Бірақ негізгі идея иесі, жоспарлап, операцияны басқарған – Чанышев. Байдың баласы болғанымен, үкіметтің дұшпаны емес екенін дәлелдеу үшін барлық операцияны өз жауапкершілігіне алған Чанышев бәрібір қудаланды. Содан кейін ол Ош арқылы тау асып, бас сауғалап кеткен. Кино әлеміндегі Атаманның өмірі «Трансібір экспресінде» жалқасқандай. Шә­кеңнің өкіл баласы ретінде қолында тұрған Элдар Оразбаев деген жігіт болды. Ол екеуіміз Шәкеңе қандай ескерткіш арнасақ деп көп ойластық. Ақырында «Атаманның ақырын» ары қарай созу керек деп, «Трансібір экспресін» түсіреміз деп шештік. Осы фильмде «Танисың ба сен мені, мен қазақтың баласы...» деген атақты сөз бар. Бұл кейін бүкіл қазақтың ұранына айналды. Фильм желісінде пойызда келе жатқан Шадияров бір қызбен сөйлесіп қалады. Бойжеткен: «Аға, сіз кімсіз?» деп сұрағанда, ол өзінің кім екенін, аты-жөнін айтпау керек еді. Осы тұста Элдар маған осы жерінде кім екенін жеткізетін бір шумақ өлең болса ғой деді. Мен көп ойланып, Қасым Аманжоловтың «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен қазақтың баласы!» деген өлең жолдары ойыма оралды. Кеңес одағы кезінде фильм арқылы «мен қазақтың баласы» демек түгілі, жайшылықтың өзінде «қазақпын» деу қиын кез еді ғой. Бұл халыққа үлкен бір серпіліс берді. Содан кейін араға жылдар салып, Шадия­ровтың бейнесін «Әруақ» фильмінен көруге болады. Бұл фильм өзіме ұнайды. Мұнда у-шу, атыс-шабыс жоқ, қарапайым шалдың философиясы. Отбасы жоқ, көп нәрсені білетін, көп тілді меңгерген қария. Қаланың өмірін ұнатпай, өз еркімен далаға кетеді. Егін егіп, қасқырдың баласын бағып, кішкентай жетім баланы асырайды. Арманы жалғыз өзі далада жүріп, бәрін аяққа тұрғызу. Киноның атын «Әруақ» деп өзім қойдым. Бұл бір жағынан қарасаң, баяғы «Атаманның ақырындағы» Шадияровтың қартайған түрі дерсіз. 80 жастағы қария болғанымен, жан-жақты, әлемде не болып жатқанының бәрін біледі. Енді Шадияров 40 жыл шетелде тұрып, елге келгенде не істеді, қайда кетті дегендей ойлардан осы фильм туды. Осы төрт фильмді: «Қыз Жібек», «Атаман­ның ақыры», «Трансібір экспресі» және «Әруақ» фильмін байланыстыра­тын бір нәрсе бар. Ол Шәкеңнің даусы. Атақты «25» әні. Шәкеңнің бұл әнді орындауы да үлкен тарих. Бұл әнді Қали Байжановтың мақамымен айта алатын жалғыз Шәкең. Қ.Байжанов Шәкеңнің жездесі. Әпкесі қайтыс болған соң, Қалиды 90 жасында Алматыға алдырып, екеуі бірге тұрған. «25» әнін сол кезде үйренген ғой. Мәжит Бегалин кино түсіріп жатып, осы әнді Қаукең айту керек деп арнайы шақыртады. Қайта-қайта айтқызып, керек дауысты, керек ырғақты таба алмай отырғанда павилонға Шәкең келе қалады. «Әкелші» деп домбыраны қағып-қағып жіберіп, әнді орындағанда Мәжит Бегалин: «Осы ғой керегі, осы» деп Шәкеңнің даусында «25» әнін жаздырған. Шәкең Қалекеңді (Қалыбек Қуанышбаев – ред) ұстазым деп есептейтін. Екеуі бір-біріне сондай жақын еді. Ал қалжыңдары өте ащы болатын. Өткір қалжыңдасатын. Екеуі бір үйде Қалекең бірінші, Шәкең үшінші қабатта тұрған. Қалекең өмірден озар алдында қатты сырқаттанып жатқанда Шәкең съемкада болып келе алмай жүреді. Бірнеше ай өткенде Шәкең үйіне келгенін көрген Қалекең бетін ары қарай бұрып, теріс қарап жатады, ренжіген кейіп танытқаны ғой. Сонда Шәкең: «Әй, шал, ұзағынан жатып алдың ғой. Не болды саған? Тұр, карта ойнаймыз. Ақшаң бар ма?» деп қалжыңдап, қауқалаңдайды. Ал Қалекең бетін бері бұрып, тылағын шығарып көрсетіпті. Екеуі қарқылдап күліп алып, бес минуттан соң Қалекең көз жұмған екен. Сонда көрдіңіз ба, өліп бара жатып қалжыңдасып барады. Шәкеңді күтіп жатқан екен, көрген соң жан тапсырыпты. Қалекеңнің жүрген жері қалжың, театр еді ғой. Оның қалжыңдары тұтас бір сериал. Әбікен Қасенов деген домбырашы екеуі түйдей жасты. Екеуінің де арасындағы қалжың бітпейтін сериал болатын.

КӨРЕРМЕН АКТЕРДІ КӨРУГЕ ЫНТЫҒУ КЕРЕК

Қазір кино түсіру оңай. Актер келеді, оған бір қағаз мәтінді беріп, «мә, мынаны айта сал» дейді. Ол да сөздің парқына бармай, ойдың мағынасына бармай оқи салады. Сонымен эпизод дайын. Актер фантазер, өткір сөзді болуы керек. Актер тығырықтан шығар жолды жақсы білу керек, қорытынды шығару керек. Актердің диапазоны кең болу керек. Ол сонда ғана актер. Актердің беті мың емес, біреу-ақ. Оны көрермен не сахнадан, не кинодан ғана көру керек. Мысалы, қазір біздің актерлер көрерменнің арасында жүгіріп жүреді. Бізге көрермен арасына шығуға тыйым салынатын. Актерді көруге көрермен ынтық болу керек. Ал қазіргі актерлер бір күні той басқарып келіп, ертеңіне «Абайды» ойнайды. Оған кім сенеді? Мен қазір өзімнің шәкірттерімнен театр құрдым. Топта 30 бала бітірсе, оның бәрін бірінші курстан бастап кітап оқуға үйреттім. Әрқайсысы 10 романнан оқыды. Демалыстан келген кезде бірінші курстағы интеллектісі мен төрттінші курстағыны салыстыруға болмайды, жер мен көктей. Балаларымның өздері де, тәртібі де жақсы. Тәртіп болған жерде жақсы өнер туады. Сосын өздері жұмыс істейтін қабілетке жетті. Өздері сценарий жазады, кейбірі пьеса жазады. Ішінде бір-екі режиссерлері бар. Әр қойылымға жауапты адам қояды, оны сезінеді. Театр болған соң, жалғыз актер емес, басқа да персоналдар керек. Театр репертуары болу керек. Әйтеуір көзді жұмып бастадық. Сенімге құрылған театр ары қарай өзі жол тауып шығар деп үміттенемін.

Дәрісті тыңдаған Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2169 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы