• Ақпарат
  • 19 Ақпан, 2009

Аралар елінен хат Һәм Қазақстан қор биржасы хақында

Ойынншысы жоқ ойын Армысың, алаң да алаң, алаң жұрт! Ауыл-аймақ, қала мен даланың өмірі өз арнасымен жылжып жатқан шығар. Алматы да баяғы күйбең тірліктің соңында уақытпен жарысып жүрген сыңайлы. Ақырындап алма қаласы айна қалаға айналып барады. Бірақ, айтайын дегенім басқа еді. Қазақстан қор биржасы дегенді естіген боларсыздар. Біраздан бері сол мекеменің маңын торуылдап жүрген жайым бар. “Ақша деген мал шықты, Ерттеп мінер күші жоқ, Сауып ішер сүті жоқ” деп халық ақындарының зары запыран болған заманда ақшаның құны тұрмақ, буы да бар екен-ау. Ал бағасы бар қағаздар жайында не білесіздер? Бағалы қағаздардың да сан түрі кездеседі. Олардың арасында жиі айтылатыны – акциялар мен облигациялар. Телесериалдар мен түсініксіз терминдерге толы жаңалықтардан жиі естіп жүргенімізбен, олар жайында сөз қозғасақ, аузымызға құм толғандай үн-түнсіз қалатынымыз даусыз. Сөйтсек, шетелдіктер біз секілді қит етсе банктерге барып, несие алып, артық ақша болса, өсімі инфляциядан аспайтын депозиттерге емес, акциялар мен облигацияларға қаржы құяды екен. Ресейде тұрғындардың 1%-ы , ал АҚШ-та 40%-ы қор биржасына тартылған деседі. Отанымызда аталған сауда-саттықты ұйымдастыратын мекеменің де құрылғанына, міне, 16 жыл болыпты. Сол бағалы қағаздардың иесін табатын жүйелі мекенді іздеп жүріп, жүйесіз ойлар мазалай берді. Құлағыма алты ғасыр бұрын ел-елден келген көпестер бас қосатын Голландия жеріндегі саудагердің сықылықтаған күлкісі келеді. О, тоба, гербіне ақша толы үш әмиянның суретін аттай қалап салдырып, отбасылық пұт құдайына айналдырған көне көпес оның 21-ғасырда күллі ғаламның ресми емес елтаңбасына айналатынын білді ме екен? Иә, ақша екі аттап, би болған бақыр заман! Не іздеп жүр едім? Айтпақшы, қазақстандық әмиянды, кешіріңіздер, Қазақстан қор биржасын іздемеп пе едім? Бірден көгілдір экраннан көріп, жағамызды ұстап таңғалатын Лондон, Нью-Йорк қор биржалары есіме түсті. Шулаған халық. Таласқан жандар. Өткізу бекетінде шыдамсызданып әзер күтіп тұрмын. Ақшаның жүзін тезірек көргім келді. Ескі алаңдағы еңселі ғимараттың жертөлесіне жылдамырақ басып, «Қазақстан қор биржасының сауда алаңына» асыға кірдім. Мені бос орындықтар күтіп алды. Әрқайсысында бір-бір компьютер мөлиіп тұр. Тағыланып қалған сыңайлы, үрке қарайды. Адымдап басып, залдың төрінде терезенің ар жағында отырған бес-алты маклерге жетіп бардым. – Неге ешкім жоқ? – Біз сауданы интернет арқылы жүргіземіз... – Ал Лондон, Нью-Йорк ше? – Оларда брокерлер дауыс беретін биржалар кездеседі. Мен сізге түсіндіруге міндетті емеспін, қаржы сарапшысынан сұраңыз. Сізге тек суретке түсіру рұқсат етілген. Орындықтардың біріне отырдым. – Онда мен дауыс беремін. Әрине, олар шарқ ұрып іздеп келгенде бос орындықтардың күтіп алатындығын күтпегенімді түсінбеді. Ақшалар мекеніндегі алтын көпір Қор биржасының саудасына басымды сұғып бажайлайын десем, брокерлік қызмет көрсететін фирмалар қажет екен. Брокері несі деп отырған шығарсыздар? Оны бағалы қағаздарды сатып алушы мен сауда алаңын жалғастырған алтын көпір десем де болады. Қазақстандық қор нарығына акцияларын орналастырып үлгерген компаниялар аз болса да, ондай көпірлер көп. Алатаудың бауырында «Нұрлы тау» бизнес орталығының мөлдір айналары күнмен жарысып жарқырап тұр. 4Б корпусындағы 13-қабат. Марина есімді қызметкерді күтудемін. Қарсы орындықта арықша келген жігіт отыр. – Маринаға келіп пе едіңіз? – Иә, Қазақстан қор биржасында ойнағым келеді. – Сіз ше? – Жұмысқа шақырған еді. – Демек, бағалы қағаздар нарығы жайында хабарыңыз болғаны ғой? – Аздап. – Соңғы кезде осы саланы зерттеп жүрмін. Өмірдегі өзгерістердің, қитұрқылардың көпшілігі қаржының айналасына шоғырланады екен-ау, – деп күлдім. – Бірақ кейде түсінбейтін кездерім де бар. Мысалы, АҚШ экономикасы күн санап құлдырап барады. Әйтсе де, доллар өсіп кетті. Осылар алаяқтық арқылы көк қағазды қымбаттатып отырған жоқ па? – деп мүләйімсіп аң-таң бола қалдым. Қасымдағы жігіт: – АҚШ ақшасын аспанға асқақтатып жіберген алаяқтық емес, Обамаға деген сенімнің әсері, – деді маңғаздана бұрылып. Қара президенттің “қара күшіне” таңғалдым. Байқасам, есік ашылып, күткен адамымыз да кіріп келеді. Қасымдағы жігітке бұрылып; – Ақан, сен күте тұр, – деді де, менімен жылы амандасып, кабинетіне шақырды. – Бірден жұмысқа көшсем. Қазақстандық қор нарығындағы бағалы қағаздар сатып алсам деп едім. – Әрине, бұл сіздің шешіміңіз, әйтсе де мен сізге АҚШ, Ұлыбритания, Ресей нарығында ойнауға кеңес берер едім. – Неліктен? – Әрине, отандық бағалы қағаздарды аз ақшаға да 500-1000 теңгеге де сатып алуға болады. Бірақ түсетін пайда аз, тәуекелділік жоғары. Еліміздегі бағалы қағаздар нарығы нашар дамыған. – Ал шетелдік нарыққа шықсам, қанша қаржы керек? – Кем дегенде 10 мың доллар, одан көп болса тіпті жақсы. Сәйкесінше табатын пайдаңыз да жоғары болмақ. Шетелдік компаниялардың даму қарқыны да қызығарлықтай. Брокерлік компания ретінде біз арқылы шот ашасыз. Ал сатып алу-сату операцияларын өзіңіз атқарасыз. Арнайы бағдарламаларды тегін орнатып береміз. Автоматты түрде орыс тіліне аударатын қондырғылары да бар. Сондықтан ағылшын тілін білмеген жағдайда да қиналмайсыз. – Ал семинарлар ұйымдастырасыздар ма? – Иә, оқығыңыз келсе, арнайы курстар бар. Күн сайын өтеді, барлығы екі аптаға созылады. Бағасы – 700 доллар. Қолыңызға 150 доллар ұстатамыз. Биржада шынайы түрде ойнайсыз. – Рахмет, ойланып көрейін, – деп шығып кеттім. Нақ осы ғимараттың көршілес секторында «БТА Секирюритис» қаржылық компаниясының орналасқанын білетін едім. Жолығып кетуді жөн көрдім. Бірақ басқа желеумен. Компанияның алдыңғыдан да қалталы екендігі көрініп тұр. Тұтастай бір этажға жайғасыпты. Қабылдау бөлімінен Айнұрды шақыруды өтіндім. – Сәлеметсіз бе? Жаңа телефоннан айтқанмын. Алаш деген ағам компаниясының акциясын шығарғысы келеді... – Ол үшін екі жылдық қаржылық есеп, аудиторлық тексеріс қажет. Екі-үш аптадай уақыт кетеді. Ағаңыз өзі келсін, кеңірек әңгімелесіп, жағдайларды қарастырып көрелік. Бірақ осы жарты жылдықта аса қолайлы уақыт емес. Сәл күте тұрсын. – Компаниялар қор нарығында белгілі бір деңгейлер бойынша орналасады емес пе? – Иә, мысалы акциялар үш деңгей бойынша орналасады. – Ал ең болмағанда үшінші деңгейге ілігу үшін қаншалықты капитал керек? – Әрине, эмитенттерге қатысты талаптардың құқықтық негіздері бар. Жоғарғы деңгей шамамен 2 миллиардтан асады. Ал сіз айтқан деңгейге өту үшін компанияның меншігі шамамен 65 миллион теңгеден кем болмауы керек. Егер компания нарықта таныс болмаған жағдайда оның акцияларының сатылымы да аз болатындығын ескеріңіз. – Қызметтеріңіз үшін қанша аласыздар? «Алматы инвестмент менеджмент» компаниясының өкілі Манат Әбішевтің айтуынша, компания акциясын шығаруға 5 миллион теңге қажет, ал егер сату операцияларына қатысса, 0,25 пайыз үлесін алады. – Бізде арзанырақ, акцияны екі есе төмен бағаға шығарып береміз. Ал сауда жағын кейін қарастыруға болады. – Түсінікті. Сау болыңыз. Шынында да, ағамның өзі келіп жолыққаны жөн болар. Қайран қор биржасы! Арамыздағы көпір алтын десе алтын екен-ау! Қор биржасы құбыжық емес! Айналайын алыстағы Алаш аға! Қараша үйде қара нан мен қара шайға “семірген” қалың қазақтың жайынан хабарыңыз бар ма? Айна қалада “айна көлді айналған аққудай”дариға-дәурен өтіп жатыр. Алматыдан сыбаға деп жіберер алма да жоқ. Тек амандық тілеген ағайынның аманаты бар. Сіздерге хат жазып отырғанда Мұқан атаның баласы, экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан сәлем жолдады. Өзі үшін алаң болмасын дейді. Сіздер үшін алаңдайды. Тәй-тәй басып келе жатқан Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының қалт-құлт еткен жайын ойлап налиды. “Алматы өңірлік қаржы орталығы” бағалы қағаздар нарығын дамытуда жаңа қаржылық құралдарды қалыптастырып, қарапайым халыққа жас балаша ежіктеп, ерінбей түсіндірсе ғой деп армандайды. Жинап жүрген деректері де аз емес. “Бүгінде халықтың қолындағы бос ақша 30 миллиард теңгеге бағаланып отыр” деді әлгіндегі бір сөзінде ол. Сөйтеді де, банктерге зығырданы қайнайды. Төмен пайызбен депозит ашып, жоғары пайызбен берген ақшасын бұлдайтынына күйінеді. Мен де ойландым. Банктермен бәсекеге түсуге қабілетсіз болып отырған қор биржасының қамалды бұзуға қауқары жетпегені ме шынында да? Соңғы кезде өзім де біраз жайттан хабардар болып қалдым. Ендеше, аталған салдарлардың себебіне тоқталсам, біріншіден, инфрақұрылым, атап айтқанда, сауда алаңы мен эмитенттерді тіркеу дамымаған екен. Екіншіден, қор нарығындағы сауда сыңаржақты деседі. Репо 61-62%, шетел валютасының нарығы 32-33%, мемлекеттік бағалы қағаздар 2-3%, корпоративтік бағалы қағаздар 2-3% құрайды екен. Тағы бір кемшілігіміз, қаржыны еселеуді көздемейді екенбіз. Не оның тиімді жолдарын іздемейді екенбіз. Қор нарығын қорқынышты құбыжыққа балап, “өнер-білім бар жұрттар” ақшаның буымен саудалап отырғандығын ойламаппыз ғой. Құрдастар, күн қала Алматыдан сіздерге де сөзіміз жетсе дейміз! Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ды бітірген Мәди есімді жас ұлан да дұғай-дұғай сәлемін жолдап жатыр. Доллар мен еуроны ерттеп мініп, бірін-біріне айырбастап, біраз ақшаны қалтасына басып жүрген оның астындағы көлігі де жапондық «тайотаның» қырығы». Ебін таба білсе, қор нарығының қалтаны қампитатынына Мәдидің күмәні жоқ. “Қазақстандық қор биржасы дамысын десек, отандық өндірісті дамыту керек. Неге халық АҚШ, Лондон қор биржаларына қаржыларын құяды. Өйткені бұл елдерде жылдар бойы қалыптасқан алпауыт компаниялар бар. Олардың даму стратегиялары да айқын. Сондықтан жұрт ақшаларының желге кетпейтініне сенеді. Әрі акция шығару мекеме үшін де үлкен тәуекел мен зор міндет жүктейді”, – дейді ол әр нәрсенің байыбына барып. Қаржы саласын зерттеп жүрген жас маман Әсел де Мәдидің сөзіне қосылып отыр. “Акция, облигация дегеніміз – мекеме дамуына қажетті қаржы тартудың бір жолы. Ал қарапайым халық үшін бос ақша қаражатын тиімді пайдаланудың көзі”, – дейді ол сөзін сабақтап. Тіпті кейбір шетелдік қор биржасына акция шығару компания үшін үлкен бедел әкелетіндігін жеткізді. Қазақстандық қор биржасы да қашан сол биіктерден көрінеді екен деген ой келді маған. Көрінбейтін қолдардың көрінісі Отыз рулы ордалы елім. Жеті өзеннің арғы жағына, жеті таудың бергі жағына жайғасқан, талай жауға берен болған кең сахараға бақ орнатқан байтағым! Қолыма қалам алып, ақ қағазға тізгенім – естігенім емес, көргенім. Түйгенім: бүгінгі елдің ертегісі де өзгерек екен. Ерте-ерте, ертеде әлемді тек аралар мекендеген деседі. Олар байлықтың жолында бірін-бірі алдап, пайда тауып, қулықтарын асырып, арам тер болыпты. Қара бастың қамымен таң атырып, күн батырыпты. Салтанатқа толы сарайлар тұрғызыпты. Бірінен-бірі асқан илеулер күн санап биіктей беріпті. Ақыры қанша тырысса да, көкке төбелері әсте жетпейтіндіктерін түсінген қайырсыз қала тұрғындары Құдайына жалбарынып, адал өмір сұраған екен. Тілектерін Көк қабыл қылады. Әп-сәтте салтанатты сарай лашыққа айналып, бай ақшасыз, кедей жұмыссыз қалады. Сөйтіп, адалдық сауданың түбіне жеткен деседі. Бұл – экономикалық теория аталарының бірі Мондевильдің жазғаны. Талай капитализм перзенттерін әлдилеген қысқа да қуатты әрі қауіпті қисса. «Әр адамның өз мүддесі халықтың байлығына жетелейді» деп Адам Смит өзінше долбарлағанымен, айтарын айтып қойған әпсана. Бүгін ше? Бүгін де аспанға тіреу болғысы келетін сарайлар бар, асқар таудан асқысы келетін күмбездер бар. Алтын көпірлер бар, тіпті ақшаның буы бар. Оны саудалайтындарды санағанға саусағың да жетпейді. Ал қара бастың қамы мен қарапайым халықтың жайын қатар өрген бұрымды қыз, ұғымды ұл бар ма екен? Хатымның ноқатын қоюға тақап қалдым. Алматыда ақпанның ақ қары жауып тұр. Буға айналған су, қарға айналған бу қалықтап жүр әуеде. Олармен жарысып, көк қағаз, көп қағаз да қалбалақтап айналады. Көрінбейтін қолдар қағып алып жатыр, қалыс қалып жатыр. Ал біз қамсыз отырмыз... Жанар Елдосқызы

3249 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы