• Тарих
  • 09 Желтоқсан, 2010

Жұлдызымыз жарасқан құтты шаңырақ болдық

d0b6d183d0b1d0b0d0bd-d0bcd0bed0bbd0b4d0b0d0b3d0b0d0bbd0b8d0b5d0b2Менің осы босағаға келін боп түскеннен кейінгі естуім бойынша, сонау 1947 жылы Жұбақаң Алматыға алдымен өзі Ташкент жақтан келіп қызмет жасаған көрінеді. Бұл кезде анасы, яғни менің енем, кешегі Кеңес өкіметі тұсында партия мүшесі боп, әжептәуір қызметтер атқарған сияқты. Содан азын-аулақ қаражат жинап, өз тұрмыстарын ілдәлдалап өткізіп жатқан жайы бар екен. Бұл кезде ол кісілердің әулеті біраз таршылық көріп, сонау ертедегі ашаршылық кезінде ішкі Ресейге көшеміз деп, жолда бір індетке ұрынып, Жұбанның үлкен апалары, ағалары, сонымен бірге әкесі де опат болыпты. Сонымен не керек, орта жолдан кері қайтқанда біздің Жұбан небәрі алты айлығында қалған екен. Бұл кісі тіпті әкесін де білмеген. Бірақ жан-жағындағы көзі ашық жандардың бәрі бірі ашаршылықтан, бірі озбырлықтан, тағы бірі басқа себептермен көз жұмып, бұлар таздың шашындай сиреп қалыпты, кейін шешесінің еті тірілігі арқасында өз қолдары өз ауыздарына жетіп, аман қалады.

Анасы Зеріп кейін сол белсен­ділігінің арқасын­да Жұбандай жал­ғызын көрінгенге көзтүрткі етпей, азамат етіп өсіреді, оқытады. Сосын сонау Ташкенттен осындағы Офицерлер үйіне қызметке тұрысымен, соңғы кезде ауруға шалдыққан ауылдағы шешесін алдыртып, емдете бастайды. Ол кезде, әрине, бұл Алматыдан оларға алдын ала дайындап қойған пәтерлері жоқ қой. Сондықтан біраз іздеп, біздің таныс әйеліміз – Гүлсім деген апайдың үйін жалдайды. Ол кісі, яғни Гүлекең, менің жатқан нағашы әжемнің үйіне келіп тұра­тын. Ол кісінің де Орал жаққа байланысы бар. Олай дейтін себебім: менің шешем Меңдешев Сейітқалидың қызы болатын. Сондықтан мен сол үйде, яғни нағашы әжемнің үйінде тұратынмын. Ол кезде мен орысша онжылдықты бітіргем. Сол жылы әлгі үйде менен басқа тағы бір екі бозбала жататын. Нағашы әжем мені сол екі бозбаланың біреуіне басымды байлағандай ғып қойған. Гүлсім апайдың үйіндегі осы Жұ­бақаңның шешесі Зеріп тезірек ба­ласын аяқтандырмақ болады. Сөйтіп, Жұбақаңның бір жүрген қызын үйге алдыртып көреді, бірақ ол қыз шешесінің ойынан шықпай, Жұбақаңа «мұныңды қой, қызды өзім таңдаймын» деп бір-ақ айтады. Жалпы, Жұбақаң шешесінің айтқанын екі етпейтін адам еді. Содан не керек, Зеріп шешеміз бұл мәселені Гүлсім апайымызға жүктейді. Ол кісі болса осында баяғы Меңдешев Сейітқали ағамыздың үйінде бір жиен қызы бар, сол болмаса дейді. Зеріп шешеміз дереу «Сол қызды үйге әкел, көрейік» депті. Содан Гүлсім апамыз бір күні біздің үйге келіп, бір нәрсені әңгіме етіп, сөз аяғында: – София, ол нәрсе біздің үйде бар. Менімен бірге жүріп, алып кет, – деген кезде мен сәл ойланып қалсам керек. Содан кейін ол кісі дереу сөзін өзгертіп: – Онда сәлден кейін келіп, алып кетерсің, – деп шығып кетті. Артынша көп ұзамай мен де бардым. Гүлсім апамыз үйде жоқ. Бөлме төріндегі биік төсекте бір үлкен кісі ауырып жатқандай, ал одан төмен сұңғақ бойлы, қараторы келген бір әдемі жігіт жаңағы төсекте жатқан әйелдің аяқ жағында отыр. Кенет маған таңырқай қарап: – Іздеген кісіңіз қазір келеді. Ана орындыққа отыра тұрыңыз, – деді. Мен, лаж жоқ, Гүлсім апамызды күттім. Арада біршама уақыт өткенде апамыз буы бұрқыраған самаурынды көтеріп, ішке кірді. Осы кезде Жұбан орнынан тұрып: «Сіз мына кісіні кел деп шақырып, өзіңіздің кетіп қалғаныңыз қалай?» – деді. Гүлсім апай күліп: «Сендер таныспадыңдар ма? Ендеше, танысып қойыңдар», – деп, маған «таныс» дегендей ишара жасады. Жұбан атын айтты. Мен де қолымды беріп: «София» дедім, анасына да қазақшалап қолымды беріп, өзімді таныстырып өттім. Сосын босқа тұра беруді ыңғайсыз санадым да, рұқсат сұрап шығып кеттім. Мен кеткен соң ол кісі: «Осы қызды алсаң да ала­сың, алмасаң да аласың», – деп бұйрық берген сыңайлы, естуімше. Жұбақаң да ұнатқан болар, әйтпесе «алмаймын!» деп ат-тонын ала қашпай ма?! Әскери формадағы, бойшаң, сұлу жігіт маған да бір көргеннен ұнаған. Сол күннен бастап, өздеріңіз білетін бұл Жұбақаңның әскерде бірге болған майдандас досы, өзі ақын, өзі ғалым Сағынғали Сейітов екеуі мені көшеге күнде алып шы­ғып, қыдыртып қайтатын болды. Сондағы досы Сағынғалидың айтатыны: «Мүмкіндігінше Жұбақаңның анасының көңілінен шығуға тырыс, сол кісінің бабын тапсаң болды, басқа ешнәрсенің қажеті жоқ», – деумен болатын. Ол жай маған да жақын. Өйткені бұған дейін мен жастайымнан нағашы әжемді баққанмын. Үлкен кісінің жағдайын жасап, төсегін баптап салып, киімін тазалап ұстасаң болғаны. Ол жағын мен жақсы білетінмін. Соның пайдасы көп тиді. Ол кісінің өзі де үнемі ақ шағаладай аппақ боп отырғанды жақсы көретін. Сол қалпынан танбай-ақ кетті ғой. Бір жұмадан соң, Жұбанның анасы атастырып келіп, екеуміздің некемізді қи­дырды. Мен 1947 жылдың 3 қара­шасында 18-ге толдым, 22 қара­ша­сында шаңырақ көтеріп, қызға тән өзге босағаға кете бардым. Сонымен олардың жалдап тұрып жатқан пәтеріне келдім. Біз некеге тіркеуге де тұрған жоқпыз. Сол жерде бір айдай уақыт тұрдық. Жаңа жылдың алдында Жұбақаңның ауылына – Орал облысы, Тайпақ ауданы, «Өлеңті» сов­хозына бардық. Бұл жерге келгеннен кейін маған орамал тартқызды, үйге келген үлкен кісілерге иілдіріп сәлем бергізді. Сол жерде енемнің бір абысыны бар екен, тентектеу кісі еді. Сол кісі бірде: «Жетер енді, жалғыз Жұбанның келіншегін елдің бәріне сәлем салдырғанымыз», – деп сәл де болса тоқтатты. Сөйтіп, осы кісінің арқасында сәлем салуды азайттым. Енді мен келінмін, енем не айтса, сол – заң. Айтқанын міндетті түрде екі етпей істеймін. Қыстың қақаған аязында су тасимын. Құдықтан су тасу деген – ол жақта бір азап. Оның үстіне батыстың желі қатты екен, ұшырып кете жаздайды. Өзім алға ұмтылсам, иінағашым шелегіммен артқа тартады. Бір қиыны, ол жақта қазақ тіптен аз болды. Өзім қазақша түсінгенмен, бірақ ойымды жеткізе ал­майтынмын. Өйткені мен, қанша айтқанмен, орысша білім алған қала­ның ақсаусақ қызымын ғой. Дегенмен қысылғанда сайрап кетеді екенсің, қазақшаны бірден үйреніп кеттім. Біз үйленгенде Жұбанның анасынан басқа ешкімі жоқ болатын, олар «жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, дүниеден ерте озыпты. Үлкен апасы да дүниеден озған. Сонымен Жұбан өзі жалғыз қалған. Енеміз, жоғарыда айтып өткенімдей, партияға еніп, ауылдық кеңесші болған ғой. Соңғы кезде, яғни біз үйленердің алдында сүт фермасын басқарыпты. Облыстан, ауданнан келген уә­кілдердің барлығы дерлік біздің үйге тоқтайтын. Мамам өте таза кісі болатын, Жұбақаң да тазалықты жаны сүйетін адам еді. Өзіміз жемесек те, барымызды қонаққа деп сақтайтынбыз. Менің мойныма жүктелген жұмыс көп. Күнде түнде диірменмен бір аяқ ұн тартам, себебі ол кезде ұн жоқ. Ет асқан жағдайда етке нан салынбайды, пиязды турап, етпен қонақтың алдына апарамыз. Ал ұннан бауырсақ, таба нан пісіреміз. Енем туралы айтылар жыр көп. Енеміздің туыстары­ның баласы біздің үйде тәрбиеленген екен. Маған серік болсын деп көп ұзамай қайным Ерсайынды үйлендірді. Бір қызығы, мен сиыр саууды білмейтін едім, сиыр сауғанда маған көбінесе Ерсайын көмектесетін. Сонда енем үнемі «Сиырдың аяғын байқаңдар, шелекке малып алмасын» деп ескертетін. Бірде сиырды енді сауып бола бергенде, аяғымен шелекті басып кеткені!.. Анамызға айтуға қор­қып, үлкен абысынымыздың үйіне барып, сүтті сүзгіден өткізіп, пісіріп, қаймағын алып, енеме қаймақпен шай беріп жатқанмын. Кенет енем тыжырынып: «Сиыр шелекке аяғын малып алыпты ғой?» – дегені. Біз «Жоқ» деп қалып едік. Сонда енеміз: «Неге өтірік айтасыңдар?» деп ұрсып бер­гені есімде. Сонда біз алдаймыз деп жүрсек, ол кісілер не болғанын қаймақтың иісінен-ақ біледі екен ғой. Тағы да бірде келімен тары түйемін деп келсапты көтере бергенімде, жоғарғы жағы сарт етіп маңдайыма тиіп, бір оңбай құлағаным да бар. Ол кісінің тағы бір қасиеті тамақтан қалған сүйектерді тас­татпайтын, үнемі ықтияттап са­райға жинатып қоятын. «Оны не іс­тейді?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, оны жазғытұрым уақытта майдалап шауып, қазанға қайнатып, көбік ма­йын алып, бір шөп бар, сол шөптің күлін, жаңағы сүйектің бетінен қал­қып алған маймен араластырып, қара сабын жасайды екен. Онымен жуған кір керемет ашылады. Мұның бәрі маған тамаша сабақ болды, әрине. Енем бар тәттіні жинап сақтап, Жұбақаңа беретін, маған «Келін қазан жаласа да тояды» деп, бермейтін. Сонда мен: «Қалай сонда? Қазан жа­лаған адам қалай тояды?» – деп ойлайтынмын. Сөздің төркініне жете түсінбесем де, сол сөз құлағымнан әлі күнге кетпейді. Қазақша мақалдардың мағына­сын түсінбейтінмін. Қайын інілерім ме­німен қалжыңдасып, тиісе сөйлесе, жауап қайтара алмай қалатынмын. Жұбанға келіп, «маған солай деді» десем, бірден «сен не дедің?» деп сұрайды ғой. Мен «ешнәрсе демедім» десем, «дұрыс жасағансың» дейтін Жұбан күліп. Сол ауылда бір жылдай тұрдық. Жұбан сол жылы жазда Алматыға келді де, «Лениншіл жасқа» жұмысқа орналасты. Сосын бізді ауылдан қалаға көшіріп алып келді. Мұнда тұрақты жайымыз жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Бірінші баламыз 1949 жылы дүниеге келді, ол кезде біз менің шешемнің үйінде тұратын едік. Біздің Алматыда тұрмаған жеріміз жоқ. Мұнда да енемнің айтқаны мен үшін – заң! Өйткені ол Жұбанның жалғыз анасы ғой. Мен ол кісінің кейбір мінездерін ұнатпасам да, айтқанын істеу – менің парызым. «Жалғыз ба­ламның билігін саған ұстатпаймын» дейтін. Билік деген не нәрсе екенін мен онда ұқпаймын да. Ауылдан келгеннен кейін енемнің бүкіл киімде­рін қаланың сәніне салып тіктіртіп бердім. Мәсісін шештіртіп, туфлиге ауыстырдым. Енеміз жиһазды, ыдыс-аяқты дүниеге санамайтын. Ол үшін нағыз дүние – жақсы көрпе-төсек пен кілем болатын. Біз көшіп жүріп дүние жинамадық та. Дүние жинайтын жағдайымыз да болған жоқ. Барлық жастық өмір сол кездерде өтіп кетіпті ғой. Жоғарыда айтқандай, пәтердің зар­дабын да аз көрген жоқпыз. Кейін бір барак тектес үйден екі бөлмелі үй алдық. Сол үйде тұрып-ақ сырттан келген небір құрметті қонақтарды қабылдап, абыройсыз болған жоқпыз. Кейін өзі бастық болса да Жұбақаң Ғабиден Мұстафин ағасына жоғарыға айтқыздырып жүріп, бір төрт бөлмелі үй алғанбыз. Оның өзі біреудің үйі болатын, кейін осы үйге келдік. Бұл да Асанбай Асқаровтың бұрынғы үйі екен. Алты ай бос тұрыпты. Сосын бізге беріпті ғой. Жалпы, біз өмірде жаңа үйге кірген емеспіз. Сонда мен айтам ғой, «Жұбақа, өзің де бастықсың ғой, біреуге айт­қызғанша, өзің неге сұрамайсың?» десем, «Ой, София, сен білмейсің ғой, жазушылардың көбісінде үй жоқ. Олар үйсіз жүргенде менің одақтың есебінен үй сұрап алғанымның жөні келе қояр ма екен. Олар да мен сияқты елдің елеулі азаматтары, жоқ, оның жөні келмейді», – деп үнемі мені қайырып тастайтын. Біз Сәбең, Ғабит, Ғабиден аға­лармен жиі араластық. Олардың үйіндегі апаларымыздан көптеген өнеге үйрендім. Сонымен бірге Жұбақаңның жерлестері Тайыр, Хамза ағаларымызбен, майдандас достары Сағынғалилармен де жаман болған жоқпыз. Қысқасы, біз бәрімен де жақсы болдық. Бұл кісінің бір ғажабы, өз шаруасына келгенде кібіртіктей бергенмен, біреулердің ісіне келгенде бар жанын салатын. Әсіресе, Жазушылар одағында соңғы рет бастық болғанда, Қонаев ағамыздың алдына қайта-қайта барып жүріп, көптеген пәтер алды және сонымен бірге жазушылардың қалалық атқару комитетінен алған үйлерін қайтармай алып қалып, кейінгі толқын ақын-жазушыларға беруді де түбегейлі шешіп алған. Бірақ Жұбақаңның бұл игілікті жұмысын аяқтатпай орнынан алып, кейін ол орынға Олжасты қойған. Ол ініміз сол үйлердің жартысына жуығынан айырылып қалды. Егер Жұбақаңның өзі болғанда ол еңбегінің жемісі мол болған болар еді. Соның өзінде жазушылардың көбісі үйлі болып қалды ғой. Біздің Жұбан сондай жан еді. Сөздің орайы келгенде айта кетейін, қазір кейбіреулер Жұбақаңның істеген небір күрде­лі еңбектерін елегісі келмей, тіпті Желтоқсанда сөйлеген сөзін де жоққа шығарғысы келетіндер де бар екен. Оған не дейміз? Ол жағын Құдай тапсын. Өзім өмірімді таза, нағыз халқы үшін туған азаматпен қосақтағанына Аллаға мың да бір рахмет айтамын. Жұбақаң «Мен – қа­зақ­пын» поэмасын жазып бітіргенде, алғаш рет Зейнолла Қабдолов пен Мүсілім Базарбаевқа оқыды. Сонда ол кісілер тұрып: «Жәке, мына еңбегіңізді на­ғыз ұлтшылдық демей ме?» – деп ескертті. Шынында да, ол кезде қазақ­пын деп айту қиын еді ғой. Сонда Жұбақаң тұрып: «Бұл ешқандай да ұлтшылдық емес, бұл – халық атынан сөйлеп тұрған Алаш азаматы. Мұны ешқандай да өзгерте алмаймын», – деп бір-ақ тартқан. Сол қалыппен газет­ке берді, ең алғаш «Социалистік Қазақ­стан» басып шықты, сосын кітап етіп шығарды. Баспалар өзгертусіз басты. Ол кісі кешкісін жұмыс істей алмайтын. Шығармашылықпен айналысатын болса, басқа жаққа кетіп қалатын. Мәскеуге жетпей, өзі баратын бір тоғайдың арасында керемет жері бар, сол жерде шығар­машылықпен айналысатын. Ондай кездерде екі айға кетеді. Бір ай екеу­міз сол жақта демаламыз, екінші айда мен кетемін де, ол кісі сонда қалатын. Емделіп жатқан уақыттарда ешқандай шығармашылықпен айналыспайтын еді. Бір нәрсе жазатын болса, өте көп толғанатын. Көңіл-күйін сыртқа бөліспейтін, білдіртпейтін-ді. Біздің махаббатымыз да қызық болды. Бір жылы Моңғолияға ке­тетін болды да, маған телефонды тек Мәскеу арқылы ғана шала ала­тын мүмкіндікке ие болыпты. «Мүм­кіндік болса, телефон шаламын, бол­маса сен уайымдама», – деді. Сонда мен: «Ең болмаса, аман-есен бар­ғаныңды айтып хат жазсайшы. Аман екеніңді біліп отырайық», – дедім. Ол ешқашан хат жазған кісі емес. Сол жақта жүріп хат жазыпты. Бірақ оны поштамен жіберудің орнына өзімен бірге ала келіпті. Ондағы жазылған хаттың қысқаша мазмұны мынадай: «Екеуміз біріміз­ге-біріміз сезімімізді білдірмеппіз, бірақ біздің түсініскеніміздің, сый­лас­қанымыздың өзі – үлкен махаббат­тан да артық па». Әрине, махаббат бол­­маса, ол кісінің анасын да соншама төзіммен бақпас едім ғой. Шынында да, ең үлкен махаббат сезімі сол болар?! Осы сөздеріміздің тоқетеріндей Жұбақаңның мынадай өлеңі де бар еді: Таныстық, таныстық та үйлендік біз, Үйі де, күйі де жоқ күйде едік біз. Жұпыны сен ұяң қыз, мен майдангер, Тұрмысты кімнен, қашан үйреніппіз. Бар түгіл, жоққа риза, тұра бердік, Болмады сынық ожау мұра дерлік. Сенгенбіз «сүйемін» деп ант-су ішпей, Бұл тіпті болмаса да, сірә да, ерлік. Тек кейін қанық болдым мен өзіңе, Бас ұрдым кісілікке, мінезіңе. Мың шүкір, миллион шүкір, қабыл алдым, Бақыт деп басқа қонған мұны өзіме. Дүниеде өзің екен деген мықтым, Ықпасам махаббаттан, неден ықтым? Не ғалым, не қайраткер болмасаң да, Әйелдің даналығын сенен ұқтым. Бұдан артық маған, яғни қазақ әйелдеріне баға бар ма?!. Маған бір сыйлық алатын болса, Жұбақаң өз анасына да бірдей қылып алатын, әйтпесе ренжитін еді ол кісі. Киімдерін шешіп, аяғын уқалап, сипалап ұйықтатпасам, ұйықтамайтын. Туған анамдай көретінмін. Мәселен, мен қазір 77-демін, ол кезде енеміз 54 жаста болатын. Ал ол кісі сол кездің өзінде маған үлкен болып көрінетін. Өмірінің соңына дейін, 14 жыл біздің қолымызда болды. Жұбан өзі жалғыз өскендіктен бе, анамыз менен балаларды қатты қызғанатын. «Үйден туып әкелген балаң жоқ, ол баланың бәрі менікі» деп отыратын. Балаларым үшін мен тек тәте ғана болдым. Олар кейін енем қайтыс болғаннан соң ғана мені «апақа» дейтін болды. Жұбан да мені соларға еріп «апақа» дейтін. Тіпті шешем де балаларға еріп мені «апақа» деп кетті. Ал Жұбақаң да бала тілімен менің шешемді «бабуля» деп кеткен. Туған інімнің дос­тары да солай атайтын. Бірде шешем маған: «Неге мені Жұбан «бабуля» дейді?» – деп, өкпелегісі келгені бар. Сонда мен ол кісіге: «Сен неге мені «апақа» дейсің? Мен саған «апа­қа» емес, қызыңмын ғой», – деп ем. Содан кейін өзі мәз боп күлсін бір. Балаларға еріп өздері де қалай атап кеткендерін білмей де қалады ғой деймін. Басында «София Мәлікқызы» дейтін құдаларым да кейін мені «апақа» деуге көшті. Бұл да бір қызық қой... Жұбан, негізінен, бір сөзді азамат болатын. Ешқашан екі айтпайтын. Көмек сұраған кісіге қолынан келгенінше көмегін аямайтын еді. Егер оны істей алмаса, «Кешір, бұл менің қолымнан келмеді», – деп, жылы сөйлеп шығарып салатын. Жолдастарының арасында, қызметте өте талапшыл болды. Жұмыс то­ғызда басталса, қызметкерлері де уа­қытында орындарында отыруға тиіс еді. Не жоспарласа, соны істемей қоймайтын-ды. Жұбақаң Жазушы­лар одағында бірінші хатшы болып тұрғанда, жоғарыда айттым ғой, көптеген ақын-жазушыларға пәтерлер бергізді. Ресей ақын-жа­зушыларымен мәдени байланысты нығайтып, аудармаларға үлкен мән қойғызды. Кезінде біз аралас-құралас болған ақын-жазушыларымыз қазір, өкінішке қарай, көбісі арамызда жоқ. Барларының өзі мәужіреп қалған. Жұ­бақаңның ақын-жазушылықпен қатар аудармашылықпен де айна­лысқан кезі болды. Ол башқұрт ақыны Мұстай Кәрім шығармаларын қазақ тіліне аударды. Біздің үйде елден келіп тұ­ратын, тумаса да ту­ғанындай болған кісілер көп болатын. Олардың арасында студенттері де бар. Мен де ешқашан олардан бойымды аулақ салған емеспін, олардың бәрін де сыйлап өттім. Үйде болмасам, «тамақ ана жерде, нан мына жерде тұр» деп айтып кететінмін. Олар қай кезде болсын келіп, кірін жуып, өздері жуынып-шайынып, еркін демалып кететін. Жасаған тамағым жетпей қалып жатса да, біреуіне қабақ шытып көрген жан емеспін. Олардың шәкіртақысы неге жетеді, үнемі ашқұрсақ боп жүреді ғой. Мен олардың ешқайсысын да жұмса­ған емеспін, оны өзіме ыңғайсыз көретінмін. Қайта Жұбан: «Ей, сендер үнемі қонақ болып келіп-кетпей, апаларыңа да көмектеспейсіңдер ме? Біреуің шелекті төгіп, енді бірің үйді жинап дегендей» деп отыратын. Өй­тіп жұртты жұмсау менің қолымнан келмейтін. Құдайға шүкір, денім сау, балаларым қасымда, немерелерім өсіп келе жатыр, шеті үйленіп жатыр, солардың қазір қызығын да көріп отырмын. Бірақ, бір өкініштісі, Жұбан осының бәрін көре алмай кетті. Осының бәрі сол кісінің арманы шығар, бәлкім, деп ойлаймын кейде. Ақынның әйелі болу оңай емес дейді ғой. Елге үлгі болар, ұлағатты шаңырақ болған соң үйіңе қаншама адам келсе де қабақ шытпай қарсы алып, кез келген жағдайға да­йын болуың керек. Жұбақаң бала тәрбиесіне араласқан жоқ. Ал өзім оларға «Өтірік айтпа, ұрлық жасама, қай кезде де әділ бол» деп жастайынан үйреткен болдым. Балаларымды қазақы бесікке салдым. Алғашын­да ыңғайсыздау көрінгенмен, кейін, керісінше, ол өте ыңғайлы екеніне көзім жетті. Кейде менің қолым тимей жатса, енеміз де тербете салатын. Бірде үйге біреулер көмір әкеліп: «Молдағалиевтердің үйі осы ма?» – деп сұрады. Сол замат енеме келіп, «Молдағалиевтердің үйі осы ма?» деп сұрайды» дегенімде, енем «Атаң­ның атын айттың» деп қатты ренжіген. Менің бір атамның аты Айжарық екен. Бірде сыртқа шықсам, айдың сәулесі айналаға төгіліп тұр екен. Байқамай «Бүгін ай жарық екен» деп айтып қалып, екінші рет ренжіткенім есімде. Қыста сексеуіл, көмір жағамыз ғой. Аяғым ауыр еді. Жұбан сыртқа сексеуіл жаруға кеткен. Бірінші қабатта тұратынбыз, шешем терезеден сыртқа қарап тұрған. Жұбан отын жарып жатқан, бірақ икемі жоқ еді. Соған қарап тұрған енем баласына жаны ашып кетті ме, маған қарап: «Қой, сен өзің бармасаң болмас, Жұбанжан мына түрімен жараланып қалар» демесі бар ма. Мен болсам оған әбден үйренгенмін. Сексеуілді ыңғайымен тасқа ұрып, жарып шыққам. Ол кездерде күш-қуат бар. Менің нағашы атам Сейітқали Меңдешев Орталық Сайлау коми­тетінің басшысы болып қызмет атқарған. 1937 жылы ол кісі осында атылып кеткен. Нағашы әжем 1938 жылы «Карлагта» отырып, 1943 жылы ақталып қайтып келді. Нағашы атам өте жомарт кісі болатын. Жұмыстан шығатын уақыты болды-ау дегенде, мен ол кісіге жетіп баратынмын. Екеуміз орталық көкбазарға соғып, алдымен маған деп бір келі ирис алады. Содан соң бір келі конфет алып, оны аулада ойнап жүрген кішкентай балаларға уыстап таратуға алатын. Жұбақаңнан қалған төрт бала бар, олар да өз ұрпақтарын жалғастырып жатыр. Үлкен екі баламыз – архитектор, одан кейінгі баламыз – энергетик. Қызымыз – аудармашы, жеті жыл Америкада елшілікте қызмет атқарған. Үш келінім болды, ең үлкені дүниеден өтті. Қалған екеуімен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Төрт шөберем бар, Құдайға шүкір! Жұлдызымыз жарасқан құтты шаңырақ болдық деген осы шығар. София Мәлікқызы Молдағалиева, ақынның жары

3695 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы