• Білім және ғылым
  • 19 Ақпан, 2009

Бүйректен сирақ шығарған

Таяуда ғана жарық көрген «Аргументы и факты» газетінің Қазақстанға арналған қосымшасында «Нет, мы не пыль на комиссарских шлемах» – считает сын героя гражданской войны» деген мақала басылды. Мақаланы оқып тұла бойың түршігеді. Мәселе мақаланың өзінде емес. Денеңді қарытатыны, жүрегіңді мұздататыны – журналистке сұхбат беріп отырған адамның сөзі. Ол адам кім? Ол көптің бірі емес. Ол мемлекет қайраткері, 1916 жылғы патшаның маусым жарлығына қарсы Торғай қазақтарының көтерілісін қолдап, Торғай қаласын қоршауға қатысқан, РКФСР халық комиссарлары кеңесінің шешімімен Далалық өлкенің төтенше комиссары атанған, өмірінің соңғы кездерінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Әліби Жангелдиннің баласы – Геннадий Джангильдин. Неге Геннадийдің фамилиясын Жангелдин емес, Джангильдин деп жазып отырмыз? Себебі төменде қозғалатын әңгіме өзегі де осы жөнінде. Геннадий бауырымыз «Әкемнің фамилиясы Жангелдин емес, – Джангильдин» деп «ж»-ның алдындағы «д»-дан кенедей жабысып айрылар емес. Рас, кешегі кеңес уақытында мән-мағынасы, жөн-жобасы жоқ «д»-ның қыстырылмаған, бас сұқпаған жері қалмады. Жер аттары, сондай-ақ адам аттары орысша жазылғанда «ж»-ның алдына міндетті түрде «д»-ны қосу әдетке айналды. «Джезказган», «Джалагаш», «Джезды», «Джетыгара»…, одан қалды «Джамбул», «Джансугуров»… деп жаттық. Солардың қатарында Жангелдин де «Джангильдин» болып кетті. Торғай облысындағы Жангелдин ауданы орысша «Джангильдинский район» болып айтылды да, жазылды да. Ал, қазір заман өзгерді емес пе? Орыстың бұғауынан құтылдық. Тәуелсіз ел атанғанымызға да он сегізінші жылға кетіп барады. Ұлт мәселесіне келгенде кешегі уақыттары үніміз қарлығып шықса, бүгіндері даусымыз саңқ-саңқ етіп, жер жарады. Орынсыз жерде дөңкиіп тұрған «д»-дан құтылғалы қашшан! «Д»-ңыз не, енді ата-бабамыздың есімі жанында шырмауықтай шұбатылып қалмай жүрген орыстың «-ов», «-ев», «-ин», «-ина»-сынан қайтсек арыламыз деп бас қатырып жатқан жоқпыз ба? Сонда дейміз ғой, Геннадий ағамызды не түлен түртіп жүр? Сонымен жоғарыда тілге тиек еткен мақаланың өзіне келейік. Көзге бадырайып көрініп тұрғаны, сұхбат алып отырған журналист те отқа май құюға шебер екен. Онсыз да лапылдап тұрған отты одан сайын лаулата түседі. Журналист әңгімесін былай бастайды: «Геннадий Алибиевич, прежде всего давайте разберемся в правописаний. Мне доводилось видеть вашу славную фамилию, написанну как «Жангельдин» и даже «Жанкельдин»... Бұл сауалға Геннадий Алибиевичтің қайтарған жауабының түрі мынау: «Мы прямые родственники отца, а это мой младший брат Чингиз и я, настаиваем на старом насписании – «Джангильдин». Потому что сами мы Джангильдины. Однако на высотном указателе по проспекту Райымбека перед улицей Джангильдина значится «Жангельдина». На наш запрос в инстанции высокопоставленный чиновник пояснил нам: таковы, дескать, новые ономастические правила. В фамилиях граждан казахской национальности перед буквой «ж», буква «д» теперь не пишется. Допустим. Ну а откуда появилась преслевутая буква «е»? Ведь человек несведущий может решить, что речь идет о разных людях. Вот почему мы с братом солидарны и продолжаем настаивать на своем». Сенің тіліңнің тәртіп-ережесін өзге ұлт өкілдері қайтсін? Орыстың журналисі аталы сөз айту орнына «Но поскольку я сейчас разговариваю с вами, буду писать, как вы предлагаете. Итак, Алиби Джангильдин, комиссар Тургайской области, имеющий мандат за подписью Владимира Ленина» деп әңгімесін ары қарай жалғастырады. Геннадий Алибиевич сөз арасында тағы мынаны айтады: «Средняя школа №122 в Алматы с момента своего создания носила имя Джангильдина. Сейчас вывеска с названием школы изменена. Имя Джангильдина нет. Ну и эти парадоксы с неизвестным нам «Жангельдиным» и улицей его имени. Сами понимаете, ни радости, ни здоровья такие новости не приносят. Но мы с Чингизом, наши дети и внуки – все держимся друг за друга. И не сдаемся». Қазақта жаман бір қарғыс бар. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейді. Дәл осы сөз Геннадий Алибиевич секілділерге арнап айтылған ба деп қаласың. Жарайды, өзі қазақ тілінің қыр-сырларынан хабарсыз делік, ал, енді білетіндердің сөзіне құлақ асса қайтеді екен? «Жангелдин» болып жазылса қуаныш та, денсаулық та әкелмейді екен. Есесіне дұрыс сөз, жөн сөз қабағына қар жаудырып, денсаулығын бүлдіреді. Бұған не дерсің? «…настаиваем на старом написании – «Джангильдин», «… наши дети и внуки – все держимся друг за друга. И не сдаемся» деп айтатындай бастарына не күн туды? Геннадий ақылды болғаны да өзгелер сауатсыз болғаны ма? Елмен ретсіз дауласқанша қайта әкелерінің есімі ұмытылмасын деп Әліби Жангелдин атына көше, мектеп, елді мекендер аттарын берген, Алматыда, Астанада, Торғайда ескерткіш орнатқан халықтан, қазақтан айналмас па, мың мәрте рахмет айтпас па? Қайрат, күш-жігерлері тасып, не істерлерін білмей жатса әкелерінің атындағы мектептерге барып, ұстаздардың, балалардың проблемаларын шешумен неге айналыспасқа? Проблема шаш етектен. Одан қала берді әкелерінің атында көшелер бар. Солардың сәулеттене түсуіне, көркеюіне, тазалығына үлес қоссын. Қайта осы жұмыстардың елге пайдасы молырақ. Мақала жарияланған газеттің ниет-пейілі де белгілі болды. Осы мақаланың төменгі жағына «Анықтама үшін» деп 1983 жылы шыққан «Алма-Ата» энциклопедиясынан мыналарды келтіреді: «Улица Джангельдина – бывшая Александровская, 6-я улица, Школьная. Проходит в северном направлений от ул. Пастера до ул. Демьяна Бедного… На улице Джангельдина находится кожгалантерейная фабрика. Названа в гость Джангельдина Алиби Тогжановича». Демек, басылым да «Жангелдинді» емес «Джангельдинді» қолдап отыр. Әйтпесе, кеңес кезеңінде шыққан емес тәуелсіздік жылдарында жарық көрген кітаптан үзінді келтірер еді ғой. Мақаладағы тақырыпшалардың бірі «Кто он, «Жангельдин»?» деп қойылуы да газеттің арғы ойынан хабар береді. Геннадий Алибиевич айтты екен деп, «Жангелдинді» «Джангельдин» деп өзгерте алмаспыз. Қазір не болса да қазақ тілінің тәртібіне, талабына сай жазылуы тиіс. Тілден ешкім де биік емес. Бүйректен сирақ шығарып жүргендердің айтқандарына ере беруге болмайды. Нұрперзент Домбай

5050 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы