- Қоғам
- 26 Маусым, 2019
Мейірім мен жанашырлық – ізгілік жолы
Әлия Абсеметова әлемдегі біртуар әйелдерге ғана берілетін қоғамдық марапатқа ие болды. Көпбалалы ана мұндай марапатқа аналық кең жүрегі үшін лайық деп танылған. «Деде Горгуд» Ұлттық қоры мен «Азербайжан дүниясы» журналы тағайындаған «Mehriban Ana» (мейірбан ана) халықаралық орденін табыстау рәсімі Жамбыл аудандық әкімдігінің ғимаратында өтті.
Шара барысында аталған қор президенті, «Әзербайжан дүниесі» халықаралық журналының бас редакторы Эльдар Исмаилов пен қоғам қайраткері, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, «Түркі әлемі» қорының мүшесі Насиха Кенжина Бағдат Әлиевке құрмет дипломын табыстады. Сонымен бірге Әлия Абсеметованы «Mehriban ana» құрмет орденімен марапаттады. Құрметті қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Бағдат Әлиев екі ел арасындағы туыстық, достық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтіп, ерекше ілтипат танытты. – Құрметті Эльдар Исмаилұлы, біздің өңірге қош келдіңіз. Әзербайжан мен Қазақстан халықтарының арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңнен бастау алады. Әзербайжан біз үшін бауырлас ел, достығымыз жарасқан мемлекет. Сондай-ақ Кавказ өңіріндегі басты серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ежелден достық қарым-қатынас қалыптасып, қазірде ол достығымыз беки түскен. Арамызда ешқандай уақытта саяси кикілжің туындаған емес. Ал Түрік әлеміндегі мұндай аса мәртебелі марапатқа біздің ауданның тұрғыны ие болғаны біз үшін нұр үстіне нұр. Бұл біз үшін аса қуанышты жайт екенін атап айтқым келеді. Әлия Абсеметова жұбайы екеуі жеті баланы балалар үйінен өз қарамағына алып, қамқорлық танытып отырған ана. Бүгінде тоғыз баланың анасы. Өзінің жаңашылдығының, белсенділігінің, еңбекқорлығының арқасында қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмай, түрлі әлеуметтік-қоғамдық іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстан халықтары ассамблеясының XXVII съезінің делегаты, облыстық Ассамблея жанындағы аналар кеңесінің мүшесі, – деді аудан әкімі. Ал Эльдар Исмаилов болса, өздерін құшақ жая қарсы алған аудан әкіміне алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихына тоқтала кетті. «Гейдар Алиевтің басшылығымен Әзербайжан қарқынды түрде дами түсті. Ал Қазақстан болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кезінде ТМД елдері Гейдар Алиевті өте дана әрі көреген басшы, ақсақал ретінде құрметтеп, оның пікіріне құлақ асатын. Қазір мұндай құрметке Нұрсұлтан Назарбаев ие болып отыр. Түрік әлемі болсын, бүкіл әлем елдері болсын Назарбаевты өмірлік, саяси тәжірибесі мол, өз халқы мен елінің жағдайын жақсартып, бейбіт өмір сыйлаған тұлға ретінде сыйлап, сөзіне мән береді. Бұл өңірді басшылықтың табысты жұмысы мен аудан тұрғындарының бірлігінің арқасында көркейіп отырған аудан ретінде жақсы білеміз. Біз түбіміз бір түркілердің ұрпағымыз. Ал қазір бізді достық пен ынтымақтастық байланыстырып отыр. Әзербайжан халқының басына бұлт үйіріліп, қасірет шеккенде, қуғын-сүргін кезінде қазақ халқы бізге демеу болып, үлкен қолдау білдірді. Әлия Абсеметова секілді аналардың арқасында тағдыр тауқыметін тартқан қаншама бала отбасылы болды. Осыған орай, біз Әлия Абсеметоваға батылдығы үшін, балалар тағдырына бейжай қарамай, жауапкершілікті өз мойнына алғаны және кең жүрегі үшін орден табыстауды жөн көрдік. Арнайы Жамбыл ауданына келіп, Бағдат Байшалұлы мен Әлия Маратқызын марапаттап, марапаттау рәсімін өткізуді шештік, – деп сөзін түйіндеді Эльдар Исмаилов.
Ж. КАДЕН Алматы облысы

785 рет
көрсетілді0
пікір