- Қоғам
- 26 Маусым, 2019
Татулық – тірегім, көңілдегі тілегім

Қайырымдылық – қазақ халқының қанында бұрыннан бар қасиет. «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай», үй салса асарлатып, қоныс аударса ерулік беріп, пұлсыз қалса, сауынды сиырын жетектетіп жіберіп, малына қасқыр шапса, жылу жинап, орын алған қандайда бір келеңсіз оқиғаның орнын білдіртпей жіберуге көп болып атсалысқан. Балалар үйі мен қарттар үйінің не екенін білмеген қазақ даласында қайырымдылық пен қамқорлық көрсетудің түрлі әдістері көрініс тапқан.
Ұлтымызға тән осынау керемет қасиет бүгінгі күні де рухани жаңғырып, Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі жұмыс істеу бағыттарының біріне айналғанын да біреу білсе, біреу білмес. Жақында Талдықорған қаласында Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қызметкерлері ҚХА-ның Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген «Қамқор» қайырымдылық шарасы аясында тыл еңбеккерлерінің отбасыларына барып, азық-түлік сыйлықтарын табыс етіп, қайырымдылық қөмегін көрсетті. Ассамблея тарапынан өздерінің еленгеніне қуанған ардагерлер алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясының «Қамқор» қайырымдылық акциясы аясында Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы 2017 жылы «Шапағат» төсбелгісінің тұңғыш иегері, қоғам қайраткері Рахимова Амина Шәріпқызын құттықтап, азық-түлік себетін табыстап қайтты. Амина Шәріпқызы – әр этнос өкілдерінің балаларын бауырына басып, Талдықорған қаласындағы Үштөбе балалар үйінің ашылуына бастамашы болған осы өңір үшін еңбегі сіңген айрықша жан. Сондықтан Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бұл жандарға құрмет көрсетуі түсінікті де. Айта кетер жайт, соңғы жылдары еліміздегі этномәдени орталықтары қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, «Қайырымдылық керуенін», қайырымдылық акцияларын өткізіп, қайырымды істер жасауда. Одан бөлек, «20 игі іс», «Балаларға қуаныш сыйла», «Қамқор», «Асар», «Ақ ниетпен» секілді әлеуметтік акциялардың шеңберінде талай қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру, қазақстандықтардың, солардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейту мақсатында ұйымдастырылған шаралардың арқасында мыңдаған көмекке мұқтаж балалар мен қарттар мейірімге бөленді, қайырымдылық акциясы барысында азық-түлік қоржындары таратылды. Жетісудың төрінде, Талдықорған өңірінде ұйымдастырылған іс-шаралар соның бір бөлігі ғана.
Ж.КАДЕН Алматы облысы

842 рет
көрсетілді0
пікір