• Ақпарат
  • 19 Ақпан, 2009

ҰЛТЫҢА ЖАНАШЫР БОЛУ – ЕРТЕҢІҢЕ ДЕГЕН НЫҚ СЕНІМ ҰЛТЫҢА ЖАНАШЫР БОЛУ – ЕРТЕҢІҢЕ ДЕГЕН НЫҚ СЕНІМ

БАЗАРБАЙ СҮНДЕТБАЙҰЛЫ:  «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының Батыс филиалы Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы негізінен мұнай өнімін қабылдап, оны жөнелту жұмыстарымен айналысады. Облыстағы іргелі кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. Мұны біреулер қазіргі заманауи техникалық құрал-жабдықтардың талапқа сай қызмет атқаруы деп түсінсе (әрине, оны да жоққа шығаруға болмайды), екінші топтағылар кәсіби мамандардың, оның ішінде ұлттық кадрлардың осы салаға көптеп келіп, ұйымдастырушылық қасиеті мен табандылығы, біліктілігі мен жігері жағынан ысылғандығын баса айтады. Жасыратыны жоқ, кешегі кеңес заманында алып зауыттар мен фабрикалардың тізгінін басқа ұлт өкілдері ұстап, шәпкелерін көкке лақтырып, тікелей Мәскеуге бағынды. ...Енді, міне тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Бұрынғыдай емес, өзіміздің қазақ ұлты мамандарының бағы жанды. Шүкір, қазір қай салада да ұлтын сүйер ұл-қыздарымыз жеткілікті. Солардың бірі – біз бүгін әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз жоғарыдағы аталмыш басқарманың бастығы, техника ғылымдарының кандидаты Базарбай Сүндетбайұлы. Базарбай осы өңірдің түлегі. Бала кезінен-ақ өндірісті көріп, біліп өсті. Кез-келген мәселеде сабырмен шешім қабылдайтын салмақты басшы. Өндіріске шын жаны ашитын, ұлттығымызға жан-тәнімен бүйрегі бұрып тұратын кемелді ұйымдастырушы. Бүгін көптен ойға алған жоспарымыз жүзеге асқандай болды. Қазақ тілінің үлкен жанашыры Базекеңнің қызмет бөлмесінде сұбхаттасып отырмыз. Алдымызда жүзі жылы, қазақтың көрікті азаматы. - Базарбай Сүндетбайұлы, аузымызға қайта-қайта кешегі деген тіркес жиі түседі, соны сәл өзгертіп, өткен ғасырдың деп алсақ онша қателеспеспіз, сонау 70-80 жылдарында ең алдымен «мал-жан аман ба?» деп саулық сұрасатынбыз. Ондай жағдайды орта буын өкілдері – біздер, құлақпен есітіп көзімізбен көрдік. Сөйтіп адамның өзін «екінші жоспарға» қойған «ұр да, жық» ол заманның да келмеске кеткеніне он жеті-он сегіз жылдың жүзі болыпты. Ал тап қазір олай емес, әңгімені Сіздің өмірбаяныңыздан бастасақ. - Ықыласыңызға рахмет, қазақта «Жылы-жылы сөйлесең...» деп келетін мақал бар. Сондықтан сәлем-сауқаттың дұрыстығына не жетсін. Ал, енді өзара әңгімемізді одан әрі жалғастырайық. Мен мынау қала іргесіндегі Өлкеде туып-өстім. Благодарный орта мектебін бітірдім. Мұнай-газ саласында жұмыс жасағаныма, міне, биыл ширек ғасыр толады. Алғашында №7 мұнай айдау стансасына слесарь болып кірдім. Атыраудың политехникалық техникумын, кейіннен политехникалық институтты оқып бітірдім. Мастер, инженерлік қызметтер атқардым. 1989-1992 жылдары Кеңқияқ желілік өндірістік диспетчерлік стансасының бастығы, Ақтөбе мұнай құбыры басқармасында бас технолог, мұнай құбырларын пайдалану қызметінің бастығы, бастықтың тауар-көлік өндірісі жөніндегі орынбасары міндеттерін атқардым. 2001 жылы Павлодар облысына жұмысқа ауыстым. Бірлестіктің Шығыс филиалы бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқардым. 2004 жылдан Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы бастығымын. Шама келгенше ісімде тазалық пен адалдықты қатар алып жүргенді құрметтеймін. - Мекемелеріңіз мұнайды қабылдау және оны тасымалдау қызметімен айналысатын болды ғой. - Біздер Кеңқияқ-Атырау, Кеңқияқ-Орск бағытында, Жаңажол, Әлібек мола объектілерінде жалпы саны төрт құбыр бойынша еңбек етеміз. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Сауда Үйі», «Lancaster petroleum» (бұрынғы Көкжиде) акционерлік қоғамдары, «Қазақтүрікмұнай», «ҚазақОйл-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өндірген мұнайын тасымалдаймыз. Өткен 2008 жылы 6 миллион 860 мың тонна мұнай тасымалданды. Мен осы саланың маманы ретінде мұны тәуір көрсеткіш деп есептеймін. Тіпті кешегі кеңес заманының өзінде бұл қөрсеткіш жылына 2,5 млн. тоннадан асқан жоқ. Басқармада 500-ден астам адам еңбек етеді. Әкімшілік тарапынан оларға үнемі қолайлы жағдай туғызылған. Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалаларынан мұнайшылар қатынап жұмыс істейді. Өз ісін жетік білетін мамандық иелері қатарында бастықтың өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Валерий Шевлягинді, Н.Шманов атындағы мұнай айдау стансасының (Алға ауданы) бастығы Кәріпжан Сапаровты, Темір қаласы жанындағы апатты қалпына келтіру пункітінің шебері Нұрлан Нұғымановты, Кеңқияқ өндірістік диспетчерлік стансасының бастығы Өтеген Қалмағамбетовті (Темір ауданы) ерекше атар едім. Бұл азаматтар үнемі үздік, қашанда өз әріптестеріне қол ұшын беріп көмектесіп жүргені. Өзіңіз білесіз, бұрын кеңсешілдік деген іс-әрекет басым болатын. Көп жұмыстар телефон арқылы «шешімін» тауып жататын. Ал қазіргі талап мүлде басқаша. Соңғы жылдары жанар-жағар майлары бағаларының тұрақсыздығы кейбір келеңсіздіктерге жетелейді. Мұнай ұрлау фактілері де тіркеліп жатады. Бұл көріністер соңғы жылдары бізде де орын алды. Ұтқанымыз – ішкі істер және прокуратура қызметкерлерімен біріге іс қимыл жасаудың нәтижесінде ондайлардың тамырына дер кезінде балта шабылды, мемлекет меншігін ұрлағандар заң алдында жазасын алды. Бұл ретте «Семсер» акционерлік қоғамының күзетшілеріне мыңда бір рахмет айтамыз. Түнгі демалыс сәтінде мұнай құбырларына бақылау жасау, күзету осы «Семсер» акционерлік қоғамының міндетінде. Егер мұнай ұрлығы жасалып жатқаны жөнінде күдік туса, мұнай айдайтын насостарда қысым бірден өзгереді. Біз әуелі осы жігіттерге үміт артамыз. Кейіннен өз мамандарымызды жіберіп, істің ақ-қарасын анықтаймыз. Осы қоғамның жігіттері арқылы көптеген келеңсіз жәйттарды түзедік. Биылғы жылы да алдымызда үлкен міндеттер тұр. 2007 жылы Кеңқияқ-Құмкөл бағыты бойынша жаңа мұнай бұлағы көзі ашылған болатын. 2009 жылы да мұнай өндіру орындары көбейіп, оның сапасы бойынша жаңа үрдіспен жұмыс жасауға тура келеді. Ең қызықтысы сол – болашақта Батыс пен Шығыс мұнай құбырлары қосылады. Бір сөзбен айтқанда «Қазақстан-Қытай құбыры» пайда болады. Сол кезде біздің мұнай тасымалы да еселеп арта түсіп, қосымша жауапкершіліктер жүктеледі. - Базарбай Сүндетбайұлы, сіз патриоттық тәрбие дегенге қалай қарайсыз? - Қазақта «намысшыл екен, патриоттық сезімі жоғары» деген ежелден қалыптасқан әдемі ой-пікірлер бар. Адамға бұлай баға беру кешегі кеңес дәуірінде шынайы айтылатын. Жалпы патриот болу әр азаматтың міндеті әрі абыройы. Ең бастысы бұл киелі қасиеттер текпен болмаса тәрбиемен келетіні анық қой. Ауылда өстік, жаманды жақсыны айыра алатын деңгейде әке-шешеден тәрбие алдық, одан әрі білім ордасы, қызмет, жаңа адамдармен табысу, танысу.Осы жолдарда талай қызықты әрі қиғылықты сәттер болып жатады. Адам мінезі, тіптен іс-әрекеті әрқалай. Осындай сәттерде өтіріктен алыс болсаң, біреуге қиянат жасаудан өзіңді қашық ұстасаң, қабылданған кез-келген шешімде шындықтың, адалдықтың ұшқыны жарқырап тұрса осыдан асқан қандай патриоттық керек. Өкініштісі қазіргі таңда таңқалатын көп жағдаяттар болып жатады. Біреу екінші біреудің адал еңбегін негізсіз жоққа шығарады, енді бірі ұрлыққа бейім нүктеде отырып алып жедел байып жатады, енді бір ағайындардың көз алдында құны жоғары қымбат көлік, іші алыс шетелдің жиһазына толған қос қабатты коттедж, қалта толы американың долларынан басқа дәнеңе болмайды. Тап осылар патриот емес, рухани аштар, қазақ тарихынан мүлдем алыс қалғандар. Жалпы заңдық негізде еңбекті ұйымдастыру – біздің алға абыройлы жылжуымызға негіз. «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы туралы» ҚР Президентінің 2006 жылғы 10 қазандағы №200 Жарлығын іске асыру бағытында басқармада бірқатар жұмыстар атқарылды. Лекторлар, баяндамашылар тобы құрылып, олардың міндеттері айқындалды. Ұжымның өндірістік және еңбек тәртібін қадағалауы бір жүйеге келтірілді. Барлық жиындар мен басқосуларда қызметкерлер мен жұмысшы-мұнайшыларды елге құрмет, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде нақты іс-шаралар жүзеге аса бастады. Жас мамандарды жұмыспен қамту, студент жастарды тағылымдамадан өткізу, оларға тәжірибелі мамандарды ұстаз-тәлімгер ретінде бекіту тұрақты түрде орындалатын болды. Осы арада менің тағы бір қосар пікірім мынау. Бізде ұлттық тәрбие жағы тапшылау сиқты, осы жағына көбірек көңіл бөлу керек. Кешегі кеңес дәуірінде біз мұғалімді пір тұттық, ғалымға таңқала аса құрметпен қарадық, ал ақын-жазушыға деген түсінік тіптен терең емес пе еді. Үлкен бір жазушының тың дүниесі өмірге келсе соны тауып алып оқығанша асығатынбыз. Ал бүгін мұғалімнің де,ғалымның да құны төмендеп барады, кітап оқитын оқушыны сирек жолықтырасың. Көбісінің ойында ақша, қандай жолмен болсада байлыққа кенелу. Бұл дегеніңіз ертеңімізге кедергі болатын үлкен кесел. Мен бос уақытымда қаладағы кітап дүкендерінде жиі боламын, дүкендер аса көп те емес, жаңа шыққан басылымдарды сатып алып оқимын. Соңғы мерзімде елдің, ұлттың тарихын терең баяндайтын, қазақ зиялыларының өмір жолдарын, тектілер ғұмырын паш ететін жақсы дүниелер көптеп басылып шығарылуда. Осы дүниелерді көбірек оқысақ бұл да біздің нағыз патриоттығымыздың айқын бір белгісі болар еді. - Сіз турасында «ұлтжанды азамат, мемлекеттік тілдің үлкен жанашыры» деген жылы лебіздер құлағымызға жиі естіледі. Осының нақтылығына қатысты бір ауыз сөз айтсаңыз. - Ең алдымен біз Қазақстан деген мемлекетті сыйлауымыз тиіс. Одан соң сол мемлекеттің заңына бағынуымыз керек. Біз елдің тұңғыш президентімен мақтануға тиіспіз, яғни ол кісінің әрбір ұлағатты сөзіне іспен жауап беруіміз керек. Жеке басым бұл жағынан алғанда шама келгенше пайдалы іс тындырып жатқандаймын. Мектепті қазақ тілінде бітіргеніммен орыс тілін ешкімнен кем білмеймін. Өндіріс саласында жасайтын қайсыбір замандастарым ана тілінде әңгіме айтпай жүрек ауыртады. Мемлекеттік тілді біле тұра сөйлемейтінін қайтерсің. Осы Ақтөбе облысының мемлекеттік тілге көшкеніне де төрт жылға қадам басты, өкініштісі теледидар арқылы байқаймыз облыс деңгейіндегі көп жиындар орыс тілінде өтеді. Соңғы мерзімде облыс деңгейіндегі өзгелерге өнеге береді дейтін кейбір лауазым иелері бүкіл қазақ бас қосқан жиындарда үнемі орысша сөйлеуін тоқтаттпай келеді. Бұған мұның қате, туған тіліңді сыйла дейтін батыл әрі батыр бір адамның әңгіме айтпауы жүрегіңді ауыртады. Қашанда ұжым бірінші басшыға қарайды. Сондықтан ол адам қара қылды қақ жаратын, таразы басын тең ұстайтын әділ болғаны жөн. Басқарманың 83 пайызы қазақтар. Біздер 2008 жылдың наурыз айынан бастап мемлекеттік тілге көштік. Мұны мен сізге қағаз жүзінде ғана емес, нақтылы көрсеткіштер арқылы да дәлелдеп бере аламын. Әр бөлімде мемлекеттік тілде таза сөйлеп, қатесіз жаза алатын мамандар жеткілікті. Іс қағаздарының ішінде бұйрықтар мемлекеттік тілде шығарылып, сосын ресми тілге аударылады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, дамыту бағытында игілікті шаралар атқарылды. Басқармада қазақ тілі кабинеті жабдықталды. Ол көрнекі құралдармен, жазулармен безендірілді. Қосымша ретінде мұғалімге арналған бөлме бар. Басқарма қызметкерлері «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының Батыс филиалы мамандарының қатысуымен тиісті кезеңде қазақ тілін меңгеру деңгейі бойынша емтихандар тапсырды. Соңғы төрт жылда көрнекі үгіт мәселесіне баса назар аудардық. Басқарма аумағындағы ғимараттар қабырғаларына Елбасы Н.Назарбаевтың, ұлы ақын Абайдың, Ата-түріктің тәрбиелік мәндегі сөздерін жазып, іліп қойдық. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президентінің: «Мен Қазақстанды бейбітшілік пен келісімнің үлгісі болатын, барлық азаматының терезесі тең, босағасы берік ел болғанын көргім келеді» деген ұлағатты пікірі кім-кімді де бей-жай қалдырмасы хақ. Басқарма бойынша әр жұма сайын селекторлық мәжілісті мемлекеттік тілде өткіземін. Мәдени шаралар, түрлі сайыстар өткізу дәстүрі де қалыптасты. Ұжымда «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өткізілді. Жеңімпаз команда мүшелері Атырауға барып, өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі 2-орынды иеленіп келді. Бұл шара өткен жылдың 21-24 тамызында мұнайшылар күні мен Қазақстан халықтарының тілдері мерекесі құрметіне және Алаштың 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген болатын. Топ құрамындағы команда капитаны Салауат Гатаулин (ұлты татар), Лаура Саинова (ұлты татар), Любов Капущу (ұлты болгар), Алексей Бердников, Вячеслав Трофимов (ұлты орыс), украйн Вячеслав Янгольдар (ұлты украин) сияқты басқа ұлт өкілдері бәсекелестеріне қарағанда мемлекеттік тілді тым-тәуір меңгергендіктерін көрсетті. Қазақ басылымдарына құрметпен қарау менің ең үлкен парызым. Оның ішінде қазақ ұлтының бүкіл болмысын шаршамай, шалдықпай үзбей бүкіл қазақ оқырманына жеткізіп келе жатқан «Ана тілі» басылымы өте ыстық. Бұл басылымның жалпы біздің басқармада өзіндік орны бар. Қазіргі таңда 400-ге жуық оқырман жазылды. Қарап отырсақ қазір басылым көп, жүздеген газет-журналдар шығып жатады. Оны өзіңе таңдап алып талғап оқу сенің міндетің. Осы тұрғыдан алғанда «Ана тіліне» ықыласымыз жоғары. Бұл арада бір тілек айтуға тиіспіз. Кейбір басылымдар республика көлемінде болып жатқан жаңалықтарды тізбектеп беріп жатады, енді бірі оқырманды селт еткізбейтін жансыз хабарлармен де бет толтырады. «Ана тілі» басылымынан алдағы күндерде мемлекекттік тілді мүлдем мойындамайтын, құрметтемейтіндерді сынап жазып, ұялтса деген дүниелер сұраймыз. - БАҚ өкілдерімен байланыстарыңыз қандай? - Баспасөз төртінші билік деген әдемі әңгіме бар. Бұл өмір дәлелдеген шындық. Кешегі кеңес дәуірінде «Правда» деген құдыретті газет болды. Онда ылғи ұлы академиктер, аты әлемге танылған орыстың зиялылары еңбек етті. Осы газетте сыналған кез-келген шенеунігің ертесіне қызметімен қоштасып кете баратын. Әрине мұндай шаш ал десе бас алатын басылымның тәуелсіз жас мемлекетке тап әзірге қажеті де жоқ болар. Бірақ заңды құрметтемейтін, жастарға ұлықты іс, өнеге таныта алмайтын, қара басының қамымен тіршілік кешкен, мемлекеттік тілге жүгінбейтін, ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді қастерлемейтін шенеуніктерді сынап жазу өте дұрыс болар еді. Оның ішінде жоғарыда айтқанымдай өзінің лауазымдық билігін асыра пайдаланып қарамағындағы кілең қазақ алдында орыс тілінде сайрайтын бұлбұл шенеуніктер жайлы үнемі сынап жазып отырса құба-құп. Қазақтың тілін өзге ұлттарда үйреніп жатқан жоқпа, үйренсін, оның одан абыройы биіктемесе, төмендемейді. Жалпы басқарманың баспасөз өкілдерімен қарым-қатынасы жақсы. Озат, алғы шептегі кәсіби мамандарымыздың іс-тәжірибесін әріптестеріне үлгі етуде жекелеген басылымдар ондаған дүниелер жариялап келеді. Кей кезде өздеріміз тапсырыс береміз. Жергілікті журналистер өз туындыларында Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының Н.Шманов атындағы мұнай айдау стансасының жүргізішісі Бекжан Арыстанов және Темір апаттан қалпына келтіру пункітінің шебері Нұрлан Нұғыманов жөнінде татымды да, оңды лебіздер білдірген мақалаларды жарыққа шығарды. Тағыда қайталап айтамын «Ана тілі» басылымы біздің шынайы рухани досымызға айналды. Аталмыш газетті қатардағы, қарапайым оқырмандар сөзі салмақты, ойы орнықты, «бетің бар, жүзің бар демей», кемшілікті хансың ба, қарасың ба – бадырайтып айтуымен беделді деп санаса, аудармашы, мұғалімдер қауымы күнделікті сабақтарында әдістемелік көмекші құрал ретінде пайдаланады. Сөзіміз дәлелді болу үшін цифрларға сүйенсек, мысалы, 2005 жылы – 138 дана ғана болса, 2006 – 206, 2007 – 228, 2008 – 264, биылғы 2009 жылға «Ана тілінің» таралымы 335 данаға дейін өсті. Біз бұл көрсеткішпен шектелмейміз. Жыл бойына баспасөзге жазылуды жалғастыра береміз. - Мұнайшылар бос уақыттарын қалай өткізеді екен? - Басқармада салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды шылым шегуден, маскүнемдіктен аулақ болу шараларына бағытталған игілікті жұмыстар да көпшілік көңілінен шығуда. Бұл бір жағынан, өндірістегі қауіпсіздік техникасына, еңбекті қорғауға да байланысты болса, екінші жағынан, қазақ ұлтының келешекке дені де, тәні де, жаны да сау ұлт болып баруына жол ашады. Осы орайда салауаттылыққа тәрбиелеу бағытында басқарма қызметкерлері Ақтөбе қаласындағы «Желкен» мәдени-сауық кешенінде дене шынықтырады. 2007 жыл – біздер үшін ең бір табысты жыл болды десек, асыра айтқандық емес. Мен өзімді осындай ауызбіршілігі жарасқан, ұлтына, дініне қарамай, тізе қосып, қайтарыммен еңбек ете білетін ұжымға басшы болғанымды мақтаныш тұтамын. Өйткені бізде қай маман болмасын өз учаскесінің жұмысын жақсы біледі. Сондықтан қазақша айтқанда, қамшы салдырмайды. Мен алдыңғы жылды тектен-текке табысты болды деп отырғаным жоқ. Енді соны таратып айтар болсам, жыл басында «Біз сіздерге мереке сыйлаймыз» айдарымен өткен қала әкімдігі ұйымдастырған Жаңа жылдық мерекелік іс-шараларға белсене қатысқанамыз үшін сол кездегі қала әкімі Серік Нокин қол қойған Алғыс хатымен марапатталдық. Сол жылы «Ақтөбе» футбол командасымен жолдастық кездесу өткіздік. Жыл сайын тұрақты өтіп тұратын «Қар үстіндегі футболдан» қала чемпионатында І орынды, «Алтын күз» сайысында футбол кубогын жеңіп алдық. - Сіздің басқарма секілді іргелі ұжымдардан қаржылай көмек күтетіндер де аз емес шығар? - Ойыңызды түсіндім. Демеушілік жағын айтып отырсыз ғой. Әрине, қолда болса қысылмас та едің ғой. Бюджетте ондай мәдени шараларға арнайы қаржы қарастырылмағанмен, бізден қолдау күтіп, үміт артқан жандарды жерге қаратқымыз келмейді. Біздің басқарманың Батыс филиалы басшылығы көршілес Атырау қаласында болғандықтан түскен хаттарды, өтініштерді соларға жібереміз. Ондағы әріптестерімізге де өкпеміз жоқ. Мүмкіндігінше қандай проблемалар болмасын оңды шешімін тауып жатады. Басқарма әкімшілігі ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, зағип жандарға қол ұшын созды. Белгілі сазгер А.Жұбановтың 100 жылдық торқалы тойына, «Шығыстың қос шынарының» бірі, жерлес, Батыр апамыз Ә.Молдағұлованың 85 жылдығына да атсалыстық. Сонан кейін жетім балалар үйіне, ардагерлер қоғамына, өткен жылы пайдалауға берілген жаңа мешіт пен шіркеу құрылысына ақшалай қаржы бөлдік. Қызметкерлеріміз бір күндік еңбек жалақыларын аударды. Туған жерім «Өлкедегі» мешіт құрылысына, қаланың ескі бөлігіндегі көне мешіттің төбесін жабуға жәрдемдестік. - Қазақстандағы дағдарыстың сіздің басқармаға да салқыны тиеді деп ойлайсыз ба? - Ең алдымен үрейге бой алдырмау керек. Мен үлкен өндірістік кәсіпорынның басшысы ретінде айтарым дағдарыс дегеннің өзінде бірде шикізат жетпесе, бірде техника сыр беруі мүмкін, енді бірде қаржы тапшылығы қол байлау болады, былай қарағанда ұсақ-түйек, жүре бара түзеліп те кетуі мүмкін болғанымен осындай кемшіліктер кәсіби мамандардың жүйкесін жұқартады, жаппай қысқартуға апарып соқтырады, тіпті мекеме жабылып та қалуы мүмкін. Сол үшін басшы ұжымда психологиялық көңіл-күйдің («психологический настрой») орнықтылығына баса назар аудару қажет. Біреулер жыл жарым, енді біреулер екі жыл дейді, дағдарыстың қанша уақытқа созылатынын әзірше дөп басып айту қиын. Бұл жөнінде Үкіметіміз дағдарысқа қарсы шаралар, тиісті құжаттар, қаулылар қабылдап жатыр. Демек, дүрлігудің, меніңше, еш қисыны жоқ деп ойлаймын. Біздің басқарманың Батыс филиалы Атырауда деп айттым ғой. Ал филиалдар «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарайды. Олардан дағдарыс мәселесіне байланысты бүгінгі күнге дейін ешқандай айқындаушы құжаттар түскен жоқ. Рас, шығынға жұмсалатын қаржы жағы бұрынғыдан сәл де болса кемуі мүмкін. Мұнайшылар жалақыларын тиісті мезгілінде алып тұрады. Қысқарту жоқ. Демек, сіз айтқандай дағдарыстың салқыны әзірге тие қойған жоқ. - Базарбай Сүндетбайұлы уақытыңызды бөліп кең ауқымды әңгіме айтқаныңызға Сізге де мың рахмет. Сағындық Ниянқұлов, Қазақстан журналистер одағының мүшесі. АҚТӨБЕ

5388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы