• Ақпарат
  • 15 Желтоқсан, 2010

Азаттық және Алматы

Атыңнан айналайын, алғаш боп азаттықтың ақ туын желбіреткен алты Алаштың Алматысы! Ақбасты Алатаудың алып құшағына еніп, Көктөбеңнің маңдайын күн сүйген ару қала. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келіп, төріңде дамылдағандар таңдайында қалған бал татыған алмаңның тіл үйірген дәміне әлі күнге тамсанып жүрген де болар. Буыны бекіген еліңнің болашағын Есіл жағасындағы ерке қалаға табыстап тұрып, ақжол тілеген де өзің едің. Сөйтіп, талай ғасырлар бойы анасызға ана, панасызға пана болған қаланың ғұмырын шорт кесуге кімнің қолы барды екен? Өткеніңді өшіріп, тарихыңды 150 жылға көшіруге кімнің ғана дәті шыдады екен? Осыдан алты жыл бұрын бүгінде шетелде шалқып жүрген қаланың сол кездегі әкімі В.Храпунов бастаған топ «Алматы қаласына – 150 жыл» деп дабыралатып той өткізген. Бұл жаңалық елге жайылысымен көзі­қарақты қауым «Алматының мың жылдан астам тарихы бар! Оның ғұмырын бір жарым ғасырға байлап отырғандарға жол беруге болмайды» деп шулаған еді. Содан бері дау толастар емес. Алашшыл ғалымдардың алдында Алматының мыңжылдық жасын анықтау мақсаты тұрды. Жақында бұл дауға да нүкте қойылды. Алматының жасын 150 жыл деп жүргендердің аузына құм құйылып тынды. «Еуразияның ежелгі және ортағасырлық кент­тенуі: Алматы қаласының қалыптасуы, да­муы және жасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жұмыр жердің әр түкпірінен жиылған ғалымдар Алматының мыңжылдық тарихы барын бірауыздан мо­йындап, бас шұлғысты. Олардың қатарын­да Ресей, Ұлыбритания, Германия, Италия, Бельгия, Албания, Түркия, Жапония, Корея, Өзбекстан, Қырғызстанның ортағасырлық кенттену мәселесін зерттеуші ғалымдары болды. Рас, Алматудан Алматыға дейін Алатау­дың баурайындағы ару қаланың болғанын Верныйға «верный» боп жүргендерге дәлелдеп беру оңай болған жоқ. Бірі Х ғасырдан әрі десе, бірі орыс басқыншылары тұрғызған бекініске балады. Соның ішінде ауыздыға сөз бергісі келген орыстар мен орыстілділер «қала тарихы Верный бекінісінен бастау алады» дегенге қатып қалған еді. Яғни ХІХ ғасырда орыс мұжықтары Алматының іргесін қалапты-мыс. Сөйтіп, «қазаққа қала салып беріп қатырдық, даладан өзгені көрмеген қазақты осылай жарылқадық» деп жақтары талмай жарыса жазып жүрген орыстілді басылымдарға төтеп беру қиын еді. Ақыры, Алла жар болып, жазба деректер мен археологиялық қазбалардың қо­рытындылары тоғыстырылып, Алматының тарихы бір ізге түсті. Алып шаһардың тарихы мың жылдан асатыны осы күні дәлелденген. Қала маңынан табылған деректерден соң «Алматыға – 150 жыл» деп жүргендер сап тыйылды. Алматы қаласы тарихи мұражайы қызметкерлерінің айтуынша, «қазақтардың жерінде ештеңе болған жоқ, орыстардың ке­луімен гүлденді, қала салынды» деген пікір бұл кешегі шовинистік пікірге саяды. 1979 жылы бұрынғы әскери училище маңындағы қазба жұмыстары барысында күміс дирхемдер табылған. Жазуы бар ділдәлар осыдан 8 ғасыр бұрын құйылыпты. Оларда «Алмату» деген айқын жазу бар. Тарихшылар осылайша Алматының өткенін Х ғасырға теліп отыр. Академик Карл Байпақовтың пікірінше, ертедегі Алмату Х ғасырда-ақ қала дәрежесіне көтерілген. Саудасы қызып, жәрмеңкесімен аты жаһанға жайылып жатқан орталық болған. Қазіргі алып қаланың астында қалған көне шаһарды қайтадан тұрғыза алмаймыз. Сондықтан сақталып қалған бөлігін одан әрі сақтау мәселесіне мұқият болуымыз қажет. Ол: «Алматының жасын 1854 жылы құрылған Верныйдан бастау шындығында қателiк болады. Себебi Верный тұрғындарының, ай­мақтанушылардың өздерi қаланың бос жерде тұрғызылмағанын айтқаны жөнiндегi деректер Шоқан Уәлихановтың, ресейлiк ғалым Бартольдтiң, бiрқатар кеңестiк ғалымдардың еңбегiнде көрiнiс бередi. Сонымен бiрге Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулатидiң еңбектерiнде де Алматы туралы жазбалар кездеседi. Жалпы, шаһардың жасын анықтау­да археологияның маңызы жоғары. Дәл осындай жолмен Қазан, Ташкент, Түркiстан, Самар­қан қалаларының жасы анықталған болатын. Бұған дейiн Алматы маңайында бiрнеше археологиялық зерттеу жүргiзiлген едi. Соның нәтижесiнде бiрнеше қалашықтардың орны табылуда. Қазбалардың бiрiнде қала аумағынан табылған күмiс тиын 1271-1272 жылдары жасалған. Бұл Алматының жасына жаңа көзқарас туындатады. Басқа да деректерге сүйенер болсақ, қаланың XIII ғасырдан бастап «Алматы» деп атала бастағанын, сондай-ақ тарихының X-XI ғасырлардан бастау алатынын бағамдауға болады. Алматының шаруашылық, сауда салалары көне уақыттың өзiнде жақсы дамыған, өзiнiң теңге сарайы болған. Өркениет белгiлерi­нiң жүзеге асырылуына қаладағы әкiмшiлiк және саяси билiктiң ықпал етiп отырғанын байқауға болады. Кез келген қаланың тарихын зерттеу өте күрделi жұмыстарды қажет етедi, бiрқатар қиындықтар да туғызады. Яғни Алматының жасы мың жылдан асты деуге әбден болады», – дейді. Бұл біздің алып шаһардың тарихын тізбелеп бердік дегеніміз емес, ақыры Алматының жасы анықталды, есесіне Алматыны «ақтару» енді ғана басталды дегенді меңзегеніміз. Өйткені Ел Президентi Н.Ә.Назарбаевтың өзі айтқандай: «...Алматы бос орында пайда болған жоқ, оның пайда болуы туралы қалыптасып қалған «отаршылық» көзқараспен көбiнесе үндесе бермейтiн та­рихының өз бастауы, өз тарихы бар». Бағзы заманғы «Алмату» тиыны мен ке­шегі Желтоқсан көтерілісінің аралығында бұл Алматының басына нелер келіп, нелер кетпеді? Басқасын былай қойғанда, бо­дандықтың бұғауынан да дәл осы қалада босағанбыз. «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы, Танимысың сен мені, мен – қазақтың баласы!» десіп тақиясын аспанға ата алғаш қуанған қала да – осы. «Алматыда азаттықтың ақ таңы атты, тәуелсіздіктің тұсауы да осы жерде кесілді. Сондықтан да Алматы – тәуелсіздік талбесігі болып қала бермек». Елбасының осы сөзі әр қазақтың жүрегіне өшпестей жазылса, атауы азаттық ұғымымен астасып жататын ару Алматы Алаш жұртының жүрегінен өз орнын баяғы-ақ алған. Сондықтан да тәуелсіздікке тәу ету Алматының тарихына тағзым етумен басталғаны абзал. Д.СЕРІКҚЫЗЫ

2809 рет

көрсетілді

34

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13458

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7796

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7426

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6804

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6753

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6540

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5315

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5307

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы