- Ақпарат
- 15 Желтоқсан, 2010
Болашағы зор Батығай

«Астанадағы қары қалың, аязы мығым қысты болдырмауға бола ма?» – «Мүмкін емес!» – деп жауап қатар еді қалың көпшілік. Бірақ «Иә!» – деп иек артуға бізді Астананың сол жақ жағалауында бой көтеретін Батығай «жабық қала» жобасының авторлары көндірмекші. «Қала ішіндегі қала» – бұл тек қақаған қыстан құтылу ғана емес, сондай-ақ инновация мен техниканың ілгері жылжуы әлеміне өту болып табылады.
Сарыарқаның төріндегі сұлу да сымбатты жас астанамыз көркейіп, құлпырып келеді. Өткен ғасырдың аяғында, 1997 жылы егемен Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы ұсыныс жасағанда, болашақ елорда қас-қағым уақытта осындай кейіпке енеді деп бұқара жұрт ойламаған да шығар. Бұл шешім қаланың маңызды геосаяси орналасуынан – Қазақстанның және еуразиялық құрлықтың кіндігінде, қажетті көліктік және коммуникациялық инфрақұрылымы болуынан туындаған еді деп бағамдағанымыз бар. Қазір қарап отырсақ, расында, Астананың Еуразияның кіндігінде орналасқан әлемнің танымал отыз қаласының біріне айналуға толықтай негіз бар. Еуропалық және шығыстық мәдениеттің таңдаулы дәстүрлері ұштаса өрілген заманауи сәулеттік бедер жаңа елорданың экономика, саясат пен мәдениет орталығы ретіндегі бейнесін асқақтата түсуде. Астанада жақын уақытта тағы да әлемді таңғалдырар таңғажайып ғимараттар бой түземек. Бұл елді елең еткізер көлемді жаңа жобаның аты – «жабық қала», ресми атауы – Батығай. Жобаның Батығай деп аталуында үлкен мән бар. Себебі ол еліміздің кезінде Астана орнында орын тепкен базарлы да ажарлы қаласы болатын. Тарих таразысында... Бұл жобаға Батығай тарихи атауы жайдан-жай тандап алынған жоқ. Астана маңында бұрын осы аттас қала болғанын бірнеше тарихи деректер дәлелдейді. Мәселен, орыстың атақты жазушысы һәм тарихшысы Николай Карамзин өзінің «История государства Российского» атты еңбегінің 11-ші томында қазақтың ханы Қасым ханды Батығай мавзолейінде жерленген деп жазған. Ежелгі қала Батығай туралы Шоқан Уәлиханов та өз жазбаларында мәлімет қалдырған. Ал Кеңес өкіметі тұсында академик Әлкей Марғұлан басшылық жасап, Батығай орнында археологиялық қазбалар жүргізді. Бертін келе, еліміз егемендігін алған тұста, осы жерден ғалымдар арғын тайпасының таңбасы бар «көзді» шаршы кірпіш тапқан болатын. Осы аталған деректер Батығайды Астананың орнында болған ежелгі қала екенін дәлелдей түседі. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, Ақмола атауына қатысты мынадай қызықты мәліметтер кезіктіруге болады. Ғұн империясының көсемдері кезінде Сарыарқаның төсінде, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салып, оны «Ақмола» деп атапты. Ғұндардың тілінде «ақ» сөзі – батыс, «мола» – қамал ұғымын білдірген. Сонда Ақмола атауы «Батыс қамал» деген сөз болып шығады. Бұл ғылыми тұжырымды алғаш жазбаша дәлелдеген – Византия ғалымы Прокопий. Оның бұл туралы жазбасы 1939 жылы «Вестник древней истории» журналында басылған көрінеді. Кейін тарихшы Ғалым Қайратхан қытайдың көне жазбаларына сүйеніп, бұл түйіннің дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдеп өтті. Жалпы алғанда, елорданың маңында бұрын атауы ғасыр легімен өзгерген жиырма қала болғанын археолог әрі өлкетанушы Василий Солочински 1955 жылғы зерттеулерінде жазған болатын. Яғни Ақмола – «Батыс қамал», Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі, Бозақ, Батығай... секілді қалалар болғаны еш күмән тудырмайды. Сол себепті Батығай деп аталатын «Жабық қала», Елбасы айтқандай, өз заманында Қорғалжын елді мекенінің аумағындағы Тәуке ханның ордасы болған Батығай қаласының заңды жалғасы болып табылады. Қала ішіндегі қала Қол созым болашақта ежелгі қаланың орнында суперзаманауи қала бой көтереді. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыруға «Sembol Insaat» түрік компаниясы кіріспекші. Аталған компания Астананың сол жағалауындағы Парламент және бірнеше министрліктер үйін салумен танылған болатын. Оңтүстік астанадағы бірнеше зәулім үйлердің де шашауын шығармай тұрғызған осылар еді. «Батығай» жобасы қаланы салушылардың сәулеттік түпкі ойының ауқымынан хабар береді. Оның барлық нысандары болашақта метро сияқты бір-бірімен жалғасады. Кешен орталығында мектеп, аурухана, кеңселер, сауда орталығы, аквапарк, ойын-сауық кешені, спорт орталығы, SPA-салондар және кинотеатр орналасады. Оның айналасына тұрғын үйлер салынады, олардың тұрғындарына (10 мыңнан астам адам) осы кешенде толық қызмет көрсетіледі. Бұдан басқа, осы қала шаңырағы астында жыл бойы жаз болады, онда жасанды құмдақ жағажайы бар бассейн жұмыс істейді және экзотикалық пальмалар шешек атады. Бұл – Астанаға келетін қонақты өзінің ерекшелігімен еліктірер жоба. Батығай – Астананың шұғыл континентальді суық ауа райына төтеп беретін қала болмақ. Батығайдың көлемі, сәулетшілердің айтуынша, екі шақырым шеңбер жерді алады. Бұл Ұлыбритания астанасы Лондондағы «Мыңжылдық күмбезін» екі есе орап алатын алып аймақ болады. Жабық қала – бұл тек климаттық жағдайларды шешу ғана емес, сонымен қатар жоғары технологиялардың, заманауи экологиялық үлгілердің және ғасырлар тереңіне кететін қазақ халқының салт-дәстүрінің біте-қайнасуы. Ендеше, іске асуға дайын тұрған жоба жас елордамыздың тарихи-мәдени айғағы ғана емес, индустриялды-инновациялық дамудың баспалдағы болғай! Сұлтан ҚАДЫРБЕК

3257 рет
көрсетілді0
пікір