• Әдебиет
  • 15 Желтоқсан, 2010

Жарқ етті жастар жұлдыздай

(Желтоқсан құрбандарына арналады) Айналған рухы мұнарға, Табынып Сәкен, Тұрарға, Дейтін ек «ел» деп бас тігер, Енді ерлік бізден шығар ма? Бодан боп өмір сүргенге, Қорланып іштей жүргенде, Алаңға шықтың, жастарым, Дүрлікті қала білгенде. Әділдік жоқ деп жалғанда, Аһ ұрып жүрдік арманда. Жарқ етті жастар жұлдыздай, Қамалып мұңға қалғанда. Тәуекел түріп білекті, Қалар деп тыңдап тілекті, Алаңда бара жаттыңдар, Ту етіп жанған жүректі. «Шыдадық қанша зорлыққа, Қырылып қайта толдық та. Дедіңдер: – енді мазақ пен Төзбейміз мұндай қорлыққа!» «Қай мазақ, мынау қай мазақ, Дей ме екен бәрі жай қазақ. Басқарар елді бар талай Ісіне сөзі сай қазақ». Кернеген ыза бұрқаған, Боран боп соқты қырқадан. Әндерің жатты естіліп, «Қазақстаным» деп шырқаған. Алаңға жастар жиылып, Өзге сөз қалды тиылып. «Сақта деп Алла жастарды», Жатты үйде қарттар сиынып. Кірмелер жүрсе күйініп, Тұрғын ұлт сергіп сүйініп, Алаңға толды бар ашу Жұдырық болып түйіліп. Құйын боп ыза үйіріп, Тоғысты бәрі жиылып. Жастықтан басын көтерді, Басқа ұлттар жатқан бұйығып. Жастарым, қайран жастарым, Тарылды-ау онда аспаның. Үкімін Мәскеу шығарды, Уақытта сол бір қас-қағым. Ойласам, өңім қашады, Көңілді қайғы басады. Жынданып жетті алаңға, Жазалаушылар жасағы. Жатқандай жаулап басқа елді, Қазақты Кремль қас көрді. Бейкүнә бейбіт шеруге Төкті әкеп десант әскерді. Кеудеге бейне жын салған, Көк темір кілең құрсанған. Жалаң қол жастар енді бұл Құтылар қалай құрсаудан. Ұстаған қару, қалқанын, Шығарар алаң талқанын. Бұрымға бірі жармасты, Аруын қайтсін Арқаның. Белгісіз аты, тұрағы, Талайдың сөнді шырағы. Жарылып басы қауындай, Әне, бір қыршын құлады. Жендетке бір қыз ұмтылды, Жармасқан жаға жыртылды. Қаракөз қазақ қызды аяп, Жасаурап көзі күн тұрды. Жанары тілер түнекті, Қыз еді қандай жүректі. Жазагер солдат семсердей, Сілтеді сапер күректі. Бітейтін бұлақ, хауызды, Кім туды мұндай жауызды. Көгінен сонау көз салып, Күңіреніп тұрды тау ізгі. Дірілдеп ерні, анары, Арудың сөнді жанары. «Қош, елім, Қазақстаным» деп, Соңғы рет күнге қарады. Бас сүйек сынған ашылып, Асфальтқа миы шашылып. Көргенде мұндай сұмдықты, Жігіттер кетті ашынып. Жастардың қаны қайнады, Қорқақтап қашып таймады. Лезде астан-кестен боп, Алаңның шықты ойраны. Болды бұл сұмдық күн ерек, Дубинкалармен дүрелеп. Соққыға жығып аяусыз Талай жас қалды жүрелеп. Жауыздар қанын саулатты, Су шашып және жауратты. Қансырап жатты көшеде, Ұл-қыздар қанша ардақты. Сойқандар солай сорлатты, Қара күн басқа орнатты. Қазаққа басқа қазақты, Қарсы сап қойып қорлатты. Аянбай жастар айқасты, Жаудырып оқтай жай тасты. Қаруға қарсы атылып, Жалаң қолменен шайқасты. Жастарым, батыр жастарым, Болмаған елден басқа мұң. Жұлып ап қарсы жатты атып, Іргенің тақта тастарын. Өртсөндіргіштерің өртеніп, Көк түтін басты көмкеріп. Машиналарды су шашқан, Жігіттер жатты төңкеріп. Желтоқсан айдың ызғары-ай, Тұра ма дене мұздамай. Таяқтап жатса қайтпаған, Қазақтың қайсар қыздары-ай. Төбеттер кілең кимелеп, Темірмен соғып түйрелеп. Төгілген қара бұрымнан, Жауыздар жүрді-ау сүйрелеп. Ызаның буып тұрғаны-ай, Қоршылық көрген жылдар-ай! Ел үшін шыққан бас тігіп, Ержүрек қазақ ұлдары-ай! Жастарым, қайран жастарым, Қорғаным, панам, асқарым. Бас иіп бүгін сендерге, Арнаған осы дастаным. Жастарым, қайран жастарым, Ойлаған қамын басқаның. Өздерің құрбан болсаң да, Көтеріп елді тастадың. Желтоқсан күні бұрқақтап, Мұнартып тұрды сыр сақтап. Отырдым тыңдап хабарды, Көзімнің жасы бұршақтап. Маңдайға жазып мазақты, Көрсетті қанша азапты. Егілдім «Құдай, қырыңа Алдың деп, неге қазақты?» Не керек ойнап күлгенім, Не керек ғылым білгенім, Қан жұтып құлап жатсам да, Ортаңда неге жүрмедім. Біріңнің түзеп шашыңды, Біріңнің сүйеп басыңды. Жүрмедім неге жүкшің боп, Жеткізіп қару-тасыңды. Жас қазақ, батыр, жайсаңым, Қайтпаған құрыш қайсарым. Осы жыр – таққан орденім, Осы жыр – алғыс айтарым. Жас қазақ – қайран ерлерім, Сұмдық қой сойқан көргенің. Бастаған ісің-күресің – Төгілген сөзі терменің. Ел үшін азап шеккендер, Шаһид боп мәңгі кеткендер. Бере алмай қалдық қол ұшын Айыптап қатты сөкпеңдер. Ездікке кетпей ет өліп, Аманаттарың өтеліп, Сендерді бүгін ақтап ап, Төбеге жүрміз көтеріп. Жазаны бұзып доғарған, Орнына жастар оралған. Ел үшін, қазақ жері үшін, Төгілсе қаның, жоқ арман. Қазағың жазда жайлаулы, Желілеп бие байлаулы. Шаһид боп кеткен қыршындар, Пейіштен орның сайлаулы. Ерлікті жастар оралтты, Ездікті жойып жоғалтты. Желтоқсандықтар – жас қазақ Оятты бүкіл Одақты. Жұма-Назар Сомжүрек Астана

3291 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13459

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7797

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7427

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6805

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6754

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6541

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5316

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5308

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы