• Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2010

Қайратсыздық құрдымға сүйрейді

Нашақорлық қазақ қоғамында болған емес. Маскүнемдік те бізге жат еді. Қоғамдық орта да, табиғат та таза, тұнық болатын. Ластықтан жиіркенетін едік. Ал қазіргі халіміз мүлде басқа болып барады. Жүрегіміз жақсы мен жаманды ажырату қасиетінен айырыла бастаған ба, қалай өзі? Абай заманында «тәйт» десе тыйылатын тәрбиеден де мақрұм болып бара жатқан сияқтымыз. Әйтпесе, жасөспірімдер арасында жылдан-жылға белең алып бара жатқан нашақорлыққа әуестікті қалай түсіндіруге болады?

Жасөспірімдер есірткіге әуес. Неге? Бүгіндері нашақорлардың саны көбейіп барады. Статистика бойынша қазіргі кезде есірткіні қабылдайтындардың көпшілігі жастар болып отыр. Мәселен, елімізде 5 мыңға жуық жасөспірім есірткі тұтынады. Оның ішінде ең жасы 7 жаста. Иә, нашақорлықты әліппемен танысатын жастан бастап қолданатын болса, тартар жүгіміз ауыр екен. Бесіктен жаңа шыққан баланың есірткіге әуес болуына не себеп болып отыр? Бұл жағдайдың мамандар психологиялық астары бар екенін айтуда. Әсіресе, отбасындағы психологиялық ахуал, қарым-қатынастың төмен болуы, бала тәрбиесіндегі кемшіліктер көбіне жасөспірімдерді назардан тыс басқа әре­кеттерге апарып соқтыруда. Нарық заманы келгелі бала тәрбиесінің де басқа сипат алғаны аян. Балаға тәрбиені қара жәшік, я болмаса көше беруде. «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп хакім Абай айтқандай, азғындықты насихаттайтын шектен тыс ақпарат арнасымен балалар күнде бетпе-бет келеді. Бірінің-бірі аузына түкіріп қойғандай ішімдікті, нашақорлықты және т.б. азғындықты насихаттайтын арзан кинолар легі молайған үстіне молая түсті. Міне, осындай мәдени ақпараттық агрессия жасөспірімдер мен жастар санасын құрықтап, олардың арасында нашақорлықты, ішімдікті және зор­лық-зомбылығы басым қатыгез сананы орнықтыруда. Есірткіге әуес жас­өс­пірімдердің көбін қалалықтар құрайтын болып шықты. Қаладағы ойын-сауық түрлерінің және түнгі клубтардың көптігі балалардың зерігу ортасына айналып барады. Бұдан бөлек жасөспірімдер еліктегіш келеді. Яғни анашаға алғаш әуестену оның бар өмірін қыршыннан қиятынын білмейді көбі. Мамандардың айтуынша, бұрынғы­дай апиын емес, қазiр жасөспiрiмдер көбіне­се күштi психотроптық дәрі-дәрмектерді, синтетикалық есірткілерді, героиндi пайдаланады. Жүректе қайраттың жоқтығы, ұйықтаған ойды түртуге өзіндік мұршаның болмауы, ақыр аяғында талай жастың ерте жастан мүгедек болуына немесе ұзақ уақыт бойы емделуге апарып соқтыруда. Осы тұрғыда бала тәрбиесіне қатысты бірнеше психолог мамандарды әңгімеге тартқан едік. Мәселен, балалар психологы Гауһар Шажияева былай дейді: «Расында, жасөспірімдер арасында белең алып отыр­ған есірткіге әуестіктің бірнеше психология­лық себептері бар. Мәселен, жасөспірімдер мен жастардың психологиялық ерекшелік­теріне келсек, 11 және 15 жас арасындағы бала­лар түрлі әлеуметтік рөлдерді тәжірибе­леуге бейім, басқа сөзбен айтқанда, «өзін тексеріп көргісі» келеді, мінез-құлықтары жиі қайшылықта, тез шамданғыш болады. Бұл жас кезеңде балалар басқалардың қатесі арқылы үйренгісі келмейді, бір жағынан олар бәрін өздері көріп-білуі тиіс деп есептейді, ал екінші жағынан, олар әлеуметтік топтың, құрдастарының ықпалына тез түседі. Жасөспірім тезірек ересек болғысы, бәрін көріп-білгісі келеді және достарының арасында өзін кемел­ді сезініп, «модадан» қалғысы келмей­ді. Сонымен қатар ол басқалардан артық болғысы келеді. Жастар жиі әділетсіздікке шыдай алмайды. Әртүрлі жағдайлар оның жанын жаралайды. Осындай себептермен жастар есірткіге тезірек беріледі». Ал Алматы қаласындағы №172 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Ғабит Да­йыновтың пікірінше: «Бүгінде Дүниежүзі бойынша өзіне-өзі қол жұмсау, нашақорлық секілді жаман әдеттер күрт өсіп барады. Өзге елдерді былай қойғанда, өзіміздің Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы на­шақорлық қарқынды түрде дамып бара жатқанын көзімізбен көріп жүрміз. Кейбір ресми мәліметтерге қарағанда, 1991-2001 жылдар аралығында ғана Қазақстанда есепке алынған нашақорлар саны 19 есе, ал есірткіден көз жұмғандар 12 есе, оның ішін­де кәмелетке толмағандар саны 42 есеге артқан көрінеді. Жалпы, бұл мәселелердің барлығы жасөспірімдер бойындағы рухани құн­дылықтардың аздығынан болып отыр десек, артық айтқандық емес. Жасөспірімдер тұрмақ, ересектердің өздерінде батыстық жат мінездер мен әдеттерге тойтарыс беретін рухани күшінің кемдігі анық байқалады. Сол себепті дәстүрлі бала тәрбиесіне қайта оралмай, балалардың есірткіден тыс басқа да рухани дерттерге бойұсынатыны анық». Яғни нашақорлық сияқты індеттерден жасөспірімдерді арашалаудың бір жолы мектептерде кешенді түрде бала тәрбиесіне оң әсерін беретін рухани сабақтар шоғырын көбейту керек деп отыр. Иә, осы айтылған пікірлермен келіспеуге болмас. Себебі бұл жағдайға бүгін барлығымыз жабыла жауап қатпасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Айтылған жерден аулақ, әрине! Есірткімен жастық шағын улаған Наталья есімді қыз бастан кешкен соңғы 3 жылын былай баяндады: «Қазір мен жиыр­ма екі жастамын. Балалық шағым мен жастық шағым жұрттың бәрінікі сияқты дұрыс өтті. Жалғыз ғана кемістік, мен ерке-тотай болып өсіппін. Менде жаныңа не қажеттің бәрі, тіпті басқалардың қолы жете бермейтін дүниенің бәрі болды. Мүмкін нақ осы жағдай менің он тоғыз жаста есірткімен әуестенуіме себеп болған шығар. Әлі есімде, ол кезде сән агенттігінде жап-жақсы жұмыс істеп жүргенмін. Табысым да жаман емес еді. Жұмысым өзіме ұнайтын. Біраз уақыттан кейін қыздар «кокаин» қабылдауды ұсынды. Мен оны татып көруге бекіндім. Шынымды айтайын, бастапқыда бұл маған ұнады. Бүкіл өне бойың рахаттана жылынып, басың шайдай ашылғандай күн кешесің. Бірте-бірте әлгі «сиқырлы ұнтаққа» тәуелді бола бастағанымды өзім де сезбей қалдым. Содан пәленің бәрі басталды ғой. Бір «доза» үшін біреуді өлтіруге дайын едім. Өйткені ағза есірткіні жиі-жиі талап етеді. Кейін ақшам таусылып, «қайыршылар азығы» дейтін героинге көштім. Ал менің мұңдастарыма келетін болсақ, олардың бірінің де өмірі оңбады, тағдыр соққысын көрді. Біреуі түрмеге түссе, енді біреуі өлді, тағы бірі сал болып қалды. Ендеше, қорытындыны өздеріңіз жасаңыздар, бұл істен еш жақсылық көргенім жоқ. Ал бұдан ары не болары тек бір Құдайға ғана мәлім». Есірткі – әлемдік бизнес Есірткі саудасы мен тасымал жолдарына тосқауыл қойылып жатқанымен, әлемдегі нашақорлық деңгейі бәлендей төмендей қойған жоқ. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі нашаға тым тәуелді адамдардың саны 30 миллионнан артқан. Соңғы кездері есірткінің синтетикалық жолмен жасалатын түріне сұраныс көбейіп барады. Бұған жалпы саны 50 миллиондай адам құмартады екен. Есірткінің әлемге барынша кең тараған түрі марихуана болып есептеледі. Оны әлемде 150 миллионнан астам адам пайдаланады. Ал кокаин мен апиынға 20 миллиондай адам­ның жаны құмар. Есірткі тұтыну жағынан Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америка, Кариб бассейні аймақтарының адамдары алда тұр. Ал оны өндіруші әрі тасымалдаушы аймақ ретінде Орталық Азия елдері ерекше аталады. Кейбір деректерге сүйенсек, Ауғанстан әлемдегі наша өндірісінің 90 пайызын бір өзі қамтиды. Халықаралық мамандардың бағалауы бойынша соңғы жылдары Ауғанстандағы апиын-шикiзат өндiрiсi 3 есеге жуық өскен (2002 жылғы 3-4 мың тоннадан 2008 жылы 10 мың тоннаға дейiн). Әйткенмен, Ауғанстандағы есірткі өндірісіне қажетті син­тетикалық материалдар осы аймақтан және Еуропадан жеткізіледі. Наша саудасында әр жылы 300-500 млрд. долларға дейін ақша айналады. Енді мұны әлемдік бизнес секторында алдыңғы орындардың бірін алмайды деп көріңіз. Мысалы, өзімізбен көршілес жатқан Ресейде 11 мен 25 аралығындағы жастар есірткі сатып алу үшін 2000 жылы 1,7 млрд. доллар көлемінде қаржы жұмсаса, арада үш жыл өткеннен кейін аталған сома 2,7 млрд. долларға жеткен. Жағаңды ұстауға мәжбүр ететін уәждер. Қазір әлемнің барлық елдерінде есірткі бизнесіне қарсы тиісті заңдар қабылданғанын да білеміз. Мысалы, Сингапур, Малайзия сияқты елдерде есірткі таратушыларға өлім жазасы қарастырылған. Бұл бағытта елімізде тиісті бағдарламалар қабылдап, әрекет етіп жатқаны бар. Бірақ біз көбіне себеп-салдармен ғана күресудеміз. Бізге алдын алу жұмыстарын жасаған жөн. Ол тек мемлекет болып бітіретін шаруа емес. Ол – барша қазақ елінің азаматының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет жасайтын жұмысы. Түйін Нашақорлықпен күрес — баршамыздың алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі. Бір өкініштісі, нашақорлардың саны жылдан-жылға өсумен бірге, есірткіні жас балалардың, яғни 14-15 жастағылардың қолдануы жиілей түсуде. Әрине, бұл – бүкіл қоғамды, халықты алаңдататын қасірет. Нашақор адамның болашағы жоқ. Себебі мұндай жаман жолға түскен кісі өзіне де, қоғамға да пайда келтірмейді. Адамдық бейнесінен айырылады. Ұрпақ саулығы, ұлт амандығы қазіргі таңда онсыз да саны аз қазақ халқы үшін аса маңызды. Сол себепті саламатты ұрпақ тәрбиелеуге атсалысу баршаға ортақ міндет болып отыр. Сұлтан Тайғарин

4207 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы