• Тіл
  • 19 Ақпан, 2009

Аты-жөнімізді дұрыс жазайық

Редакциямызға Елбасына, Премьер-министрге, Сенат және Мәжіліс төрағаларына, Парламент депутаттарына арнап үндеу жазған бір топ зиялы қауым өкілдерінен хат келді. Хат мазмұны төмендегідей. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жалпы халықтың төлқұжат ауыстыру жөніндегі мәселе үлкен проблемаға айналып отырғаны ешкімді жайбарақат қалдырмайды. Еліміз егемендік алғанына 18 жылға аяқ басты. Ұлты қазақ азаматтарының тегін, аты-жөндерін іс жүзінде ұлттық үрдіске келтіре алмауларының ең басты себебі, Елбасының 1996 жылдың 2 ақпанындағы «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығын іске асыратын Әділет министрлігінің немқұрайлылығы. «Жарлықтың 1-тармағында «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы» - деп, жазылған. Президенттің осы Жарлығын халыққа жеткізу, насихаттау сияқты ұлтымыз үшін игілікті жұмыстарды жүргізуде аталған министрлік өз міндетін атқармай отыр. Тіпті жергілікті қызметкерлер Елбасы Жарлығының мәнін, маңызын түсіне алмай жүр деуге болады. Түсінсе басқаша қимылдар еді ғой. Біріншіден, 13 жыл бойы Әділет министрлігі БАҚ құралдарында жылжымайтын мүлікті заңдастыру (легализация) сияқты бір рет ауыз тұшытарлық үгіт жасамады, жарнамалау, үгіттеу түгіл өздері жарлықты білмейді. Осының әсерінен 2008 жылы туған нәрестелердің 50 % ғана ұлттық үрдіске сай өзінің тегін, аты-жөнін жазып отыр. Екіншіден, тәуелсіздік жылдары қазақтың аты-жөнінің қате жазылғанына халық кінәлі емес, оның обалы – Әділет министрлігіне қарасты мекемелерде. Ұлты қазақ азаматтар құжат беретін мекемелерге аты-жөніндегі қате жазуды дұрыстап бер деп барса, олар оның әкесінің, шешесінің және өзінің туу туралы куәліктерін сұрайды. Олардың көпшілігі кеңес заманында орыс тілінің заңдылығымен бұрмаланып, қате жазылған. Екіншіден, әке-шешенің туу туралы құжаттарын табу қазір оңай шаруа емес. Осыны сылтауратып Әділет орындары қазақ азаматтарының құжаттарында жіберілген қателерді түзетпейді. Адамдардың ешқандай кінәсі жоқ. Олардың тегін, аты-жөнін қазақ тілінің заңдылығын сақтамай жазған Әділет министрлігіне қарасты мекемелер, сондықтан өз кінәларын мойындап, азаматтардың қазақ тілінде дұрыс толтырылған құжаттарын алуын оңайлату үшін, аталған министрлік бұдан бұрын аты-жөні қате былай жазылған, ал дұрысы мынандай деген анықтама беріп, құжаты оңай ауыстырылсын деген министрліктің бұйрығын немесе ҚР Үкімет қаулысын шығару керек. Мысалы, бұрын Джалмағамбетов Валихан Чингизович деп қате жазылған, дұрысы: Жалмағамбет Уәлихан Шыңғысұлы. Елбасы Жарлығының мүмкіндіктерін толық пайдаланып, қазақ ұлтының аты-жөнінің дұрыс жазылуын жүзеге асырсақ, онда бұл арқылы біз егемен еліміздің руханиятына елеулі үлес қосар едік. А. Айталы, қоғам қайраткері, Қазақ Гуманитарлық заң академиясының профессоры. Д. Қамзабекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қ. Алпысбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. Қ. Сартқожаұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. С. Негимов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. Х. Әбжанов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы. Р.Тұрысбек, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. М.Шындалиева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. Қ. Салғараұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы. С. Кенжеахметұлы, жазушы, этнограф-ғалым К. Нұрғали, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы С. Сүтжанов, Павлодар педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы. Ж. Смағұлов, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

3865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы