• Руханият
  • 15 Желтоқсан, 2010

Қаһарлы Желтоқсан

1986 жылғы желтоқсанның басынан бастап ел ішінде, әсіресе, Алматыда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың рес­публика басшылығынан түсірілетіндігі туралы қауесет жел күнгі өрттей қаулап кетті. Айдың 16-сы күні болатын Орталық Комитет пленумының күн тәртібі әдеттегіден ерекше құпияда ұсталды. Бұл өтетін жиынның төтеншелігін үстей түсті. Мен ол кезде Маңғыстау облыстық партия комитетіндегі идеологиялық қызметтен келіп, Алматы Жоғары партия мектебінде оқитын едім.

Шымкент облысы, Киров аупарткомының хатшысы қызметінен келіп, бірге оқитын сырлас дос, жолдас Асылкерім Қалдыбеков ертең пленум болады деген күні менен: – Ал, Мирзо, айтшы, ЦеКа-ға бірінші хатшы кім болады: Камалиденов пе, Ау­ха­диев пе, әлде Назарбаев па? – деп фамилиялар­дың дәл осы ретімен сұрады. – Бұдан басқа кандидатуралардың бәрі сейілген тәрізді. – Кім болса да орыс болады, қазақ Гор­бачевтің ниетінде жоқ, – дедім біртүрлі кілт тіл қатып. Өйткені Бас хатшының Совет Одағы басшылығына келгеннен бергі ұйымдастыру, кадр шараларының бәрінің астарында орысшылдық, батысшылдық пиғыл, сол кезде ұлттық сана-сезімі қаулап өсіп, толысып келе жатқан Советтік Шығыс, әсіресе, түркі халықтарын түрлі жолдармен тұқырта, баса түсу әрекеттері анық байқалатын. Бұл сол уақыттарда Қазақстаннан гөрі төмендеу категорияда деп есептелген Әзірбайжан мен Өзбекстандағы кейде ашықтан-ашық жасалған сан түрлі қитұрқы іс-әрекеттерден де көрініс тапты. Ал Горбачевтің Қазақстан басшылығын болашақта орыстандырмақ пиғылын оның 1985 жылғы мамырдағы Ленинград обкомы пленумындағы теледидардан берілген сөзінен, партия кадрларына байланысты ой тастауынан аңғарып қалып едім. Күн сенбі еді. Әйелім Айбала еден жуып жүрген. Өзім есіктің жақтауына сүйеніп тұр едім. «Мынау Қазақстанға орыс қоймақ», – дедім. Әйелім шошып: «Қой, біз үлкен елміз ғой», – деді. Мәселенің өзі біздің үлкен, бай елдігімізде еді. Оған тамсана, жұтына қарау әуелден бар еді. Майдан алаңын зеңбірек пен миномет оғы астына алып, содан кейін іле жаяу әскер қаптататын соғыс тактикасы тәрізді, көп ұзамай Қазақстанды кең калибрлі баспасөз құралдары арқылы дүркін-дүркін соққылау басталды. Дильдяев секілді журналистер күллі қазақ қоғамын әжуа еткен, табалаған сипатта, сол ісінен ләззат алғандай мақала­лар жариялаумен болды. Мұның бәрі ұлттық ар-намысқа тиіп, халықты іштей ашындыра түсті. Міне, Қазақстан Компартиясының пленумы осындай насихатшылық асыра сілтеу салдарынан ел ішінде наразылық ахуалы күшейген шақта өтпек-ті. – Ой, бауырым-ай, орыс болады ғой, бірақ оның арты не болады, мәселе сонда ғой, – дедім Асылкерімге. Колбиннің бірінші хатшылыққа сай­ланғаны туралы хабарды ертесіне сәскеге таяу, сабақ үстінде «осы қазір ғана болды, пленум 19 минутқа созылды» деп естідік. Адамдар лезде өзгеріп шыға келді. Мектептің П.Свирин деген тайыздау оқытушысы тұрықсыздау иығын көтеріп, мұнысына немкетті қарап, жаратпағанымды байқап, балағыма жабысатын қанден күшікше шақ-шақ еткені әлі есімде. Әуелден шовинистігі байқалатын мектеп партия комитетінің хатшысы Хрупин секілді сабаздар сол алғашқы сәттердің өзінде-ақ маңайына мардымси көз салып, тіпті әжептәуір кісі боп қалды. Пленумдағы халыққа мүлде тосын жаңалық, одан кейін іле байқалған әлгіндей жағымсыз, жиіркенішті көріністер, жоғарыда айтқанымыздай, сана-сезімі, қадір-қасиеті арта түскен қоғамның тегеурінді қарсылығына тап болды. Бұл адуын толқындардың бетпе-бет шарпысуына, мол зарядты, қаһарлы бұлттардың қақтығысына ұқсаңқырайтын еді. Енді күн күркіреп, алапат жасын ойнайтын шақ туғаны білінді. Ол халықтың ең сезімтал, кіршіксіз, кінәратсыз қабаттарынан от алып, қаулай жөнелмегі заңды еді. Асылкерім және бірге оқитын Мұрат Сыздықов (Жамбыл обкомынан келген, өзі жақсы жазушы еді, марқұм болды) және семейлік Исатай Сейтқожинов төртеуміз түсте көңілсіздеу тамақтану үстінде студент-жастар арасында жойқын қозғалыс басталып кетуі ықтимал екенін әңгімелеп, тіпті бұл сөзімнен өзім сақтанып отырдым. Желтоқсан қарсаңындағы алакөңіл, се­кемді күндерде Құдай өзіне күні бұрын сездірді ме, Қазақстанның ықтимал тәуелсіздігі туралы айтып жүретін шымкенттік ақын, журналист, жанымыз жақын азамат Төрехан Рәм­бердиев бұл күні армандарын суық пиғыл тамырымен шауып түсіргендей қайғырды. Адам қайтыс болғасын ерекше сәттері көбірек еске түседі екен. Бүгінде: «Ол көреген жігіт екен-ау», – деп мойындай түсемін. Себебі мен: «о-ой, бізге тыныштық берер деймісің, талап жеп қояды ғой», – деп уайымдаушы ем. «Конституциямызда жазылған. Тәуелсіздік алсақ, күнелтіп кетеміз», – дей беретін ол. Енді 16-сы күні: «Қазақстанның шаруасын бітірейін дегені ғой», – деп оның күйзелгенін көрудің өзі қайғы еді. Рухы, ұрпақтары риза болып жүрер ме екен деп, ұлт ішінде сондай абзал жандар жүздеп, мыңдап жүрді ғой, оқырман білсін деп осы жолдарды Тәуелсіздіктің 10 жылдығына жазылған бұл мақалаға әдейі кірістіріп отырмын. Ертесіне, 17 желтоқсанда, таң алдында бізді шұғыл түрде партия мектебінің акт залына жинап, Алматы жастарының, әсіресе, студенттердің түнде толқу құшағында бол­ғанын, Брежнев атындағы Жаңа алаңға жиналып, кешегі пленум шешіміне наразылық білдіруге дайындалып жатқанын, оларды әртүрлі арандату әрекеттері болуы ықти­малдығын ректор, ұлағатты ұстаз О.Ба­тырбеков айтып, жастар арасында сақтан­дыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін міндеттеді. Біз – партия мектебі тыңдаушыла­рының қазақ және шығыс ұлт өкілдерінен құралған тобы, Жаңа алаңға күншығыс жағынан келгенде, алаңға кіретін барлық көшелерде ішкі істердің ұлты қазақ аға офицерлерінен (майорлар, подполковниктер және полковниктер) құралған, жағдайды асқындырмай, жастармен бейбіт әрі түсінікті әңгіме жүргізуге бейім ондаған тобы, шептері тұрды. Олардың бәрі қарусыз-ды. Бәрі салтанатты, парад киімінде болды. Дегенмен соның өзінде бұл маған халықты қақтығысқа шақыру, соған дайындық тәрізді көрінді. Алаңның батыс жақ шетінен еніп келе жатқан жүз елу-екі жүздей қазақ жастары милиция тосқауылына кідіріп, қызу әңгіме болып жатқаны алыстан байқалды. Ал біздер – жоғарыда айтқан азаматтар және Маңғыстау облысынан оқып жатқан аупартком хатшылары Аманғали Шамшадинов, Алқажан Еділханов және басқа тыңдаушылар бар, жиырма-отыз, қырық-елуден жиналған бес-алты топ жастардың арасында жүрдік. Жастар көтерген мәселелер, әрине, өзімізге бұрыннан белгілі, бір бүйірімізде жатқан, кейде оңаша өзара қызу талқылап алатын проблемалар-ды. Мәселен, ұлт болашағы, ұлттық кадрларға алалық, елдің дамып келе жатқан экономикасы, оның игілігі көбіне өзгелерге бұйырып жатқаны және басқа… Оның үстіне, міне, елмен санаспай, халық қадірлеген, ұлт символына айналған басшы Қонаевты менмендікпен орнынан алып, республикамызға бұрын белгісіз біреуді отырғыза салды. Бұл опасыз пиғылды жүзеге асырудың алғашқы қадамы екенін халық бірден түсінді. Жастардың халық шаруашылығының сан саласынан, ішкі, сыртқы саясат мәселелерінен бі­ліктілігі байқалып тұрды. Сонда 16-17 жас шамасындағы бір қыз баланың: – Бұл қорлау ғой, ар-ожданды аяққа таптау ғой, ағай! – деп төгіліп-төгіліп жылағаны-ай! Шырағымның бейнесі әлі көз алдымда. – Бәрі орынды, бәріміз де солай ойлаймыз. Бірақ мемлекет, өкімет – үлкен жүйе, үлкен машина. Оған арандап қалмау керек, халықтың наразылығы ескерілер, кемшілік жөнделер, – деп сабырға шақырып, бірте-бірте жиналғандар жай­барақат жағдайға көше бастаған мезетте мен ортасында тұрған топтың алаң жақ шеті ду ете қалды. Қарасам, екі милиционер бір жігітті дедектетіп сүйреп, тұра жүгіріп жеткенімше, қайдан келіп қалғаны белгісіз, бір УАЗ машинаның артқы есігінен лақтырып кіргізіп те тастады. Милиционерлердің мұртты біреуінің бет-пішіні алғашқы қауымдық құрылыс адамдарындай тым тұрпайылау еді. Ол менің шапшаңдап барып: – Не істегенің, тез жібер! Жағдайды ушықтырып тұрсың! – дегеніме: – Үш-төртеуін жауып тастасақ, қалғаны қашып кетеді, – деп те үлгерді. Сол мезетте қасымызға жедел жеткен папахалы шырайлы полковник әлгіге зәрін шаша қарап, «Босат!» деп белгі беріп, иегімен «Өзің де жоғал!» деп ызғарлана ымдады. Майор жастар тобының бір шетін ала, олардың көзқарасына төтеп бере алмай тайқақтап, алаңнан кетті. Ал фургоннан түскен қысқалау жұқа мата күртелі, жасы жиырмалар шамасындағы жүдеулеу жігіт шалбарын қағып жатып бізге күлімсіреп көз сала, қасына жеткен жолдастарына қосылды. Жағдай бірте-бірте қызып келе жатқаны байқалды. Бұған жер-жерде милиция қыз­мет­керлерінің әлгіндей әрекеттері де (бәлкім, асығыс тапсырма да берілген болар) себеп болған шығар. Оның үстіне түсте Орталық Комитеттің екі жағынан бронетранспортерлер мен БМП (боевая машина пехоты), ғимарат алдына қарулы солдаттар шебі қойылуы наразылықты одан әрі күшейте түсті. Себебі бұл өз халқына қыр көрсету еді. Жастардың: «Неге біздің алдымыздан милиция мен солдаттар шығады? Орталық Комитеттен неге ешкім келмейді?» – деген сұрақтары да орынды еді. ...Кенет гүрс-гүрс зеңбірек атылды. Снарядсыз, абай-оқ үшін секілді. Бронетранс­портерлерге, БМП-ларға жалт қарадым. Еш­қайсысының ұңғысынан түтін көрінбеді. Ендеше, ЦеКа-ның тасасында танктер тұрған болды. Күн кешкіріп келеді. Алаңға халық жан-жақтан ағылуда… Желтоқсанның қаһарлы, аязды түні маңайды түнере қоршай бастады... * * * Бізбен қанаттас бөлімде оқитын шымкенттік түрік жігіті Қадыр екеуміз жылы киініп, Жаңа алаңға қайта келгенде ол шайқас алдындағы майдан шебі тәрізді еді: алаңның терістік жақ шеті ұзына бойына қаптаған халық, жастар да, Орталық Комитет жағы қарулы, пластикалық қалқанды бірнеше қатар жүздеген әскерилер еді. Жағдай мейлінше шиеленісіп тұрды. Біз дәл қастарына келе бергенде бір-екі милиция қызметкері мен екі-үш әскери бір жігітті кенет опыр-топыр ұстап алып, қолын артына қайырып жатқанда, іші мех қалың джинс күртелі еңгезердей орыс милиционер сырт көзге байқатпағандай боп әлгі жігітті ішінен жұдырықтап жіберді. Қадыр екеуміз еңгезердей әлгіні тарпа бас салып жұдырықтап, түйгіштеп жатырмыз. Ол: «Сендерге не болған? Мен оны құтқарғым келіп еді», – деп жалтарып, жылыстап кетті. Ал комуфляжды әскерилердің бірі бізге ызбарлана түйіліп кеп, ығыстырып жіберді. Халықпен күреске арнайы дайындықтан өткен олар азаматтық киімдегілердің бәріне тарпа бас салып, бұтын бұт, қолын қол қылып тастауға әзір еді. Енді біреуге біреу араша түсу мүмкін болмай бара жатты. Жағдай бірте-бірте бақылаудан шығып кетуге таяп келгені көрініп тұрды. Сол түні трибунаға шығып сөйлеген үш адамның сөзі ерекше есімде қалды. Әсіресе, Назарбаевтың сөзін ұмытқаным жоқ. Мен оның сөзін қазір жағымды, жақсы жағына бұрмалап отырғам жоқ. Өзімді де, оқырманды да алдай алмаймын. Ол көңілге қонымды сөз айтты. Сол сөздер үнтаспаларда әлі бар шығар, кәміл сақталған болар. Ол: – Бауырлар! Сіздер өз ой-ниеттеріңізді білдіріп жатырсыздар. Бірақ өздеріңіз бі­лесіздер, тиісті органдар тәртіпті талап етеді. Белгілі бір жағдайлардан кейін ерік солардың қолына көшеді. Қазір қараңыздар, қаншама әскер, техника тұр. Адамдар зардап шегуі мүмкін, – деп бәсеңдікке үндеген пейілде сөзін аяқтағанда, күллі алаң біразға дейін үнсіз қалды. Назарбаев аз сөзбен көп жайтты аңғартып кетті. Лебізінде жанашырлық бар еді. Әлгі шиеленісті хал саябырсып, енді ешкім ешкімнің қытығына тимесе, орынсыз әрекет жасалмаса, одан арғы жантүршігер­лік арпалыстар болмайтындай ахуал орнап еді. Міне, осылайша жарты сағаттай саябырсып тұрған, жиналғандардың шет жағы біртіндеп сирей бастаған шақта, халықты енді үйді-үйіне таратып жібере қоям деді ме, қайдам, екпіндеп, өңмеңдеп сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары, қазақ азаматы (аты-жөні есімде жоқ және қазбалап тауып алу қиын болмас): – Мен басшылықтан тәртіп орнатуға тапсырма алдым. Енді тарамайтын бол­саңдар, біз күш қолданамыз! – деп халықтың ашу-ызасын қайта бұрқ еткізді. Дұрысын­да, халықпен жұмыс істейтін кез келген адам – бригадир, дүкенші, автобустағы билет тексерушіге дейін сыпайы, өз саласы­ның саясатын жүргізуші дипломат болуы міндетті. Ал мына шіркінде қарапайым әдеп жоқ екен. Ол халықты өзі шиеленіс­ке шақырды. Алаңның терістік, терістік-шығыс және терістік-батыс шеттерін до­ғаша қаптаған 50 мыңдай халық, әсіресе, орта тұсынан көбірек лықси ілгері лап етіп, әскер шебіне жақындап келді. Қыстың аязды түні бұл адамдарға аса ауыр тиді. Іле өрт сөндіру машиналары да қаулаған жалын құшағына енді. Қалың қалқан, дулығалы, ауыр резеңке шоқпар, сапёр күректерімен қаруланған, қолма-қол соғысқа машықтанған жазалаушылар халық легіне қарсы шабуылға шығып, қатты тойтарыс алып, өз орындарына қайтты. Өршелене лақтырылған тастың нысанаға мылтық оғындай дәл тиетініне сонда қайран қалдым. Бұл күні әскерилердің халыққа қолын онша батырмауының бір себебі – олардың дені қазақ балалары еді. Өздері таяқ жесе де, жойқын әрекеттерге бармап еді. Сол түні Алматыға Новосибирскіден, Рязань­нан, Ресейдің және басқа қала­ларынан жүк ұшақтарымен қанқұйлы қолма-қол соғыс өнерін іс жүзінде мең­ге­ріп, жаттыққан батальондар келді. Олар қазақ жастарын аяусыз жаныштады. Енді Одақтың жан-жағынан жинақталып, орталық командование нұсқауымен әрекет еткен әскерилер республикада тек бірінші хатшының сөзіне құлақ аса отырып, демонстранттарды қы­зыл қанға бөктірді. Өз халқына, өз жастарына деген мұндай айуандықты көру, оның ауыртпалығын сезіну тіптен қиын еді. Бірақ ешкімде де осынау күшке қарсы тұратын дәрмен жоқ еді. Ол жолындағының бәрін жайпап келе жатты… Партия мектебінде оқитын қазақ және шығыс ұлт өкілдері біздердің бұл жағдайдағы парызымыз тым болмағанда жастарды жазалаушы әскерлер шебіне, мына алапат аран аузына жібермеу, тежеу еді. Бірақ келесі 18 желтоқсан күні біреуді біреу тыңдаудан мүлде қалған-ды. Дегенмен шыдай аларсың ба, ілгері ентелеп келеміз. Бізге алдан ұшырасқан ақмолалық курс­тас Мәкен Мергенбаева үрейлі үнмен: – Анда жас қыздарды ұрып-соғып жатыр! Бармаңдаршы! – деді. Ақыл-естерімізге әсер етеді деп сақтандырған секілді. Өзіне соққы тиіпті. Баяу кейін қайтты. Біз ілгері асықтық. Көздері әнтек жарқыраған, салдырап қалған екі аяғын баса алмаған бір жігітті екі жігіт екі қолтығынан мойындарына асып, қасымыздан алып өтті. Ауыр соққыдан есеңгіреп, бытырап бара жатқан жастар… Алапат құйындай қолма-қол шайқас әскерінің алдыңғы шебі біздің үш-төрт жігітті резеңке шоқпарларымен соғып өтті. Мен де құр қалғам жоқ. Бұл резеңке шоқпарлар әдетте милиционерлер ұстап жүретіннен тіптен басқа еді. Ұзындығы жетпіс-сексен сантиметр­дей, сәл жуандау, ішіне солқылдақ ауыр серпінді металл жүгірткен, қолға жұмсақ сезілетін ол денеге тиіп, салмағымен кейін серпілгенде, соққы пәрмені еселеп артып, адамның қозғалыс, сезім жүйелерін байлап тастайтын қасиетке ие-ді. Жай темірден адам жарақат алуы, бір жері қанауы, сынуы мүмкін. Ал мынаның зілі адамның бүкіл бойына дарып, есеңгіретіп тастайтын. Біз кейін серпілдік. Бұл кезде мана бір әзірде Абай даңғылы бойымен Республика сарайына қарай ұран көтеріп өткен 150-дей жас қыз-жігіттер енді 500 адамдай боп толыға кейін қайтып, Фурманов көшесі­мен кілт жоғары көтерілді. Абдырап тұрған біздің үстімізден баса-жанша Жаңа алаңға, әлгі қанқұйлы оқиғалар ортасына екпіндей ағылды. Сол сәтте екі нәрсеге қайран қалдым. Әрбір замандасым секілді мен де әскерде борышымды өтедім, әскери кафедраны бітірдім аға офицерлердің бірнеше айлық жаттығу, оқуларынан өттім. Әскери училище өмірі де айтарлықтай таныс. Бірақ жазалаушы отрядтарға қарсы атойлаған жаңағы 500 жастың біртұтастығындай кінәратсыз тас-түйіндікті мен солардың ешқайсысынан көргем жоқ. Абай даңғылымен кетіп бара жатып, барлығы бейне бір синхронды байланысып тұрғандай, алдыңғы лектегі орта бойлы, ашық, арайлы, бірақ қатыңқы жүзді жас қыздың «һ-а-а!» деген дабысымен бір мезетте Фурманов көшесіне біртұтас денедей жалт бұрылып, екпіндей жөнелгені сөз жеткісіз құбылыс еді. Бір мезетте бірге ойлап, бірге тыныстап, бір жүрекпен өмір сүрген жанды организм ғана осылай бола алмақ-ты. Бұған қарап, ұлтымыздың түсінігі, сезімі, жан дүниесі өрши түскенін, әлдеқайда жетілген жаңа ұрпақ қаулап өсіп келе жатқанын аңғаруға болатын. Екінші таңғалғаным – бұл қазақ қыздарының әр жүрекке от құйған белсенділігі, өжеттігі, көп ретте олардың шешімдері үстем, батымды болып тұрғаны еді. Желтоқсанның 19-ынан бастап, көте­рілістен кейін бір ай бойы түсініксіз сырқаттандым. Дәрігерлер ештеңе аша алмады. Бойым – зіл батпан. Екі аяғымды алып жүре алмаймын. Тәбет жоқ. Көрген сұмдықтар әсері болар. Ұзақ жылдар бо­йымды жер тартқандай хал кештім. Сұрапыл күндердегі жас жігіттердің ашулы дауыстары, жас қыздардың шырылдаған дауыстары құлағымнан кетпеді. 2006-2008 жылдары сол бір күндерден бүгінгі тәуелсіз өмірімізге дейінгі ұлы кезеңді «О, Данышпан Дүние!..» трилогиясында суреттедім. Романды жаз­ғанда сол даңқты күндер ішіне қайта кір­гендей, толқу үстінде болдым. Трилогия біткенде сол жылдардан бойды меңдеген зілден айықтым. Трилогияға сыймаған біраз сұмдықты «Қаһарлы махаббат» драмалық поэмасында суреттедім. Міне, 1986 жылғы Алматыдағы Жел­тоқсан көтерілісі жөніндегі ойлар осындай. Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын!

Мір ШАЙЫР

3457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13457

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7795

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7425

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6803

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6752

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6539

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5314

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5306

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы