• Тіл
  • 15 Желтоқсан, 2010

Ұлы даланың атаулары

d0bed0bcd180d0b0d0bed0b2Талдықорған қаласында «Қазақ Ономастикасы: басым бағыттар мен үлгілі үрдістер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті

Бабамыздың бізге жеткен хатына баланған жер атаулары елдің жадында әлі күнге жаңғырып тұр. Бұдан бөлек тарихи төңкерістер, қайта құрулар, жаңа заманның жетегіндегі жаңарулар салдарынан қазақ даласындағы кей мекендердің әу бастағы түпкі атауынан көз жазып қалғандары қанша. Тәуелсіздігімізді алғалы тек бөркімізді аспанға атып қана қойғанымыз жоқ, тамырымызға қайта үңіліп, жеріміздің тарихи атауларын қайтарып жатырмыз. Өйткені өлгенді тірілтіп, ескісін һәм естісін қайта жаңғырту – бүгіннің ісі. Себебі сол, өңірлеріміздің атауы оның тереңге кеткен тарихымен тамырлас әрі тағдырлас келеді. Мәселен, талай жылдан соң қазақтың Алматысына Алматы атауының қайта оралуы да тарихқа тағзым болса керек. Азаттық алғалы бері 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, 7 қалалық ауданның, 43 теміржол стансасы мен бекеттерінің атаулары өзгеріпті. Сонымен қатар бірқатар жер атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланыпты. Ал өз кезегін күтіп жатқандары қаншама? Осынау саланың ой-шұқырын қазбалап, келелі істердің көш басында жүрген ономастиканың бүгінгі бағыты мен түйінді мәселелері Талдықорғанда өткен жиында талқыланды. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ҚР Мәдениет министрлігі­нің Тіл комитеті және Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырды. Конференцияға Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Өмірзақ Айтбайұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Шерубай Құрманбайұлы, облыстық тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, Қырғыз, Түркия республикаларының өкілдері, еліміздің тіл білімі ғылымының ғалымдары қатысты. Алқалы жиынның еліміз бойынша тұңғыш болып Тіл сарайын салып, тіл төңірегіндегі шаруаларды тиянақты тындырып келе жатқан Алматы облысында өтуі тегін емес. Бұл өңірдің осы бастамасын өзгелерге үлгі етумен қатар Жетісудың рухани шараларға жіті мән беретіндігінде болса керек. Басқосуда ономастика саласының құқықтық базасын жетілдіру, нысандарға, ауыл мен көшеге атау беруде талғампаздықпен қарау, аты-жөнімізді жазуда бірізділікті ұстану, арнайы экспедициялар ұйымдастырып, жер-су атауларын құжаттандыру, басқа да тіліміздің толып жатқан түйткілді мәселелері талқыға түсті. Жиында тіл жанашырлары Мәдениет министрлігі мен Тіл комитеті тарапынан марапатталды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Өмірзақ Айтбайұлы облыс әкімі Серік Үмбетовке «Ана тілі» мәртебесі» төсбелгісін және қоғам мүшелігінің билетін тапсырды. Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов: «Бүгін әр сала өкілдері, ономастика саласының мамандары бас қосып отырған алқалы жиынның ел келешегіне берері мол деп сенемін. Өйткені атау беру және қайта атау кезінде орын алған келеңсіздіктер ретке келтірілетін болады. «Жер тарихы – ел тарихы» демекші, қазақ жерінің бәрінің тарихи атауы бар. Ол атадан балаға мұра болып қалған. Біз сол мұраны сақтап, дамытушымыз. Бұл – біздің орындауға тиісті міндетіміз. Осы орайда Елбасы бастамасын негізге алып, халықтың қалауына сай елді мекен атауларын қалпына келтіру керек. Өңірімізде бұл жұмыстың жүйелі қолға алынуының нәтижесінде бүгінде облысымыздағы 188 елді мекеннің, 66 ауылдық округтің, 177 білім шаңырағы мен төл мәдениет мекемелерінің байырғы атауы қалпына келтірілді немесе жаңа атау берілді. Өткен жылы осы жұмыстарды айшықтайтын арнайы кітап құрастырылып, онда толық мәліметтер көрсетілген. Мұның өзі – тыңғылықты жұмыстардың нәтижесі. Бүгінгі конференцияда ұлағатты ойлар айтылып, қазақтың салт-дәстүрін, ділін, тілін өркендететін шешім қабылданады деген ойдамын», – деді. ҚАЗАҚ ОНОМАСТИКАСЫ: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖӘНЕ ЕЛДІК МҰРАТ Бауыржан ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор: – Қай нәрсенің де алдымен аты, содан соң заты ойға түседі. Сол ойға алған дүниеміз атына сай болса, көп мәселе туындамайды. «Көптің түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді халық даналығы. Ат пен заттың үйлесімділігі сақталмаған жерде кейде ономастикалық мәселеге өзек болатын түйін түзіледі. Сосын сол түйінді тарқату оңайға соқпайды. Жетісудың жүрегі — Талдықорғанда аты мен заты үйлесімді бір әдемі ғимарат бой көтерді. Сөз қадірін білетін Жетісу биыл тілге арнап зәулім сарай салды. Бұрынғы билеушілер алдымен салтанатты ғимарат тұрғызатын. Сол сарай биліктің үйіне де, үніне де айналатын. Ол үйге сарай ақындары жиналатын. Яғни тіл сарайға қызмет ететін. Ал Жетісу жалпақ әлемді таңғалдырып, тілге қызмет ететін сарай салды. Кейде бесікте, кейде есікте жүрген тіл сарайға кірді. Сарайың құтты болсын, сені сайрататын болсын, қайран тілім! Елбасы Арқа төсінен қала салса, Серік ағам тілге арнап сарай соқты. Тілдің тұтқасы да, топсасы да бар еді. Томағасы да, топшысы да бар еді. Иесі де, киесі де бар еді. Жоқшысы да, жанашыры да бар еді. Берекесі де, мерекесі де бар еді. Бірақ сарайы жоқ еді. Енді, міне, соған да ие болды. Көне тарихтан қазбаласақ, жер бетінде билеушілер мен илеушілерге арнап салынған сарайлар жетіп-артылады. Ғашықтарға сал­дырған сарайлар да баршылық. Білекті­лердің де, жүректілердің де сарайлары кез­деседі. Өнеріңді жандыратын, құмарыңды қан­дыратын сарайлар да табылады. Жазушылар одағының ғимаратын сөз сарайы деуге келер. Ал сөзді иін қандырып илейтін тілдің сарайы келіспек түгілі, шырайы да кірмей жүргені рас еді. Жақында ғана Тіл сарайына Елбасы келді. Тіл әрі сарайланып, әрі арайланып сала берді. Тіліміз енді ылғи да осындай мерекелік көңіл-күйден арылмасын деп тілейік. Аты затына сай осынау ғибратты ғимаратты көрсетейік деп, елдің ең таңдаулы тіл жанашырлары мен шетелдің ғалымдарын осында жинадық. Елбасымыз қазақтілді бұқаралық ақпа­рат құ­ралдары басшыларымен сұхбатында: «...Қа­зақта «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген сөз бар. Халық жерге ат қою арқылы елінің тари­хын да жазып отырған. Тәуелсіз мемлекеттің бір белгісі оның ұлттық нышандары десек, сол ұлттық нышандар елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың аттарынан да көрініп тұруға тиіс...» – деді. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссиясының жұмысын жүргізетін Мәдениет министрлігінің Тіл ко­митеті осы талапты басты назарда ұстайды. Атам қазақ жер-су атауларын қазақтың даласына мөр ғып басқан. Тілге оралымды, көкейге қона кететіндей етіп көркем кес­телеген. Қазақтың ұлы даласындағы жер-су атауларының бәрі бедерлі поэтикамен өрілген. Желмая мініп, жер шолған Асан Қайғы бабамыз өзі тоқтаған жерінің аты мен затын салмақтап тұрып саралап бермеп пе еді! Ата-бабаларымыз Хан Тәңірі мен Алатауды, Бетпақдала мен Қаратауды, Арал мен Ұлытауды, Сығанақ пен Сарайшықты, Қарасаз бен Қараойды, Шалкөде мен Көлсайды, Бақанас пен Кербұлақты, Ақши мен Қапалды, Желтораңғы мен Балатопарды ономастика комиссиясынсыз-ақ сәтімен атап, санамызға сіңдіріп жіберген жоқ па еді?! Ұлы даланың атаулары өзінен-өзі сөйлеп тұр. Мұзтау, Биікжал, Амантоғай, Ақкиізтоғай, Алтынемел, Қызбел, Қабырғатал, Барсакелмес, Елтінжал, Айдарлы, Қосқұдық, Қызкеткен... Осындай тарихи тұнық бастауы, эстетикалық әсері, поэтикалық пішіні бар әдемі атауларды қатарға қосуды сұраған ұсыныстар Мемлекеттік ономастика комиссиясына ағылып келіп жатса, кәнеки! Олай бола бермейді. Оның есесіне Мемономкомға неше түрлі нысанды кісінің атымен атау туралы ұсыныстар жаңбырша жауады. «Кісідегінің кілті – аспанда» дейді халқымыз. Сол секілді кісі есімінің де кілті – аспанда. Ол кісіміз аты әлемге әйгілі тарихи тұлға болса, кім қарсы болар? Тұлға да емес, тұлпар да емес, ауыл-аймақтың етек-жеңін жинауға азды-көпті ғана еңбегі сіңген абыройлы азамат. Бірақ әр есімнің артында анталаған адам тұр. Өлеңнің өріміне салып айтсақ, «Сәл ертерек кетіп қалған арадан, Басшы болған, аузына ел қараған. Ерен жүйрік болмаса да, бірақ та, Іздеушісі, жоқтаушысы бар адам!». Міне, осы іздеушілер мен жоқтаушылар ономастикалық кеңістіктің тепе-теңдігін бұзады. Бедел салады, сауын айтады, омыраулатады, қоңыраулатады, әйтеуір дегеніне жетіп тынады. Енді олар одан кейін Астанаға кеткен құжаттың ізін қуалап, Мемлекеттік ономастика комиссиясына «шабуыл» жасай бастайды. Мұндай талпыныстары нәтижелі аяқталғандар да жоқ емес. Қысқасы, күні кеше ғана арамызда алшаң басып жүрген аймақтық немесе өңірлік деңгейде ғана белгілі кісілердің атымен көшелерді, кейде тіпті ауыл мен мектептерді атауды үрдіске айналдырып барамыз. Ол кісінің туыстары мен тілеулестері оған ешқашан да қатардағы адам ретінде қарамайды. Туған елге тұлға болған туысын Тоныкөк пен Күлтегіннен кем көрмейді. Біз үшін ол – еңбеккер. Олар үшін – Еңбек Ері! Біз үшін – ардагер. Олар үшін – қайраткер! Біздің көзімізбен қарағанда: «Сенің атаң – көп атаның біреуі, Әрі кетсе, әулетіңнің тіреуі». Ал олардың көзімен қарағанда: «Жалпақ жұртқа қабыл болған батасы, Менің атам — қалың елдің атасы». Жергілікті жердегі шенеуніктердің тығырыққа тірелетін тұсы – осы. Әдетте орта мектепті сол білім ошағының директоры болған педагогтардың атымен атау туралы ұсыныс бізге жиі келеді. Сондайда тағы қиналасың. Екінің бірі Ыбырай Алтынсарин болып тумайды. Тіпті Сухомлинский немесе Амонашвили де бола алмайды. Рафиха Нұртазина, Қанипа Бітібаева, Құмаш Нұрғалиев сынды атағы жер жарған мектеп директоры болсаң, сенің даңқыңды жоққа шығаратын адам табыла қояр ма екен? Міне, мектеп директоры болудың өлшемі – осылар. Кешегі өткен ер көкең ондай болмаған соң мектептің атын сұрап қайтесің? Әрине, орта мектептің атын иеленуден үміткер кісінің өмірбаяны көбіне аса мазмұнды бола бермейді. Ал бірақ ұсыныстың мәтінін оқыған адам көңілі босап, көзіне жас алады. Жер бауырлап, құлап жатқан мектепті аяғынан тік тұрғызған. Білім беру ісінің үздігі болған. Көп жыл жұмыс істеген. Көп тер төккен. Көп шәкірт тәрбиелеген. Шәкірттерді сұмдық жақсы көрген. Шәкірттер де оған үнемі еміреніп, құшағына басын тығумен болған. Ау, мұның бәрі адамның мектептің атын иеленуге мүмкіндік беретін қасиеттері емес, директордың негізгі міндеті емес пе?! Мектеп ұжымы ұлы жиын өткізіп, мақұлдаған. «Бұл кісіден артық лайық адам жоқ» деп ортақ ұйғарымға келген. Одан соң аудандық немесе қалалық, облыстық ономас­тика комиссиясы шешім қабылдап, облыстық мәслихатқа жіберген. Облыстық мәслихаттың депутаттары қос қолын көтеріп қолдаған. Облыстық ономастика комиссиясының тө­рағасы мен мәслихат хатшысы қол қойып, «Осындай бір директор, Халқымызға керек бір» деп мөр басып, Мемономкомға жолдаған. Ал енді қараңыз, сол мектепте одан басқа да директор болған кісілер бар ғой. Тарихы бай мектепті кемінде оншақты директор басқа­ра­ды. Сонда қалғандарын қайтеміз? Қайсысы­ның қаншалықты еңбегі сіңгенін қайдан біле­міз? Бәлкім, бәрінен де көп тер төккен директор­дың құнды құжаты не іздеушісінің жоқтығы­нан, не туыстарының қарапайымдылық таны­туынан қозғаусыз жатқан болар. Нағыз мық­тың, бәлкім, сол шығар... Мына мәселеге назар аударайық. Қазір арамызда жүрген немесе өмірден өткен кейбір Олимпиада чемпиондарының есімдері ешқашан өзі оқыған мектебіне атау бола алмайды. Себебі ол мектептің есімін ілгерідегі бір мектеп директоры баяғыда алып қойған. Біз бұны тек мысал үшін ғана айтып отырмыз. Қазақстанда 7576 ғана мектеп бар. Ал атақты адамдарымыз бұдан әлдеқайда көп. Оның ішінде рухани әлемімізде талассыз мойын­далған тұлғаларымыз жетіп-артылады. Сонда атауы жоқ мектеп таусылған соң қайтпекпіз?! Мектеп таусылды демекші, университет­тердің бәрі дерлік бір-бір тұлғаның атын иеленген. Ал қазақ топырағынан шығып, күллі әлемге танылған арыстарымыз жеткілікті. Шынын айтқанда, олардың көпшілігінің атында мектеп түгілі, балабақша да жоқ. Балабақша демекші, әзірге әйтеуір сол бүлдіршіндер мекені — балабақшаны кісі есімдерімен атау үрдіске айналмай тұрғанына шүкір. Қазірше «Балбұлақ», «Балақан», «Айгөлек», «Бәйшешек», «Гүлдәурен» деген атаулармен амалдап келеміз. Ертең шүлен тартқандай мектептердің бәріне атау үлестіріп болған соң не істейміз? Балабақшаларға ауыз саламыз ба? Қазір жеке балабақша ашып жатқан бай-бағыландар көп. Күні ертең солардың ағайындары: «Ағамыз ашып алды балабақша, Енді ол күреп-күреп алады ақша» деп әндетіп, балабақшаға қожайынның адам шошитын атын сұраса қайтеміз?! ...Сөз зергері Қадыр ақын: «Халық деген мықты ғой, керек болса, кезінде, Қолдан жасап алады әулиенің өзін де!» — дейді. Сол кісі айтқандай, мұндай нәрселердің алдын алмасақ болмайды. Сондықтан жергілікті жерлердегі ономастика комиссияларының төрағаларына, тіл басқармаларының бастықтарына айтарым, жеке адамдардың атымен мектеп, елді мекен, көше атауларының атын атаған кезде аса талғампаздық танытқандарыңыз жөн болар еді. Ұлы мен ұлықты, тұлға мен тұлыпты, жүйрік пен жабыны шатастырмасақ екен. Мынадай мектептердің атауларына зер салайықшы... Жарсуат орта мектебі, Жақсықылыш орта мектебі, Сағабүйен орта мектебі, Қызылағаш орта мектебі, Тұздыбастау орта мектебі, Қаратерең орта мектебі, Діңгек орта мектебі, Көктал орта мектебі, Қоңырөлең орта мектебі... Қандай әдемі! Осындай онсыз да келісті атауларды сол күйінде қалдырса да болмай ма?! Жамауды да жарасатын жерге жамаған дұрыс. Құрықтың да сырыққа лайықты болғаны жөн. Қазақ жерінің еңісінің есепсіз, қыратының қисапсыз екендігі секілді бұл ономастиканың да ой-шұқыры көп. Бір мәселенің тігісін жатқызсаң, екіншісі андағайлап шыға келеді. Сол себепті де ономастикалық жұмыстардың түйінделген тұстарын шешу үшін, бұл мәселелерді зерттеу мақсатымен тағы да мораторий жарияланды. Қазіргі күні «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы бүгінгі кезеңдегі әкімшілік-аумақтық мәселелерді толық реттей алмай отыр. Ауылға атау беру мәселесін жергілікті органдар шешеді. Содан келіп, балпанақтай баланы бастық қылып өсірген қатардағы қадірлі қарттар ауылдардың атын иеленіп кетіп жатыр. Енді жаңа мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сәйкес, мұның бәрі Мемлекеттік ономастика комиссиясының шешімімен жүзеге асырылады. Тіпті облыс орталығындағы көшелердің атауларына дейін Мемономкоммен келісу жөнінде мәселе қойып отырмыз. Тәуелсіздік алған кезден бастап күні бүгінге дейін 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, 7 қалалық ауданның, 43 теміржол стансасы мен бекеттерінің атаулары өзгерді. 6 облыстың, 12 қаланың, 14 ауданның, 76 теміржол стансасы мен бекеттерінің, 30-дан аса елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланды. Елдегі жер-су және нысан атауларының 80-85 пайызы ана тілімізге табан тірейді. Бірақ солай болғанына қарамастан солтүстіктің тоңы жібіңкіремей, Павлодар мен Петропавлдың қазақы ұғымға қақпасын ашпай тұрғанын айтуға тиіспіз. Қазағы сирек Пет­ропавл Қызылжар атануға әзір құлықты емес. Демек, бұл – уақыттың еншісіндегі мәселе. Оң көзқарасты ояту үшін әлі де біраз жұмыс жүргізуге тура келеді. Қазақ ономастикасы кейде өстіп ұстараның жүзінде қылпылдап тұрады. Мына нәрсені де есте ұстау қажет. Көрші Ресейдің Қазақстанмен шектес қана емес, ішкері жағының өзінде қазақ ұғымдарымен аталатын қалалар мен елді мекен атаулары көптеп саналады. Ресей аумағындағы Омбы – Омск, Орынбор – Оренбург, Сарытау – Саратов, Қорған – Курган, Түмен – Тюмень сияқты ірі қалалардың атауларымен қоса Ақбұлақ, Теміртау, Көміртау, Қуандық, Айдарлы, Қарталы, Домбыралы және осы сияқты толып жатқан елді мекендердің, Ырғыз, Елек өзендерінің әп-әдемі атаулары қаз-қалпында сақталған. Кең-қолтық қоңсымыз бұларды әзір өзгертпей отырғанда біздің де ақырын сөйлеп, анық басатынымыз тағы белгілі. Кезінде Жамбыл атамның өзі де: «Атыңнан айналайын Әулие Ата, Атыңды ап қойды деп болма қапа», — деп ономастикалық мәселеге жете мән беріп еді. Жәкемнен әулие емеспіз, бабаларымыздың жан алысып, жан берісіп қорғап қалған ұланғайыр даласындағы әрбір елді мекенді, әрбір нысанды атасақ, жөнімен атайық. Ағаттыққа алдырмайық, қапаға қалдырмайық. Ономастика тұғыры – ұлттық мүдде Алдан СМАЙЫЛ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Мен республикамыздың Үкіметіне қазіргі қолданыстағы Мемлекеттік оно­мас­тика комиссиясы туралы Ереже мен Мемлекеттік ономастикалық тұжы­рым­даманы еліміздің бүгінгі әлеуметтік-рухани биігінен қайта қарап, ономастика туралы жеке заң қабылдау қажет екені жөнінде екі рет депутаттық сауал жолдаған едім. Мәселен, АҚШ-та ономастика мәселелерімен «Географиялық атаулар бюросы», Канадада «Географиялық атаулардың тұрақты комитеті», Германия мен Украинада «Географиялық атаулардың ұлттық комитеті» дербес айналысады. Ресейде «Геодезия», «Аэрофототүсіру», «Картография» дейтін үш бірдей бас басқармалар шұғылданады. Бұ­лардың бәріне географиялық атауларды дұрыс пайдалануды бақылап, түзеп отыру үшін заңды құқықтар берілген. Біз іс-тәжірибесі аталып өткен елдердің үлгісімен ономастика туралы арнайы заң қабылдасақ, географиялық атаулар төңірегіндегі әлеуметтік-рухани қайшы­лықтардың мемлекеттік тұрғыда реттелуіне қол жеткізер едік. Ал ондай қайшылықтар бар және аз емес. Қазақстан басқа да ірі ономастикалық мәселелерді былай қойғанда, қала, көше, елді мекендер атауларын қай тілде, қандай әріппен жазу керек екендігін де шешкен жоқ. Астана мен Алматыда латын, қытай, араб әріптерімен жазылған атаулар жиі байқалатын болды. Осыған қынжыла отырып, тағы да іргелі мемлекеттердің өнегесіне жалтақтайсың. Атаулар Ресейде тек қана орыс тілінде кириллицамен жазылады. Украинада да солай. Көтеріп отырған мәселеміз – талайдан бері халықтың көкірегінде жүрген, зиялы қауым қайта-қайта дәлелдеген, ескерілуге және орындалуға тиіс аса маңызды әлеуметтік мәселе. Бізге, тәуелсіз Қазақстанға, дербес ономастика туралы заң керек. Оним: мәдени және тілдік мағынасы Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор: – Адамзаттың өзін-өзі, өзгені танып білудегі соңғы сатысы – әлемнің бейнесін когнитивтік тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге көпдеңгейлі жүйе ретінде зерттеу қажеттілігі туындайды. Осы жүйедегі әлемнің жеке өзіндік көрінісі емес, оның адамға ашылуы, адамның оны ашуы және онда адамның өзінің бейнесі, т.б. қарастыру антропоөзектік бағытты анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда, жалқы есімдерді зерттеу мәселесі қазіргі тіл білімінде ерекше мәнге ие, себебі онимдер о баста адамзаттың өзін-өзі/өзгені танудағы өнімі ретінде сол халықтың танымынан, мәдениеті мен тарихынан ақпарат береді. Үлкен қалалардағы нысан атауларының (эргонимдер) дұрыс, тарихтан ақпарат беретін атаулардың тағылуы – тәрбиелік мәні зор үдеріс. Жалқы есім қоғамда болып жатқан барлық өзгерістерді, тарихи реалийлерді өзіне жинақтап сақтайды. Өсіп келе жатқан жастарды тәрбиелеуде теория мен практиканы қатар қолдана отырып пайдалану маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мектепте ономастиканы қосымша курс ретінде оқыту міндетті түрде орын алуы керек, себебі оқушылардың ана тілі туралы білімін тереңдетеді және сөйлеу әдебін қалыптастырады. Интернет желісі арқылы ақпараттың тез арада таралуы нәтижесінде тек көрші елдің ғана емес, сонымен бірге алыс шетелдердің де мәдениеті кеңінен таралуда. Мәселен, газет беттерінде Аватар-батыр жалқы есімі қолданылған (Взгляд, № 17(153) 7.05.2010). Мұнда өзге ұлт мультфильмінің кейіпкеріне қазақтың батыр сөзі қолданылып, бұл мультфильмнің қазақ тіліне аударылғаны жөнінде сөз болған. Әрине, бұл біздің Тіл саясатының мәселесін шешпейді, себебі болашақ ұрпақты отансүйгіштік, елге, тілге деген құрметті насихаттап тәрбиелеу үшін қазақ халқының төл ертегілерінің кейіпкерлерін қолданысқа барынша ендіру қажет екені анық. Дегенмен бұл да бір трансформацияланудың (онимденудің) бір формасы: артоним + денотат – Аватар-батыр жалқы есімі қалыптасты. Онимдік семантикалық құрылымдардың әр деңгейлілік мәселесі өте өзекті, қызықты және күрделі. Онимдену, құрылымдық ерек­шелік, уәж, функционалдық ерекшелігі, оқыту үдерісіндегі практикалық қолданыс, т.б. мәсе­лелер әр уақытта да өзекті болып табылады. Астананың мәдени-рухани келбеті: ұлттық мазмұн, тәуелсіздік белгілері Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы: – Бүгінгі конференцияға арқау етілген ономастика тақырыбы – біздің тәуелсіздігімізбен тамырлас, ұлттық ерекшелігімізбен өзектес маңызды тақырып болғандықтан, оған қа­тысты мәселелерді мемлекеттік деңгейде шеш­кен жөн дей келе, тіл саласының өкілдері, ғалымдар шақырылған осындай алқалы жиын­дарда айтылған ұсыныстар аяқсыз қалмаса екен дегіміз келеді. Конференция барысында айтылатын уәжді ұсыныстар, өзекті пікірлер осы ономастика саласындағы мәселелерді шешуге септігі тиер болса, онда баршамыздың еңбегіміз бен үмітіміздің ақталғаны. Қазақстанның тәуелсіздігі – елімізде тұратын азаматтардың жасына, ұлтына, өңіріне қарамастан баршамыз үшін қалай бағалы болатын болса, онда мемлекетіміздің егемендігін танытатын белгілердің қай-қайсысы да барлығымыз үшін сондай қымбатты болуы тиісті. Бұл еліміздегі ономас­тикалық жұ­мыстарға, әсіресе, өңірлердегі ахуалға да тікелей қатысты қағида. Өйткені еліміздің тәуелсіздігін айғақтауға тиісті атаулар кейбір жерлерде өзінің лайықты шешімін әлі күнге дейін таба алмауда. Сондықтан тіпті сонау патша заманынан, кешегі кеңестік дәуірден қалған, қазақтың елі мен жерін қанауға сал­ған отаршылдық саясатты еске салатын, тә­уелсіздік мұраттарымен еш қабыспайтын, елдік санамызға үйлеспейтін атаулар әлі күнге дейін сіресіп тұрғаны – бүгінгі күннің көрінісі. Ономастика және ұлттық тәрбие Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастика комиссиясының «Ономастикалық хабаршы» бюллетенінің бас редакторы: – Ономастика – ақпарат, ол өткен мен бүгіннен көп мәлімет те, мағлұмат та бере алады; Ономастика – тарих, ел шежіресі, бұл – этнография, салт-дәстүр; Ономастика – ғылым, тіл ғылымы, онда сөз сыры жатыр; Ономастика – саясат, ол ел тәуелсіздігіне, сол тәуелсіздікті баянды етуге, қорғауға қызмет етеді; Ономастика – ұлттық санаға ықпал ететін көрнекті ақпарат. Мерзімдік баспасөзде, тұтастай ақпарат құралдарында ономастика тақырыбы қазір тым сирек сөз болады. Ал іс жүзінде бұл біздің жұмысымыздағы, яғни тіл майданындағы алынбай жатқан қамалы көп, маңызды сала болып тұр. Ілгері басу баяу, кей жерлерде тоқырау, тіпті бұрынғысынан да, еліміздің көптеген өңірлерінде әлі де сол баяғы кеңестік заманда, қазақ жерінде емес, тіпті басқа бір елде жүргендей сезінеді. Қазақтың рухы пәс, басқаның көңілі жоғары. Ономастика ұғымы кең, қамтитын саласы сан тарау әрі соның бәрінің де ойдағыдай жүруі аса маңызды іс екені белгілі. Бұл істе қоғам­дық пікір қалыптастыру, түсінік жұмыстарын жүргізу, елдің, жердің тарихын насихаттау үлкен рөл атқарады. Космополиттік онимдерге жол бермейік Нұргелді УӘЛИ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы: – Ғылымға отаршылдық топоним деген тіркес кірді. Мұның мағынасы жақсы белгілі. Бұдан кейін тоталитарлық ұғым деген пайда болды. Бұлар реті келгенше жөнделіп жатыр. Едәуір нәтижеге қол жетті. Бұған шүкіршілік. Орнықты, тілдік саясат бойынша орынды жөнделіп жатыр. Жоғарыдағыларды нақты атымен атасақ – отаршылдық, тоталитарлық онимдер деп атауға болады. Бізге қандай оним қауіп төндіріп тұр? Біздің елімізде үлкен қалалардағы – Алматы, Астана қалаларындағы, облыс орталықтарындағы мейрамханалар, қонақүйлер, кейбір қызмет көрсету орындары, шағын кәсіпорындар аттары және басқалар ағылшын ба, француз ба, немісше ме – қазақ тілінен басқа сөздермен аталып жатыр. Бұлардың саны күн санап жұмыртқадан жарып шыққан балапандай көбеюде, жарнамаланып жатқаны қаншама! Ономастикалық кеңістігіміздегі тап осы құбылысты космополиттік онимдер деп атауды ұсынып отырмыз. Бұлар да ұлт үшін, өйткені тілдік сананы, жалпы сананы ұлтсыздандыратындықтан, жуып-шаятындықтан қауіпті. Мәселен, отаршылдық онимдер тарихи сананы тұмшаласа, тоталитарлық онимдер танымымызды басқаша өзгертіп, мәңгүртке айналдырды. Қазақша сөйлегісі келмейтін, ана тілін түсінбейтін, білмейтін қандастарымыз әлеуметтік жікке айналып шыға келді. Ал космополиттік онимдер ұлтсыз, отансыз космополиттердің көбейіп, етек алып кетуіне себеп бола ма деп қауіптенеміз. Сондықтан да жер-су атауларына ғана емес, көпшіліктің көз алдындағы көрнекті орын­дардың, әр алуан эргонимдік атаулардың ұлт­тық сипатты болуына ерекше көңіл бөлсек дейміз. Жер-су атауларына ұлттық келбет керек Мұхит САЛҚЫНБАЕВ, «Ақиқат» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты: – Ұлттық атаулар – елдің еңсесін кө­теріп, рухын асқақтататын мәдени, тарихи құндылықтарының бірі. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан ұлттық жер-су атауларының өзіндік жүйесі бар. Бұл ономастикалық атаулар – Алтай мен Атырауға дейінгі жердің иесі қазақ елі Қазақстан екенін білдіретін жәдігерлік дүниелер. Әр ұлттың рухани мұралары, тарихи мекендері мен жер-су атаулары сол ұлттың өзіне тиесілі әрі халықаралық деңгейде маңызға ие болатын қыры да болады. Мысалы, Отырар, Түркістан, Алматы атауларының тарихилығы, әлемдегі көне мәдени ошақ болғандығы анық болса, Байқоңыр атауының стратегиялық маңыздылығына дүниежүзі елдері ерекше мән береді. Соңғы онжылдықта Қазақстан әлемге жаңа Астана атауын ұсынды. Демек, терең мағыналы әрбір қазақ сөзі тілімізді, жерімізді, елімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды дүниежүзіне танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Түйін: Конференция барысында сөз сөйлеген басқа да ғалымдар, облыстық Тілдерді дамыту басқармаларының басшылары және жауапты қызметкерлері ономастикаға қатысты тың пікір, ұтымды ойларды ортаға салды. Бұл ойлар мен ұсыныстар алдағы уақытта газетіміздің бетінен көрінетін болады. Есіміңді емес, елің мен жеріңді, тегіңді сұраудан бастайтын саулық сұрасу салтымыз да тегін емес екен. Туған жеріңе қарап, тегіңді танып жататын көзіқарақтылық қазаққа ғана тән тектілік болса керек. Ендеше, тегіміз бен жеріміздің атын анық айту әрі жазу – бізге атадан жеткен аманат. Талдықорғанда өткен алқалы жиын осынау аманатқа адалдық һәм тарихқа тағзым етудің тағы бір көрінісі болды. Ендігі міндет – осында қабылданған қарардың жүзеге асуын қамтамасыз ету. Жетісу жерінде өткен бұл жиын бұрынғылардан өзгерек болғаны рас. Өйткені осы жиында туған ел мен жердің тарихына һәм атауына қатысты көкейде жүрген көп мәселе ортаға салынды. Толғағы жеткен түйіндердің күрмеуі шешіліп, тоң жібіп, сең сетінегендей болды. Енді бізге қалғаны – жоқты түгендеп, барды бағалау. Өйткені ұлттық атаулар – ұлт тарихының тамыры. Ал тамыр тереңге тартқан сайын ұлттың тұғыры бекіп, жапырағы да жайқала түспек.

Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілінің» арнаулы тілшісі Ғылымбек АЛДАНОВ (фото) ТАЛДЫҚОРҒАН

7849 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы