• Білім және ғылым
  • 15 Желтоқсан, 2010

Қазақ мектептері – тәуелсіздік жемісі

Тәу етер тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге де 19 жыл болды. Ширек ғасырға да жетпес уақыт ішінде қазақ халқын алыс-жақын шетел дамушы мемлекет ретінде таныды. Осы жылдар ішінде олар қазақтардың қасына қасқайып тұратын, досына құшағын жаятын бірлігі бекем ел екенін білді. Мың жыл қырғын көрсе де қазақтардың қайыспайтын ер мінезін де аңғарды. Тіпті алғаш тәуелсіздік алған жылдары «құрдымға кетеді» деп болжаған саясаткерлер де қателескендерін мойындап жатыр.

Егемендіктің алғашқы жылдарында қазақ тілінің, діні мен ділдің жағдайы сын көтермейтін болатын. Еліміздегі қазақ мектептері жаппай жабылған еді. Бұл құбылыс қазақ тілінің, қазақтілді ұрпақтың тамырына шабылған балта болды. Орыс отаршылдары ұлттық тіл, ұлттық діл, ұлттық дін дегенді жойып, бір ғана ұлт жасауды алдарына басты мақсат етіп алды. Осылайша бір ғана «кеңестік ұлт», бір ғана «құдіретті орыс тілі» болатыны белгілі болды. Қазақтарды орысша оқыту 19-ғасырда-ақ белең алған. Сол кезден бастап қазақтілді ұрпақтың санасына «орыс тілін үйренсең ғана адам боласың» деген қағида сіңірілді. Тарихи деректерге көз салсақ, 1896 жылы Сырдария губерниясына генерал-губернатор фон Кауфман келіп, әр мектептегі қазақ балаларының орысша білім алып жатқанын көріп қуанады. Бірақ қоңырау соғылып, оқушылар дәлізге шыға сала өзара қазақ тілінде сөйлегенін көрген губернатор ашудан булығады. Қазақ балаларын тіпті ойнап жүрсе де қазақша сөйлейтін деңгейге жеткізу керек деген тұжырымға келген ол аралас мектептер ашады. Бір жылдан соң генерал өз тәжірибесінің нәтижесін көру мақсатында қайта келгенде қаракөз қазақ балаларының өзара орысша сөйлеп жүргенін көріп, өз шешімінің дұрыстығына дән риза болады. Қазақ балаларын орыстандырудың жымысқы саясаты осылайша аралас мектептер арқылы жүзеге асты. Осыдан кейін республика аумағындағы қазақ мек­тептерінің есіктеріне қара құлып салынды. Орнына орыстілді және аралас білім ордалары бой көтерді. Ал 1938 жылғы 5 сәуірде «Қазақ мектептерінде орыс тілін мәжбүрлі оқыту туралы» арнайы қаулы да шықты. Осыдан бастап орыс тілін білмегендерге қойылатын сан түрлі кедергілер мен тоқпақтаулардың әсерінен ата-ана баласын орыс балабақшасы мен орыс мектептеріне беруге мәжбүр болды. Онсыз да саусақпен санарлықтай қалған мектептер осыдан соң өздігінен жабылды. Деректерге сүйенсек, елдің солтүстік облыстарында 1954 жылы 700 қазақ мектебі жабылған екен. Ал қалған 100-ге жуық білім ордасы аралас мектепке айналды. Міне, мұны нағыз ұлттың трагедиясы деп айтуға болады. Осылайша алты Алаштың арасында тіл соғысы ашық түрде жүргізілді. Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдары себепсіз жабылған қазақ мектептерінің санын анықтау қолға алынған болатын. 1990 жылы Қазақ ССР Халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметов «1960-1986 жылдары аралығында бес жүзден аса қазақ мектебі негіз­сіз жабылған» деген мәлімет берсе, зерттеуші Н.Жанақова 700-ден астам қазақ мектебі жабылды деген пікірді алға тартады. Ал соңғы жылдары ғалым Х.Әбжанов 1314 қазақ мектебі жабылған деген деректерді де ұсынып жүр. Тың көтерілген жылдардан бастап ел тәуелсіздігіне қол жеткізгенге дейін Қостанай, Таран, Жітіқара, Қапшағай, Темір­тау, Рудный, Энергетический сынды көптеген қалаларда бірде-бір қазақ мектебі, тіпті қазақ сыныбы болмаған. Яғни бұл – сол қалалардағы қазақтар ұлттық болмысынан айырылды деген сөз. Ал бір ғана еліміздің сол тұстағы астанасы, 1,5 миллион тұрғыны бар, тәуел­сіздіктің көк туы желбіреген Алматы қаласының өзінде жалғыз №12 қазақ мектебі қалған. Ол мектептің өзін бүкіл қазақтың зиялылары бас көтеріп жүріп, Шона Смаханұлы бастаған қаламгерлер мен ғалымдар қала басшылары мен Орталық Комитеттің хатшысына дейін шығып, мемлекеттік деңгейдегі мәселе етіп көтеріп қол жеткізген болатын. Онда бар-жоғы мыңға тарта ғана оқушы білім алды. Қалған қаракөздеріміз орыстың тілімен сусындады. Орыстың тарихын таныды. Қазақтың көркем тілі көлдей жұтылды, ормандай бұталды. Жас ұрпақтың ана тілінде білім алу құқығы белден басылды. Тіпті қазақтың қайнар бұлағы саналған ауылдарда да қазақ мектептері жаппай жабылды. Мәңгүрт ұрпақ қаптады. «Коммунизмнің ақ таңын» атыруды армандаған атшабарлар шаш ал десе бас алды. Егемендікке қол жеткенше бүкіл мектептердегі балалардың 22 пайызы ғана қазақ тілінде білім алды. Ол мектептің көпшілігі де 100-150 бала оқитын ауыл мектептері еді. 1400-1500 оқу­­шысы бар қала мектептерінің дені орыстілді болды. Бірақ «жылан­ды үш кессең де кесірткедей әлі бар» демекші, қазақ тілі өзінің қай­нар бастауынан айырылмады. Қа­зақ тілі 1980 жылдар­дың аяғында өзінің мәртебесіне қол жеткізе бас­тады. 1991 жылы ел тәуелсіздігін жа­риялаған соң қазақтың тілін кө­теру басты бағыт болды. Ол үшін сыл­дыр сөз, жалған ұраншылдыққа бой алдырмау керек еді. Осыдан соң еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ мектептерін ашу ісі қолға алын­ды. Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед тәуелсіздіктің алғашқы 18 жылында 880 қазақ мектебінің ашы­луын қазақ тілінің көсегесінің көгер­гені, өркенінің өскені деуге тұрарлық жайт екенін айтқан еді бір сөзінде. Рас, мұны ұлт руханиятының үлкен жетістігі деп те бағалау керек. 1989-1990 оқу жылдарында Қазақстандағы қазақ мектептерінде 910 мың оқушы оқыған болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллионнан асып түсті. Кезінде бір қазақ мектебін әзер ашқан Алматыда бүгінде 43 қазақ мектебі бар. Рес­публика мектептерінде 70 пайызға жуық бүлдіршін қазақ тілінде білім алып жатыр. Бүгінгі күнге дейін мыңға тарта ұлттық білім беретін білім ордалары ашылды. Түйін: Діңі жуан ағашты қанша кессең де, әлгі кеспелтектің жан-жағынан жас жапырақтар бүр жарып, шыбықтар қаулап өседі. Ол шыбықтар өсе келе бұтаққа айналып, ағаштың қайта жайқалары сөзсіз. Себебі оның тамыры тереңде. Сол сияқты қазақ тілінің де тамыры тереңде жатыр. Оны қанша кессең де көгеріп, көктері анық. Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

4255 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13459

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7797

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7427

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6805

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6754

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6541

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5316

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5308

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы