• Тіл
  • 19 Қаңтар, 2009

Қазақ үшін Ислам банкингі тиімді ме?

Рахман АЛШАНОВ, экономист: – Араб елдерінде игерілмеген көп қаржы бар. Олар оны мұнайдан тауып отыр. Сол қаржыны қазіргідей дағдарыс кезінде дұрыс саясатпен өзімізге тартуымыз керек. Бұл іс аса қиын шаруа емес. Өйткені, біздің ел ең алдымен ислам дінін ұстанады. Ұстанымдарымыз жақын. Қаржы дағдарысынан шығу үшін шұғыл қимылдап осы істі қолға алуымыз қажет. Осыны ескерген мемлекетіміз қазір келісімге келуге әрекет етіп жатыр. Бізде қаржы салатын салалар жеткілікті. Мысалға, құрылыс, жол, басқа инфрақұрылымдар... Бұл салаларға қаржы салынса, жасалған шаруаның тиімділігін көрер едік. Себебі, мұсылмандықтың қағидасы бойынша, екі жақта пайда көреді. Тіпті, өз ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктерді түсіну аса қиын емес. Бірақ, арабтар ақшаны барлық салаға құя бермейді. Ислам дінінде харам саналатын арақ-шарап, темекі өндіретін өндірістерден ат-тондарын ала қашады. Бұл олардың өзіндік ұстанымы. Сондықтан, оларды түсіне білу керек. Кей кездері араб инвесторлары ақша сұрайды. Бірақ, не үшін жұмсайтынын айтылмайды. Осындай жайларды саралап түсініп алған жөн. Бұған дейін ислам банктері әлеуметтік нысандарға қаржы бөліп келді. Яғни, ақша бөле қалса, олармен жұмыс жасай аламыз деп ойлаймын. Бірақ, біздің кәсіпкерлердің көбі оңай олжа үшін көлеңкелі бизнеске жақын. Олар арабтар бөлген қаржымен серіктес болып қызмет ете алмайды. Қолынан келеді-ау дегендер ғана айналысса болады. Ізбасар БОЗАЕВ, Алматы сауда палатасының президенті – Қазір парламентте Ислам облигациясы жөніндегі Заң талқыланып жатыр. Өйткені, Араб елдерінен инвестор тарту бізге тиімді болып отыр. Мемлекет тарапынан көптеген келісімдер жүргізіліп жатыр. Бәріміз де қаржы нарығы қиын жай кешіп отырған тұста, арабтардың игерілмеген қаржысын Қазақстанға келуіне мүдделіміз. Сол үшін ең бірінші мақсат осы мәселеге қатысты заңды тезірек, толыққанды қабылдау керек. Ислам дінінің заңы бойынша пайызға ақша беруге болмайды. Аз болсын, көп болсын, тіпті белгіленген мөлшерде құрылымдар арқылы сенімен бірге жұмыс істеп тапқан пайданы бөліседі. Дәл қазір бізде қаржы жетпей жатыр. Нақты экономика саласында тоқтап қалған құрылыстарды жандандыру үшін, сыртқы нарықтан алған қарыздарды уақытысында жабу үшін де ақша керек. Біз оны сыртқы нарықтан ала аламыз. Бұл орайда ол қаржыны Араб елдерінен алу тиімді. Дініміз бір. Тәуелсіздігімізге көз тігіп отырған жоқ. Оның өзінде өзгелер секілді белгілі бір мөлшерде басқыншылық саясаты жоқ. Стратегиялық маңызды серіктес бола алады. Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы – Ислам облигациясы жайлы нақты айта алмаймын. Бірақ, исламдық банкинг деген түсінік бар. Исламдық банкинг жүйесінің саясаты еуропалық дәстүрден бөлек. Меніңше, нарықтық заманда ислам банкингті Қазақстанға енгізіп, қолдау керек. Мұның тиімді жері пайыз алмайды. Қазір екінші деңгейлі банктің несие беруі 14-15 пайыз деп жатыр. Олар несиені жалпы халыққа 24 пайыздың үстінде беріп жатыр. Онымен бизнес жасау мүмкін емес. Ислам банкинг үстінен олар секілді пайыздық үстемақы талап етпейді. Оларға бизнес жоспарыңды ұсынсаң, болашақта атқарар ісіңе араласады. Тіпті, білмейтініңді үйретеді. Тапқан пайдаңды бөліседі. Бүгінгідей қиын жағдайда мемлекеттің қолға алып жатқан бұл ісі құптайтын нәрсе.

3490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы