• Тұлға
  • 15 Желтоқсан, 2010

Шекара белгілеу: Тәуелсіздік жолындағы ұлы тәуекел

e0ppsaorТәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мемлекет ісімен айналысқан азаматтар бар. Солардың бірі һәм бірегейі – Сәт Тоқпақбаев. Азат Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін де, қорғаныс саласын да басқарды. Қазіргі күні Парламент Мәжілісінің депутаты. Бүгін Сәт Тоқпақбаев «Ана тілі» газетінің оқырмандарымен егемендіктің алғашқы жылдарындағы естеліктерімен ой бөліседі.

«Елтаңбаның көшірмесін жасаттық» – Сәт аға, алғаш еліміздің астанасы Ақмолаға көшіп келгенде мемлекеттік рәміздерді өз қолыңызбен көшіргеніңіз елдің есінде. Әңгімені осыдан бастасақ... – Тәуелсіз мемлекеттің ең негізгі белгісі рәміз, ол болмаса онда тәуелсіз мемлекет те жоқ. Мен енді әскери адам болғаннан кейін әскермен салыстырмалы түрде айтайын. Әскерде дивизияның, полктің байрағы болады. Егер байрағы жоғалса, дивизия мен полк те жоқ деген сөз. Соғыс уақытысында сарбаздар байрақты өздерінің жанындай сақтаған. Осыдан-ақ рәміздердің маңыздылығын ұғуға әбден болады. Сол 1997 жылы қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мені шақырып алды да, «еліміздің рәміздерін Алматыдан Ақмолаға арнайы сцена­рий бойынша салтанатты жағдайда шы­ға­рып саламыз. Ал рәміздерді Ақмо­лаға сен жеткізесің» деп тапсырма берді. Мен ол уақытта Президенттің күзет қыз­метін және Президенттің гвардиясын басқаратынмын. Сценариймен танысып қарасам, салтанатты жиында Елтаңбаны Президенттің резиденциясынан екі сарбаз көтеріп алып шығу керек екен. Ал Елтаңбаға қарасақ, екі сарбаз тұрмақ, төрт сарбаз әрең көтеретіндей өте ауыр. Енді қайтеміз, бір амалын жасау керек. Содан рәміздің түпнұсқасын жасаған шеберлерді шақырып алып, «ешкім байқай қоймайтындай етіп көшірмесін жасай аласыздар ма?» деп сұрадық. Олар «жасаймыз» деді. Содан бір күннің ішінде поролон сияқты жеңіл заттардан тура айнытпай көшірмесін жасап берді. Ал мен ол кезде негізгі Елтаңбаны арнайы сарбаздар бөліп, күшті күзетпен пойыз арқылы Ақмолаға аттандырып жібердім. Сонымен Елбасының өзі бастап,Үкімет басшысы, Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, діни конфессия өкілдері, саяси партия мүшелері қостап қатысқан үлкен салтанатты жиында қалың елдің алдына көшірмені алып шықтық. Рәміздер Елордаға көшкеннен кейін Алматы ел астанасы емес дегенді білдіреді емес пе? Талай жылдан бері Алматы астанамыз болып бәріміз үйреніп қалғандықтан, сондай бір қимастықпен көздерімізге жас келіп, жүректі тебірентетін жағдай орын алды. Міне осылайша, қараша айында Ақмолаға рәміздеріміз Байрақ, Елтаңба, Әнұран көшірілді. Біз келген сол жылдары, күн өте суық болатын. Аяз қысып тұр, далада ақ түтек боран. Соған қарамастан, қазіргі Абылайхан көшесінің бойындағы ескі алаңда Президент гвардиясының салтанатты шеруі жүріп, рәміздерді қарсы алынды. Осылайша, Ақмола ел астанасы деген статусқа толық ие болды. – Құдайға шүкір деп айтайық, бүгінде Астананы әлем таниды. Сол тұстағы Ақмола қаласының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қандай еді? – Дұрыс айтасыз, ол уақытта Ақмола кішкентай ғана провинциалды қала болатын. «Осы кішкентай қаланы жандандырып, қайта құру керек, Астана атына лайық қала салу керек» деп Президент күн тәртібіне қойып берді. Осы жерде еске түсетіні, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары АҚШ үлкен тоқырау кезеңін басынан өткергенін бәріміз де білеміз. Жағдайлары өте ауыр болатын. Ол кезеңде ғаламдық байланыс орнамаған, мемлекеттердің бір-бірімен барыс-ке­лісі дамымаған кез болды да, дағдарыс тек АҚШ-та орын алды. Осындай ауыр кезеңде билік басына келген Франклин Рузвельт Американы тығырықтан алып шығу үшін АҚШ-та жол салу керек деген шешім қабылдады. Сол кісінің алысты болжайтын көрегенділігі мен данышпандығының арқасында жол құрылысы локомотив секілді Американы тез дамытып, экономикасын өркендетті. Алпауыт елге айналды. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы да Астананы сондай оймен салған шығар деп ойлаймын. Себебі Астананың құрылысы еліміздің экономикасының алға жылжуына, қарыштап дамуына ықпал етті. Байқасаңыз, 1991 жылы еліміз егемендігін алған кезде халықтың тұрмысы өте нашар еді. Азуын айға қаратқан Кеңес Одағы бірден тоқырауға ұшырап, құрамындағы республикалар шашырап кеткесін экономикасы да тұралап қалған кезде Қазақстанды да бұл қиыншылық шарпымай өтпеді. Халық уақытылы жалақысын ала алмай, зейнеткерлерге зейнетақы, студенттерге стипендия беретін қазынада ақша жоқ, көшеде қылмыс көбейіп, түрлі бұзақылықтар белең алған, қиын уақыттар еді ол. Өткен ғасырдың оты­зыншы жылдары Америкада да сондай жағдай болған. Міне, Қазақстан тура 7-8 жыл осындай қиын жағдаймен күресумен болды. Сондай ауыр кезеңде гүлденіп, жайқалып тұрған Алматыдан Ақмолаға астананы көшіру үшін Елбасыға үлкен жүрек, жігер, ақыл-ой, данышпандық пен парасаттылық керек болатын. Себебі Сарыарқаның төсінен, Қазақстанның төрінен орын тепкен Астана керек болды бізге. Мемлекет басшысы сол кезде «бұл қала біздің балаларымызға, болашағымыздың жар­қын болуына керек. Астананы тоғыз жолдың торабына, еліміздің дәл ортасына апаруымыз қажет» деп айтатын. Әйтпесе, жұмақ секілді гүлденіп тұрған Алматыдан жері батпақты, климаты суық, ештеңесі жоқ жерге көшіп келу оңай шаруа емес. Сол қаланың құрылысы басталған бірінші күннен Елбасы өзі күнделікті қала әкімшілігінің селекторлық жиынына қатысып, қала көшелерінің батпағын тазалатуға дейін айтып, бақылап отыратын. Ол уақытта Әділбек Жақсыбеков қала әкімі болды ғой. Қазір қараңызшы, сол жағалау қандай керемет, қарасаңыз – көз тойғысыз. Бұрын қасқыр ұлып, түлкі ойнақ сап жүрген жер деп айта алмайсыз. Мен осы уақытқа дейін әлемнің небір үлкен қалаларында болдым. Бірақ дәл Астанадай аз уақытта салынған әсем де сұлу қала таба алмайсыз. – Елбасының көрші елдермен жүр­гізген сындарлы саясатының арқа­сын­да еліміздің шекарасы бекемделді. Бұл жұмыстардың басы-қасында өзіңіз де жүрдіңіз. Еліміздің шекарасы қалай бел­гіленді? Осы жайлы толыққанды мағ­лұмат бере кетсеңіз... – Егер шекараң болмаса, жан-жағың берік бекімесе, тәуелсіздігіміздің белгісі қайсы? Біздің 1700 шақырым жеріміз Қытай Халық Республикасымен шекараласып жатыр. Кеңес Одағы кезінде бұл шекарадан бөлек басқа елдермен де біздің толық шекарамыз белгіленбеген. Әйтеуір сөз жүзінде шекарамыз бар деп келдік, бірақ оның қай жерде қай елмен, қай өзеннің жағасымен, қай қырат­пен өтетінін білмедік. Мәселен, Қытай мен Кеңес Одағының арасында таласқа түсіп келген жерлер болды. Негізі, шекара 1855-1860 жылдары келісімшарт бойынша бекітілген. Ал ол жерде тек жалпылама ғана көрсетілген. Осы жерде біздің ел тарихында алтын әріптер­мен жазылатын мәселе, шекарамыз­дың бекуін Нұрсұлтан Әбішұлы өзі қадағалап, бізбен көршілес жатқан елдермен келісімшартқа қол қойып, шекарамыздың әрбір сантиметр, әрбір метр, әрбір километріне дейін өлше­тіп, бағаналар қойып, шекара белдеулерін жүргізіп бекіттік. Бұл – өте үлкен жеңіс. Бұл – біздің тәуелсіздігімізге бағыттал­ған ұлы істердің бірі. Хрущевтің кезінде Өзбекстанға біздің біраз жерлеріміз заңсыз өтіп кетті. Сонда шекара дұрыс бекімей, әлі күнге дейін осының зардабын шегіп отырған елді мекендеріміз бар. Бір үйдің жартысы Қазақстанға, жартысы Өзбекстанға тиесілі болған қиын кездерге тап келдік. Осының бәрін бейбіт жолмен шешуге тырыстық. Біздің ең басты міндетіміз – халықтың құқығын сақтау. Оған дипломатиялық жолменен қол жеткізіп, шекарамыз бекіді. «Екі жылда қолына мылтық ұстамаған сарбаздар болған» – Сіз көп жыл ҰҚК саласында қызмет жасадыңыз. Осы орайда тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қорғау іс-шаралары жайлы не айтар едіңіз? – Әрине, тәуелсіз елдің ең бірінші күн тәртібінде сол елдің қауіпсіздігі тұрады. Сондықтан Мемлекет басшысы егемендік алған бірінші күннен еліміздің қауіпсіздігіне көп көңіл бөлді. Ол кісі бір сөзінде: «Біз Қазақ елі ешқандай елмен жау емеспіз. Біз бәрімен бейбіт келісімге келіп, тыныш өмір сүреміз. Алыстағы алпауыт елдер болсын не жанымыздағы кішкене мемлекет болсын, бәрімен дос­пыз, біз бейбітшілікті сүйетін қазақ деген халықпыз» деп айтқаны бар еді. Сол сөзінің нәтижесі болар, Н.Назарбаев көп векторлы саясат жүргізді. Әрине, елдің қауіпсіздігін сақтайтын органдар бар. Бірақ ол орган қаншалықты мықты болса да, егер Елбасының саясаты дұрыс болмаса, онда органдарға қауіпсіздікті сақтау қиынға соғар еді. Ал Елбасы­ның саясаты дұрыс болғасын, елде ауыз­біршілік болғасын, бұл органдарға ішкі де, сыртқы да қауіпсіздікті сақтау онша қиын болған емес. Мен қауіпсіздік саласында біраз жыл қызмет істедім. Сол жылдарда бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы барлық елдерде қантөгіс болды. Олар талай жылдарға шегініп, экономикасы құлдырап кетті. Инвестиция мен қаражат қайда барады? Олар тыныш та ауызбіршілігі мықты елге келеді. «Ынтымақты елге бақ қонар» деген. Міне, біздің еліміздің тыныштығы мен Елбасының салиқалы саясаты­ның арқасында қауіпсіздігіміз жоғары деңгейде дамыды. Елбасымыз ылғи да ауызбіршілік, тыныштық болсын деп айтып жүр. Себебі біз көп ұлтты елміз. Біздің еліміздегі халықтардың бір жеңнің ұшымен ұштасқан татулығының арқасында еліміз тыныш. Осының барлығы – Елбасымыздың сындарлы, да­нышпандық саясатының нәтижесі. – Сіз бірнеше жыл бұрын еліміздің Қорғаныс саласын басқардыңыз. Осы орайда Қорғаныс саласының даму, қа­лыптасу барысы жайлы не айтасыз? – Кеңес Одағы тарағасын, әрине, еліміздің Қарулы күшін құру керек болды. Біздің Қарулы күштердің негізін салып, Қорғаныс саласын басқарған – бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов ағамыз. Тәңір ол кісіге ұзақ ғұмыр берсін, қуат берсін деймін. Мен Қорғаныс саласына барған кезде алғашқы үш айымды шаруашылық жұмыстарына арнадым. Гарнизондарда жағдай нашар, ка­зар­малардың іші суық, жауынгерлердің киім­дері жұпыны, әскерилердің жа­ла­қылары талай уа­қыттардан бері алынбаған. Бір ай бойы барлық гарнизондарды аралап, жағ­дайларына қанығып, Елбасына баяндадым. Елбасы сосын ішкі жалпы өнім­нің бір пайызын Қорғаныс саласына бөлу туралы шешім қабылдады. Үкімет басшысы ол уақыттары Қ.Тоқаев болатын. Қорғаныс саласына содан кейін қаражат бөлініп, сарбаздардың жағдайын түзетуге күш салдық. Ол уақытта әскер қатарына шақырылған жастар екі жыл ішінде бір оқ атпай үйіне қайтатын. Ол қандай сарбаз қолына мылтық ұстап көрме­се? Міне, осындай келеңсіздіктерді жою бағытында көп жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні біздің Қарулы күштеріміз жоғары деңгейде жыл сайын әскери жаттығулар өткізеді. Онда НАТО-ның, Қытайдың және көптеген ірі елдердің сарбаздары қатысады. Шүкір деп айтайық, бүгінгі таңда еліміздің Қорғаныс саласының күші өте жоғары деңгейде, тәуелсіздігімізді қорғай алатын үлкен әскери күшке айналды. Сондықтан айтарым, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздігіміз баянды, мәңгілік, еліміз тыныш, халқымыздың ауызбіршілігі мықты болғай! Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

3233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы