• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2010

Келешекке жасалған кемел қадам

Болашақ туралы әңгіме қозғағанда балалық шаққа оралғандай боласыз. Бұрынғылардың «бүгінгі бала – ертеңгі дана» дегені де осыдан келіп шықса керек. Кейінгі жылдары көбейген жас нәрестенің шетінеуі немесе ту­ған бетте дерт құшағына орануы, са­уығып кетуінің қиындауы – бәрі-бәрі айналып келіп ана денсаулығы­ның әлсіздігінен, тағам түрлерінің же­тіспеуінен, тағы-тағы сол сияқты бір­неше жетіспейтін кемістіктерден ке­ліп туу болғанменен де, өсімнің азаюы аз айтылып жүрген жоқ. Бұл ретте еліміздегі Тағамтану академиясы­ның академигі, дүниежүзіне есімі белгілі ғалым Төрегелді Шарманұлы әркезде де ойлы пікір айтып келеді.

Академиктің өзінің жеке бастамасымен жас нәрестелерге арналған ана сүтін алмастыратын арнаулы тағам түрлері де жасалып, өндіріске жолдама алғанын да білеміз. Бірақ Тағамта­ну академиясының бұл бастамасын әрі қарай іліп алып кететін айтулы бір инвестор, қазақы тілмен айтқанда, қалталы қамқоршының жоқтығынан ойлаған ой, жобалаған жүйе жүзеге аспай, кейіндеп қалып келгені де рас. Әр істің де бір сәті келеді деген. Академик ағамыздың армандап жүрген балалар тағамын дайындауға арналған арнаулы зауытты салуға елімізге белгілі, танымал кәсіпкер Руслан Юн мырза қолғабыс қолын ұсынып, Алматыдағы тау бөктерінен көргеннің көзі тоятын тамаша тағам зауытын салуды мойнына алды. Тағамтану академиясыменен бірлесе отырып, шетел­дердегі небір ғажап қондырғыларды қымбаттығына қара­май, осында алдырыпты. Сөйтіп, Тағам­тану академиясының бар ғалым­дары зертханалық сараптамадан өткен анықтамалар негізінде сүт тағамдарынан жасалатын, 100 пайыздық табиғи қалпын сақтаған, бүлдіршінге арналған арнаулы тағам түрлерін шығаруды қолға алды. «Жақсының атын естігеннен де, өзін көрген көп артық» дегендей, ба­лаларға арналған таза, табиғи тағам шығаратын зауыттың өзін көзбен көріп танысу мақсатында аталған зауыттың табалдырығын аттадық. Алматыдағы атақты «Ақбұлақ» шипажайының қасында бой көтер­ген Қазақ тағамтану академиясының «Амиран» зауыты бірден көзге түседі. Тау бөктеріндегі тамаша көрініс көңіліңді көтеріп, жаңа зауыттың күнмен шағылысқан күмбезді көркіне көз сүйсініп, осынау бір өнегелі істің қолға алынғаны шаттандырады. Зауыт ішін аралап танысу барысында зауыттың бас инженері Ольга Путинцева: «Балалар тағамы қашан да табиғи болуы керек», – деп алға қойған мақсаттарының шынайы негізін түсіндіре бастады. – Балалар тағамына елімізде сұраныс өте жоғары, әйтсе де оны қалауымызша жүзеге асыруға осы уақытқа дейін толық мүмкіндік болмай келіп еді. Енді, міне, Қазақстанның азаматы, белгілі кә­сіпкер Руслан Юн мырза, Тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шарманұлы мырзамен бірлесіп қолға алған жұмысының нәтижесінде ана сүтін алмастыратындай қасиеті бар табиғи тағамдар дайындай алатын мүмкіндікке ие болдық», – дейді. Жаңа салынған зауыттың іші тап-тұйнақтай, тазалықтың ең жоғарғы сатысында тұр. Қатар-қатар тұрған жабдықтар іске қосылуға әзір. Біреуінде айран, енді бірінде сүт, ірімшік, «тірі» йогурт сияқты балалар­ға арналған құнарлы тағамдар шы­ғарылады екен. Әрқайсысы­ның ат­қаратын қызметтері әртүрлі болған­менен де, негізгі мақсаттары біреу, ол – жас нәрестелерге жас ерек­ше­ліктеріне сай жұғымды да құнарлы әрі сіңімді тағамдарды ұсыну болып табылады. Жас нәрестелерге құнарлы тағам ұсынумен қатар мұнда сәбилі аналар­ға, жүкті әйелдерге де арналған ас түрле­рі әзірленеді. Дүниежүзінің ғалымда­ры Қазақ тағамтану академиясының бұл бастаған ісін өте жоғары бағалай­ды. Әлем бойынша ана мен балаға сүт тағамдары өте пайдалы екендігі ерте кезден-ақ белгілі болса да, бізде бұған әлі жете көңіл бөлінбей келген еді. Енді, міне, осы олқылықтың орны «Амиран» іске қосылғаннан кейін толатын болды. Алғашқы кезекте «Амиранның» өнім­дерін Алматы облысы мен Алматы қаласының жас бүлдіршіндері пайдаланады. Мұның да өзіндік себебі бар екен. Зауыт өнімдері көп сақтауды көтермейді. Балалар­ға арналған 100 пайыздық тағамның қайсыбіреуі бес тәулік сақтауды көтерсе, 6 айлық балаларға арналған сықпа құтыға салынған ірімшіктер 2 тәулікке ғана сақтауға келеді. Осындай ерекшеліктеріне орай оларды алдыменен жақын жердегілер пайдалану мүмкіндігіне ие. Келешекте бұл мәселені кеңінен қарастыру жағы да ойластырылыпты. Зауыт директоры Кеңбейіл Ор­дабайұлы Исаевпен болған әңгіме барысында бұл жағынан да хабардар бол­дық. Келешекте Тағамтану академиясы­ның бұл зауыттың бөлімшелерін облыс орталықтары мен ірі-ірі қалаларда да ашу жайын ойластырыпты. Балалар тағамын дайындап, ұсыну жолында 15 жыл бойы өзіне қаржылай көмек көрсететін инвес­торды іздеп, осының жолы қалай болады деп жүргенде академик Төрегелді Шармановқа қолұ­шын созған, елдің азаматы, белгілі кәсіпкер Руслан Юн мырзаға мың да бір рахмет. Бүгінде кім болса да, қолындағы қаржысына қарайтыны анық. Бір сөзбен айтқанда, бір теңгені екі теңге етуге ұмтылып жүргендер аз емес. Ал зауыт жұмысымен танысқан­да тәулігіне 16 тонна өнім шығаратын зауыттың қазіргі жағдайы пайда табуға емес, бүлдіршіндерге шынайы көмек беруге бағытталғанын білдік. Бұл – бәрі балаларға, бәрін болашаққа деп көп ұрандатқаннан гөрі нақты іске шынайы кіріскеннің, шығынға қарамағанның көрінісі. Қолда барды балаларға ұсынудың өзі болашаққа жарқын жаңа жол салудың бастамасы сияқты. Зауыт жұмысшыларына да мұн­да жақсы жағдай жасалыпты. Зауыт ауласының өз ішінде 6-7 коттедж салынып, пайдалануға беруге әзір тұр. Бұл үйлерде осында еңбек ететін мамандар тұрады. Шетелдік жабдықтарды осында әкеліп, орналастырып, құрас­тырып жатқан шетелдік мамандар жергілікті жердің тұрғындарынан қа­былданған жастарға жаңа техникамен жұмыс істеудің сырын үйретіп жатыр. Осының бәрі, са­йып келгенде, тәуелсіз елдің туын көтерер жастардың желкілдей өсуіне жасалып жатқан жағдай деңіз. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында осындай жаңа бір зауыттың, оның өзінің балаларға арналған тағам дайындау зауыты болуы ертеңге деген сеніміңді нығайта түседі. Қазір мұндағы техникаларды жасақ­тап, жабдықтау жұмыстары толығыменен аяқталды десе болады. Енді зауыттың өз күшінде толық жұмыс істейтін күні де алыс емес. Осындағы мамандардың айтуын­ша, желтоқсан айы­ның соңына қарай алғашқы өнімдер Алматы қаласындағы арнаулы дүкендерге шығарыла бастайды екен. Ендеше, жақсы бастамаға жол болсын дейік. Батырбек Мырзабеков

3494 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы