• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2010

Таңғы елес

d0b1d0b0d183d0bad0b5Бауыржан аға және оның жел қанатты тұлпары жайлы әңгiме

Бұл – ел есiнен өшпейтiн Ұлы төңкерiстен кейiнгi, Қазақстанды Голощекин дейтiн қатыгез жарты патша басқарған тұста, ел бастан кешкен сұм заманның алды, айта беретiн 31-шi қой жылының ерте көктемiнде болған жай едi. Ол кезде әкемiз Тұрекең басқаратын он сегiзiншi ауылдың «Қызыл таң» аталған жаңа ұйысқан көп үйлi колхозды ауылы ежелгi ата заманы салтымен қыстау мекенiнен қозғалып, Талдының сыртындағы «ауыл қоныс» атты биiк тепсеңге ақ үй, қоңыр үйлерi шаңырағын жаппай көтерiсiп, көшiп-қонып алғанына бiршама күндер өткен. Сәуiрдiң шақпақ оты шартылдап, күркiрей төгiп өткен ақ жаңбырынан соң гүл-шешегi жайнаған даланың терiскей тау жағы – түйдек бұлттар үстiнде аспан айдынын сан түрлi бояуымен құлпырған кемпiрқосақтың керемет алып шеңберi кернеп тұрған.

Бұл кезде аяғын тiк басқан тiрi жанның үй iшiнде қалары жоқ. Қарбаласты кешкi сауыннан соң үлкен-кiшi түгелдей тысқа шыққан. Түгелдей кеш алдының мынадай керемет шағын тамашалап, бiр топ майда жәутiктер «мекеме» аталатын, төбесiнде қызыл байрағы желбiреген алты қанатты ақ отаудың сыртында үлкендер арасында тұрғанбыз. – Уай, мыналары кiмдер-ей? – деген әлдекiмнiң оқыс даусы жұрт назарын өр жаққа аударды. Терiскей тау тарабына қараған құба жоннан құлайтын қашанғы қасқа жолмен осылай беттеп, суыт жүрiстi үш салт атты жедел бастырып келе жатты. Соларды сыртынан шолған үлкендер ортасы: – Оң жақ шеткiсi өзiмiздiң бастық Тұрекең ғой, ал қасындағылары кiм екен? – десiп, аңтарылып тұрғанда, екпiндi ерен жүрiспен бусанған арғы­мақтарын жедел бастыра келген жүргiншiлер үй сыртында аттарынан түстi. Үлкендер жағы бұларға жамырай ұмтылысып, қол берiсiп, ат шылауын алысып жатты. Әкемiз Тұрекеңнiң қимылы тым жiтi. Келген қонақтары – әсте жоғарыдан келген аса сыйлы өкiмет адамдары. Сол қарбаластың үстiнде ол: – Бұл жiгiттер Бауыржан, бiздiң ауыл азаматтары. Жаңа ұйым iсiне берiлген ақжүрек белсендi­лер. «Мына жiгiт – осындағы колхоз ауыл хатшысы Қарымсақұлы Тәутей, мына тұрғандар – ферма, бригатты басқаратын Әзiмхан, Әбiш, Сапар, Құрмантай, – деп үлкендердi атын атап таныстырып шықты. Келген қонақтардың бiрi әлгiнде төрт аяғы дередей, қос құлағы төбесiнде ойнаған, екi көзi шоқтай жайнаған қаз мойынды, жұлдыз төбелдi қаракермен келген, есiмiн Бауыржан деп атап, әкем алдында бәйек болып жүрген жиырма жасар шамасындағы ерек келбеттi жас жiгiт екен. Өзi шыштай был­ғарымен киiнген, баста пурашкi, аяқта жалтылдаған хром етiктi, белiн жалтылдаған әскери белдiк­пен қынай буынған, сымға тартқандай тiп-тiк тұлғалы, жанары өткiр, отты көз уәкiл барша тұрғындарға шаншыла барлай қарап: «дұрреес» дегеннен басқа бiр сөзiн де шығын етпей, әке бастап, қасындағы серiгiмен бiрге мекеме үйiне беттедi. – Бұл келген уәкiлдер – бiздiң Жуалы райисполкомының хатшысы құли Момыштың ұлы Бауыржан, ал қасындағы аудан комсомолының басшысы Аққұл­ұлы Исағұл,– деп сыбырлай үн қатысып жатты сырттағы үлкендер ортасынан Тәу­тей көкемiз, өзiнiң жоғарыдан хабардар, бiлiмдарлығын танытып. Бұл кез бiздiң уәкiлдегi шаруамыз не, екi көзiмiз әлгi уәкiл мiнiп келген екi көзi оттай жайнаған керемет сұлу арғымақ­та. Енесiнен жаңа түскен құлыншақтай құлпырған қоян жонды, маңдайында жұлдызы таң шолпанындай жарқыраған қаз мойынды, от жанарлы мұндай сұлу болар ма?! Шiркiн-ай, үстiне құстай қонып, мына кең дүниенi еркiн шарлаған адамда арман не?! Осылай тұрғанымызда үй есiгiнен бас шығарған әкемнiң: «Әй, Керiмбай, аттарды таза бұлақтан суартып, жемге қойғыз», – деген бұйрық дауысы естiлдi. Сол екен, осында жұбымыз жазылмай бiрге жүрген Әбдiрахман (Қарымсақұлы Тәутей көкемiздiң үлкен ұлы, бүгiнгi ел газетi «Егемен Қазақстанның» президентi Сауытбек Абдрахмановтың әкесi) екеумiз кермедегi аттарды шеше бастаған өзiмiзге ет жақын ағайын ағамыз Керiмбайға жетiп келiп: «Айналайын, көкетай, атқа мiнгiзшi бiздi»,– деп жата кеп жабыстық. Әншейiнде шулаған ойын балаларын кiсiмсiп, сыбай боқтап, бiзге үлкендiгiн көрсетiп, биiктен қарайтын қырқырауық Керiмбай: «Қап, кеңсiрiгiңдi ұрайын боқ­мұрындар», – деп зекiп алды да, Әбдiрахман екеумiздi екi аттың үстiне лақтырып, өзi әкемнiң күреңiне қарғаша қонып, тоғайдағы таза бұлақ суатына бет алды. Әбдiрахманның мiнгенi Исағұлдың қарасы да, ал мен Құдайдың құдiретiмен әлгi керемет кертөбелдiң үстiндемiн. Көктемнiң көгi жалаған қып-қызыл кiшкентай жалаңаяғымды қайыс тарал­ғыға тығып жiберiп, оң қол кiндiктен жоғары қайқиған ердiң қасында, сол қолмен тiзгiндi қармап ұстап, бейне бiр барша жер-дүние маған қарап тұрғандай маңдай тұстағы тау биiгiне масаттана көз тiгiп, масайрай түсiп келемiн. Сақ Керiмбай бiздi қатарына алып, тiзгiндi қолға бергенмен шылбырдан айырылмады. Қос аттың шылауын қоса тақымға басып, ерiкке жiбермедi. Әйтсе де, суат үстiнде аттарды шаужайдан босатты да: «Әй, жәрбиген немелер, аттар таласпасын. Бiр-бiрiңнен алшақ тұрып суарыңдар» деп өктем бұйырып, еркiмiзге босатты. Солай аттар суарылып, бiз суырылып шыға бердiк. Керiмбайдың: «Әй, тоқтаңдар» деген өктем даусымен қабат, қатарласа берген, менен төрт-бес жас үлкендiгi бар, ат шабысқа жарап қалған, өзi қуақы-пысық Әбдiрахман: «ал, кеттiк» деп онсыз да ауыздық шайнап, ойнақшып келе жатқан кертөбелдi артқы жұмыр сауырдан шылбыр ұшымен сырт еткiзiп, салып кеп жiбергенi. Оқтай атылып жұлқи жөнелген ат үстiнен ұшып кетуге шақ қалып, тiзгiнге қос қолдап, жармасып ес жиғанша ерен жүйрiк бой бермес сұмдық екпiнмен бiр езулей жұлқи тартып, ауыл сырты – тепсеңге шығып алды да, ауылға соқпай, бiр қырындап, жанай тартып, сонау көз ұшындағы Марқабұлақтың керiз жотасына бет түзеп, қасқарып жөнелдi. Артқы жақтан: «кеттi-кеттi» десiп, үдере шулаған ауыл жұртының айқай-сүреңiне жапа-тармағай үн қосқан ауылдың барлық итi арсылдап, ұзын-создық шұбап, жанұшыра қуып келе жатты. Құйындай жүйткiген ерен жүйрiктiң ит атаулыға жеткiзер түрi жоқ. Шулаған дыбыс, гулеген жел, құстай ұшқан ат шабысынан жер-дүние шыр айналып, алыстағы биiк тау өзi қарсы зымырап келе жатқан сияқтанды. Қос айылмен шiрей тартылған желдiк сырты – ер-тұрман қапталына тас кенеше жабысып, сiрiдей қатқан талдырмаш тақым қаншаға шыдар. Көз шарасы жасқа толып гулеген да­уылды екпiн астында «тәк-тәк» деп шiңкiлдеп, барлыға еңiреген балапан дауысты бiр Тәңiрден басқа кiм еститiн едi. Тек құстай зымыраған мына сұмдық үстiнен ұшып кетпеудi ойлап, қос қолдап қатып ұстаған тiзгiнге үмiт артып келемiн. Құдай оңдағанда жел боп ұшқан кертөбелдiң үстi барынша жайлы, алақан аясында желпiп алып келе жатқан сияқтанды. Сол жануар менiң ұшуға шақ қалған бала жүрегiмнiң соншалық үрейлi жайын аянышпен сезгендей алдағы асу биiгiне шыға берiсте екпiнi бәсейiп, желе жортысқа ауысты. Сол сәтте артқы жақтан заулата шауып жеткен әйгiлi шабандоз әке менi қатарласа берiп ат үстiнен телпекше қағып алып (балалық, ессiздiктен тапқан пұшайман халiмдi ескерiп, аяғаны шығар): «әй, тентек балам-ай» дегеннен басқа сөзiн шығын етпей, кертөбел жүйрiктi қатарға алып, ауылға беттедi. Менiң қауырсыны шығып үлгермеген сарыезу балапан шағымда әлiме қарамай атқұмарлық желiгiне берiлiп, жел қанат­ты тұлпар жалына жармасып, екiталай жазым-қатерiнен Құдай сақтап аман қалған жайыма соншалық берiле бәйек жан кәрi әжем едi. Безгек тигендей қалшылдап, қалтыраған түрiмдi көрiп: «О, жарығым-ау, жүрегiң ұшып кетпесе игi едi», – деп бетiме суық су бүркiп, от алауымен ұшықтап, әлжуаз сұқ саусағын аузыма тығып, таңдайымды көтерiп жатты жарықтық. Осы ем-домның iзiнше әжемнiң ұядай жұмсақ, жылы iшiгiнiң жан рахаты жылуында балқып, бiр тәттi ұйқыға кетiппiн. * * * Қанша мезгiл өткенi беймә­лiм, түннiң бiр шағында үлкендердiң үй iшiн кернеген биiк даусы, шулаған көңiлдi күлкiден ояндым. Ортада жарқыраған ондық шамның жарығында кең жайылған дастарқанда ұзаққа созылатын кешкi қонақасы маңы тым көңiлдi екенi көрiнiп-ақ тұр. Төр ортасынан көбiне-көп биiк, ашық дауыстап сөйлеп отырған кертөбел тұлпарымен келген, жабағының жалындай қалың қара шашын биiк маңдайы үстiнен тiп-тiк қайырған ақсұр ашаң жүздi, отты көз жiгiт – жоғары жақтың уәкiлi сөйлеп отыр. Үнi соншалық жiгерлi, – «ұлы төңкерiс, кедей табы, бәлшәбек» деген бiзге беймәлiм жұмбақ сөздер. Әкемiз Тұрекең бастаған ауыл үл­кендерi: «О, бәрекелдi, жөн айтасың, Бауыржан», – десiп жамырай қолпаштап, әлсiн-әлi шатырлата қол соғып қояды. Бiр кезде сырттан әлдекiмнiң: «Байларды, молданы қойдай қу қамшымен» деп әндете шырқаған биiк даусы естiлдi. Сөздi тоқтатып тыңдап қалған кiсiлер «кiм-ей ол, шақырыңдар мұнда» дестi. Үйге Шынтай дейтiн жесiр әйелдiң жалғыз ұлы он төрт-он бес шамасындағы аққұба, ашаң бала Көпбай кiрдi. Бiздiң ауылдан алғашқы болып Шақпақтағы интернатта оқып, кешелерi келген Омардан қалған жалғыз тұяқ – Көпбай. «Кәне, айтшы, оқудан алып қайтқан өлеңiңдi», – деп жамырасты үлкендер жағы. Көпбай төрдегi кiсiлерге қасқая қарсы тұра қалып, шырқады-ай келiп: ... Кел, кедей жастарым, Ұйымдас жалшымен. Байларды, молданы, Қойдай қу қамшымен! Бұл заман сенiкi, Өз еркiң қолыңда. Кедеймен бiрлес те, Таптың түс жолына! Алға бас, тайсалма, Қызыл ту қолға алып. Өзi тұр, партия, Жеңiске жол салып! – Ой, пәлi, жiгiт екенсiң, – деп мақтасты үйдегiлер оны. Ал әкем бәйек боп көтермелеп отырған жоғарыдан келген кiсi оған ақ жылтыр қағазға ораулы сұқ саусақтай әлдененi ұсынды. – Ләмпәси, тәттi ләмпәси сыйлады, – деп сыбырласып жатты қазан төңiрегiндегi әйелдер жағы. Көпбайдың қолы жеткен сыйлық менi қатты қызықтырды. Менi неге көрмедi екен. Япыр-ау, шынымен көзге iлiнбей қалар ма екем,– деп тыпыршыдым. Жамылған пұшпақ iшiктi бүлкiлдетiп қаттырақ қозғалып, бiрер жөтелiп қойдым. – Оу, айтпақшы, әлгi бiздiң кiшкентай атшабар жылтыр қара бар емес пе, оның да бiр қызықты әнi бар. Кәне, қайдасың, Еркiш-ай, шықшы берi, айтшы кәдiмгi өлеңiңдi кiсiлерге, – деп әкем менi ортаға шақырды. Ұялу, жасқану сезiмi жайлап, лүпiл қаққан жүректi бiр мақтаныш сезiмi билеп, жылы iшiк астынан суырылып ортаға шықтым. Кiсiлерге қарап шәлтиiп тұра қалып, ауылдағы ересек, қу балалардан үй­ренген екi ауыз өлеңiмдi бар даусыммен шiңкiлдеп соғып жiбердiм: ...Қара судың қабағы, Бетiнде ойнар шабағы, Жұпар иiсi аңқиды, Қыз баланың тамағы. Қара суда балық бар, Сырттарыңнан тәлiп бар, Бас жетпесе, қол жетер-р-ай, Сүйгенiңдi алып қал. Е-е-еу, гүл-гүл жайна, Күлiп-ойна, Төңкерiстiң шағында!.. – Ой, Һай, үийй, – деген екен, – деп үл­кендер күле шулап, шатырлата қол соқты-ай келiп. Солардың қалың ортасынан үлкен қара көздерi шоқтай жайнап мысқылдай күлiп, шаншыла қараған төрдегi кiсi менi сұқ саусағымен көрсетiп: – Әй, мынау әлгi атпен қашқан кiш­кентай қарақшының өзi ме, үйбай, жа­­ман, ал мынаны, – деп қол созды. Көгiл­дiр орамалы ләмпәси менiң үлкендер қолынан алған ең алғашқы қымбат сыйлығым едi. Бiрде түс, бiрде елес сияқты сол бiр алғашқы кездесудi қиялдап жатып түннiң бiр мезгiлiнде әжемнiң ұядай жылы қойнында тәттi ұйқыға кетiппiн. Жаңа көктемнiң жарқыраған шуақты күнi құрық бойы көтерiлген кiшi сәске шағында көзiмдi ашсам, кiсiлер жоқ. Ата-бабалардан қалған ел жайлауына соңғы рет орнаған қызыл-жасыл жиҺазды ақ отаудың iшiнде жападан-жалғыз жатырмын. Сөзi де, өзi де жұмбақ ақ семсердей жалт-жұлт еткен бейнесi бiрде аяздай қарып, бiрде күн көзiндей күлiп тұрған ғажайып ағаны бала көңiлмен iздеп, менi арғы жағына көз жетпейтiн құла далаға, өмiрiмнiң алғашқы өрiне бастап тартқан жел қанатты, жұлдыз төбелдi ақсирақ тұлпарды тағы бiр көргiм келiп, тысқа шықтым. Бiрақ отты көз аға да, оның құла дүзде жұлдыздай ағу үшiн жаралған құлан жүйрiк арғымағы да бұл маңайдан көрiнбедi. * * * Бұдан кейiн жер-жиһанды астан-кестен еткен аласапыранды да­уылды жылдар, тұрымтай тұсымен кеткен қилы замандар өттi. Ел жарасы жазылмаған елуiншi жылдардың көктемi жеттi. Шымкенттiң орталық Совет көшесiнiң жұрт ағынында қарама-қарсы көзге ыстық шалынып, аяғын ширақ басып, ашаңдау тiп-тiк тұлғалы капитан шендi қазақ азаматы келе жатты. Ол кезде лейтенант шенiнде облыстық Iшкi iстер басқармасына жақында келiп, қызмет атқарып жүрген кезiм, оң қолды көтерiп, сәлем берiп өттiм. Келесi күнi сол маңайда кездесiп, сәлем берiп өте берген маған ол жалт бұрылды да: – Әй, iнiшек, тоқташы,– дедi. Мен бұрылып, оның қасына келдiм. – Иә, сен қайдан келген баласың, кiмнiң баласысың? – Мен бұрын Жуалыға қараған, бүгiнде Шаян ауданындағы Қошқарата, Талдыбұлақ жағынанмын, аға. Сондағы Әжiбеков дейтiн кiсiнiң... – Әй, сен Әжiбеков Тұрысты айтамысың? – Иә, сол кiсiнiң, аға. Капитанның өңiне қан жүгiрiп, реңi күреңiтiп, қайдағы бiр өткен шақты еске алғандай бiр сәт үнсiз тұрды. – Берi жүр, iнiшек, – деп менi аяқжолдан қиыстау оңашаға алып шықты. – Әкел, қолыңды, – ол қолымды қысып, арқамнан қақты.– Сен де өсiп, адам боп қалған екенсiң. Сонау бiр жылдары Жуалыда комсомол уәкiлi боп ауылдарыңа барғанда шауып жүрген кiшкене қарасирақ бала едiңдер ғой, сендер... Ай, астан-кестен өтiп кеткен жылдар-ай!.. Ал ендi Тұрекең аман ба? Ағаң аман ба? – Тұрекең аман. Ал аға... соғыстан оралмады. Ол сәл тұнжырап үндемедi... – Оқасы жоқ, қарағым, тұлпар да, сұңқар да құлан-таза шыға алған жоқ одан. – Ал iнiшегiм, – дедi капитан ендi өзi туралы сөйлеп. – Мен Аққұлов Исағұл­мын, НКВД-ның Киров ауданындағы бөлiм бастығы едiм, күнi кеше ауысып, осы облыстық басқармаға келдiм. Ендi тiптен жақсы, екеумiз бiр жерде қызмет ететiн болыппыз. Бұл кiсi өзге емес, сонау алыста қал­ған отызыншы жылдары өмiр-бақи, есте қалған көктемде Бауыржан ағамен қатар­ласып бiрге келген аудан уәкiлi Аққұлов едi. Мiне, осылай кездесiп, қайта табысқан Исағұл ағамен бiр қалада тұрып, бiр мекемеде қызмет атқарып жүрдiк. Кешiкпей ағамыз үй-iшiн көшiрiп те әкелдi. Ол қазiргi Тәшенов көшесiнiң жоғарғы жағында жеке әулi-жайлы алтыншы үйде тұрып жатты. Иса ағаның денсаулығы жұқалау, күн-түн қатқан қарбаласы көп жұмысты ауыр­лап, бiрер күнге жатып қалатыны бар. Жексенбiнi жiбермей, көңiл күйiн сұрап, хабар бiлiп тұратын едiм. Бiр күнi, елу алтыншы жылдың жазғы жексенбiсiнiң бiрiнде, әдеттегiдей сәлем бергелi Иса ағамның үйiне тарттым. Бұл кезде Исекең майор дәрежесiнде саяси бөлiмде қызмет етушi едi. Келсем, нарттай қызыл алмалары сам­сыған бау iшiнде Иса ағам қызыл текемет, шайы көрпелер жайғызып, ортаға ақ дастарқан жабылған аласа дөңгелек үстел қойғызып, өзi шайнек ұстап, шай құйып, өзiнен өрге таман ақ жастықты шынтаққа алып, бiр қырындап көлденең – көлбеп жатқан iрi, кесек тұлғалы, нар кеуделi кiсiге әңгiме айтып құстай түлеп, қызмет қып отыр. Күнгейдiң ыссы күнiне орай үстiне мол пiшiлген келте жеңдi сұрғыт көйлек, кең балақты кенеп шалбар киген ол сырт көзге қарапайым ел адамының бiрi сияқты едi. Бiрақ оның шебер мүсiншi тастан қашап жасағандай мiзбақпас сұп-сұр, жүдеулеу жүзi тым өзгеше көрiнедi. Бетпе-бет жүздесiп қол ұсынып, сәлем бергенiмде түксиген қыран қабағы астынан ұшқын ата жалт қараған өткiр жанары iштегi көрiнбес сезiмдi шайқап өткендей болды. – Әй, Еркiн, – дедi Иса ағам әңгiмесi арасында, – мына алдыңдағы ел-жұрт айта беретiн ағаң Бауыржан. Орныңнан тұр да, қолын алып, сәлемiңдi жөндеп бер, – дедi. Мұндайда сөз бар ма, жалма-жан ұшып тұрдым. Оның салқындау салалы оң қолын қос-қолдап сығымдап, бар ықыласымды көрсеткендей едiм. – Жә, отыр, – дедi ол жай ыңырана үн қатып. Әуелгi түксиген қабағы астынан оның сұсты жанары бұлт iшiнде найзағайдың отындай құбыла жалт еттi. Дүниеде ойдан ұшқыр, қиялдан жүйрiк нәрсе жоқ. Қанатты қиял сол сәтте қашанғы өткен жылдар мен күндердi шарлап кеттi. Көз алдымда сонау бiр алыс күндерде қынаптан суырған алмас қылыштай қылшылдаған жиырма екi жастағы Бауыржан тұрды. Онда ол қиянға шырқап кетер сылаң сұңқар бейнелi едi. Ендi ол ғаламды шарлап тұғырға қайта қонған темiр тегеурiндi қыран бүркiт сияқтанды. Шiркiн, уақыт, бәрiнен биiк, ұлы әмiршi өткен уақыт-заман-ай! Тағы да жылдар өтер, бiр кездерi мәңгi қажымас қайраулы қылыштай ағаны мына ұлы өмiрдiң өрiнде тұяғы тозған тұлпардай арыған-арыс кезiнде қайта айналып көрермiн деп кiм ойлаған. – Бұл бала, – дедi Иса аға ендi мейманына менi таныстырып, Қаратаудағы Қош­қарата-Талдыбұлақ ауылындағы Бай­ту­лы ата әулетiнен шыққан Тұрекең, Тұрыс ағамыздың баласы. Осында облыс­тық газетте iстейдi. – Қай Байтулы, қайдағы Тұрыс, – дегендей Баукең еңсесiн көтере түсiп, отты жанарын Иса ағаға аударды. – Сонау отызыншы жылдары Жуалыға қараған он сегiзiншi ауылда алғашқы колхоз бастығы Әжiбекұлы Тұрыс дейтiн бар емес пе едi, Бауке? – Е, болған. – Болса, мына отырған сол Әжiбек ұлының баласы. Баукең қайдағы өткен-кеткендi еске түсiргендей сәл үнсiз ойланды. Ойлана отырып қыран қабағын түксите Исекеңе қарап жайлап көтерген оң қолының сүмбiдей сұқ саусағын атуға оңтайлаған пистолет сияқты маған қарай бұрып: – Бұл – менiң ата жауым, – дедi. Тұла бойым дiр етiп, оның бетiне жай қарасам, әзiл-күлкiсiз сұсты күйде «бұл – менiң ата жауым» – деп тағы қайталады. Тек қолын түсiрiп, бетiн бұрғанда ғана оның көз қиығында бiр әжуа, мысқыл ұшқыны жылт еткен сияқтанды. Расы керек қой, манадан берi өзiм бес жасымда атын суарып, алдында өзiм бiлетiн әнiмдi бар даусыммен шырқап мадақталып, бүгiнде атақ-даңқы жер жүзiне дүңкiлдеген ағамды ойда-жоқта қайта көргенiме қуанып, өзiме жақын санап кеудемдi қуаныш пен мақтаныш кернеп отырғанда сол ыстық сезiмге әлдекiм мұздай су құйып жiбергендей тiксiнiп қалдым. Не деп болады, қашанғы ата-бабалар заманынан мына ұшы-қиырсыз кең дүниеге сыйыса алмай талас-тартыстарды бастан кешкен ағайынды қайран ел қан жүктескен, құн жүктескен күндерi болды ма екен, сiрә?! – Әкең бар ма? – дедi Баукең көңiлiм пәсейiп үнсiз отырған маған бiр кезде. – Бар, Бауке. – Ендеше, не себептi ата жау екенiмiздi әкеңнен сұра. Ойламаған жерде кездесiп, кiр шал­маған бала көңiлге бiр жұмбақ құйын ойнатқан Бауыржан аға бiршама үнсiз, ойға шомып отырды да, жай қоңыржай даусымен күндей күркiреп сөз бастады: – Сендер бiлуге мiндеттiсiңдер, ең үлкен нәрсе не? Я вас спрашиваю, – деп бiзден жауап күттi. Бала күнде «Жандыда балық үлкен, жансызда қамыс үлкен», бiр балықтың арқа қанатына қонып, ертелеп ұшқан құс құйрығына кешке жетiптi деген аңызды талай естiп едiк. Соны айтсам ба екен деп ептейленсем де, «қой, бiлгiшсiнiп бiр бәлеге қалармын» деп үндемедiм. Бiзден түк шықпасын сезген болар, ендi Баукең әлгi сүмбiдей сұқ саусағымен алдындағы дастарқан үстiндегi бiр үзiм нанды көрсеттi: – Мiне, дүниедегi ең үлкен нәрсе осы. Бiлгенге нан-тұздан артық нәрсе жоқ. Понятно тебе, – деп маған шаншыла қарап, екi көзi шатынап, зiрк ете қалды. – Понятно, – дедiм мен жай ғана басымды изеп. – Ендеше, мұны дәптерiңе жазып ал, я тебе разрешаю. Қазiр ғана шақпақтың отындай шарт ете түскен аға ендi шәкiртiне сабақ беретiн жай мұғалiм сияқтанды. Мен кiшкене қойын дәптерiмдi, қаламымды оңтайлап алдыма қойдым. ...Сталинград шайқасы бiткенде жау­дың 24 генералы, 2500 офицерi, 91000 солдаты тiрiдей қолға түскен. Бұл тоқсан үш – бес жүз жиырма төрт ауыз, соншалықты өңеш пен қарын... мұнша қалың нөпiр адамның астына жайлы төсек төсеп, басына жастық жастап, алдына табақ-табақ ас тартуға шама қайда ол кезде. Сегiз ай күндiз-түнi өртенген, қираған Сталинградта ондай жай, ондай күй қайдан болсын. Лажсыз сол тұтқындарды қойдай шұбатып, айдап апарып, таяудағы Красноармейск дей­тiн селодағы сиыр қораларға сабанды белден төсеп сонда паналатуға және «қонақтарға» майдандағы армия есебiнен «паек», дәм-тұз ұсынуға тура келген. Сонда сол тұтқындардың қайсыбi­реу­­лерiне сиыр қораның көң иiсi, қара нанның дәмi ұнамапты. Бұлардың ахуалын бiлуге келген лагерь коменданты – қызыл армияның майорына бiр фашист офицерi келiп: «Комендант мырза, бiздiң мұнда тұруымызға қарапайым жағдай жоқ, сiздердiң «қолға берiлгенде жағдай жасаймыз» деген сөздерiңiз қайда?» – дептi бетi бүлк етпей. Жеңiлген жау алдында мәртебесi мың есе биiк комендант майор бұл құзғынды келiстiре сыбап, ит-терiсiн басына қап­тауына болатын едi. Бiрақ ол олай етпеген. Ол соншалық сабыр сақтап: – Офицер мырза, бiз сiздерге әл­деқайда жақсы жағдай жасар едiк. Сталинград түгелдей қиратылған. Бұл маңайда бұдан артық баспана, бұдан дәмдi азық болмай тұр. Бұған өздерiңiз де кiнәлi. Бiз сiздердi қонаққа шақырған болсақ, тiптен басқаша күткен болар едiк. Так что, әзiрше тәттi шарап пен қазы-қартаны күтпей-ақ қойыңыздар, – деген. Тiптен қираған қаланың қараңғы, суық подвалдарында қар төсенiп, мұз жастанып, айлар бойы сұмдық азапта қиналып оқ атуын тоқтатпаған гитлершiл фанатиктердiң тұтқын лагерiнде бұрқ ете түскен iш ауруын тоқтатамыз деп, емдеу кезiнде бiрнеше Кеңес дәрiгерлерi мен медбикелерiнiң сол аурулармен бiрге өздерi опат болғанын не деуге болады?! Мұны бiз адамгершiлiктiң ұлы гуманизмi деймiз. Понятно тебе?! – Понятно, аға! Осы кезде: – Әй, Бағлан, тамақ дайын, көке­лерiңнiң қолына су құйғын, – деген әйел даусы естiлдi де, кiшкентай балақай құман алып келе жатты. Жанары жарқ еткен Баукең аз бөгелдi де: – Точка! На этом кончаю, – дедi жай ғана. * * * Сол жылы күзге таман шығыс Қаратауда, Қошқарата-Бес­шоқыны мекендеген туған елге жол түстi. Өткен жылы «паралич» дейтiн сал кеселге бiр жақ қол-аяқты берiп, төсекке жiпсiз таңылып, өткен-кеткеннен сәлем, әңгiме күтiп жалтақтап отыратын әкем – Тұрекең келгенiме қатты қуанды. – Ал, кәне, не жаңалығың бар, айта бер, – дедi әкем сәлемдесiп, жай-жағдай сұрап болған соң. – Өткенде мен сiздiң бiр ескi досыңызды көрдiм, көке, өте ақылды, сөзi өткiр кiсi екен. Кездесiп жөн сұрасу кезiнде ол менi: «Сен менiң ата жауымсың, себебiн әкеңнен сұра», – дедi. – Қалай-қалай? Не дейсiң?– деп әкем сау қолымен сүйеу жастығын қомдап, екi көзi жасаурап, еңсесiн көтергелi алға ұмтыла түстi. – Менi «ата жауымсың» дедi. Өзi де, сөзi де өткiр бiр қызық кiсi, – деп мен айтқанымды қайталадым. – Оббоуһи әкбар-ай! – деп әкем сау қолымен оң жамбасын сарт еткiзiп салып кеп жiбердi. Жылап отыр ма, әлде сiлесi қатып күлiп отыр ма, о жағы белгiсiз, екi көзiнен жасы сорғалап, аузы сөзге келмей, екi иiнi ұзақ бүлкiлдедi. Әлдебiр шақта жас жуған бет-жүзiн орамалмен сүртiп, шыныаяқтағы салқын шайдан бiрер жұтты. «Үһ» деп көкiрегiн кере дем алды. – Ой, азамат-ай, ой арыстаным-ай, жүр екенсiң ғой есен-сау! – деп басын бiрер шайқап қойды. – Соның өзi, соның сөзi... дәл солай деушi едi. Пай-пай, заман-ай! – деп әкем жүзiн күн шуағы шалған­дай нұрланып, қырлана түстi. – Сен Бауыржанды көрiпсiң ғой, балам, – дедi қатты толқыған әкем бiр кезде арнасына түскендей болып. – Ол кезде оның жиырманың үстiне жаңа шыққан, жайнаған жiгiт кезi. Қасына Iсмәтiлла Қалықұлұлы, Исағұл Аққұлұлы дейтiн қатарлас қызметтес достарын ертiп, бiздiң жаққа уәкiл боп келер едi. Төңкерiстен кейiнгi өрлеудiң жаңа кезеңi, жетiлген жастардың дүрiлдеп тұрған кезi. Қаншама заманғы көшпендi елдiң басын бiрiктiрiп ұйысатын шаруаның негiзiн жасап, Кеңес елiнiң қызыл туы астында жаңа өмiрдi бастаймыз деп дүрлiгiп жүрген кезiмiз. Қаншама ауыр бейнет шексек те, жастардың жүрген жерi – дуылдаған-думан, ойын-күлкi. Түнемеге ортамызда Бауыржан, оқыған жiгiттерден Тобаға­был, Беласарұлы Бейсе, Жұмағұлұлы Анаш, Қалықұлұлы Iсмәтiлла, Сауранбекұлы Еркiмбек, Молдатайұлы Жақыпбектер болып қашанғы өткен ататек, шежiреге таласып, дуылдасып қалушы едiк. Сонда шежiреге басқалардан жетiк Бауыржан көп iшiнде «мынау отырған – Әжiбекұлы Байтулының ұрпағы, «Бұл – менiң ата жауым» – деп, маған өзгеше тиiсер едi. «Менiң атам Бәйдiбек Байтулы iнi­сiмен әлденеше ауыл боп Қаратаудың жо­нында көшiп қонған. Атамыз дүниеден қайтқанда үш қатыны, оның iшiнде бiздiң әулие әжемiз – Домалақ ене (Нұрила) жал­ғыз ұлы Жарықшақпен жас жесiр боп артында қалған. Аға өлсе – iнi мұрагер, жас жесiр жеңгесiне мынаның бабасы (менi көрсетiп) Байтулы егелiк етуi керек емес пе. Сол Байтулы таз менiң Домалақ апамды менсiнбей, жұртта қалдырған. Со­ның кесiрiнен Жарықшақ бабам бала кезiнде жапанда жылап жалғыз өс­кен. Солай болғасын «менiң ата жауым Бай­тулының ұрпағы, мынау отырған Әжiбектiң баласы болмағанда, кiм болатын едi», – деп өжеттенiп, оттай жайнап, күлер едi. Бұл – отызыншы жылдардың сөзi. Содан берi аз-кемi жоқ жиырма жетi жыл өттi. Пай-пай, өзiңнен, сөзiңнен айналайын ерiм-ай! – деп өзгеше бiр толқыған едi әкем. * * * Өмiр керуенi толассыз алға, алысқа тартып, арада талай жыл өттi. Ендi мен шебер табиғаттың тағы бiр сәттi күндерiнiң бiрiнде Бауыржан ағамен Мәскеу-Алматы жүйрiк пойызы iшiнде бiр купеде келе жаттым. Әр кездегiдей қойын дәптерiм мен қаламымды оңтайлап, әңгiме күтiп отырмын. – Иә, өткен жолы сонымен немен тоқтаған едiк? – дедi Баукең ұзынша ақ мүштекке шаншылған темекiсiн бұрқ-бұрқ түтiндетiп. – Сiз Руза өзенiнiң батыс жағы – майдан шебiндегi алғашқы алапат шайқаста тұтас жау дивизиясының қоршауында қалған батальонды бетпе-бет ашық шабуылмен алып шыққансыз, – дедiм мен, бұдан сегiз жыл бұрын үзiлген әңгiменi еске алып. – Иә, қарағым, сол бiр жанкешу жо­рықта бiз адамзат бастан кешуге жазған қияметтiң бәрiн көрдiк. Қардай бораған жау оғының астында шейiт кеткен елдiң азамат ұлдарын жер қойнына тапсырып, жаралы жауынгерлердi бiрiн қалдырмай қару-жарағымен бiрге қоршаған ажал қамалын талқандап алып шығуға мiндеттi едiк. Адамдықтың, азаматтықтың жүрекке жазылған өшпейтiн заңы солай едi. Сол қиян-кескi күндерде жау бiр жолдасымызды өлтiрсе, бiз оның онын өлтiруге тырыстық. Зұлым жауды не­ғұр­лым көп қырып-жойсақ қана Отан алдындағы парызымызды өтейтiнiмiздi, адамзат тағдырын қорғап қалатынымызды бiлдiк. Отан бұйрығы, жүректiң әмiрi солай едi. Сол Ұлы шайқас тұсында әр қадам жер үшiн адам қаны судай ағып жатқан кезде Қызыл Армия тарихында аға лейтенант шенiндегi алғашқы полк командирi болдым. Жасым отыздан жаңа асқан кез едi. Мәскеу түбiндегi жеңiс жорықтағы Армияны, әскери бөлiмдердi, сан мың­даған жауынгерлердi өшпес даңққа бөледi. Мен басқарған батальон, полктен кеудесiне жарқыратып жұлдыз, орден таққан қаншама ерлер шықты. Әскери бөлiм сондай ерлiк даңқына ие болса, оны басқарған командирдiң де қол қусырып қарап отырмағаны ғой. Бiрақ сенер бол­саң, шырағым, сол жорықта мен кеудеме медаль таққан жан емеспiн. Солдат наградасының ең сыпайысы медаль болса, кезiнде ол да маған тиесiлi болмапты... Осыны айтты да, Баукең әлдеқашан сөнiп қалған темекiсiн қайта тұтатып, бұрқ-бұрқ түтiндетiп жiбердi де, оң иықта жарысып қалып бара жатқан құла дүзге терезеден көз тiгiп, бiр сәт үнсiз отырды. Сөйттi де, көмекейi гүрiлдеп, түксиген мұрты астынан ыңырана толғап, жайлап өлеңдеттi: Күннен пайғамбар Гунн туған, Гунн пайғамбардан мен туғам. Бiр дастан айтып берейiн, Ояншы, қазақ, ұйқыңнан. Атадан жалғыз мен туғам, Қас-кiрпiгiмдi мұз жуған. Бiр дастан айтып берейiн, Ояншы, балам, ұйқыңнан. Мен бiр жан бұл дүниеде арманы көп, Үстiнде киiмi бүтiн, тамағы тоқ, Қан майдан, қара жолды кешкен басым, Бұл күнде жауым да жоқ, оғым да жоқ!.. Адам зердесiне өмiрдiң қастерлi са­бағын әр кез осылай тебiрене жеткiзуден жаза баспайтын оның жан дүниесi бұл сәтте де жанылған қылыштай жарқылдап тұрды. Ол осындай тебiренiс үстiнде өзге тiршiлiктi, өз басының жай-күйiн мүлде ұмытар едi. Бұл жолы да солай. Түскi астың мезгiлi әлдеқашан өтсе де тек темекiсiн азық қып, алдындағы астан аузына түйiр нәрсе апармады. Солай болғасын: – Сiз мынадан алсаңызшы, аға, – дедiм мен оның алдында әлдеқашан суып қалған капуста сорпаны көрсетiп. Алдында ас тұрғанын ендi байқағандай ол сорпа толы тарелкаға түксие қарады. Оны қос қолдап көтерiп, қасықсыз ернеуiнен сораптап тауысты да, бос ыдысты орнына қойды. Дүр сiлкiнген қырандай қайта қырланып: – Иә, сонымен қайда келiп тоқтаған едiк? – дедi. – Сiз Мәскеу түбiндегi Ұлы шайқас­ты жеңiспен аяқтап, медаль да алмай қалдыңыз. – Иә, расы солай, қарағым. Солай болса да мен жерiмiзге жау боп келген немiстердi көп қырғаным үшiн көкiрегiме награда тақпады деп өкпелеген емеспiн. Қоластымдағы барша жауынгер, достарымның маған деген сенiмi, халық сенiмi менiң ең биiк наградам едi. Өмiр көргендер: «Адам жаны темiр емес, темiр де тозады», – дейдi. Анығында, ел үшiн, өмiр үшiн, ұрпақтар үшiн күреске белдi бекем буғандар темiрден де мықты болуға тиiс. Күтiмсiз темiр де тот басып шiридi. Ал өмiр үшiн, iзгiлiк үшiн адамдықтың ұлы жолын таңдаған халық ұлдарының өзi тозса да, жаны тозбай, жарқырап өтедi. Демек, қандай қасiрет шексең де адамдық, азаматтықтан артық қасиет жоқ. Точка! На этом кончаю, – дедi де, Баукең темекiсiне қол созды. Таусылмас өмiрдiң жолы оны ұлан өлкенiң алдағы шегiне, көз жеткiсiз қиырына бастап бара жатты. Еркiнбек ТҰРЫСОВ

3721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы