• Тұлға
  • 22 Желтоқсан, 2010

Тұғыры биік тұлға

d0b0d0bad0b8d0bc-d0b0d0bad182d0bed0b1d0b5«Болар бала он бесінде баспын дер» деген ұлағатты нақылдың қазақ жадында жатталып келе жатқанына да талай ғасыр өткен болар. Бүгін еккен талшыбықты дұрыстап күтіп мәпелесең, ол – ертеңгі мәуелі бәйтерек. Бұл да – өмірде дәлелденген шындық. Адам баласы да сол талшыбық сықылды, күтсең, тәрбиелесең таудай болып өсіп, туған елінің тұлғалы азаматы болып шығады. Жан-жағымызға қарайықшы,тіптен жаныңдағы пенденің де өткеніне сәл тереңірек үңіліп көріңізші, әрбірінің әрқилы өсу жолдары бар.Кейбір кезде адам баласына асығыс баға беріп жатамыз.Үлкен шенеунік болса, «иә, мұның әкесі болмаса арғы аталары мықтылар екен ғой, тіптен десеңіз – жоғарыда дөкей көкесі бар шығар» деп жорамал тон пішетініміз де өтірік емес. Ал, шынтуайтына келгенде, мүлдем кереғар жайттарға жолығасың. Оның нақты бір айғағы – бүгін біз әңгіме еткелі отырған, туған халқының шын сүйіктісіне айналған, өз ісінің нағыз шебері екенін әлдеқашан дәлелдеген, көпке қамқоршы, қашанда әділдікке жүрек төрінен орын берген, Елбасымыздың тапсырмасын екі етпей орындайтын, ұйымдастыру қабілеті аса жоғары, абыройы биік азамат – Ақтөбе облысының бүгінгі әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовтың өткен өмір жолы.

Әкесіз жылдар

Елекеңнің балдәурен шағы өзінің кіндік қаны тамған Қобда ауданы, «Бегалы» кеңшарының «Қызылту» ауылында өтті. Жазмыштан озмыш жоқ, басқа түскенді қабырғаң қайыса көтеру ерлікпен пара-пар. Уайым-қайғыдан мүлдем алыс, ағашты ат қып мініп шауып жүрген баланың көңілі күтпеген жерден құлазып сала берді. Елеусін бес жастан сәл аса бергенде отбасының ақылгөй қорғаны, туған әкесі Наурызбай аға қапыда өмірден озды. Бұл 1952 жыл болатын. Бала жүрегі бәрін терең сезінді, бұдан былай алдына алып мәпелейтін, «айналайын» деп емірене құшатын әке жоқ. Анасы Бақыт апа болса әкенің жоқтығын ұлына қаншама сездірмейін дегенмен, бала Елеусін бәрін білді, алаңсыз ойындарға түгелдей тежеу түсті. Елеусіннің бойжетіп қалған туған апасы Ақпатшаның да көңілі құлазыды. Бәрі де тірлік заңы, көнбеске шара жоқ. Бала Елеусінді әке қайғысы ерте қа­тайтты. Еркеліктің бәрі ұмытылды, үйдегі тірлік – бір мезгіл анасына қолғабыс берсе, одан кейінгі жауапты шаруа – жақсы оқу болды. Жетімдіктің ащы дәмін татқан сәттер де болмай қалмады. Қайсыбір балалар әлімжеттік жасаған кездері өз-өзінен қатты ызаланып, әкесін де жиі еске алатынды әдет қылды. Елеусіннің өзге балалардан өзгешелігі – спортты бала кезінен жанына серік етті. Оған өзінің табиғи икемдігі де бар еді. Бойшаң, қолдары ұзын, саусақтары да салалы болатын. Бұл оның әкесіне ұқсағандығы еді. Алтыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ өз бетінше жүгіріп, мектептің ескі турнигіне асылып, әсем жаттығулар жасағанын құрдастары, ауылдағы жасы үлкен аға­лары көріп, таңдай қағатын. Үйде де ескі қапшықтарды кәкір-шүкірлерге толтырып алып, ақ тер – көк тер болып соққылап жатқанын анасы талай рет байқаса да тек демейтін. Онысы баласын аямағаны емес, қатарларынан таяқ жемесін, өзін қай кезде де қорғай білсін деп намысын жани түскені болар. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, он екі жасында өзі сұранып жүріп, жазғы демалыс мезгілінде шөп шабатын косилкаға отырып, еңбек еткені де бар.Ондағы мақсаты – титтей де болса анама көмектесейін, осы үйдің болашақ тірегі өзім ғой деген түсінігі еді. Тіптен сол шөп шабатын косилка пышағына байқаусызда бір саусағы түсіп қалып қырқылғанда да, аса шыдамдылық танытқаны да бүгінгі азамат Елеусіннің әлі есінде. *** Елеусін ауылдағы орта мектепті жоғары бағамен аяқтады. Әп дегеннен алып-ұшып алыс қалаға, үлкен оқу орындарына талап та қылмады. Отбасы жағдайының көтермейтініне анық көзі жеткен ол көршілес Ойыл ауданындағы байырғы оқу орны, облыстағы ауқымды кәсіптік-техникалық училищеге келіп қа­былданды. Мектепті жақсы бітірді, сол тұстың өзінде-ақ аудан танып-білген былғары қолғап шебері атанды. Бокс­тан Кеңес дәуірінің алыптары атанған – Валерий Попенченко, Борис Лагутин, қазақстандық Әбдісалан Нұрмахановтар жайлы жазылған дүниелерді іздеп жүріп оқып, солардың спорттағы өмір жолдарына аса құмартатын... Жас Елеусін шаршауды білмейтін. Бәрін төменнен бастады. Ойылдағы кә­сіптік-техникалық училищеде оқи жүріп, сырттай он бір жылдық мектепті де аяқтады. Одан соң тағы талап – көршілес аудан орталығы Шұбардағы индустриялды-педагогикалық техникум­ға оқуға түсті. Ең қуаныштысы – Бақыт ана ешуа­қытта бір Алланы аузынан тастамай, ұлының кез келген талабына ақ тілеу айтудан шаршаған емес. Кешегі бала Елеусін сымбатты да көркем жігіт болып өсті. Ең өкініштісі – ұлының бүгінін, осы келбетін әке көре алмады. Жас болса да ауылдастары, оны танып білетіндер Елеусіннің бойынан үлкенге тән жақсы қасиеттердің бәрін байқайтын. Ол өте бауырмал болды, адам біткеннің бәрін өзімнің досым деп есептейтін. Оның бойындағы ақкөңілді­лік, байсалдылық, қарапайымдылық, кез кел­генге қолұшын беріп, қайырымдылық жасау – бесіктен басталған Бақыт ана­ның өнегелі тәрбиесі еді. АҒАЛАР РИЗАЛЫҒЫ Елеусін Наурызбайұлы алғашқы еңбек жолын кәсіптік-техни­калық училищеден бастады. Бас­тапқыда шебер, өндіріс жетекшісі міндеттерін абыройлы орындады. Ол қайда жүрмесін, қай мекемеде қызмет жасамасын бос уақытындағы үзбей баратын сүйікті мекенжайы – спорт залы еді. Сол тұстың өзінде Елеусін облысқа әбден танылған боксшы болатын. Өз салмағында әлденеше рет облыста жеңімпаз атанды. Жас маманның бұл өнерге деген қызығушылығы уақыт өткен сайын арта түсті. Иә, Ақтөбе топырағында дәл сол жылдарда есімін ел түгел білген, қыз­метімен, адамдық қасиетімен көпті тәнті еткен ағалар өте көп. От ауызды, орақ тілді, жанарынан ылғи да жылы леп есетін сондай тәжірибелі ағалардың бірі әрі бірегейі Есболай Мусин аға еді. Ұзақ жылдар облыстың ауыл шаруашылы­ғы саласында қызмет жасаған, бірнеше шаруашылықтарда басшы болып ел, халық құрметіне бөленген Есболай ағаны сол тұстағы республикадағы аса беделді облыс басшысы, Кеңес Одағының Еңбек Ері Василий Андреевич Ливенцовтың өзі аса құрметтейтін. Содан да болар, бүкіл республика аса көңіл бөлген болашағы зор сала – кәсіптік-техникалық білімді дамытудың облыстағы тізгіні Есболай ағаға жүктелді. Міне, осы жылдары Елеусін Нау­рызбайұлы Ақтөбе қаласындағы жетінші училищеде директордың орынбасары болып қызмет жасайтын. Бірде облыс орталығында өткен кәсіптік-техникалық білімді дамытудың бүгіні, ертеңі жайында әңгіме болған үлкен басқосуда училище директорының орынбасары жас Елеусін де өз қызметі жайында ой-пікірін ортаға салды. Кәсіптік-техникалық білімді дамыту – ауылды абаттандыру, елдегі тынысы мол – жаңа тыңға аттаныстың айқын бас­тауы екенін жиынға қатысушыларға талдап, дәлелдеп тұрып жеткізді. Дәл осында жас Елеусін кемелді ағалардың көбіне ұнады. Облыс басшысы Василий Ан­дреевич те аса риза көңілде қалды. Ұзамады, басқарма бастығы Есболай Мусин аға облыс басшысына ұнаған жас Елеусінді өзіне орынбасарлыққа қызметке тағайындады. Шындығында, бұл шешім Есболай ағаның ойында әлдеқашаннан бар болатын. Сол бір жылдары кәсіптік-тех­никалық білім беру жүйесі облыста аса мықтап дамыды. Кез келген аудан орталығында, колхоз-совхоздардағы ма­шина-трактор шеберханалары жанынан қысқа курстар ашылды, ауыл балалары алысқа ат арылтпай-ақ сонда білім алып, техника сырларына терең қанықты. Жүздеген жас машина рөліне отырды, трактор жүргізді, көбісі егін жинау науқаны кезінде комбайн штурвалына отырып еңбек етті. Ақтөбе облысындағы мұндай алға басушылық, жетістіктер республикада жоғары бағаланды. Осы салаға абыройлы басшылық жасаған Есболай Мусин ағамыздың есімі дәл сол тұстарда аса құрметпен аталды. Облыстағы кәсіптік-техникалық қызметтің бәйтерегі деп танылған Есболай аға мамандарды көп жағдайда сөзімен емес, атқарылған ісімен бағалайтын. Жанынан ылғи да өзіне ұқсап бағатындарды көргісі келетінін еш бүкпейтін. Елеусін Наурызбайұлы осы санатқа бірден ілікті. Тәжірибелі басшы Есболай аға жас ұстаздың бойынан адамға қажетті көп жақсы қасиеттерді аңғарды. Көркіне адамдығы сай жас жігіттен ертеңгі күні үлкен азамат шығатынын анық болжады. «Біздің ертеңімізді жалғастыратын осындай жастар ғой» деген түйінге келді. Есболай Мусин аға ұтылмады, облыс басшысымен келісе отырып, зейнет­ке шығар тұста облыстағы кәсіптік білім­нің тұтқасын Елеусін Наурызбайұлына ұстатты. Жастайынан еңбек көрігінде шың­далған Елекеңе үйреншікті саланың ұңғыл-шұңғылы түгел таныс еді. Бұл бағытта бұрын да жақсы іс-шаралар болған, орындалған, енді оны одан әрі дамыту ауадай қажет. Иыққа ауыр жүк түсті, сенім одан да салмақты. Басты мақсаты – абзал аға Есболай Мусин­нің өзіне деген сенімін ақтай отырып, ел құрметіне бөлену. Кәсіптік-техникалық білім – қыр-сыры көп сала. Қаладағы оқу орындарында, аудан орталықтарында, тіпті қайсыбір ауыл-селоларда мамандар жетіспей жатады. Яғни жедел кәсіптік мамандар даярлау қажет. Өз ойын осы­лай деп ұққан жаңа басшының бос уақы­ты болмады. Бір сүйсінерлігі – Елеусін Наурызбайұлы мәселені ірілі-ұсақты деп бөлмеді. Бұл – бір. Екіншіден, кабинетте отырып, көптеген іс түйіндерін телефон арқылы тындырудан аулақ болды. Әр минутын, сағатын жаңаша ізденуге, тың жол тауып, тығырықтан шығуға арнады. Ауылдарға жолы жиі түсті, ондағы проб­лемаларды өз көзімен көрді. Өз біл­генін өзгелерге барынша түсіндіріп, кө­мескілеу жерін сұрап алудан еш қысылған емес. Қарапайымдылық пен байыпты­лықты, әділдік пен әдептілікті, уәде мен шындықты серік еткен Елекең адам баласын ешуақытта алалап көрген емес. Шаруасы тығырыққа тіреліп, барар жері, басар тауы қалмаған талай жан­дар оның алдында болып: «рахмет, айналайын, Алла бағыңды ашсын» деген ақ тілектерін үнемі айтып жатты. Елекең сөзбұйданы жаны қаламайды, уәде берді ме – орындайды... МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ Тағы да асу, тағы да жаңа мін­дет, тағы да жоғары лауазым. Елеусін облыстық білім беру басқармасының бастығы болып тағайындалды. Сүйікті кәсібі ұстаздық болған соң ба, бұл саланы жаңартуға, жаңғыртуға бел шеше кірісті. Облыс мектептерін жаңа жүйеге көшіру, білімді оқушылар санын арттыру, ұс­таздар тәжірибесін насихаттау, жас­тарды спортқа баулу, еңбек тәртібін нығайту – ең басты межеге айналды. Рес­публикалық деңгейдегі кеңестер, ғылыми конференциялар Ақтөбеде жиі өткізіліп, осы аймақ ұстаздарының іс-тәжірибесі республиканың түкпір-түкпіріне таратылды. Сол тұстағы Қа­зақстан Республикасының Білім ми­нистрі Шайсұлтан Шаяхметов өзі әде­йілеп келіп, облыстағы оқу-ағарту деңге­йімен жан-жақты танысып, Елеусін Наурыз­байұлының жаңа қызметтегі қадамына аса ризалығын білдірді. Қарымды басшы осы кезеңдерде бір емес, екі оқу орнын – Ақтөбе педагогикалық институты мен Батыс Қазақстан ауыл ша­руашылығы инс­титутын бітіріп алды. Мұндағы мақсат кез келген басшы бүкіл саланы терең білуі тиіс деп түйген еді. ...Елеусін 1992 жылы тағы да атқа қонды, ол Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Дәл сол тұстарда Елеусін Ақтөбе топырағынан шыққан қазақ азаматтары арасынан алғашқы министрдің орынбасары еді. Бүкіл облыс қуанды, бес жасында әкеден қалып, бар ауыртпалықты адал еңбекпен жеңген жігерлі жетекші, оның адамдық келбеті, адал ісі облыстағы білім саласында жасаған жаңа реформалары министр Шайсұлтан Шаяхметовті қайран қалдырған еді. Министр қате­леспеген екен. Қызмет жасаған бастапқы кезден-ақ жаңа орынбасар Елеусін Нау­рыз­байұлының ойлы ұсыныс-пікірлері аса құнды әрі пайдалы болып шықты. Шайсұлтан Шаяхметов ағамыз да тегін адам емес еді – ақын, даңқты спортшы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері болатын. Елеусін Сағындықовтың тікелей араласуымен көптеген проблемалар үлкен алқаларда оңды шешімін тауып отырды.Республикадағы бүгінгі жүздеген лицейлер, гимназиялар, қазақ мектептерін көптеп ашу – министрдің жаңа орынбасары идеясынан туындаған іс-шаралар екенін Қазақстан педагогтары толық мо­йындады... *** ...1995 жылдың күзінде облыс әкімі Аслан Есболайұлы Мусин Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовты өзіне орын­басарлыққа қызметке шақырды. Алматы қаласы сықылды астанада тұру, министрдің орынбасары лауазымында қызмет жасау – кез келгеннің маң­дайына жазыла бермейтін бақ екенін көпшілік біледі. Мұны Елекең де екшеді, саралады,түптің түбінде өзінің туған еліне барып қызмет жасауды адамдық борышым деп есептеді. Оның үстіне бұрыннан өзі өте жақсы білетін, иықтаса жүріп бірге қызмет жасаған облыстың жас әкімі Аслан Мусинге көмектесуді парыз деп есептеді. Облыс жұртшылығы өздері құрметтейтін туған жер түлегін аса жылы қабылдады. Тағы да тынымсыз күндер мен түндер басталды. Оны дәл сол тұста шешілмейтін проблемаға айналып бара жатқан мұғалімнің, дәрігердің, басқа да мамандық иелерінің әлеуметтік жағдайы, тыныс-тіршілігі жиі мазалады. Шынында, бұл кезде аса өзекті мәселелер жеткілікті еді. Өндіріс пен кәсіпорындарда, мекемелерде бірнеше ай бойына қызметкерлерге жалақылары берілмейтін. Кейбір жоғары және орта арнаулы оқу орындарында тәртіп жағы босаңсып кеткен, үлгерім де мәз емес. Оған балабақшаның аздығын қосыңыз. Ата-аналары алаңсыз жұмыс жасау үшін бүлдіршіндердің ертеңін ойлау да – парыз. Елеусін Наурызбайұлы тағы да қыз­мет ауыстырды.1996 жылғы қараша айының 15-і күні Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл жаппай жекешелендірудің де сауатсыз шешіліп жатқан кезі. Беделі мықты, атауынан ат үркетін, қолдаушылары мен сүйенушілері жеткілікті бұрынғы алып кәсіпорындар мен өндірістік мекемелер жетекшілері осы талапайдан көбірек қарпып қалсам деп аранын барынша аша түскен шақ. Қала әкімі ретінде өткізген алғашқы жүздесу, танысу лездемесінің өзінде-ақ тәртіптің бірінші болып алға қойылатыны өзгелерге қатаң ескертілді. Әкім әңгімесі әп дегеннен-ақ мемлекеттік тілде басталды. Көп алдындағы бастау сөз қашанда ұлы Абайдың өлең жолдарынан, болмаса қарасөздерінен, тәлімдік нақылдарынан туындап жататын. «Тура биде туған жоқ...» дегендей, қызмет бабында ешбір басшыға жеңіл­дік жасалмады. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде атақ-даңқы алыс шетелдерге жетіп жатқан «Ақтөбеауылмаш» зауыты, ет комбинаты, қалалық сүт зауытының өндірістік көрсеткіштері өте төмен еді. Тіпті қайсыбіреулері жабылып қалудың аз-ақ алдында тұрды. Міне, қала әкімі осындай ұжым басшыларын көптің алдына шығарып, ұялтты, шаруаны түзеймін деген уәделерін алды. Бір сөзбен айтқанда, бойындағы бүкіл күш-қуатын адамдардың дұрыс тіршілігі мен жақсы өмірі үшін жұмсау қажеттігін мекеме басшыларына барынша түсіндірді. Денсаулықтың басты кепілі – тазалық жөнінде де қалада ауқымды шаралар жүзеге аса бастады. Жаңа гүлзарлар, жүргіншілерге арналған тротуарлар көбейді, көшелер кеңейтілді. Елеусін Наурызбайұлының тікелей нұсқауымен «Зеленстрой» мекемесі қаланы көркейту және көгалдандыру жөніндегі басқарма болып қайта құрылды. Қалада жарық мәселесі түпкілікті шешілді. Басты көшелерде жарық түні бойы жанып тұратын болды. «Алыстан арбалағанша жақыннан дорбалау» қағидасын берік ұстанып, қа­жет бұйымдар мен өнімдерді мүмкінді­гіне қарай облыс орталығынан өндіруге бетбұрыс жасалды. Бұл тұрғыда Елекең ең алдымен қаладағы кәсіпкерлер мен бизнесмендерге үміт артты. Олармен қоян-қолтық араласа жүріп, жетістіктерімен қатар мұң-мұқтаждарына да құлақ асты. Қажет кездерде олардың басын қосып, жиын өткізді. Қалалықтардың мүддесіне қарай оларға нақты тапсырмалар беріліп, орындау мерзімі бақылауға алынды. Сөйтіп, қаладағы аяқсыз қалған «сақалды» құрылыстарға жан бітті, иесіз нысандар санаулы айларда қалпына келтірілді. Кәсіпкерлер саны артты. Бірі нан бұйымдарын өндіретін біріккен кәсіпорын ашса, екіншісі өз дүкендері арқылы халыққа сапалы шетел тауарларын ұсынды, ал үшіншісі дінді қастерледі, мешіт ашуға бетбұрыс жасады. Қала құлпыру жолына түсті. Елбасының тікелей тапсыруымен 1998 жылғы жазда Ақтөбеде республиканың бас қалалары әкімдерінің үлкен жиыны өтіп, тәжірибе алмасты. Бұл ауқымды ша­раға Президент аппаратының сол кезде­гі басшысы Оралбай Әбдікәрімовтің өзі келіп қатысты. Теміржол вокзалы қайта жөнделді. «Қоныс» спорт сарайында сам­бодан әлем біріншілігі өтті. Ономасти­ка­лық комиссия жұмысы жандана түсті. Облыс орталығындағы көшелерге елім-жерім, халқым деп еңіреп өткен Тама Есет батыр, Махамбет, Әбілқайыр хан, Асау Барақ сияқты біртуар батыр аяулы тұлғалардың есімдері берілді.. ...Уақыт тағы да дегенін жасады, қала әкімі Астанаға бет алды, 2002 жылы Елеусін Наурызбайұлы сенаторлыққа сайланды. Дәл осы мезетте осы жолдардың авторы Елекеңнің қабылдауында болып, қысқа ғана пікірлескен болатын. Сонда жаңа мемлекеттік лауазымға бара жатқан әкім «Жоспар аса ауқымды еді, жеті жылда біткен іс ойдағы шаруаның бастауы ғана болатын, десе де, «үмітсіз – шайтан» деген, келер билікке сәттіліктен басқа айтарым жоқ» деген болатын. АҚТАЛҒАН СЕНІМ Иә, ең алдымен, Алланың ықы­ласы, ел-халықтың сағынуы Елеусін Наурыз­байұлын туған облысына қайта әкелді. Елбасы Жар­лығымен 2004 жылы 10 шілдеде облыс әкімі болып тағайындалды. Оның өз облысына басшы болып келуі ақтөбеліктерге жаңа серпін туғызды.Оның қала әкімі болған жеті жылғы қыз­метіндегі біткен істер, орындалған іс-ша­ралар халықтың жадында, көз алдында. Содан да болар, ұйымдастыру қабілеті аса биік басшының жаңа қадамына облыс жұртшылығы тек қана сәттілік тіледі. Оның әп дегеннен-ақ мемлекеттік тіл­ге деген терең түсінігі «мен қазақпын» деген ұлтжандыларды риза етті. Облыстағы өзі басшылық жасаған алғашқы алқа жиыны түгелдей қазақ тілінде өтті. Дәл сол жылдың қорытындысымен, өзі бұ­рыннан танып білетін ұлттық тілдің үлкен жанашырларына, «Қазақ тілі» қо­ғамының қадірменді белсенділеріне автокөлік, пә­тер сықылды аса құнды сыйлықтар табыс етілді. Бұл дәстүр жыл өткен сайын ауқымдала түсті, бүгінге дейін аса сәтті жалғасын тауып келеді. 2006 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап облыс то­лықтай мемлекеттік тілге көшті. Ұлттық тілді дамытуға облыстан жыл сайын мил­лиондаған қаржы бөлініп, оның сапалы игерілуі бақылауға алынды. Бұрын орыстілді болып келген – Хромтау, Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандарында мемлекеттік тіл күнделікті тіршілікке терең енді. Елеусін Наурызбайұлының кітап оқу – бала кезінен сүйікті ісі. Ол әлем әде­биетін аса құрметтейді, қазақ әде­биетінің ұлы классиктері – ұлы Абайдан бастап Шәкәрім, Мұхтар, Сәбит, Ғабиттің еңбектерін түгел тауысқан, жерлесіміз Тахауи Ахтановтың, жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармалары да – әкімнің сүйіп оқитын туындылары.Қазіргі ондаған мықты жазушылар, елге танымал журналистер де – Елекеңнің аса сыйласатын достары. Турасын айту керек, облысқа әкім болған жылдары Елеусін Наурыз­байұлының жеке идеясымен кешегі Кеңес Одағы тұсында мүлдем орындалмаған аса ауқымды проблемалар жүзеге асты. Соның бірі – автомобиль жолдары мәселесі. Күні кешеге дейін қаладан ең алыс жатқан –350 шақырымдағы Ойыл ауданына жету қиынның қиыны еді. Қыста тіптен ауыр болатын. Өткен жылы осы жол пайдалануға берілгенде елдің еңкейген қартынан бастап бесіктегі періштеге дейін қуанды. Ақтөбе-Әйтеке би жолының пайдалануға берілуі де аса үлкен жетістік болды. Ақтөбе-Ырғыз жолдары да аяқталу кезеңінде. Бұл іс-шаралар облыс әкімінің тікелей қатаң бақылауымен жүзеге асуда. Елді мекендерді газдандыру да жедел шешімін табуда. Нақты бір айғағы – Ресеймен іргелес жатқан Мәр­төк ауданына табиғи газдың жеткізілуі. Бү­гінгі таңда Қобда, Байғанин ауданда­рына да табиғи отын жеткізу іс-шарала­ры дамылсыз орындалуда. Елбасы тапсырмасы облыста қашан да бұлжытпай орындалады. 100 мектеп, 100 аурухана салуда да халық қуанған жұмыстар орындалды. Қазіргі таңда бүкіл аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде бүгінгі үлгімен салынған мектептер көздің жауын алады. Ақтөбе қаласы орталығындағы «Нұрғасыр» мешітінің пайдалануға бе­рілуі, ашылу лентасын Елбасының өзі әдейілеп келіп қиюы – халыққа мұнан артық қандай құрмет болуы мүмкін. Бұл, біріншіден, Президентіміздің облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлына деген сүйіспеншілігі, екіншіден, облыс жұрт­шылығына деген сенім болса керек. Соңғы бес жылда 1 млн. 200 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пай­далануға беріліп, 70 мың адам жаңа қоныс тойын тойлады. Аймақ жетекшілерінің рейтингі көп­теген елдерде биліктің атқарушы органының тиімді қызмет етуімен екшеленеді. Елеусін Наурызбайұлы соңғы екі жылда облыс әкімдері арасындағы рейтинг бойынша ылғи да алғы орында келеді. «Сіз өз аймағыңыздағы әкімге қаншалықты дәрежеде сенім білдіресіз?» деген сауалына ылғи да облыс тұрғындарының 95 пайызы «иә» деп жауап берген. Осы кезеңде Елбасының өзі облысқа үлкен сеніммен айрықша назар аударды. Облыстың алты серпінді жобасына Президентіміз «Қазақстанның бүкіл экономикасының локомотиві» деп аса жоғары баға берді. Әлемнің қандай елдері болмасын уақытша дағдарыс пен бейберекетсіздіктен құтылу, тығы­рықтан шығу тек қана күшті әрі қабілетті басшының қолынан келетінін айқындап берді. Халықтың ойынан шығу меже­нің ең үлкені деп есептеген. Елеусін Наурызбайұлы өзін дәл осындай, еш қиындықтан қорықпайтын жетекші екенін дәлелдей алды. Ол қашанда өз идеясының дұрыстығына сенді, соның орындалуы үшін шаршауды білмей қызмет етті. Елеусін Наурызбайұлының тағы бір ұтқаны – кадрға айрықша көңіл аударды. Оның жанына ылғи да қолынан іс келетін, ұйымдастыру қабілеті жоғары, ойы өрелі, түсінігі терең азаматтар жиналды. Қай саланы кім басқара алады? Облыс әкімі өзіне осылай сауал қою арқылы жетекшілерді тағайындады. Бү­гінгі басқарма басшылары Мәлік Жекеев, Жақсығали Иманқұлов, Патрис Нокин, қала әкімі Архимед Мұхамбетов, аудан әкімдері Есімхан Есенбаев, Мұхтар Жұмағазиев, Серік Шаңғұтов, Айбек Сағиевтар – халық құрметіне бөленген басшылар. «Ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі» қағидасын жанына серік еткен Елеусін Наурызбайұлы өзінің кіндік қаны тамған – «Қызылту» ауылын ешуақытта жадынан шығарған емес. Бұл өңір – талай жақсылар өмірге келген, арыстар тіршілік еткен мекен. Өз атасы Сағындық баба, онан берідегі Наурызбай әкенің бүкіл өмірі мен қызмет жолдарының куәсі де – осы мекен. Сонау бір тәуелсіздік бастауында жетімдеу күй кешкен туған ауылын көргенде Елекеңнің шынында жүрегі сыздайтын. Ауылымды қайтсем тікейтсем деп талай мазаланған. Дәл оның осы идеясын сол топырақта бірге туып, бірге өс­кен досы, республикаға танымал кәсіп­кер Төлеген Таңатаров қуана қолдады. Қолұшын беруге сол топырақтан шыққан басқа да азаматтар қосылды. Бас-аяғы алты-жеті жылда туған ауыл танымастай өзгерді. Ондаған үйлер бой түзеп, жаңа көшелер өмірге келді, орта мектеп, жастар үйі, стадион, жаңа мешіт салынып, пайдалануға берілді. Адамдар қатынауы қиын болып жүрген терең арыққа көпір салынып, жолдар асфальтталды. – «Қызылтуды» көркейтудің архитек­туралық құрылымын жасаушы, идея ав­торы Елеусін Наурызбайұлының өзі бол­са, біздер – орындаушыларымыз. Кә­сі­бімізден түскен қаражатымызды еш аяған жоқпыз. Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған ауылды көркейту бәріміздің де азаматтық борышымыз деп ұқтық. Міне, қазір туған ауылымның тұрғындары оның рахатына бөленіп отыр. Олардың Елеке­ңе, бізге алғыстан басқа айтары жоқ, – дейді кәсіпкер Төлеген Таңатаров. Елеусін Наурызбайұлы облысқа бас­шылық жасағалы бері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбеге келуді жиілетті. Әр сапарында жаңа өзгерістерді көріп, әбден риза болады. Жақында Президентіміз тағы да Ақтөбеге келді, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жаңа саябақтың лентасын өз қолымен қиды. Республикалық бұқаралық-ақпарат құралдарында жарияланған материал­дарды негіз деп есептесек, «Елеусін Са­ғын­дықов – облыс экономикасын өркен­детудің бүкіл сара жолын толық меңгерген аса білімдар әкім әрі үлкен саясаткер». «Менің мақсатым – халқыма қыз­мет ету, осы жолдағы Елбасы тапсырмасын мүлтіксіз орындау», – дейді Елеусін Наурызбайұлы... Соңғы жылдары оқушылар мен студенттерге автобустарда жеңілдіктермен жүру қамтамасыз етілді, студенттік құ­рылыс отрядтары қайта жандандырылды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, жауынгер-ауғандар, көп балалы аналар коммуналдық қызмет ақысынан түгелдей босатылды. Елеусін Наурызбайұлы – аса қам­қор­шыл адам. Алдына қиналып келген кез келген пенденің шаруасы бітпей қалған емес. Бірде мынандай жайдың куәсі болдық. Егде жастағы ана жылап келді. Ұлының екі бөтекесі жұмыс жасамай қалған. Қытай елінде жатыр. Шұғыл 3 миллион теңге көлемінде көмек қаражат керек. Ана өтініші ұзамай-ақ шешімін тапты. Мың да бір рахметін айтқан ана да, емделіп шыққан бала да облыс әкімінің жасаған жақсылығын мәңгі ұмытпақ емес. Мұндай жайттар облыс әкімінің күнделікті қызметінде жиі болып жатады. *** Иә, бес жасында қамқор әкесін жоғалтқан Елеусін Наурызбайұлының одан бергі жүріп өткен өмір жолы өнегелі. Ол қай қызметте болмасын әркез абырой биігінде келеді. Алғаны – алғыс, естігені – жылы сөз. Әсіресе, тәуелсіздік жыл­дарындағы қызметі аса айрықша.Облыстық оқу бөлімінің бастығы, білім министрінің орынбасары, облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі, Сенат депутаты және Ақтөбе облысының әкімі. Осы қызметтерді атқарған тұстарда оның соңынан бірде-бір рет бұрыс әңгіме айтылған емес, қашанда халықтың ал­ғысын алып, ықыласына бөленіп келеді. Қа­зіргі таңдағы тағы бір абыройына те­рең талдау жасасақ – зейнет жасына шығып, әлі де абырой биігінде, облыс әкімі лауазымында жүрген республикадағы тұң­ғыш тұлға екенін ескерсек, адам баласына мұнан артық қандай бақыт керек. Оның үстіне өткенде келгенде Елбасы­ның: «Айналайын Елеусін, қызметіңе өте ризамын, облысыңды алға шығардың, осы бағытыңнан тайма», – деп әдейілеп айтқан жүрекжарды сөзі оған жаңа қуат бергендей әсер етті. Иә, Елеусін Наурызбайұлының бо­йын­­дағы әке-шешеден дарыған асыл қасиет­тері оны ылғи да алға жетелейді. Бір жылы оның абыройлы қызметін жоғары бағалаған Президент Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен әкім төсіне «Барыс» орденін тақты. Ол – облыс басшысы, үлкен ғалым, экономика ғылымдарының докторы, ба­қытты отбасының иесі. Адал жары Мінаура екеуі бүгінде туған халқына адал қызмет етіп келе жатқан Гүлмира, Рүстем, Әлия атты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Қорыта айтқанда, біз әңгіме еткен бүгінгі бас кейіпкер – Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов туған халқының сүйіктісіне айналған, Елбасының сенімді серігі деңгейіне көтерілген тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғырлы тұлғасы. Сексенбай КҮЛІМБЕТОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі Ақтөбе қаласы

6889 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы