• Руханият
  • 22 Желтоқсан, 2010

Ислам – ізгілік бастауы

211210-517 желтоқсанда Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан Мұсылмандарының 5-ші құрылтайы өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі, Астана, Алматы қалалары мен облыстарының бас имамдары, ҚМДБ-ның жанындағы ақылдастар алқасының, Ғұламалар алқасының мүшелері, мұнымен қоса Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия мұсылман жамағаттарының өкілдері қатысты.Құрылтай жұмысын ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ә.Дербісәлі кіріспе сөз сөйлеп ашқан соң, мінбеге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары М. Әшімбаев көтерілді. – Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біраз жұмыстар жасалды, – деді М.Әшімбаев. – Соның нәтижесінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Ең бастысы, тәуелсіз мемлекетіміз­дің институттарын қалыптастырдық. Нарықтық экономиканы дамытып жатырмыз. Халықтың әл-ауқаты жыл­дан-жылға жақсаруда. Осыдан екі апта бұрын Астанамызда ЕЫҚҰ-ның Саммиті өтті. Онда бүкіләлемдік саясатқа, қауіпсіздікке қатысты үлкен шешімдер қабылданды. Осының бәрі – Елбасымыздың саясатының нақты өнегелері мен жемістері. Өткен 19 жылда еліміздің рухани саласында да біраз жақсылықтар бар. Халқымыз дінге бет бұрды. Елімізде 2 мыңнан астам мешіт салынды. Жыл сайын бірнеше мың азаматымыз қажылыққа барып жатыр. Осының бәрі – ел бірлігінің және Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының нақты жемісі. Елбасымыз қашан да Ислам дінінің біздің қоғамымызда рухани құндылықтарды таратуда, ұлтаралық ынтымақтың тұрақтылығын, бірлік­ті сақтаудағы рөлін ерекше айтып жүр. Елбасы Қазақстан Мұсыл­мандарының 5-ші құрылтайына да өзінің жүрекжарды сәлемін жіберіп отыр. Сол құттықтауды оқып беруге рұқсат етіңіздер: Баршаңызды Қазақстан Мұсыл­мандары 5-ші құрылтайының ашы­луымен шын жүректен құттық­тай­мын! Бүгінде егеменді еліміз адамзатты имандылық пен ізгілікке, дәс­түрлі діндердің кең қанат жайып, тамырының тереңдеуіне жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Соның нәтижесінде Ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орны­ғуына сүбелі үлес қосуда. Респуб­ликамыздағы түрлі дін өкілдерінің татулығы әлемдік қауымдастыққа үлгі-өнеге ретінде танылуда. Қазақстан биыл Еуропадағы Қа­уіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төраға болып, Астанада жаңа мыңжылдықтың тұңғыш Саммиті жоғары деңгейде өтті. Алдағы жылы Ислам конференциясы ұйымына жетекшілік етеміз. Ол әлемдік дең­гейдегі абырой-беделіміздің одан әрі арта түсуіне себеп болары анық. Ел халқының басым бөлігін құрай­тын мұсылман қауымы Отанымыздағы бірлік пен ынтымақтың бекем болуына үлес қоса береді деп сенемін. Алла Тағала қайырлы істерімізді қабыл етіп, береке-бірлігімізді баянды етсін. Құрылтай жұмысына табыс тілеймін. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев». Премьер-министрдің және өзі­нің құттықтауын оқуға Мәдениет ми­нистрі М.Құл-Мұхаммед мінбеге көтерілді. – Бисмилляһир-Рахманир-Рахим! Құрметті мұсылман бауырлар! Ең алдымен, баршаларыңызға, Қазақстан Мұсылмандарының бү­гінгі 5-ші құрылтайының сәтті өтуіне шын жүректен тілектестік білдіремін. Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің құттықтауының бір азатжолын ғана оқып берейін. «Дін адамзатты ізгілікке, бауыр­малдыққа, туыстыққа, татулыққа шақырады. Ал татулық пен иман­дылық бар жерде, әрине, жарқын өмір де болады. Құрылтайдың жақсы өтуіне және барша істеріңізге сәттілік тілеймін!» Бұдан соң ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі 2005-2010 жылдарға арнал­ған есепті баяндамасын жасауға мінбеге көтерілді: – Құрметті имамдар! Қадірлі бауырлар! – деді Ә.Дер­бісәлі. – 2005 жылдың сәуір айы­ның 19-ында Республика Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ал­матыдағы резиденциясында Бас мүфтиді қабылдағаны естеріңізде болар. Онда ҚМДБ-ның атқарып жатқан игі қызметі, еліміздегі діни-рухани ахуал секілді т.б. бірқатар өзекжарды мәселелер жайлы сөз болды. Мемлекет басшысы Діни басқарманың алдағы жоспарымен танысты. Елбасы Бас мүфтидің Қазақ­стандағы имандылық, ұлттар мен ұлыстар, дінаралық достық, рухани тәр­бие саласында атқарған сан салалы еңбегі және діни істерді өркениетті жолмен дұрыс ұйымдыстыра алғаны, соған байланысты дін беделінің де көтерілуіне қосқан үлесі үшін ризашылық білдіріп еді. Сондай-ақ сол күні Президент Алматыдағы өз ордасына Дінбасымен бірге Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыстардағы өкіл имамдарын да қабылдады. Елбасы республикамыздың Ислам діні өкілдерін хазіреті Мұхам­мед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ту­ған күні, мәуліт ан-набауи аш-ша­риф мерекесімен құттықтай келе: «Мемлекеттік қат-қабат шаруаның көптігіне қарамастан, бүгін сіздермен дидарласуды жөн деп таптым. Оның үстіне Әбсаттар қажы Дербісәлі осы кездесуді көптен менен өтініп жүр еді. Сіздермен пікірлесіп, болып жатқан жағдайды бір-бірімізге айтып, дін мәселесі жөніндегі ойымызды ортаға салудың сәті түскендей», – деді. Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев назарымызды үлкен бес мәселеге аударды: 1. Діни үгіт-насихат. 2. Дін қызметкерлерін, дінтану­шыларды даярлау. 3. Діни экстремизм және лаңкес­тікпен күрес. 4. Мұсылман қауымының өз ішін­дегі береке-бірлік. 5. Қажылық. Осы мәселелерді дін қызметкер­лері қаперде ұстап, амалға асыру керектігін ескерте келе, халықты имандылыққа шақыру жолындағы ізгі істерімізге жеміс тіледі. Міне, бес жыл өтті. Не істелді? Қол жеткізген жетістіктеріміз қандай деңгейде? ҚМДБ әдеттегідей өкіл имамдары арқылы республиканың барлық мешіттеріндегі діни уағыз-насихат жұмыстарын қадағалап отырды. Әсіресе, жұма намазы алдында халыққа уағыз айту мәселесіне үлкен мән беріліп келеді. Уағыз-насихат дініміздің асыл құндылықтарын кеңі­нен қамтыды. Мәселен, жаһанды жайлаған қаржылық дағдарыс кезін­де еліміздің барлық мешіттерінде халықты сабырлылық пен қанағатқа, үнемшілдікке шақырып уағыз айтылды. Мұнымен қоса жұма мен күнделікті намаздардан кейін де ғылым, ғайбат, Отан, бала тәрбиесі, имам Ағзам (р.а.) мәзһабы, Исламның бүгінгі жайы, отбасы, үлкен күнәлар, Құран Кәрім қасиеттері, намаз, шүкіршілік, ақырет күніне сенім, Алла Тағала разылығы, дұға шарапаты, жан тазалығы (жүрек, ар-ұят, рух), тәуекел, тақуалық, иман, жақсылық пен жамандық, қасиетті айлар, адал ас, адал сауда, ораза, Қадір түні, са­дақа, сараңдық, жаннат, жәһаннам, ризық-несібе, үлкенге құрмет, кішіге ізет, Құрбан айт секілді т.б. көптеген тақырыптарда уағыз айту үзілген емес. Сондай-ақ Елбасының 2010 жылғы дәстүрлі Жолдауы да Ислам құндылықтарымен байланыстырыла отырып, халыққа насихатталды. Бүгінгідей ғылым мен техника, технология қарыштай дамыған қоғамның жан-жақты дамуына жастардың көбірек серпіліс беретіні мәлім. Асыл дінімізге көптеп бет бұрып, мұсылмандық қасиеттерді бойына сіңіріп жүргендер де, негізінен, солар. Бұл баршаны қуан­тады. Сондықтан еліміздегі академия, университет, институттарда, колледждерде, мектеп, лицей, гимназияларда оқып жүрген жастарға дініміздің өміршең өнегелерін уағыздау жұ­мыстарын ҚМДБ дәйім басты назарда ұстап келеді. 2005-2010 жылдар аралығында еліміздің үлкенді-кішілі оқу орындарының түгелге жуығы дін мамандарымен арнайы кездесулерден рухани қуат алып отырды. Бұл – әбден қалыптасып, бір жүйеге түскен іс-шара. Облыстарда­ғы өкіл имамдар бұл жұмысты үнемі қадағалап отырды. Дін қызметкер­лері мұндай іс-шараларды құзырлы орындардың қатысуымен де атқар­ды. Мәселен, 2009 жылдың 14 сәуірі мен 22 мамыры аралығында Орал қалалық мешіт имамдары облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық әділет департаменті қызметкерлері және жастар қоғамдық бірлестіктері өкілдерімен бірлесе отырып, облыс орталығындағы 34 орта мектептің оқушыларымен «Діни экстремизм­нің алдын алу және жастарды иман­дылыққа тәрбиелеудің кейбір мә­селелері» тақырыбында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын өткізді. Сонымен қатар көптеген оқу орындарының басшылары да имамдарды шақырып, мұндай тәрбиелік мәні зор шараларды өткізуді өрбіте түсті. Оқушылар мен студенттердің діни кездесулерге айрықша ықы­лас танытуы жастардың Исламға қан­шалықты шөліркеп отырғандығын аңғартса керек. Ислам дінінде Алла Тағала қадірлі еткен, әрбір мұсылман үшін қасиетті саналатын бірқатар мүбарак уақыттар бар. Олардың қатарына Рамазан және Құрбан айттарын, Қадір түнін, мәу­літ мерекесін, миғраж, бәраат түндерін жатқызуға болады. Мешіттерде оларды дәстүрлі түрде атап өтудің уағыз-насихат тұрғысынан ұтымды тұстары көбірек көрінді. Бұл бағыттағы шаралар жыл са­йын мазмұны мен өткізілу формасы жағынан өрісі кеңейіп, жаңаша сипатта даму үстінде. ҚМДБ қызметкерлерінің пәр­менді уағыз-насихаттарының нәти­же­сінде өзге ұлт өкілдері де Ислам дінін шын ниетпен қабылдауда. Мысалы, Алматы қаласының өзінде 2009 жылы басқа дін өкілдерінен 50 кісі мұсылмандықты қабылдады. Оларға діни басқармада Қадір түніне орай ауызашар беріп, арнайы сыйлықтар үлестірілді. Бұл жағдай басқа облыстарда да көрініс табуда. Құрбан айт мерекесін де жұрт жыл сайын үлкен ілтипатпен қарсы алуда. Өкіл имамдар арнайы дайын­дық жасап, Құрбан айтта мешіттер­ге сыймаған жамағатқа дініміз­дің асыл құндылықтарын жеткізіп, өздеріне қатысты қала, аудан, ауыл имамдарының да бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалануына жол сілтеп отырды. Мешіттерде шалынған құр­бан еттері тізім бойынша мұқтаж отбасыларға таратылып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары – дінімізді кеңінен жеткізудің ең тиім­ді тетігі. Республика деңгейінде жарық көретін газет-журналдарда және ҚМДБ-на қарасты «Ислам және өркениет» (50 мың данамен 1 айда 3 рет шығады) газеті мен «Иман» журналында (10 мың данамен айына 1 рет шығады) шариғи мәселелер жан-жақты көрініс тапты. Аталмыш басылымдар тұсауы кесілгелі дінімізге қатысты мазмұны терең сапалы ма­қалаларымен Ислам дінін тұшым­ды тілмен жеткізіп келеді. Халық көкейінде жүрген өзекті сұрақтарға ұтымды жауаптар мен пәтуалар, түрлі мысықтілеулі миссионерлер мен кертартпа ағымдар туралы мәселенің ақ-қарасы ашылған мақалалар да осы басылымдарда жариялануда. ҚМДБ облыстарда сырқат жан­дар, бас бостандығынан айырылған­дар, түрлі себептермен ата-анасыз қал­ған жетімдер мен бала-шағасы тастап кеткен қарттарға үмітсіздікке салын­бау, сабыр, қиындықтан кейін жақсы­лық келетіні, ме­йірім, ақыретке, тағдырға иман сияқ­ты тақырыптарда кездесулер ұйым­дас­тырып, демеушілер арқылы түрлі қайырымдылық шаралар өткізіп отырды. Мұнымен қоса өкіл имамдар­дың басшылығымен туберкулезге қар­сы күрес диспансерлері, еңбек­пен түзеу колониялары, әскери бө­лімдер, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін жандар мекемелерінде, т.б. қоғамдық ұйымдарда кездесулер өткізілді. Елімізде Ислам діні ғылыми ортада да насихатталуда. ҚМДБ бұл істі үнемі назарда ұстап келеді. Мәселен, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ә.Дербісәлінің әлемдік деңгейдегі конференцияларда жиі баяндама жасап жүргендігін қоспағанда, ҚМДБ-ның дін мамандары мен облыстарда­ғы имамдары ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, діни баяндамалар жасап жүргенін айтқан жөн. Өткен жылғы 3-5 қараша күндері Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ислам өркениеті және Қазақстандағы діни мәселе­лер» атты халықаралық ғылыми-тео­риялық конференция өтті. Оған әлемнің 20-ға жуық елдерінен меймандар қатысты. Сол кон­ференция­ға ҚМДБ қызметкері, дін маманы Қ.Ержан мен Оңтүстік аймақтардың өкіл имамы А.Төле­генов қатысып, баяндама жасады. 2009 жылы 9-10 желтоқсан күн­дері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы Ха­лықара­лық қазақ-түрік университетінде ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі мен «Көкжиек» баспасының ұйытқы болуымен «Иманды ұрпақ – жарқын болашақ!» атты діни кеш өтті. Онда діни уағыздармен қоса діни өлеңдер де оқылды. Бұл іс-шараға аталмыш екі оқу орнының 700-ге жуық студенттері қатысты. Елімізде көрініс тауып отырған жат ниетті ағымдарға байланысты ҚМДБ мамандары мен өкілдері көп жұмыстар жүргізді. Кездесулер мен конференцияларда дінді жамылған псевдодіншіл ұйымдар туралы түсіндіру мәліметтері берілді. Сонымен бірге уағыздарда секталар мен жатжерлік миссионерлер­дің көздеген, діттеген мақсат-мүддесі, зымиян әрекеті ашып көрсетіліп отыр­ды. Түрлі секталардың алабөтен іс-әрекеттері жайлы мақалаларда ғана емес, уағыздарда, кездесулер мен сұхбаттарда жиі айтылды, яғни Елбасының діни үгіт-насихат жайлы тапсырмасы қашан да ҚМДБ-ның жадында болды. Иә, Кеңес дәуірінде діни кадр дайындайтын оқу орындары болмағандықтан, имамдарымыздың басым көпшілігінің арнайы діни білімі жоқ еді. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2002 жылы тамыз айында Алматы қаласында имамдардың білімін жетілдіретін республикалық Ислам институты ашылды. Онда бүгінге дейін 700-ден астам имам-молдалар білімін жетілдірді. Мешіттер саны көбейіп келеді. Мысалы, 2005 жылы республикамызда 1751 мешіт тіркелсе, бүгінгі таңда оның жалпы саны 2300-ге жетті. Бұл, әлбетте, дін мамандарына деген сұранысты арттырды. Мақсат – медресе бітірушілердің санын көбейту емес, Исламның қадір-қасиетін түсінген, жүрегіне иман нұры ұялаған, сөзімен де, өнегелі ісімен де халқымызды ізгілікке бастайтын мамандар әзірлеу. Бұл ретте 2005-2010 жылдар аралығында республика көлемінде 2 республикалық, 6 аймақтық медресе ашылды. Нақтырақ айтқанда, 2007 жылы Астана қаласында, ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қоста­най, СҚО жастары үшін «Астана медресесі» іске қосылды. «Шымкент медресесі» ашылды. Онда Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда мен Жамбыл облыстарының жастары оқиды. 2007 жылы «Астана» медресесі ашылды. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Бұл медреседе шәкірттер ақысыз білім алады. 2010 жылы медресенің алғашқы түлектері аталмыш оқу орнын бі­тіріп шығады. Бұл медреседе Нұр-Мүбарак Египет Ислам Мәдениеті университетінің түлектері мен Астана мешіттерінің имамдары дәріс береді. Медресенің оқу ғимараты толықтай жабдықталып, кітапхана қоры 2000-ға жуық әртүрлі қажетті оқу құралдарымен толықтырылған. Қасында 100 шәкіртке арналған жатақханасы мен асханасы және әжетханалары бар. 2008 жылы Ақтөбе, Орал, Павлодар қалалары мен Шамалған кентінде аймақтық медреселер ашылды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ә.Дербісәлінің есепті баяндамасы өзінің терең мағыналығымен, сан салалы, жан-жақтылығымен дара­лан­ды. Онда ғылым-білім және діни-ағар­ту жұмыстары да, мешіттермен, имамдармен жұмыстар да, халықара­лық байланыс мәселелері де, БАҚ-пен жұмыс та, Астана мен Алматы бойынша атқарылған басты-басты іс-шаралар да кеңінен қамтылды. Бұдан соң ҚМДБ Тексеру ко­миссиясының төрағасы Б.Бекмұ­ратовтың 2005-2010 жылдарға ар­налған есепті баяндамасы және мандат комиссиясының хабарламасы тыңдалды. Ал жарыссөзге шыққан діни қызметкерлер өз саласы бойынша атқарылған нақты жұмыстарына тоқталды. Құрылтай соңында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ә.Дербісәлі бірауыздан бес жылға қайта сайланды. Толымбек ӘБДІРАЙЫМ Астана

4843 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы