• Қоғам
  • 22 Желтоқсан, 2010

Жаңа жобалардың тұсауы кесілді

Астанада «Қазақстан» орталық киноконцерттік залында Индустрияландыру картасының жаңа жобаларының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға Президент Нұрсұлтан Назарбаев және Үкімет мүшелері мен бірнеше облыстың әкімдері қатысты.

Жиын «біссімілләсі» барлық өңірлер­дің көрмелік экспозицияларын аралау­мен басталды. Онда заманауи өнертабыстық жаңалықтарға бейжай қарамайтын Қа­зақстан кәсіпорындары тамашаланып, жұрт көзінің жауын алды. Жалпы, осы көр­меден-ақ қазақстандық нарықтың тынысын танып, бағдарын бағамдауға негіз көп. Ең бастысы, инновацияны ендіру­ші кәсіпорындардың өзара бәсекелесті­гі айқын сезіледі. Өздерінің беткеұстар жаңалықтарын жайған компаниялар көрмені көрген ел басшылығына төл же­тістіктерін жарыса айтып жатты. Ал осы көрмеде аймақтар жабдықтаған, өңірлерде Жаңа индустрияландыру саясаты аясында қолға алынған жобалармен танысу барысында Нұрсұлтан Назарбаев әкімқараларға бірқатар ескертпелер де жасады. Бұл жерде көпшілік Ақордаға аймақтардан арна тартатын көрсеткіштер мен деректер тасқынын Ұлт көшбасшысының тамаша меңгергеніне тағы да тәнті болды десек, сірә да, қателеспейміз. Мысалы, әлдебір салада олқылыққа жол берген әкімдер онысының ел басшылығының назарынан тыс қалмасына шек келтірмесе де болатындай. Бір ғана дерек, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко өзіне сеніп тапсырылған өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерін жете білмегендігі үшін Президенттің қатаң сынына ұшырады. Ал Атырау өңірінің басшылығына Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске инвестицияны қазіргіден молырақ тарту қажеттігін айтты.

Осы орайда ақтөбеліктердің мемлекетіміздің өрлеуіне және Елбасының осы бастамасының іске асуына қосар үлесі ел басшылығының көңілін көншітті. Индустрияландыру картасы жобаларын Ұлт көшбасшысына таныстыру барысында Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов өз өңірінде Индустрияландыру картасы аясында 84 жоба іске асырылатындығын мәлім етті. Бәрін айт та, бірін айт, соңынан аймақтармен «Қуатты Қазақстанды бірге тұрғызамыз» атты бұған дейін де тәжірибеде болған телекөпір өткізіліп, он-лайн режимінде бірнеше жаңа кә­сіпорын іске қосылды. Соның ішінде Елбасының телекөпір арқылы күрделі жөндеуден өткен «Медеу – Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын салтанатты түрде ашқаны бәрінен де әсерлі болды. Әлемге әйгілі курортты қайта жөндеуге 30 млрд. теңге жұмсалыпты. Мұнда 10 шақырымды құрайтын жаңа «арқан жол» тартылды. Ол мұнан былай күніне 2 мың адамды таси алады. Жалпы, осының бәрі биылғы жылдың жетістіктері болып табылады. Түйін: Жаңа тұрпатты зауыт-фабрикалар, тек әлемдік озық технологияға құрылған, өз өнімдерімен жаһандық нарықтарды «жаулауға» бағдарланған алып кәсіпорындар – осының бәрі Қазақ елін Орталық Азияда «менмұндалап» ерекшелейтін, өзгеден ерек, ортасынан бөлек, дара келбетін қалыптастырмақ. Әрине, әлемдік озық елулікке бағдар нұсқаған Ұлт көшбасшысы Жаңа индустрияландыру саясатын жариялады. Соның аясында биыл Үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы мен Индустрияландыру картасы әзірленді. Осының арқасында бірнеше мыңдаған отандасымыз Жаңа жыл қарсаңында жаңа жұмысқа қол жеткізді. Қазақстан бесжылдық Жаңа индустрияландыру саясатының алғашқы жылын осылайша табысты қорытындылап отыр.

2454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы