- Қоғам
- 22 Желтоқсан, 2010
Ынтымақ кеткен жерден –ырыс, бірлік кеткен жерден береке кетеді

Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс болып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
Қымбатты отандастар! Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік күні – біздің ең ұлық мерекеміз. Баршаңызды осы «ақ түйенің қарны жарылған», бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық. Тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айырылған халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Дегенмен соның бәрі халқымыздың рухын жасыта алған жоқ, азаттыққа деген аңсарын жеңе алмады. Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Айымыз оңынан туып, Тәңір тілекті берді. Төрт құбыламыз теңеліп, төбедегі келді. Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды. Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды! Тәуелсіздік тәуменді жұртқа тәуекел берді. Азат еліміз атағы алты құрлыққа жайылған абат елге айналып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне баланды. Біз осылайша тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктедік. Сөйтіп, қазақ деген халықтың абыройын асырып, атын әлемге таныттық. Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады. Біз жылдан-жылға жаңарып, жаңғырып келеміз. Қазақ: «Елу жылда ел жаңа», – дейді. Біз жиырма жылға жетер-жетпес уақытта жүз жылға бергісіз жолды артта қалдырдық. Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық беделді ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит – соның айшықты айғағы.

3581 рет
көрсетілді0
пікір